Халық психотерапиясы

6675
Сурет интернеттен алынды

Ғұламалардың біреуі: «Медицина үш киттің арқасында тұр. Ол киттер – шөп, пышақ, сөз» – депті. Халық медицинасындағы шөп пен пышақтың орны белгілі. Ал сонда халық емшілігіндегі сөздің орны қалай, сөзбен де емдей ме?

Иә, сөзбен де емдейді, сөздің адам өмірінде алатын орны орасан зор екеніне ешкімнің де күмәні болмаса керек. Сөзбен емдеу дегеніміз  – бір адамның екінші адамға әсер етуі. Ел ішінде кеңінен тараған мақал-мәтелдер сөздің адамға тигізетін әсерін дәл білдірген: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оны байлықпен теңесе, «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деп, сөздің адам жанына жарақат салатынын айтады. «Найзадан түскен жарақат – сөзден түскен жарақаттан тез жазылады» деп, адамға сөзбен түсірген жан жарасының ауыр болатынын аңғартады… «Сөз қанжардан да өткір», – деп, оның өз тыңдаушысын өзіне еліктіріп, тартып әкететінінін, дүйім тыңдаушыны өзіне қаратып алатын күшін білдіреді.

Жылы, ұнамды сөзбен адамның көңілін жадыратып, оған жақсылық, үміт отын тұтатуға болады. Сондықтан: «жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады» деген. Сонымен бірге, халық адамның денсаулығы оның көңіл-күйіне де байланысты екенін ежелден білген. «Ашуланшақ адам тез қартаяды», «Қайғыдан жан шіриді, жан ауырғаннан тән шіриді» деген нақыл сөздер осы күнгі ғылыми медицинада психосоматикаға жатады. Көп әңгіме болып жүрген бұл саланың баяғыда-ақ мән-мағынасы ашылғанын байқатады. Медицина ілімінің психосоматика деп аталатын саласында адам днесіндегі көптеген аурулар оның жан дүниесіне, көңіліне түскен зілден, жан азабынан туатынын дәлелдейді.

Адамның балалық шағында басынан кешкен жоқшылық, жалаңаштық, жәбір шегу, жетімдік; жасы ұлғайған адамның басындағы әр түрлі уайым-қайғы, қиыншылықтар, өмірдегі шым-шытырық жан күйзелісі, ауыртпалықтар мен жарақаттар адам бойында әр түрлі аурулар туғызады. Олар: жүректің қысып ауруы (стенокардия), қан тасу (гипертония), яғни қан қысымының жоғарылауы, асқазан жарасы (язва желудка), қышыма (невродермит, псориаз) және тағы басқалар. Сөз болған жан жарақаттарын тудыратын себептерді психотравма, яғни қазақшалағанда жан жарақаты дейді. Одан пайда болатын ауруларды  психосоматикалық, яғни жан жарасынан пайда болған тән аурулары дейді. Жанға тигенде, жанда (психакада) пайда болатын аумалы-төкпелі өзгерістерді психогения дейді. Психогенияның бір түрі – адам кенеттен бақытсыз жағдайға ұшыраса, ол сары уайымға түсіп, көңілін зіл басады, жабырқайды. Мұны психогениялық депрессия дейді.

Халық мұндай жағдайларды бұрыннан байқаған, сондықтан адам қайғылы жағдайға ұшырағанда оның көңілін көтеріп, жадыратуға тырысқан. Көңіл айту деген соның бірі. Көңіл айтудың жөнін білмейтін қазақ жоқ. Ол басқа халықтарда да кездеседі және халықтардың әдет-ғұрпына айналған жәйт. Қатты, ұзақ ауруға шалдыққан сырқаттың хал-жағдайын біліп, оның сағы сынып, өмірден үмітін үзіп жатқанда көңілін, рухын көтеруге келген кісінің іс-әрекетін көңіл сұрау дейді. Көңіл сұрау да қазқатың ежелден келе жатқан салты. Көңіл сұраудың бір тамаша үлгісін Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу білік» кітабынан оқуға болады. Ол кітап 1069 жылы Баласағұнда жазылған.

Адам жанына қатты жарақат түсірмес үшін оған болған қайғы-қасіретті жағдайды жайлап, еппен, оның бет-жүзін бағдарлап, айтатын хабарды, сөзін астарлап айтатын болған. Адамға қайғылы хабарды естіртерде, оған шыдай алатындай даярлау үшін даналық әсерлі сөздермен, өмірге философиялық көзқараспен қарауға, пәни жалғанның тұрақсыздығын ескертіп, көңілін аулауға тырысқан. Халық ішінде «естірту» деп аталатын бұл әдет-ғұрып кеңінен белгілі. Естіртуді өлеңмен де, әнге салып та айтады. Естіртудің едәуір түрлері ауыз әдебиетіне де кірген, олардың көркемдік сипатын М.Әуезов зерттеді. Ескертудің көрнекті мысалдарының бірі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасындағы Тазшаның өлеңінен жаман түсті жорып, бір жамандықтың болғанын болжағандай айтқанын көреміз. «Ер Сайын» қиссасындағы Аюбикеге Сайынның өлгенін астарлап, хабар білдіру үшін айтқан қырық жігіттің әңгімесін де естірту үлгісі ретінде қарауға болады.

Қазақ халқы көңілшек, кімге де жанашыр болып келеді. Өйткені біреудің көңілін қалдырмау, оның жанына жара салмау халқымыздың этникалық ерекшелігінің бірі, дәстүр, салтына, мәдениетіне сіңген әдет-ғұрып. Осының дәлелі ретінде «Ақсақ құлан» күйі мен ол күйдің шығуы туралы аңызды атауға болады. Қазекеңдер осылайша домбырасын шерте отырып, адамның жанына жара түсірмей әрі бір ауыз сөз де айтпай, қасіретті сұңқылдаған домбыра үнімен жеткізген.

Бұл айтылғандар – қазіргі медицинаның психотерапия деп аталатын ірі бір саласының тек бір тармағы ғана.

«Қазақтың халық медицинасының құпиясы» кітабынан.

 

Бөлісу: