Еңбегі жанған ізденімпаз тұлға

4594
Доклад на международной научной конференции. Украина, г.Львов 2019г.

(Сексеннің сеңгіріне шықса да ойы тың, ізденісі серпінді)

   Жаңа бағыт, жаңа жол

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында қазақ топырағында алғаш рет инженер  кадрларын даярлайтын Қазақ тау-кен институты политехникалық институт болып қайта құрылды да, онда көптеген жаңа мамандықтар ашылды. Солардың ішінде «Автоматика және телемеханика» және «Математикалық есептеуіш құралдар мен жабдықтар» деп аталатын екі мамандық ерекше мәртебеге әрі сұранысқа ие болды. Қазақстанның бүкіл экономикасы, өндірістік құрылымы шикізат өнімдерін өндіруге ғана негізделген еді. Сөйтіп, моноқұрылымдық шаруашылық қалыптасты да, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, радиоэлектроника, авиация т.б. заман талабын қамтитын жаңа салалар атымен жоқ болатын.

Есептеуіш техника саласындағы бүгінде елімізге танымал белгілі ғалым, айтулы ұстаз, профессор Сақыбай Тінейбайұлы 1964 жылы Қазақтың инженер кадрларын дайындайтын тұңғыш институтын бітіріп шықты.

Белгілі ғалым ғылыми жұмыспен ерте шұғылданды. Институт қабырғасында жүргенде түрлі ғылыми үйірмелерге қатысып, білмегенін сұрап, білгенін нақтылап жүрді. Аспирантурада оқыған жылдары электронды есептеуіш машиналары (ЭЕМ) негізінде студенттерді оқыту жүйесін құруды қолға алды. Ғылыми ізденісі бірқатар нәтижелерге қол жеткізді. «Минск-2» машинасы негізінде көп пультті оқыту кешені жасалып, оқыту үрдісінде қолданылды.

Еңбек десе, тыным таппайтын ғалым ізденісін жалғастыра берді. «Іздегенге сұраған» дегендей, 1970 жылдарда Кеңес Одағы мен социалистік лагерьдің елдері бірлесе отырып, 3 буынды ЭЕМ модельдерін жасай бастады. ЭЕМ жоғары модельдерін жобалау және оларды зерттеу жұмыстары Мәскеудің «Электронды есептеуіш техника ғылыми зерттеу орталығынан (НИЦЭВТ) басқарылатын.  Бұл кезде, 1966 жылы ол институттың жолдамасымен Мәскеудегі Н.Э. Бауман атындағы Жоғары техникалық училищеге түсіп, электронды есептеуіш техника секілді ғылыми-техникалық революцияның алтын өзегі болып табылатын, әлемдік өркениеттің бағыт-бағдарын анықтайтын саланы осы МВТУ қабырғасында терең игеруге мүмкіндік алған Сақыбай Тінейбайұлы өзін түлетіп ұшырған Қазақ политехникалық институтына терең дайындықпен, үлкен құлшыныспен оралған-ды. Өзі бітірген «Есептеуіш техника» кафедрасына аға оқытушы болып орналасты.

Оның  жетекшілігімен кафедра ұжымы бірнеше жылдар бойы «ЭЕМ жұмысын қашықтықтан диагностикалау», «ЭЕМ-нің автоматтандырылған жобалау жүйесін құру» бағыттарында пәрменді жұмыстар жүргізді. Ол жұмыстардан айтарлықтай нәтиже алынды. ЕС-1065, ЕС-1085 модельдерін жобалау іске асырылды.

Сақыбай Тынымбаев – жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін компьютерлік жүйелерге арналған операциялық құрылғыларды зерттеп, жылдамдығы жоғары көбейту және бөлу құрылғыларының жаңа нұсқаларын ұсынған ғалым. Осындай ғылымға пайдасы зор құрылғылары үшін халықаралық және республикалық патенттерге ие болды.

Компьютердегі ақпараттарды қорғау өзекті мәселеге айналды. Мәліметтерді  сақтау, өңдеу, оларды желі арқылы алу және беру кезінде қорғауға тура келеді. Ондай әрекет криптографиялық тәсілдердің негізінде жүзеге асырылады. Профессор Тынымбаев  криптожүйелерді іске асыру барысында атқарылатын математикалық операцияларды зерттеп, оларды аппараттық жолмен орындауға мүмкіндік беретін әр түрлі схемалық шешімдер ұсынды. Сонымен қатар, көпмүшеліктерді модульмен көбейту құрылғыларының негізінде ақпараттарды өте шапшаңдықпен шифрлайтын құрылғы жасады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми кеңестің комиссиясы бақылаған сынақта бұл құрылғы жоғары баға алды.

Мәскеуден ғылым кандидаты болып оралды

 Сақыбай  Мәскеуден ғылым кандидаты дәрежесін электронды есептеуіш техника  саласында алған алғашқы қазақ жастарының бірі болды. Ол Қазақстанның инженер кадрларын даярлаудың қара шаңырағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің (бұрынғы политехникалық институттың) қабырғасында аға оқытушыдан бастап, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор атағына дейін көтерілді. Әсіресе, оның «Есептеуіш техника» кафедрасын басқарған жылдарының (1976-1987) өзі үшін де, оқу орны  үшін де мазмұны бай, маңызы тереңкезең болды.

Сақыбай өзінің аяулы ұстаздары Өмірхан Байқоңыров, Өмірбек Жолдасбеков, Әбдеш Беделбаевтар армандаған Қазақстанның технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізуіне, республикада осы заманғы электрондық-ақпараттық  технологияның қалыптасуына, сол арқылы  әлемдік өркениетке өзге жұртпен терезесі тең әріптес есебінде кіруіне барынша үлес қосуды өмірлік мақсат ретінде ұстанды. Ең әуелі, Сақабай Тынымбаев кафедраның  материалдық-техникалық базасын толық дерліктей жаңалауға бар күш-жігерін салды. Ескірген электронды-есептеуіш машиналар, электрондық техниканың элементтік базалары уақыт тұрғысынан тез ескіріп, тез жаңаланып отырды. Аз ғана жылдың ішінде лампалық электрондық құрылғылар жартылай өткізгіштерге, ал олар өз кезегінде интегралдық схемаларға орнын ауыстырып жатты. Қуаты жағынан да, мүмкіндігі жағынан да әлдеқайда күшті де ауқымды электронды-есептеуіш машиналары өмірге келді. Бұл жайдан жай орын алған серпіліс емес еді. АҚШ, Жапония сияқты елдер бұл бағытта айтулы жетістіктерге қол жеткізген болатын. Ендеше, мұны Әлемдік деңгейге ұмтылудың көрінісі десек болады. Ресейлік  білім ордаларынан МВТУ, Мәскеу энергетика институты, Ленинград электротехникалық институты  сияқты алыптармен, Украина, Белоруссия, Балтық бойы елдерінің зауыттарымен  тіл табысып, қоян-қолтық істелетін жұмыстар атқарылды.

Сақыбай электроника, электронды есептеуіш машиналары және оларды ақпараттық-бағдарламалық қамтамасыз ету салалары бойынша озық үлгіде білім алған ізденімпаз ұстаз-ғалымдарды даярлау ісін ерекше жігермен қолға алды. Кафедрадан диплом алған дарынды жастарды Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы білім ордаларына аспирантураға жіберді, олардың ғылыми жұмыстарына қамқорлық жасады. Кафедрадағы бүкіл ғылыми жұмысты, шаруашылық келісім-шарт бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулерді аталған қалалардағы ғылым орталықтарымен бірлікте атқаруды жолға қойды.

Сақыбай Тынымбаевтың күш-жігерімен және оның басшылығымен аталған мамандықтар бойынша қазақ және орыс тілдерінде тұңғыш оқулықтар мен оқу құралдары жазылып, жарыққа шықты. Бұл тұрғыда әңгіме арқауы болып отырған ғалымның «Есептеуіш техникаға кіріспе», «Цифрлық автоматтардың қолданбалы теориясы», «Есептеуіш машиналар, жүйелері, кешендері және тораптары» оқулықтарының көмегі аса маңызды еді. Сондай-ақ осы оқулықтар мамандар тарапынан  жоғары бағаға ие болды.

Осындай жүйелі әрі мақсатты түрдегі ауқымды іс-әрекеттер нәтижесінде Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеуіш техника факультеті үлкен беделге, жоғары мәртебеге жетті.Электронды есептеуіш техника мамандығы бойынша студенттерді оқуға қабылдау мөлшері жөнінен институт Одақ бойынша бірінші орынға көтерілді.

Қазақстанның ғана емес, Одақтың іргелі кәсіпорындарында факультет түлектері игілікті қызмет атқарып, көзге түсе бастады. Есептеуіш техника кафедрасының филиалы  Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Математика және механика институтында құрылып, ондағы ғалымдарды, зертханалық жабдықтар мен жаңа технологиялық үрдістерді оқу ісіне пайдалануға мүмкіндік туды. Куба Республикасынан, Аргентинадан, Палестинадан, Моңғолиядан, Сириядан, Индиядан, т.б. елдерден студенттер келіп, электронды есептеуіш техника мамандығына оқуға түсе бастады. Бұл шын мәніндегі үлкен жетістік еді.

Одақтық деңгейдегі оқу орындары, ғылыми орталықтар С.Тынымбаев басқараған «Есептеуіш техника» кафедрасымен шығармашылық қарым- қатынас орнатуға құштарлық таныта бастады. Профессор С.Тынымбаев  Кеңес Одағының Жоғары білім министрлігінің  «Есептеуіш техника» мамандығы бойынша ғылыми-әдістемелік кеңесінің, Қазақстандық үйлестіру   кеңесінің мүшесі болды, қызметі жемісті болғасын беделі мен мәртебесі де өсті.

Сандық  автоматтарды қолдануға арналған қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық

 Сақыбай Тынымбаевтың ғылыми ізденістері негізінен есептеуіш машиналарды оқыту үрдісінде қолдану, ғылыми жұмыстарды автоматтандыру, есептеуіш машиналарды жобалауды автоматтандыру мәселелеріне арналған. Соңғы ізденіс нәтижелері  ЕС  ЭВМ машиналарын  ЕС-1065, ЕС-1087 секілді жаңа серияларын және шағын компьютерлер жасауда пайдаланылды.

Профессор Сақыбай Тынымбаев 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы. Соңғы жылдардың өзіндеоның  60 ғылыми еңбегі жарық көрді. Олардың ішінде 2 ғылыми монография, 30-ға жуық өнертабыстық патенттері мен зияткерлік меншіктері қорғалған ғылыми еңбектері де бар.

Ғылыми жетістіктері республикалық және халықаралық конференцияларда баяндалып, олар Львов, Херсон, Новосибирск, Рига, т.б. қалаларда өткен конференция жинақтарында жарық көрген. Ғылыми мақалалары «Проблемы информатики», Журнал ЕСУ (Ресей), «Защита информаций» (Украина), «Cogent Engineering» (Ұлыбриания), «International Journal of Computer Network and Information Security» (ҚХР, Гонконг) сияқты шетел журналдарында басылды. Сонымен қатар, оның ізденістері Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының журналдары мен Қ. Сәтбаев атындағы және Т. Даукеев атындағы АУЭС университеттерінің жинақтарында жарық көрді.

Профессор Тынымбаев ғылыми жұмыстарын оқу процестерімен жалғастыра білген. «Цифрлық автоматтардың қолданбалы теориясы» атты оқулық кітабы студенттерге арналып жазылған қазақ тіліндегі бірінші оқулық. Екінші оқулыққа «Компьютерлік жүйелер архитектурасы» (Алматы, ТОО «Лантар  Трейд» баспасы, 2020, 304 бет) жатады. Қалған 8 оқулық пен  оқу-құралдары орыс тілді студенттерге арналған.

Осы жылдары кафедраның талантты түлектерінің ішінен мақсатты аспирантура арқылы есептеу техникасын дамытудың барлық бағыттары бойынша көптеген жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар даярланды. Олардың арасында т.ғ. д., профессор  С.Сарыпбеков, А.Садықов, Т. Палташев, Гамбург университетінің докторы Б. Қарабаеков, ғылым кандидаттары Е. Кошкин, М. Абдуллаев, С. Махмутов, О. Рахматуллин, А. Құрманов, т.б. бар.

 

Кейіпкерге қатысты мөлтек мәлімет

 

Сақыбай Тынымбаев Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек қаласы) Ауылшаруашылық машина жасау зауытында токарь болып бастады.

1964 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірген, Автоматика және есептеуіш техника факультетінің «Математикалық есептеуіш-шешуші аспаптар және құрылғылар» мамандығы бойынша бірінші түлегі болып табылады.  Институтты бітіргеннен кейін БТ кафедрасында сынақтан өтуші-зерттеуші лауазымында қалдырылып, кейіннен Н.Э.Бауман атындағы ЖӘТУ-ге (Математикалық машиналар кафедрасы) жіберілді. Аспирантурадағы оқуын аяқтап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Сақыбай Тынымбаев жарты ғасырға жуық ( 1970 – 2017жж.) ҚазПТИ-де жұмыс істеді. Аға оқытушыдан Есептеуіш техника және Ақпараттық қауіпсіздік кафедраларының профессоры дәрежесіне дейінгі жолдан өтті. Оның басшылық ету кезеңінде аталмыш кафедралар құрамы сандық және сапалық жағынан өсті. Есептеуіш техника кафедрасы тек ҚазССР-інің ғана емес, Кеңес Одағының жетекші кафедраларының біріне айналды. КСРО Жоғары оқу орындарының түлектері кафедраларының арасында өткен Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болып, КСРО Жоғары оқу орны мен орталық кәсіподақ комитетінің ауыспалы қызыл туын жеңіп алды.

Сақыбай Тынымбаевтың барлық ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі Қазақ ұлттық техникалық университетімен тығыз байланысты болды.

Соңғы жылдары профессор С.Тынымбаев компьютерлердің ондық блогының негізгі тораптарын синтездеу үшін пайдаланылған логикалық функциялар жүйесін азайтудың тиімді алгоритмдерін ұсынды, бұл жоғары өнімді компьютерлерді құру кезінде қолдануға болатын ондық сандардың жылдам көбейткіштерінің бүкіл класын жасауға мүмкіндік берді. Жұмыс нәтижелері республикалық және халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда баяндалды.

Жоғары білім беру саласындағы жемісті еңбегі нәтижесінде  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Еңбектегі үздік еңбегі үшін» медалімен және КСРО Жоғары оқу орны министрлігінің «Жұмыстағы үздік жетістіктері үшін» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. ҚР «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Тынымсыз әрі тындырымды профессор сексеннен асқан жасына қарамастан,  тың, ширақ.  Әлі  еңбектен қол үзген емес.

Қазіргі уақытта Сақыбай Тынымбаев ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ақпараттық және есептеу технологиялар институтының бас ғылыми қызметкері және Ғ. Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры.   Тәңірім сізге күш-қуат берсін, жасай беріңіз,   ғылым тарланы Тынымбаев ақсақал!

Дәстүр

Бөлісу: