Бұл наурыз бұрынғыдан өзгеше

302
Фото: . Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы

Биылғы Ұлыстың ұлы күнін Шымкент жұрты өзгеше қарсы алды. «Наурыз Шымкенттен басталады» деген бастаманы қала жұрты қызу қолдады. Көктемнің әрбір шуақты күні ескерусіз қалмады. Тазару, жаңару, тарихқа тағзым, қайырымдылық пен ынтымақ-бірлікке үндеген сан қырлы мазмұнды шаралар өзектілігімен ерекшеленді.

Шымқаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы өңір жұртының сүйікті орнына айналды десек артық айтқандық емес. Ашылғанына жеті жылға жуықтаған бұл орталық еліміздегі бірегей рухани ордаға айналып үлгерді. Ұлтымыздың ұмытылуға айналған ұлттық құндылықтарын ел арасына насихаттауда жаңа қырынан танылуда. Атқарылған іс шаралар мазмұн тереңдігімен қала халқы игілігіне айналып келеді. Бәрін тізбелемесек те Ұлыс мерекесіне орай шараларға көз жүгіртейік. Балалар арасындағы «Ұлттық ойын ұрпақты шыңдайды», «Жастар алтыбақан аясында» атты ойлылыққа, зеректікке бағытталған ойындардың орны бөлек. Бүгінде адамзатты толғантып жүрген мәселе көп.

Мейірімге зәру балалар үйі, қамқорлыққа мұқтаж отбасыларына жүрек жылуын арнау әрбіріміздің парызымыз. Арыстағы тарихы терең балалар үйінен бастап, қала тұрғындарының, жас отбасылардың «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдерін ақ қол аналар, еліміздің танымал тұлғаларының қатысымен қайырымдылық мақсатта атқарып жүрміз.

«Ас – адамның арқауы» деген дана халқымыз. Көшпелілердің тағам мәдениеті мен ұмыт болған тағамдарын қаладағы ұлттық стилдегі мейрамханаларымен бірлесе дала дастарханы ас мәзірін дайындап өткіздік. Бұл шараға қала мэрі орынбасары Ш.Мұханнан бастап, өнер тарландары да атсалысты. Бұл жобаны әрбір екі айда өткізіп тұру жайлы дәмханалардан өтініш түсіп отыр.

«Қыздың жолы жіңішке» деп бұрынғылар тегін айтпаса керек. Алдағы күндері қыз тәрбиесіндегі нәзік тұстарды аша түсу үшін  он бес- жиырма жас аралығындағы қыз балалар арасында «Шашбаулым», жас аналармен «Әлди, әлди, ақ бөпем!» атты пандемия жағдайындағы онлайн жобалар әлеуметтік желілер арқылы іске асады. Иә, алдағы күндері де оңтүстікке қадам басқан еліміздің әрбір азаматын қуана қарсы аламыз деген үміттеміз.

Мырзабай ОМАР. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бөлім басшысы.

 

Бөлісу: