Үкіметтің онлайн отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 200 мектептің қалай салынатынын баяндады.

«Инфрақұрылымдық мәселелер әлі де өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл 200 мектеп 4 тетік бойынша салынады. Олар: жекешелік-мемлекеттік серіктестік, модульді мектептер салу, жекеменшік мектептер желісін дамыту және мемлекттік бюджеттен нысаналы салу», — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның атап өтуінше, 10 ақпанға дейін әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің құрылысы бойынша жол картасы бекітіледі.

«Әкімдіктер осы мәселені жеке қарастырып, тиісті өңірлік жоспарларын әзірлеп, бір аптаның ішінде министрлікке ұсынуды сұраймын», — деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 26 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырған болатын.

Бөлісу: