Әрбір мемлекет пен қоғам тарихи дамудың өн бойында қашанда өзінің болашағын бағдарлап отырған және алдағы уақытта да солай бола бермек. Бұл – адамзат эволюциясының қажетті атрибуты болып есептеледі. Бірақ, әрине, әрбір кезде, әрбір мемлекет осы болашақтың уақытын да әр түрлі кезең мен түрлі уақыт бойынша бағамдаған. Елбасы Н. Назарбаев та «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегиясын ұсынғанда, кейбір сыни көзқарастар мен оппозициялық пікірлер «оған дейін кім бар, кім жоқ» деген сияқты түсінбестік ойларын да жария ете бастады. Ертеңін ойламаған ердің болашағы күңгірт болатындығы сияқты болашағын ойламаған Елдің де келешегі айқынсыз, бұлдыр тұман сияқты болып келеді. Тек біздің ғана емес, барлық мемлекеттер де өзінің ертеңгі күніне алаңдаулы және ол қанша уақытқа болжамдануы тиіс деген сияқты түсініктер аясында сауалдар тастайды.
Сондықтан Кеңес Үкіметі тұсында да жақын болашақ – тактика, алыс болашақ – Стратегия түрінде орныққан іргелі саясат болғандығы да жасырын емес. Саясаттану ілімі бойынша «Стратегия» алдағы елдің жан-жақты дамуының басым бағыттары мен айқын мүмкіндіктерін жүйелі түрде ұсыну болып табылады, ал оның мерзімі шартты түрде болғандықтан, ұсынушы субъектілердің өздері белгілейді.
Елбасымыз Н. Назарбаевтың бұл Стратегиялары да батыл қадамдарға бет бұрған, болашақ мүддесі мен халықтың өмірге деген белсенділігін арттыратын және экономикалық қана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын іргелі тұжырымдама болып табылады. Бұл тұжырымдаманың ерекшелігі тек қана даму мен өркендеу ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға тартуы, нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта болуы ықтимал қауіп-қатерлер мен одан қорғанудың жолдарын жасап шығару еді. Алдымен, ұсынылған «Қазақстан – 2030» Стратегиясы өз алдына күрделі міндеттер қойған еді, кейінгі ұсынылған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы оның заңды эволюциялық жалғасы іспетті қанат жайды. Себебі, алдағы отыз жылда орындалмастай болып көрінген ұстанымдар бастапқыда тек арман-мұраттар түрінде ғана елестетілді.
Кеңес үкіметі ыдыраған жылдардағы талонмен үлестірілген азық-түлік, оған деген ұзақ-сонар кезек, ұялы телефон, қымбат көлік пен жайлы үй сияқтылар тек қана өркениетті елдерден көрінетін және оған тамсана қарап, «бізге бұндай деңгейге жеткенше қашан» деп налитын кезең бүгінгі күні түпкілікті ұмыт болмаса да, сана елесінде қалып барады. Міне, осы жағдайды дәл бүгінгі күнмен салыстырсақ, біз тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде қандай жетістіктерге қол жеткізгендімізді саралауымызға болады. Демек, «Қазақстан – 2030» бағдарламасындағы шарттардың, ұстанымдар мен жобалардың қаншалықты деңгейде шешімін тапқандығының куәсі боламыз. Бұндай армандардың орындалуы, келесі кезекте, «Қазақстан – 2050» бағдарламасының туындауына алып келді. Бұнда да тыңғылықты шаралар мен нақты мәселелер, еліміздің экономикалық-саяси, мәдени-рухани дамуының басты арналары анықталды. Міне, бұл Стратегияның шығу тегі де оның негізгі мәнін айқындап береді.
Сондай-ақ бұл Стратегия өзінің алдына келелі мақсаттар да қойған еді. Ол мақсаттар әрине, шындығында, бір-ақ күнде орындалуы тиіс жарлықтар емес, бірте-бірте кезеңмен орындалатын және жүзеге асырылуы қадағаланып отыруы тиіс нақты міндеттер еді. Сондықтан, жалпы жеке адам өмірінен бастап, тұтас адамзат қоғамы өзінің алдына келелі мақсаттар қоюы тиіс болғандықтан, еліміздің бұл Стратегиясы да іргелі жоспарлар қойды. Аталған Стратегиядағы мақсаттардың өзі бірнеше бағыттардан тұрады, бұнда жалпы саяси-әлеуметтік мәселелерден бастап, қоғамның әрбір тұлғасының мүддесі мен рухани-мәдени тұрғылар жинақталған.Бұлар сайып келгенде, қазақстандықтардың бір мақсатқа жұмылған және бірігуге тиісті өзіндік тұжырымдамасын құрады.
2012 жылы халыққа жолданған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы өзінің орындалуы мен орындалмауын қадағалап отыратын іргелі мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, өткен жыл ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді деп айта аламыз және оны күнделікті өмірімізде көріп-біліп те жүрміз. Халқымызға өмірге сенімділік сана орнықтырған Жолдауға және оның іске асуы мен орындалып жатқан іс-шараларға көз жұма қарайтын радикалды оппозициялық топтардың пікірлері, жалпы алғанда, өмірдің тек қана пессимистік сарындарына жақын инфантильділікке келіп түйіседі. Осы орайда, мысал ретінде, оның барлық салаларына тоқталып өту мүмкін болмағандықтан, «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деп аталған жетінші бөлімнің іске асып жатқан мәселелерінің кейбіріне тоқталып өтуімізге болады. Соның бірі, Елбасы атап өткендей, діни ахуалға байланысты діни экстремизм мен терроризм мәселесі. «Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс. Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек», – деп тұжырымдаған Н. Назарбаевтың сөзі қазіргі діни-психологиялық климаттың дұрыс бағытта қалыптасуына игі ықпал етіп келеді. Осы орайда, Дін істері агенттігі бірнеше рет дінге байланысты конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізді. Онда еліміздегі діни ахуалдың жағымсыз тұстарын реттеу туралы мәселелер қарастырылып, ұтымды және практикалық мәні бар қарарлар мен қорытындылар ұсынылған болатын. Ол имамдардың діни білімдерін арттыру мен оларды діни білімі бойынша тексеруден өткізу, діни мәтіндерге, яғни, оқулықтар мен басқа да кітаптарға дін істері агенттігінің сараптамалар жасауы, жуық арадағы діни мәселелермен діни сауалдарға жауап беретін арнайы сайттар ашылып, оған білікті және зайырлы ұстанымдағы мамандардың орналастырылуы, оның тәулік бойы жұмыс жасауы т.б. орындалып жатқан істер осының айғағы. Осыдан 4-5 жыл бұрынғы террористік актілердің саны мен көлемділігі де азайды десе болады. Дегенмен, мұндай шаралар мекемелердегі діни таным мен терроризм туралы дәрістердің оқылуымен, діни сауаттылықты арттыратын оқулықтар мен монографиялардың көптеп шығарылуымен бүгінгі күні жалғасын тауып келеді.
Сондай-ақ, Елбасы бұл Стратегиясында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс», – деп ұлттық руханият пен ұлттық рухты оятудың негізгі тетігіне байланысты өзінің нық тұжырымын ұсынған болатын. Себебі, тарих тек болған оқиғалардың жай ғана тізбегі және оны жаттау емес, өз ұлтыңның шынайы бейнесін сезіну, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы мен қайғы-мұңын көз алдыңа келтіру арқылы болашаққа бой сермеу, өткеннің қателіктерін қайталамауға келіп тірелетін өмірмәнділік ұстаным болып табылады. Сондықтан, еліміздегі ғылыми қауымдастық арасында ұлттық тарихты тану мазмұнында бірнеше рет конференциялар өткізіліп, онда нақты мәселелер мен тарихты қайта зерделеудің әдіснамалық-теориялық жақтары құрылған болатын. Ол өз алдына жаңа міндеттер қойып, тарихты тек қана өзгелер жазып кеткен мұрағат құжаттарына сүйеніп қана емес, басқа да мәліметтер және ұлттық фольклор арқылы зерттеуді одан әрі дамыту, ешкімге жалтақтамай шынайы тарихтың ақиқатын ашып көрсету, әр түрлі идеологиялардан аулақ болу сияқты жаңа міндеттер қойды. Ол – жаңаша тарихи зерттеулер нәтижелерінен бастап, монографиялар мен оқулықтар түрінде жарық көріп, оқырманға ұсынылу үстінде.
Осы тарихи сананы қалыптастырудың заңды табиғи-эволюциялық жалғасы – рухани мәдениетті одан әрі жандандыру болып табылады. Осы тұс «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мазмұнында былай деп айғақталған болатын: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады».
Сондықтан да тәуелсіздік алған жылдардан бері қайта жаңғырып келе жатқан руханиятымыз бүгінгі күні жаңа серпін ала бастады, азды-көпті кедергілер де жойылып, оны зерттеу және тәжірибемізде қолдану жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ол, әсіресе, өнеріміздің жаңаша серпін алуынан, оның тарихилық ұстанымдар бойынша құрылуынан, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртудың жеделдеуінен т.б. анық байқалып келеді.
Сондай-ақ бұл Стратегияда көптен бері айтылып жүрген ана тіліміздің мәртебесін тағы да көтеру мәселесі қойылды да, Елбасы өз сөзінде халқымызға оны өркендете түсудің негізгі шарттары мен қоғамдық өмірдегі жүзеге асуының жалпы бағдарын ұсынып берді: «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.Сондықтан оған бей-жай қарамайық.Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз».
Осы тұста, қазақ тілінің мәртебесінің жоғарылауын қолдаушылар, ұлттың зиялылары, мемлекеттік шенеуніктер т.б. қазақ ұлтының өкілдері кей жағдайда бір-бірімен қазақша сөйлеспейтіндігін, шындығында, ескеруіміз қажет және басты назарда ұстауымыз керек екендігін тағы да есімізге алуға тура келеді. Осыдан кейін «Бәріне мемлекет қана кінәлі» деген көзқарас басқа арнаға бұрылуы тиіс болды, ана тіліміздің ахуалы біздің әрқайсымызға тікелей байланысты екендігін үнемі ескеріп отыру қажеттігін халқымыз тереңірек түйсінуге мүмкіндіктер ашты. Бір қарағанда, қазақ тілі елімізде қанат жаймай отырған сияқты, қолданылу аясы көркеймей отырған сияқты болып көрінгенмен, нақты атқарылып жатқан іс-шаралар да жоқ емес.
Қорыта айтқанда, мұндай атқаралып жатқан іс-шаралардың нақты көріністерін анық көру үшін тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген кезеңдегі жалпы жағдаймен салыстырып қарауымыз қажет. Дегенмен, барлық міндеттер мен мақсаттарды мемлекеттің ғана мүддесі деп қарамау қажеттігі, Елбасы ұсынған игі шаралар мен Стратегиялық жоспарларды қашанда біздің әрқайсымыз жүзеге асыруға белсене кірісуіміз тиіс екендігі осы тұста қайтадан ойға оралады. Сонда ғана мүдде мен мақсаттың тоғысқан бірлігі нақты нәтижелерге қол жеткізе алады.
Берік АТАШ, философия ғылымдарының докторы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы//
http://www.vvmvd.kz/kaz/prk/Pages/2012-2050-2.aspx
2.Қазақстандағы діни эктремизм мен лаңкестік проблемалары атты ғылыми-тәжірибелік конференция матералдары.-Семей, 15-16 мамыр, 2013.-194б.
3.Қазақстандағы конфессияаралық келісімді нығайтудағы дәстүрлі діндердің орны.-Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары.-Алматы, 2013.-264б.
4.Берлибаев Б. ХХ ғасырға дейін ұлттық тарихи білімнің ғылыми-теориялық негіздері.-Алматы: ҚазҰПУ, 2007.-184б
2014ж.