Ұлттық бренд жасауға байқау жариялады

1152
Сурет интернеттен алынды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанның ұлттық брендін жасау мәселесі бойынша отандық және шетелдік PR, дизайн, жарнама, маркетинг, медиа компанияларымен кездесті, деп хабарлайды dasturkb.kz  ruh.kz сайтына сілтеме жасап..

Кездесу барысында Министр еліміздің ұлттық брендін жасау жобасының басты мақсаттарын айтып өтті.

«Қазақстанның ұлттық бренді Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы пәрменді құрал болуы тиіс. Ұлттық бренд азаматтардың санасын жаңғыртып, көзқарастың саналығын біріктіріп, ұлттық мақтанышты асқақтатып, ортақ мұраттарға жетуге ынталандыруы керек. Бренд Қазақстанның жағымды имджін қалыптастыруға, сондай-ақ, елімізді шетелге танытуға бағытталуы қажет», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, ол ұлттық брендті жасау барысында тек брендбукпен шектеліп қоймай, ұлттық сәйкестендіруге негізделген құндылықтарымызды жинақтау қажет болатындығын айтты.

Байқау екі кезеңмен өткізіледі:

  1. Қатысушылардың Ұлттық бренд концепциясын әзірлеуі (2021 ж. қантар – ақпан). Нәтижесінде байқау финалистері анықталатын болады.
  2.  Байқау финалистеріннің бейне материалдар әзірлеуі (2021 ж. наурыз – сәуір).

Байқау жеңімпазы Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің жанынан құрылған Ұлттық брендті қалыптастыру және жылжыту жөніндегі кеңес мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде анықталады.

Кеңес құрамына мемлекеттік құрылым өкілдерінен басқа кәсіби сарапшылар, танымал қоғам қайраткерлері, пікір жетекшілері, коммерциялық емес қоғамдық бірлестік өкілдері де кірді.

Байқау қорытындысынан кейін жеңімпазбен ұлттық брендті жасау және оны стратегиялық жүргізу бойынша келісімшарт жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, жобаны жүзеге асырушы ретінде «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асырумен айналысатын «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты таңдалды.

Бөлісу: