Елiнiң ертеңгi тiрегi болатын атпал азаматтар неге iз-түзсiз жоғалып жатыр?

186

Соғыс оты шарпымай-ақ, аштық алқымнан қыспай-ақ шаңқай түсте бiр-бiрiмiздi жоғалтып алуымызға не себеп? Анасы баласынан, баласы анасынан неге айрылады? Елiнiң ертеңгi тiрегi болатын атпал азаматтар неге iз-түзсiз жоғалып жатыр? Болашақ аналар – бүгiнгi бойжеткендер неге аяқастынан ғайып болуда? Неге?! Неге?! Неге?!

Сұрапыл соғыс аяқталып, есiн жинаған ел ағайын-туысын, нағашы-жиенiн, жора-жолдасын iздей бастады. Газеттер мен журналдардың соңғы бағаналарында «Iздеу саламыз!» деген айдармен 1931-33 жылдардағы ашаршылық пен 1941-45 жылдардағы алапат шайқас кезiнде бiр-бiрiнен ажырап қалған бейкүнә жандарды iздеген, жоқтаған материалдар топтамасы толассыз берiлiп жатты. Мұндай хаттар легi 1970 жылдарға дейiн, тiптi, 1970 жылдардың ортасында да толас тапқан жоқ. Ал, 1975-91 жылдар мамырақай заманындай болып көрiнедi маған. Елдiң тұрмысы түзелген, сақал-мұрты күзелген, төрт құбыласы түгенделген кез едi. Қарны тойынып, киiмi бүтiнделiп, көз жасы құрғаған болатын. Ескi жаралары жазылып, қайғылары азайып немесе ұмытылып, жұтаң көркiне қан жүгiрген-дi.

1992-93 жылдарда анасы баласын, баласы анасын немесе әкесiн, тағы басқа бiрiн бiрi iздегендер қайтадан бой көрсете бастады. Алғашқыларды тағдырдың тауқыметi, ашаршылық пен соғыс зардабы дедiк. Ай мен күннiң аманында ажырап қалған соңғыларына не жорық? Бұрынғы iздеушiлердiң мәтiнi де бөлек едi. «Аштықта әке-шешемiз бiрдей өлдi, үйелмелi-сүйелмелi үш-төрт ұл-қыз едiк. Нағашымыз асырады. Кейiн балалар үйiне өткiздi. Содан бiр-бiрiмiзден ажырап қалдық…». Немесе: «Ағайынды екеумiз майданға бiрге аттандық, бiрақ ұрысқа екi бөлек кiрдiк. Ол жаумен Ленинградта, мен Мәскеу маңында шайқастым. Осылайша бiр-бiрiмiздi жоғалтып алдық…»  деп келетiн

Соңғы iздеу салушылардың мәтiнi өлеңмен өрнектегенде төмендегiдей болып келедi.

«Бәрiңе! Бәрiңе! Бәрiңе!

Егдеңе, жасыңа, кәрiңе!

Жоғалттық бес жасар баланы,

Полиция iздеу салады…»

 

немесе:

 «Бәрiңе! Бәрiңе! Бәрiңе!

Егдеңе, жасыңа, кәрiңе!

Қияқ мұрт, аршын төс, иықты,

Iздеймiз өрiмдей жiгiттi…».

 

Не болмаса:

 «Бәрiңе! Бәрiңе! Бәрiңе!

Егдеңе, жасыңа, кәрiңе!

Бойжеткен iз-түзсiз жоғалды,

Қиғаш қас, қоңырқай жанарлы…»

Алғашқыларда жоғалудың себеп-салдары болса, кейiнгiлерде нелiктен жоғалғандығы туралы ешқандай дәлел де, дәйек те жоқ.

Бiраз уақыт бойын суытып алған ақпарат құралдары жоғалғандар туралы қайта жаза бастады. Тiптi, бұл iске телеарналар мен радиолар да араласты. Олар өз хабарларының iшiнен арнайы айдарлар ашып, тұрақты уақыт белгiледi. Жоғын тауып, қайта табысып жатқандар да баршылық. Бiрақ бiздiң айтпағымыз бұл емес. Соғыс оты шарпымай-ақ, аштық алқымнан қыспай-ақ шаңқай түсте бiр-бiрiмiздi жоғалтып алуымызға не себеп? Анасы баласынан, баласы анасынан неге айрылады? Елiнiң ертеңгi тiрегi болатын атпал азаматтар неге iз-түзсiз жоғалып жатыр? Болашақ аналар – бүгiнгi бойжеткендер неге аяқастынан ғайып болуда? Неге?! Неге?! Неге?!

Мынандай жыр шумақтары ерiксiз тiлге оралады.

 «Қойылар бүгiнгi заманға,

Бiр сұрақ тулайды санамда:

Iздеймiз, жоқтаймыз, таппаймыз,

Не болып барады адамға?»

Қайсыбiр ғалымдарымыз айтып жүргендей үш жүз жылда қолымыз әрең жеткен егемендiгiмiздiң желiгi ме, әлде шала дүмбiлез демократияның әлегi ме, не болмаса нарық қыспағына шыдас бермей сетiней жөнелген жүйкемiздiң жұқалығы ма, әйтеуiр адамдар қай кездегiден де көп жоғалатын болды. Ақпарат көздерiне сенетiн болсақ, үйiнен шыққаны жұмысына жеткенше, жұмысынан шыққаны үйiне барғанша ұшты-күйлi жоғалып жатады. Бiр ғажабы, алды шет елден, арты Алматының Сайын көшесiнен ұшырасатын көрiнедi. Неге бұлай? Тағы да жауап жоқ.

Iлгерiде бiр маскүнем шарапқа сылқия тойып алып, о дүниеге жөнеп кетiптi. Қыстың күнi болса керек. Дәрiгерлiк зертхана ол кезде қайдан болсын. Ағасы әрi берi аударыстырып көрiп: «Тоңып өлдi десем, үстiнде тоны бар, аштан өлдi десем, борбайында боғы бар» деген екен, өлiмнiң себебiн таба алмай басын шайқап. Отбастарын зар қақтырып, жоғалып жүргендердiң себеп-сырын түсiну қиын. Iстеймiн деген адамға жұмыс бар, жұмыс бар жерде тұрмыс та бар. Олай болса, аршын төс, иықты жiгiттер мен қиғаш қас, қоңырқай жанарлы бойжеткендер қайда бой тасалап жүр? Әлде олардың да iшi шарап пен араққа толып, санасы есiрткiмен уланып жүр ме? Әлде бiреулердiң алдауы мен арбауына шырмалып, құтыла алмай келе ме? Жоғалғандар саны азаяр емес.

Жоғалттым анамды… баламды…

…Iздеймiз жоғалған адамды…»

Осындай сұрапыл суық сөз

Ерiксiз сулайды жанарды.

«Бәрiңе! Бәрiңе! Бәрiңе!

Егдеңе, жасыңа, кәрiңе!

Абай бол, араңдап қалмаңдар,

Қауiп пен қатер көп әлi де!…»

деп адамдарды ай астында жүрiп адасудан сақтандырғым келедi.

 Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Бөлісу: