Этнограф ғалымдар Ж. Бабалықұлы, А. Сейдімбек қыран, оның ішінде, бүркіт жастарының атауларын халқымызға тым жақсы танытты. Одан беріде, төрт түлік атаулары тілші ғалымдар тарапынан да жүйелі зерттелді. Ал тағы аңдар, оның ішінде, қасқыр жасы туралы мәлімет аз. Саятшылықты жаным сүйетін саятшы болсам да өз басым арнайы шығып бөрі атқан адам емеспін. Киік пен қасқырды киелі деп санайтын саятшылардың қатарындамын. Әйткенмен, тағы аңдар мен құстарға қатысты халқымыздың сөздерін жазып алғанды дұрыс көремін.

Батыс Қазақстандағы қасқырды көп аулаған аңшылардан, кейбіреулері өмірден өтіп кеткен, сұрай жүріп, батыс өңірінде қасқыр жасының мынадай атаулары бар екенін байқадым:

1) бөлтірік, көзін ашпаған кезде де шығар, мүмкін, соқыр;

2) тамыз айына қарай қарақұлақ;

3) күзде майтабан, себебі апаннан ұзамай әбден семірген бөлтіріктер табанына жиналған майдан дұрыс жүре алмайды, қатты жүгіре алмайды;

4) қыста бөлтірік қасқыр;

5) ақпанда ұйыққан үлкен қасқырлар бөлтірік қасқырды қуып тастайды да, олар оңай аңшылардың олжасына айналады. Осы кездегі жасты бірқарбасқан деп атайды.

6) екі жасқа кеткен қасқырды ақшулан деп атайды.

7) үш жаста аққасқыр деп атайды. Бұл кезде де арлан не қаншық болсын арқасында жал болмайды. «Аққасқыр» деген қасқыр жасын ұлы жазушы М.Әуезов өзінің «Көксерек» әңгімесінде жазады.

8) төрт жасқа қарай арланында қара қылшықтар шығып, жал көріне бастайды. Осы уақытта қасқырды көкшулан деп атайды.

9) бес жастағы қасқырды көкжал деп атайды. Арқасында ұзын көк түсті жал шығады.

10) алты жастағы қасқырды сырттан деп атайды. Арқасында көк жал қара түске ауыса бастайды. Айлалы, күшті, батыл болғандықтан қазақта осындай қасиетке ие жігітті «жігіттің сырттаны» дейді. Сондай-ақ, халқымыздың осы жастағы мықты төбет итті де сырттан деп атайтыны бар.

11) қасқырдың жеті жастағы атауы – атайы. Атайы – ең айлалы, батыл, сақ, топтың көсемі. Әдетте, атайы – адам көзіне түспейтін, аңшыларға сирек көрінетін қасқыр. Атайының басты ерекшелігі ұзын қара жал мен үлкен бас мен өте жуан мойын. Түсі аппақ болады, тек тұмсығы мен көзінің айналасы қара болады. «Атайы, ата, атаман» деген бір түбірден тараған көне қазақ сөздері. Мағынасы «басшы, көсем, жасы үлкен» дегенді білдіреді. Бір   ерекшелік хақас халқында қасқырды «атайы» деп атайды екен.

12) кәрі қасқыр. Бұл тек қойдың құйрығына жеуге әлі келетін, терісін жырта алмайтын, тісі түсіп, мұқалған, топ қасқыр қуып тастаған қасқыр. Көбіне, тек, тышқан, саршұнақ не қораға түсіп, қойдың құйрығын жеп, күн көреді. Кәрі қасқыр жасына, көбіне, ұрғашы қасқырлар жететінін, қораға түскен жерінен кәрі қасқырларды талай соғып алған, саятшылардан естігенмін.

 

Хасанов Ғ.Қ.,М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

 

Бөлісу: