Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жыл «Жастар жылы», «Жастарды қолдау жылы» – деп жариялауына байланысты Ішкі саясат басқармасының жанындағы «Рух — Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Мерген Тоқсанбай, Қуаныш Оспан, Серғазы Қайырбалды, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Хакім Хасамбай және Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Фархадбек Қанафиндер бірлесе отырып «EL jastar» театрының негізін қалады.
«EL jastar» театры Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында ақпан айының 20-22 жұлдызы күндері Башқұрт драматургі Айгиз Баймұхамбетовтың «Тастамашы мені ана» повесінің желісі бойынша сахналанған «Армандар кемесі» атты қойылымның премьерасы болып өтті. Премьераға жазушы, драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Қазақстанның Халық әртісі кино және театр режиссері Талғат Теменов және Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова сынды өнер майталмандары арнайы келіп, театр әлеміне қадам басып отырған «EL jastar» тетарының ұжымына ақ баталарын беріп, жылы лебіздерін білдірді.
«EL jastar» театрының өзге театрлардан ерекшелігі актерлер құрамы Ыдырысова Құралай Ғазизқызы басқарып отырған Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері. Толық кәсіби маман атанып үлгермеген шығармашылық ұжым «Армандар кемесі» атты қойылым арқылы өз деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдегендей. Аталмыш қойылымның қоюшы-режиссері және қазақ тіліне аударған Фархадбек Қанафин. Режиссердің асисстенті — Жәнібек Махамбетияр. Дыбыс режиссері — Мұханбедуали Оразмұхамеджанкерей Жаңабайұлы. Қоюшы – суретшісі Әуез Жеңіс. Әуенін құрастырған – Бегалы Оразалин.
Спектакльдің шымылдығы Ілияс (Жәнібек Махамбетияр) есімді кейіпкермен түрілді. Бұл қойылымда аталмыш актерге үлкен жауапкершілік артылған. Себебі, жетімдер үйіндегі тағдырлары тым күрделі балалардың психологиясын және автордың өз басынан өзкізген тағдырын көз алдымызға елестете білді. Спектакльдің сәтті шығуына таңдап алынған шығарма арқау болғандай. Режиссер Ф.Қанафин «Армандар кемесі» пьесасы арқылы бүгінгі қоғамда кең етек алып бара жатқан «Тастанды балалар», «Көкек аналар», «Жетімдер үйі» сынды өзекті мәселелердің түп тамырын баса білген. Ата-анасыз тәрбиеленіп жатқан балалардың адам төзгісіз тағдырларын суреттеуде актерлер өздеріне берілген режиссер трактовкасын жоғарғы деңгейде көрсетіп шықты. Оған әр кейіпкер арқылы өз образдарын шынайы сомдап, сахнада өмір сүре білген актерлер ойыны дәлел. Кейіпкерлердің қатал тағдырын пафоссыз , жасанды дауыссыз және ащы зарсыз жеткізуі режиссер шешімінің ұтымды тұсы дейміз. Қойылымның шарықтау шегінде түсі суық, жүрегінде мейіріміділігі жоқ, қатыгез Маулида Нұрғалиевнаны актриса Аружан Бегім жоғарғы деңгейде жеткізе білді. Актрисаның өзін сахнада еркін ұстауы, дауысының анық шығуы, әрбір айтқан сөзінің астарын сезіне білгендігінің нәтижесінде көрермен жүрегіне ой сала білді. Оның жетімдер үйінде тәрбиеленген балалардың 40 пайызы ішімдікке салынып, өзін тастап жіберетіндігін, 10 пайызы өз-өзіне қол жұмсайтындығын, 40 пайызы түзету коллониясына түсетіндігін және тек 10 пайызы ғана қоғам өміріне бейімделіп кететіндігін айтқан кезде өне бойыңды шымырлатып жібереді. Бұл актриса образының шынайы шыққандығының дәлелі болмақ. Театрға келген әрбір көрерменге ой сала білетін осындай қойылымдар қатарының көбейгендігі қуантады. Жаста болса жасқанбай алға қадам басып отырған шығармашылық ұжымның алар асулары мен бағындырар белестері алда екендігін аңғару қиын емес. Өнер майданының аға буын өкілдері «EL jastar» театрына үлкен сенім артуы жас шығармашылық ұжымның өркендеуіне және өздеріне деген сенімділігін арттырды деп ойлаймыз. Ф.Қанафин мен Х.Хасамбай бастаған «EL jastar» театры мұнымен тоқтап қалмай, әлемдік аренада көркемдік деңгейі жоғары театрлардың қатарынан орын алады деп сенеміз.
Жақыпбек ТАЛШЫН,
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Жастар ісі жөніндегі комитеттің» төрағасы. Театртанушы.
Көкшетау қаласы