Бүлдіршіннің тілі кеш шықса…

6405
Мақсат Шағырбай түсірген фото

«Шаңырағыңнан бүлдіршіннің былдыры үзілмесін» деп тілек айтатын халқымыз бала тілінің жасына сай шығуына ерекше мән берген. Бала үш жасқа дейін анық сөйлемей немесе ыммен, ишарамен түсіндіріп жүргенін байқаса, ертеден келе жатқан ырым-тыйымдарды қолданатын болған. Соның бірі – «өңешпен қылқындыру» ырымы. Ал, сіз бұл ырым туралы білесіз бе?

Ел ішінде түрлі жағдайлар кездеседі. Жуырда ағайындар бас қосты. Керегін сұрай алмаған үш жасар бүлдіршіннің ыңылын естіген әпкем Айгүл Нұртайқызы «өңешпен қылқындыру» ырымы жайлы айтып берді.

«Ертеректе тұңғышымыз төрт жасқа толғанша сөйлемеді. Содан төркініме жол түсіп, ауылға бардым. Ұлымның тілі анық емес екенін байқаған анам «Үш жастағы бала үлкендермен еркін әңгімелесе білуі керек. Ал сен еш уайымсыз төрт жасқа келген баланы қинап жүрсің» деп ренішін білдірді. Сөйтті де, анам «өңешпен қылқындыру» ырымын жасауға кірісіп кетті. Әкем арнайы қой сойып, өңешін бөлек алды. Ойынмен алаңсыз отырған жиенінің мойнына жаңа ғана сойылған малдың өңешін салып, қылқындарғандай әрекет етті. Кенеттен не болғанын түсінбей қалған ұлым бар даусымен «әкелеп» жылап жіберді. Көп ұзамай ұлым емін-еркін сөйлеп, тілі «тас жарардай» тақылдап тұрды», дейді А.Нұртайқызы.

Үш жастан асқан баланың «апа», «ата» деген бір-екі сөзді ғана айтып, қалғанын ыммен, іс-қимылмен түсіндіріп жататынын сіз де кездестіріп жүрген шығарсыз? Арамызда баланың бұл қылығын еркелік деп қарайтын немесе жұмысбастылықты сылтау етіп мән бермейтін ата-аналар да кездеседі. Енді бірі логопед мамандарға жүгініп жатады. Десек те, дәрігерлер қауымы мұндай ырым-тыйымды қолдай қоймауы мүмкін. Себебі, олардың бала тілінің кеш шығуына қатысты өзіндік пікірі бар.

Медицина мамандарының айтуынша, баланың тілі түрлі себептермен кеш шығуы мүмкін. «Олардың ішінде жиі кездесетін түрлері:

– Жүктілік кезінде ананың күйзелісте болуы;

– Тұқым қуалаушылық;

– Ауыз қуысы бұлшықетінің дұрыс жұмыс істемеуі;

– Ата-ананың баламен сөйлеспеуі;

– Дыбыс шығару жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі», – дейді мамандар.

Әрине, ырымға сену-сенбеу сіздің таңдауыңыздағы дүние. Десек те, өңешпен қылқындыру – ертеден келе жатқан ырымның бірі. Тек оның басты шартының бірі – нағашысының елінде жасалуы екенін ұмытпаңыз.

Материалды дайындаған Гүлжауһар ПАЗЫЛБЕКОВА, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері.

 

Бөлісу: