Балалардың жұлдызды кітап апталығы. Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында және оқушылардың кітап оқуға деген ынта-жігерін оятып, оқу мәдениетін жандандыру мақсатында 2 сәуір халықаралық балалар кітап күніне орай «Балалар кітабының жұлдызды апталығын» өткізді.

 Белгілі қоғам қайраткері, қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынов «Білімнің бас құралы-кітап» демекші, қай дәуірде болмасын  кітап оқу әсіресе бүгінгі техника мен технологиясы қарыштап дамыған заманда білімнің негізгі көзі ретінде біте қайнасып дамып келеді.  Себебі, кітаппен білім берудің артықшылықтары әлдеқайда жоғары, әрі балалар үшін өте пайдалы екені сөзсіз. Демек, кітап адамның тәрбиелі, саналы жалпы алғанда адами қасиеттерінің қалыптасуына әсер ететін факт. Кітап оқудың маңыздылығы жайында  атақты ақындар мен жыршылар, ғалымдар мен жазушылар өз кезеңінде келер ұрпағына білімнің шуағын шашып, асыл сөздерін және  рухани мұраларын аманаттап кетті. Сол ұлт арыстарының құнды еңбектерін  ұрпақ жадында жаңғырту парызымыз деп білеміз.

Осы орайда Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында және оқушылардың кітап оқуға деген ынта-жігерін оятып, оқу мәдениетін жандандыру мақсатында 2 сәуір халықаралық балалар кітап күніне орай «Балалар кітабының жұлдызды апталығын» өткізді.

Апталықтың бірінші күні балалар әдебиетінің атасы атанған, «Кел, балалар, оқылық!» өлеңімен  қазақ балаларына танымал,  жастарды оқып-білім алуға, адамгершілікке, достық пен жігерлікке үндеумен қатар, бүкіл өмірін өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арнаған тұңғыш қазақ педагогы — Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жылдығына арналған «Даланың дана ұстазы» әдеби кешінен   басталды.

ZOOM платформасында ағартушы-жазушының шығармаларын жастарға насихаттау, оқыту бағытында өткен әдеби шара барысында оқырмандар Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейіне онлайн саяхаттап Ыбырай Алтынсариннің еңбектері, қолданған күнделікті тұрмыстық  заттары мен өзі салғызған мектептерінің макетімен танысты.

Кітапхана оқырмандары ақынның «Өнер білім бар жұрттар» кітабына енген балаларды білім алуға үндеп, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейтін «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін Үбайдуллин Ақназар және Ақтөбе қаласындағы №52, 62 орта мектептің 5 класс оқушылары «Өнер білім бар жұрттар», «Ананың сүюі», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер», «Өзен» өлеңдерін оқып, «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінен шағын көрініс қойды.

«Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен қатар оны жан-жақты зерттеген қаламгерлердің таңдаулы ғылыми-әдеби туындылары және мерзімді басылымдар  бетінде жарияланған мақалалар, фотоматериалдар қойылды.

Апталықтың екінші күні Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, жергілікті балалар ақыны Ертай Ашықбаевтың туғанына 65 жылдығына арналған «Балаларға балдай жыр арнап…» онлайн оқуларына арналды. Оқырмандар назарына ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен ақпарат беріліп, кітапхана қорындағы кітаптарға әдеби шолу жасалды. Ақынның «Жақсы баға», «Шырақ пен шуақ» кітаптарына енген өлеңдерін мәселен, кітапхана оқырмандары Рамбердина Аянат «Кітаптар жыры», Рамбердина Аида «Қайырлы таң», Нургалиева Диляра «Нөсер», Калиева Ильнара «Журналистің сыры», Өмірбай Құралай «Отаным» өлеңдерін мәнерлеп оқыған бейнежазбасын кітапхананың әлеуметтік инстаграм парақшасына жолдады. 

Балалар кітап апталығының үшінші күні балалар әдебиеті бағытында көп еңбектенген балалар жазушысы, ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің туғанына 90 жылдығына арналған «Біз өмірдің гүліміз» тақырыбындағы  онлайн өлеңдер шеруіне арналды. Кітапхана оқырмандары Ә.Дүйсенбиевті «Бәтеңке, шұжық, балқаймақ», «Ағайынбыз бәріміз», «Ақ қозы» кітаптарынан жақсы таниды. Өлеңдер шеруінде ақынның «Біз өмірдің гүліміз» кітабына енген «Ана тілегі» өлеңін Аппаз Гаухар, «Жеңіс туы» өлеңін Тукембайқызы Әмира, Тұлғабай Дильназ «Қуыршақ», Мұратова Айзере «Біз өмірдің гүліміз» өлеңдерін оқып берді.

Балалар кітап апталығы аясында «XX ғасырдың Ыбырайы» атанған балалар әдебиетінің көрнекті өкілі,  балалар жазушысы Әдібай Табылдының 95 жасқа толуына орай «Әдептілік әліппесінің атасы» ауызша журналы өтті. Барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ә.Табылдының өмірі, шығармашылығы туралы мағлұмат айтылып, кітапхана қорындағы ақынның  төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағы, «Қасиетті сөз», «Айналайын балалар», «Ана жүрек», «Қызғалдақ» кітаптарына әдеби библиографиялық шолу жасалды. Ақтөбе қаласындағы № 18 орта мектептің 2 «Ә» класс оқушылары Жұбатова Әнел, Айжарық Шәкәрім, Даутова Іңкәр, Рамбердина Аянат Ә.Табылдының «Ақыл, еңбек, білім» туралы ертегісінен қойылым көрсетті.

Орыс ақыны, балалар жазушысы Агния Бартоның туғанына 115 жылдығына орай «Чудо книжки-чудо детям» тақырыбында бейнеролик түсіріліп кітапхананың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшада жүктелді.

Бейнежазбада оқырмандар ақынның «Я знаю что надо», «Чудеса», «Игрушки», «Любимые стихи», «Веревочка», «Я расту» кітаптарындағы «Идет бычок качается», «Уронили мишку на пол», «Зайку бросила хозяйка» өлең жолдарына талдау жасап, кімдерден үлгі алу және кімдергеге ұқсамау керек екенін жақсы анық біледі. Бейнероликтегі балаларға арналған ақынның қазіргі заманға сай бірқатар иллюстрацияға толы кітаптары кез келген баланың оқуға деген құштарлығын оятары сөзсіз. А.Бартоның өлеңдері бойынша мультфильмдерден үзінді көрсетіліп, балаларға қуаныш сыйлады.

Одан әрі ZOOM платформасында қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Қастек Баянбайдың 85 жылдығына арналған «Бар жақсымыз балаларға!» онлайн әдеби сағаты өтті. Оқырмандарға ақынның өмірімен шығармашылығы жайлы ақпарат берілді. «Балаларға базарлық» әдеби монтажында Жарылғапқызы Әлия «Наурыз», Алибекқызы Кәусар ««Ақыл тіс», Рамбердина Аянат «Менің апам мұғалім», Жасұланова Аягөз «Жаңбырдан соң», Мырзатай Шахназ «Ұя», Сағидуллаев Ералы «Анам», Иманғалиева Зарина  «Сарқырама», Болатұлы Бекзат «Белгісіз жауынгер», өлеңдерін оқыса, Б.Момышұлы атындағы № 62 орта мектептің 4 класс оқушылары Бақтығалиева Жұлдыз, Бекенова Дильназ, Орын Ермахан, Өтен Ерболат, Сағымбай Расул, Фазылова Гүлдана «Араша» ертегісінен қойылым көрсетті. «Бала тілін тапқан ақын» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Тағы да оқыңыздар: Алғыс айту парызым

Республикалық «Бір ел-бір кітап» акция аясында «Балалар әдебиеті-жаңа өмірдің бастауы» тақырыбында инстаграм желісіндегі кітапхананың парақшасында оқырмандар назарына бейнежазба ұсынылды. Балалардың жұлдызды кітап апталығы.

Бейнежазбада балалар әдебиеті бойынша Ыбырай Алтынсариннің «Өнер білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», Толымбек Әбдірәйімовтің «Алабұға аулаған күн», Марат Қабанбайдың «Жиһангез Тити», Зира Наурызбаева мен Лилия Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Мәзен Динара, Ж.К. Роулингтің «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітаптарына библиографиялық шолу жасалды.

Апталықтың соңғы күні яғни 2 сәуір халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында ZOOM платформасында «Сөз отау-Қазақ-Мажар балалар әдебиеті шеберханасы» жұмысы бойынша сұқбат сағаты өтті.

Кітапхана оқырмандарына «Момақан қыз», «Қиырдан келген көгершін», «Таң алдындағы дабыл» кітаптарымен танымал белгілі жазушы,  Қазақстан Жазушылар Одағының  Балалар әдебиеті секциясының басшысы, философия ғылымдарының докторы Ақыш Нұрдәулет Бәбиханұлы және бүгінде Будапешт қаласында тұратын Мажар (венгр) халқының жазушысы Нора Майорош, «Амина Туран в стране номадов» кітабының авторы, қазіргі балалар жазушысы Туреханова Зауре Ғалымбекқызымен онлайн жүздесті.

Сұқбат сағатында қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі жағдайы, «Сөз отау-Қазақ-Мажар балалар әдебиеті шеберханасы» жұмысының қалыптасуы, мақсаты мен міндеті, жетістіктері бойынша сөз қозғалып, жазушылар өздерінің шығармашылығы жайында әсерлі әңгіме­лерімен бөлісіп, оқырмандар сауалына жауап берді. Сырлы сұхбатқа толы онлайн сағаты балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырып, қызықты кітап әлеміне жетеледі.

Балалардың жұлдызды кітап апталығы.

Мінекей, балалар кітабының апталығы елдегі карантиндік-шектеу жағдайларына байланысты онлайн форматта әр түрлі тақырыптарда өтіп, балалардың кітап оқуға құмарлығын ашып,  мәдениетті болып өсуіне,  рухани дүниесін байытуға көп септігін тигізді.

Қымбатты достар! Сіздер де бос уақыттарыңызды ұтымды әрі тиімді пайдаланып кітап оқыңыздар!

 Рима Мәндібаева,

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының

мектепке дейінгі және төменгі сынып оқушыларына

қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Тағы да оқыңыздар: Жеті саны

Бөлісу: