«Бесікке салу» дәстүрінде қандай ырымдар жасалынады?

3798

 

Сәбиді алғаш бесікке бөлеу отбасы үшін ең қуанышты сәттердің бірі болған. Бұған жиналған ауылдас, туыс әйелдер шашуын – құрт, бауырсақ, өрік-мейізін ала келген. Баланы бесікке саларда жын-шайтандарды қуу, аластау рәсімі жасалған. Ол үшін есік пен түндікті жауып, адыраспан жағып, үйді соның түтінімен ыстаған. Нәрестені алғаш бесікке салуды көп балалы, жасы келген ауылдағы ең сыйлы аналардың біріне тапсырған. Ол бесіктің жасауы дайын болғанда түбек тесігі арқылы бауырсақ, ірімшік, тиын-тебендерді: «Тышты ма, тышты ма?» деп тосылған алақандарға тастаған. Оларды алған әйелдер сарқыт ретінде үйлеріне алып кеткен. Бесікке саларда молда сәбидің құлағына қойылған есімін үш қайтара айтқан. Бөлеген әйелге үй иесі бесікке салар деген арнайы сыйақы берген. Қалған әйелдерге сақина, орамал, мата таратылып, дастархан жайылып, кішігірім той өткізілген. Бесікке көз тимесін деп үкі тағып, қасқырдың тісін, бүркіттің тұяғын ілген.

Бөлісу: