Біздің қазақ еліміз, жұртымыз өмірдің жақсы да, мәнді жағынан көбірек үлес алған сияқты. Жаратқаннан әр келер күнін әр атар таңынан жанына береке мен амандық тілеп отырған. Адал досын сатпаған, дәм сүзілмеген, сүйек үзілмеген. Шынайы достықты «тамыр» деп те атаған ғой. Тамыр болдық, тамырымыз дегендей. Қандай да жанды-жансыз болсын,оған нәр беретін,өмір сыйлайтын, күш қуат беретін тамырымен ғана жалғасады. Недеген ұғым, досқа деген түсінік тапқырлық десеңізші.
Адал дос бірін бірі алдамайды. Байлықтан артық көрер досың болсын. Арамзаның құйрығы бірақ тұтам. Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікшінің шын сөзі зая. Көршің соқыр болса, көзіңді қыс. Көршің жақсы болса балаңда жақсы. Көрші ақысы тәңір ақысы, – деген мақалды сөздердің мағынасы тереңделіп мектептен бастап балаға оқылса ғой. Осы заманда бүгінгі күнгі көп оқу орындары мол өнер-біліммен сусындатып жатыр ғой.
Бұрыңғы заманда доктор профессор атақтарын бір ғана сөзге сыйғызып,ең жақсы атақты «Молда» атты ұғымға сыйғызып берген екен. Бала қонақтардың қолына су құйса, үлкендердің атын әкеп беріп, сулығынан ұстап, қолтығынан демеп мінгізсе, қамшысын әкеп берсе, “Қарағым молда бол “ — деп рақымет алғысын білдірген. Апа-әжелердің суын әкелсе, отынын көтеріссе, балаға молда бол, үлкен жігіт бол дейтінді. Осы молдадан бар ғұламалар нәр білім алып, ұшан теңіз еңбектерімен әлемге де әйгілі болғандары анық қой. Мектебі де, иниистутыда молда болған ғой. Қазақ оқу білімге құштар болып, биік деңгейін түсінген халық екенбіз, оқуға қолы жетсе, ештеңеден тайсалмай, білім алуға баласын шынайы қыйып берген екен.
Ол кезде молдаға апарып баласын оқуға берерде еті сенікі, сүйегі менікі деп ара түспейтін болып, сеніп берген. Өнерімен өрге жүзесің деп тілегін, іс ысырапқор болма, өтірік айтпа, бос сөзге ерме, көз көрмесе сенбе, әр ғылым иесінде артық рыздық бар, ынталы болып, не нәрсені шынайы жүрекпен беріліп тілеп істе, қателіктен қорғайтын сабырлы болу, көреген батыр болу-білімнің бәрі осы сөздерді жүзеге асыру ғой деп ойлайсың
Ел бірлігі адам дос пен көршіден басталғанды. Осы көрші туралы бір әңгіме ойға оралады. Кеңес үкіметі кезінде ауыл тіршілігі көбінесе мал шаруашылығы болған еді. Сол кезде жеріне қарай екі қыстақ бір жерде қатар отыратыны бар еді. Бірде сондай қос қыстақта екі отар қой мен екі шопан отырғанды. Жылдың әр мезгілінің өзіндік қарбалас өтейтін дәстүрге сай жұмыстары болады. Соның бірі бұрыннан келе жатқан дәммен бөлісу бірін-бірі қонақ ету. Қыс мезгілінде соғым басына шақырысады. Шеке беру деп те айтады. Бір өлке бойында қанша үй болсаңда шақырады. Құрметтеп, қонақ қып күтіп, дәстүр бойынша дәмін беріп отыратын. Сондай қос қыстақта бір туыстар отырған екен. Бір жерде салынған, қатар екі бөлмеден бір ауыладағы үйлер екен. Сол күні туысының бірі көршілерін соғым басына шақырған екен. Адамдар келіп, мәре-сәре болып дәм бастарын қосқан еді. Дуылдаған әңгімеге, өлеңге, әзіл-қалжыңға ұласатын.
Кеңестік кезде дастарқанның сәні де арақ көп құйылатын еді. Бәрі көңілді, тамақ желініп, сөз-тілектер айтылып болып, таңға жуық тарасатын. Карта да ойналатын. Соңғы шай ішіліп, қонақтар тарқауға тақап қалған кез еді. Туысының көршісі өзінің қызып қалған туған інісімен сөзге келіп қалды. Жаға жыртысыуға да жақын қалған еді. Ел болмағанда інісі ағасына сен ұрысың, мына көршіңнің малын ұрлап, қосып алғансың – демесі барма. Дабыр-дүбір дуылдаған үндер бір сәт тына қалды. Жақыным арғы бергіні білетін адам еді. Көршісінің інісіне сұсты көзін қадап, жап ауызыңды, не оттап отырсың, қашан саған жоқ малымды тауып бер деп едім деді. Қатты ұрысып тастап еді. Көптің көңілі қайта қалпына келіп, көңілді отырысқа ұласқан еді.
Ертесінде жақынымен әңгімелесіп отырып, малымыз кем бе, түндегі не сөз деп сурақ қояды туысы. Жақыны он беске жуық малы кем екенін айтты. Іргеміз тиіп, дәм тұзымыз араласып, көрші отырмыз. Одан кем болып қалмаспын, сендер барсыңдар демесі бар ма.
Енді оны әрі қарай әңгімелеудің керегі жоқ деді. Ертеректе ел айтып жүретін, қаншама малын батпаққа түсіріп, өлтіріп алыпты –деп. Кемтігін менен толтырса, менің кемімді Алла толтырсын деп ойға батып, отырып үнсіз қалды. Недеген сабырлы адам. Барлық адам естіп отыр, інісінің айтқанын. Бәрі де куә болушы еді. Көршісіне қарағанда ақыл ойдан түсінік қабілеті де, күш қайраты да артық адам еді. Заңға бергенде көп әуреге түсіруші еді. Заң шешіп берген күнде де, берекенің пердесі жыртылар еді. Ол қайта жамалмаушы еді. Көңілде қараяр еді, қастастық қалушы еді. Кешірімді жандардың ар тазалығы, жан тазалығы осы дүниенің бақытын төбеге көтеріп тұрғандай сезіндім. Мінді адам таза бетке қарай алмай, төмен қараған бойы қара мұң мен өкінішке айналып, лас дүниенің бір бөлшегіне айналып қалар-ау дейсің.
Көрші қақысы үшін осындай шыдамдылық, сабырлылық танытқан жақсы жандар көп болса екен, әр қашанда таза жүрек алдыға жетелеп, ұрпақтарымызды тек адалдық жүретін, ақ жолына салса ғой.
Берекелі ынтымағы жарасқан ел болайық. Жақсылығы арысын, ұрпағымыз сенімді болып өссін. Жамандықтар қайталанбайтын болып, үміттенер ұл-қызымыз көп болып өссе екен.
Береке түбі –мереке болсын
Адалдық түбі ақ жол, ақ тілек болғай!
Оспанов Рамазан Нұрғалиұлы