Алматы облысы Білім басқармасының бастығы Майгүл Омарова сотқа дейінгі тергеу барысында қамауға алынды. Бұл туралы zakon.kz. хабарлайды, деп жазады Дәстүр порталы.
Бұл туралы облыстық прокуратураның ресми сауалға берген жауабында айтылады. Білім берудегі ақпараттық технологиялар саласындағы облыстық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Арапби Меңлібаев та қамауға алынды.
Прокуратура 2021 жылдың 1 ақпанында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 4-тармағы (алдын ала келісім бойынша адамдар тобының пара алуы) және 367-баптың 4-тармағы (алдын ала келісім бойынша аса ірі көлемде топ адамның пара беруі) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен Алматы облысы Білім беру мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары және басқаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын хабарлады.
2021 жылдың 4 ақпанында Талдықорған қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктілер — Омарова М.Т. мен Меңлібаев А.А.-ға қатысты екі айға қамауға алу түрінде, күдікті Абдолданов Б.С-ға қатысты үйқамаққа алу түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады. Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы бойынша жария етуге жатпайды, — делінген облыс прокурорының бірінші орынбасары Р.Әміров қол қойған жауап хатта.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық білім басқармасының бастығы Омарованың жеке кәсіпкер өкілінен 37 650 000 теңге пара алғаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат тараған.