Коронавируспен күрес: АӘК алатын отбасыларға дәрі қобдишасы тегін таратылады

4304
Medicine doctor hand working with modern computer interface as medical concept

Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралу деңгейін төмендету мақсатында биылғы маусым айына дейін 145 мың медициналық дәрі қобдишасы табысы аз, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға тегін жеткізілетін болады, деп хабарлайды Dasturkb.kz  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Медициналық дәрі қобдишаларын сатып алуға қаражат Азия даму банкінің гранты есебінен бөлінетін болады. Дәрі қобдишаларын БҰҰДБ арқылы сатып алу болжанып отыр. Жиынтықтардың құрамын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындады және оған термометрлер, маскалар, дезинфекциялық құралдар және стероидты емес қабынуға қарсы препараттар кіреді. Дәрі қобдишаларын алушыларға жеткізуді қалалық немесе аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері әрі ауылдық әкімдіктер жүзеге асырады. Бұл шара материалдық жағдайы қиын, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың экономикалық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», –  делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Осылайша, биыл  маусым айына дейін Қазақстандағы табысы аз отбасыларға 145 мың медициналық дәрі қобдишасы жеткізілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 10 шілдесінде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы табысы аз отбасыларды коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында дәрі-дәрмектермен және алғашқы медициналық қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Бөлісу: