Қажылық және Бәдел қажылықтың беделін түсірмеу үшін…

1259
Фото ашық дереккөздерден алынды

Эксклюзив

Кітаби түрде «Хаж – Бәдел – хаж» деп жазылатын осы сөзді қарапайым қазақтар жалпақ тілмен «Қажы – Бәдел – қажы» деп айта береді. Ал оның нақты мән-мағынасы мен орындалу шарттары жөніндегі түсінігіміз де әрқалай екені белгілі. Діндік сауатымызбен білім-білігіміздің деңгейі әртүрлі болғандықтан, насихат уағыз айтушыларда  да бірізділік, жүйелілік болмай жүргенін білеміз. Қажылық сапарына дайындалып жүрген бауырларыма пайдалы болар деген ізгі ниетпен аталарымнан естіген кейбір әңгімелерді айта отырып, ой бөлісуді жөн көрдім.

Менің атам Шылбы Көбекұлы қазақстандық бауырларыма онша таныс болмаса да, Қытайда тұрып жатқан бір жарым миллион қазақтарға өте танымал тұлғаның бірі еді.1978 жылы Алматыда «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ Совет энциклопедиясының» 12-томында Шылбы Көбекұлы (1860-1936) ақын-жырау, «Әтікей-Нұржекей» дастанының авторы ретінде көрсетілген. Ал Шылбыны Іле өңірін мекен ететін «төрт Қызай, төрт Сама» елі  «Шылбы Әлімақұн» немесе «Шылбы қалпем» деп ерекше құрметпен атайды. «Төрт Қызай, төрт Сама»  дегеніміз – Найманның Матай Аталық атасынан тарайтын «Үш Болаттың» Құтты Болатынан туған Шағыр бабамның Қызай дейтін бәйбішесінен (Бәйдібек бабаның Домалақ ене атанған сүйікті әйелінің қызы) туған төрт баласы – Итеңмен, Меңіс, Бегімбет, Дербістен тарап өскен елі. «Төрт  Сама» деп Қызай еліне төрелікке қалап алған  Әділ төренің баласы Сама төренің төрт баласынан өрбіген ұрпаққа қаратыла айтылған.  Қызай шежіресін таратып айтушы шежірешілер сондықтан «төрт Қызай, төрт Сама» деп қосарлай жазып келеді.

Шылбы Әлімақұн сол «төрт Қызай, төрт Саманың» жұрт мойындаған заңды дінбасы, былайша айтқанда, Хадис, шәріп өкімдері бойынша пәтуа шығарып, билік айтатын мәртебелі адам болған. Дін, шариғат өкімдерін домбыраның сүйемелдеуімен өзі шығарған ән-әуендеріне салып, өлеңмен айтатын болған. Күні бүгінге дейін ел арасында «Шылбы Әлімақұн айтқан» дейтін қысқа жырлар айтылып келе жатыр. Мен Шылбы Көбекұлының шөбересімін.

****     *****       ****

Мен Шылбы атамның «қажылыққа кім  қалай барады» деген сұраққа  берген  жауабы жөнінде бала күнімде әкемнен, әлде Жүніс атамнан естідім бе, білетін едім. Бірақ толық есіме түсіре алмағам. Елге берғанда үлкендерден сұрастырып көрсем әртүрлі әңгіме  айтылды. Қытайдағы қазақтар шығаратын «Іле тарихи материалы» атты жинақтың бір нөмірінен ол туралы оқып едім. Ол кезде оған онша мән бермеген екем. Солай болса да әңгіменің ұзын-ырғасы былай сияқты.

Қызайдың Есенкелді би атасынан тарайтын 17 рулы елдің бір жуан атасы Солтанкелдіден шыққан атақты бай Естемес 73 жасында Меккеге баруға ниет етеді. «Қалай дайындалу керек, жолға не алу керек, қай жолмен жүру керек» дегендерді «біледі-ау» деген адамдардан сұрастыра келе, сол тұста қажы болып келген Нылқы ауданында тұратын бір дұңған қариядан ақыл-кеңес алады. Ол адам өз білгендерін айта келе, «қажылық парызын өтемесе де, оның мән-жайын жетік білетін Шылбы Әлімақұннан ақыл-кеңес алыңыз, шариғат ілімін жетік адам өз еліңде, іргеңде отырған жоқ па» десе керек. Шылбы атам сонда ол кісіге былай кеңес берген екен:

– Өзім қажылыққа барып, парызымды өтей алмадым. Жас болса келіп қалды. Балалар жас болды. Ал «қажылық кімдерге парыз, оны қалай өтеу керек» дегенде, мен білетін шариғат былай дейді. Қажылыққа жұмсар мал-дүние адал еңбекпен келген болуы керек. Барымта, ұрлық, парадан келген байлықпен қажылыққа барудан пайда жоқ. Мен сізді сондай жолмен мал тауып, байыды деп отырғам жоқ. Дегенмен өзіңізге аян ғой. Сол малдың ішінде әртүрлі жолмен келгендері жоқ дей аласыз ба? «Сіз базарлатқан мал ішінде сондай харам малдар болып қалса, ақ жолыңыз кірленіп қалмас па екен» деген күмәнім бар.

Сонда құдай жолына шын беріліп, қажылық сапарға көңілімен бекінген Естемес бай күмілжіп:

– Ахұным, сөзіңізге құлдық, жастық желік пен мастық даурықпамен жүрген есер кезде талай жортуылға аттанып, торғауыттардан қанша жылқы айдап алғанымыз Аллаға аян болар. Пендешілікпен алған сый-сияпаттың «пара» деген жаман аты да болуы мүмкін ғой. Жасым болса 73-ке келіпті. Күнәм, асылығым болмай қалмаған шығар? Ниет қылған соң оны орындауым керек қой, – депті.

Атам ойлана келе мынадай кеңес беріпті:

– Ақсақал ниетіңіз дұрыс екен, Алла қабыл еткей! Жасыңыздың келгеніне қарамай тәуекелге бел байлапсыз. Бір-екі жыл онша көп уақыт емес, дәм тартса қасиетті қағбаны көріп, парызыңызды өтерсіз. Менің тілімді алсаңыз, малдарыңыздың біразын сатып, оған тұқымдық астық, жетерлік соқа-сайман алдырыңыз да, көктем  шығысымен өзіңіз бас болып, соқа ұстап егін егіңіз, оны диқандармен бірге баптасыңыз, күзде орып, қырмандап қызылдасыңыз. Сосын дайын астықты сатып жолға керекті алтын, күміс және басқа да керек-жарақ алыңыз. Сөйтіп, қысқа қарай Алла деп жолға шығыңыз. Сонда сіз өз еңбегіңізбен, маңдай теріңіз сіңген қызыл дәннің бодауына келген ақ-адал қаражатпен Алла жолына шыққан боласыз деп ойлаймын. Ең сенімді жол осы  болар, оған қалай қарайсыз? Менің достық ақылым әрі шариғат жолын білгенімше ұғындыруым деп біліңіз.

Естемес ақсақалдың көңілінде күдік бары рас екен ағынан жарыла шынын айтып, атамның кеңесі бойынша дайындық жасауға келіседі әрі сол бойынша қызу дайындалып бір жылдан кейін, шамасы 1934 жылы қажылық сапарға  аттанып, Мединеге барғанда науқастанып, қайтыс болған екен. Сүйегі Мединеге жерленіпті. Қасына ілесіп барған атқосшы, інілері Меккеге барып, марқұмның қажылық парызын өтепті. Сонымен, Естемес қажы атанып, жылдық асын елінде бүкіл «төрт Қызай, төрт Сама» баласының қатысуымен дүрілдетіп өткізіпті. Содан былай қарай «Естемес ауылы, қажы ауылы, қажы балалары» деген құрметті атақ орнығып, күні бүгінге дейін айтылып келе жатыр. Ал қажыға ілесіп барып, Меккеге парыз өтеуге марқұмның атынан барған туыстары да «Бәдел қажы» атанып, олар да ел құрметіне бөленген екен.

«Ана тілі» газетінің №3, 17.01.08 санында  жарияланған «Бәдел хаж» атты мақаланы оқып отырып осы тарихи әңгіме есіие түсіп қағазға түсіріп қойдым. Бәдел хаж туралы ХХ ғасырдың  басында қандай айтыс-тартыс басталған болса, ХХІ ғасырдың басында тағы да алдымыздан шығып, дұрыс жауап күтіп тұрған сияқты. Құран Кәрімнің «Нәжім» сүресін оқып, «Ешбіреу екінші біреудің жүгін арқаламайды, һәм өз амалынан басқа адамның пайда көруі де жоқ» екенімен дәлелдеу керек болар.

Хадис шәріптегі «Адам жауыздықтың кінәсін кісіге арқалата алмаса, ізгіліктің сауабын басқа біреуге бағыштауға болады» деген уәждің алды-артындағы пайғамбарымыздың  (с. ғ.с.) сөзін толықтай қамтып айту керек болар. Қажылыққа Алла тағала тыйған істерден сақтанушы, бұйырған нәрселерін орындаушы, намазхан, салауатты мұсылман болуы, сондай-ақ қажылыққа  барып келуге жетерлік қаржысы адал кәсібімен табылуы  тиіс деген тұғырлы шарттарға толған адам ғана баруын талап ету керек.

Естемес бай адам еді. Байлық басында қалай қордаланғаны әрі ол кейін қалай молайғаны бір өзіне аян. Бірақ біздің бүгінгі небір лас, кәсіпкерлік жолмен байыған парақорлар мен ұрлық, тонаумен дүние жиған байшікештердің харам ақшасымен қажы болып жүргендері ата-аналарына обал-ақ. Сауабы қаншалық болар екен? Ал «жолдамамен» саяхаттап қайтқан қажылық сапарын арақпен жуып тойлаған дарақылар сауап емес, күнә үстіне  күнә жамаған болмай ма?

Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының кандидаты.

Бөлісу: