Бес қару. Батырлар ел мен жердің қамы үшін ат үстінде күн кешіп, қолындағы бес қаруына сеніп жауының құтын қашырып, мысын басқаны ауыздан-ауызға таралып, бүгінге жетті.
Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған. Тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі «Батыр» яки «батырлық мәртебесі» ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны беріп отырған. Қазақ жерінің әр бір сүйемі батырлардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, атамекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп, бізге аманаттап қалдырды.
Ел мен жердің қамы үшін ат үстінде күн кешіп, қолындағы бес қаруына сеніп жауының құтын қашырып, мысын басқаны ауыздан-ауызға таралып бүгінге жетті. Алайда қазіргі жас ұрпақ ата-бабаларының осынау көптеген әскери қару-жарағының атауын да ұмытып бара жатқандай. Сондықтан да біз бүгін қазақтың жаугершілік замандағы қару-жарақтары туралы тоқталып өтсек.
Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Жаугершілік заманда батырлар қарудың бес түрімен сайысқан. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне байланысты. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бөлінеді.
Ату қаруы: садақ. Садақтың екі негізгі функционалдық бөлігі бар: адырна және кіріс. Адырна серпінді етіп сүйектен, ағаштан жасалады, атудың негізгі қызметін атқарса, кіріс деп оған керілген, оқты тіреп қоятын жібін айтады. Садақты жасалу әдісіне және дайындалатын материалдарына байланысты бірнеше түрге бөледі.
Кесу қаруы: семсер, қылыш, сапы. Осының ішінде кең түсіндірілетіні – қылыш. Қазақ қылыштарының басы қайқы келіп, пішініне қарай топқа бөлінеді. Наркескен, алдаспан, зұлпықар деген қылыш түрлерін қазақ жауынгерлері көп қолданған. Қысқа жүзді кесу құралдарына ғалымдар қанжар, пышақ, селебені жатқызады.
Түйреу қаруы – негізінен атты жауынгерлердің басты қаруы. Қазақ батырлары түйреу қаруларынан найзаны, сүңгіні және жыданы алыс-жақындығына байланысты көбірек пайдаланған. Жауынгерлер найза, сүңгі қаруларының басына дәреже белгісін танытатын ту, байрақ, қыл, шашақ, жалау, т.б. тағатын болған. Тағылған қыл немесе шашақ екі жағдайда – қару ұшынан аққан қанды сабына жіберумеуге және қарудың қозғалыс бағытын байқатпауға арналып жасалады. Қарсыласқа алыстан-ақ лақтырып жайрататын жыданың өз ерекшелігі бар.
Шабу қаруы: Шақан, жауынгерлік балта, айбалта, жартылай айбалта деген төрт түрге жіктеліп, жауды жару, шабу арқылы зақым келтіретін соғыс құралы өзгешелігі мол. Қазақ жерінен табылып, әр түрлі музейлерде сақталған, шүйдесі жатық, жалманы үшбұрышты сына тәрізді жасалған, жүзі жіңішке шабу қаруы – шақан деп аталса, басының жалманы трапеция секілді келген, жүзінің жалпақтығы орташа қару – жауынгерлік балта делінген. Айбалта деп жүзі жалпақ, жалманы жарты ай сияқты дөңгелене келген қаруды айтады. Ал шабу, жарудан басқа кесу функциясымен ерекшелетін жартылай айбалта қаруының жүзінің жалпақтығы орташа, жалманының жоғарғы жағы тіктеу.
Соғу қаруы: Шоқпар – басы мен сабын тұтас етіп, түбірлі ағаштан жасалатын қару түрі. Көшпелі халықтарда гүрзі басы шойыннан, қорғасыннан құйылып, сыртымен болат темірмен қапталады. Ал басы бірнеше тілімді, қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпарды бұздыған деп айтса, басы сабымен бірге, тұтаспаған, босаң түрінде келетін құралды босмойын деп атаған.
Қару-жарақты дайындау әдістерінің негізгі түрлері – соғу, құю, қалыптау әдістері. Дайындалған қару-жарақтың негізгі функционалдық бөліктері әртүрлі тәсілдермен өңдеудің бірнеше кезеңдерінен өтеді. Өңделген қарулардың ағаш, мүйіз немесе сүйек саптары мықты болу үшін беріктеу әдістерімен күшейтілген. Қару-жарақты әшекейлеуде қазақ шеберлері алтынмен және күміспен қақтау, алтын жалату, алтынмен аптау, баспалау, сірке салу, қарала жургізу әдістерін қолданған.
Қару-жарақ өндірісінде қолданылатын дәстүрлі ұзындық және салмақ өлшем бірліктері, оның ішінде қару-жарақ жасауда жиі қолданылатын ұзындық және салмақ өлшемдері саналды. Адам денесі бөліктерінің өлшемі негізге алынған ұзындық өлшем бірліктері елі, тұтам, қарыс, сүйем, кез, сай кез, құлаш деп аталды. Бұл дәстүрлі өлшемдер жүйесінің қару жасау ісінде қолданылуда екі маңыздылығын ерекше айту керек: бірінші, адам денесінің жеке бөліктерінің өзара және бүкіл денемен пропорциялық үйлесімділігі ескеріледі, екінші, бұл өлшем жүйесі арқылы әр жеке адамның дене құрылымына оның өз қаруының өлшемі сәйкестендіріледі.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылайтын болсақ қазақ қару-жарақтарының көптеген типтері мен үлгілер болғанын көреміз.
Көпшелі халықтарда байырғы заманнан бері қолданылып келе жатқан әдістер мен шаруашылығында өндірілетін және өздері өмір сүрген табиғи ортадан алынатын шикізаттар: тері, мүйіз, сүйек, тарамыс, тоз және т.б. Бұл
айтылғандар қазақтарда осы қару түрінің қолданылу және жасалу
дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.
Ғалымжан Байжігіт, «Ұлы Дала Елі » орталығының қызметкері,
Түркістан облысы.
Тағы да оқыңыздар: Ер қаруы – бес қару.