Педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор, Құбығұл Жарықбаев:
Психология – адамның ішкі жандүниесін зерттейтін ғылым
– Ұлттық психологияны айтқанда еліміздегі ғылыми психологияның негізін қалаған Төлеген Тәжібаевтардан дәріс алған сіздің есіміңіз ойға оралады. Соңғы жылдардағы ұлттық психологияға байланысты еңбектеріңіз жайлы айтып кетіңізші? Мерейлі мерейтойыңыздың қарсаңында отырсыз.
– Менің қазақ психологиясын зерттеп келе жатқаныма алпыс жылдан асып бара жатыр екен. Орта және жоғары оқу орындарына арнап жазған кітаптарым да сол ғылыми зерттеу нәтижелерімнің негізінде шығарылды. 2011 жылы жеті жүз бетке жуық «Жантану» деген оқулығым өңделіп, толықтырылып, оныншы рет қайта басылды. Оныншы басылымына алғаш рет «Қазақ психологиясының тарихы» атты жаңа тарау енгіздім. Мұнда ұлттық психологиямызды танып-білуге көп көмегін тигізетін мағлұматтар қамтылды. Сонымен қатар бұл жинақ Мағжан Жұмабаевтың «…қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» деген аталы сөзінен негіз алып, қазақтың барлық жөн жоралғыларын, салт-дәстүрлерін қамтыды.
Биыл он томдық жинағымды шығарсам ба деген үлкен үмітпен жүгіріп жүрмін. Бұл кітаптар ұлттық психологиямыздың бастау алған күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен мәселелері, олардың шешімдері төңірегінде өрбіген құнды дүниелерді қамтиды.
– Сонда психологияны «Жантану» деп аударып жүрсіз бе?
– Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш артына көптеген еңбек қалдырғанын айттық қой. Шәкәрім Құдайбердіұлы психологияны қазақта тұңғыш рет негіздеп «Жан сыры» деп атаған. Жүсіпбек Аймауытұлы «Жан жүйесі» деп алды. Ал біз қазір «Жантану» деп қалыптастырдық.
Психология – адамның ішкі жандүниесін зерттейтін ғылым. Ж. Аймауытов: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жаралғаннан бергі жандүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деген екен.
«Шәкәрім Құдайбердіұлы психологияны қазақта тұңғыш рет негіздеп «Жан сыры» деп атаған».
– Осы оқулықтарды орта білім беру орындарында оқыту қаншалықты дәрежеде жүргізіліп отыр? Әлде мүлде оқытылмай ма? Қайбір жылдары сондай да мәселелер болған еді ғой?
– Осыны айтқанда жол жөнекей айтып кеттім ғой. 1993-1994 – оқу жылдарына дейін Қазақстан Республикасы Білім министрлігі алқасының (№16/5 19-қараша 1991 жылғы) шешіміне сәйкес «Семья өмірінің этикасы мен психологиясы» деген пәннің орнына «Әдеп және жантану» атты біз ұсынған жаңа дәріс оқытыла бастады. Бұл оқулықтың авторы Табылдиев екеуміз едік. Кейін бұл пән алынып тасталды. Оның орнына коммунистік идеяға негізделген «Семья өмірінің әдебі мен психологиясы» деген пән енгізілді.
Көрші мемлекеттерде ұлттық психология пәні бастауыш сыныптардан бастап жүйелі оқытылып келеді. Ал бізде өкінішке қарай, ұлттық психологияның қажеттілігі ескерілмей жүр.
Елімізде 2020 жылға дейінгі Білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын білесіз. Осы тұжырымдамада ұлттық психология енгізілетін шығар деп үміттенген едік. Білім туралы тұжырымдаманы жасағанда Білім және ғылым министрлігі психолог ғалымдардың пікірімен санасар деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмай шықты. Тұжырымдама баспасөзде жарияланғаннан кейін одан ұлттық тәрбиенің иісі де сезілмейтіндігін байқадық. Бұл «Білім беруді дамыту тұжырымдамасы қазаққа қажетті білім концепциясы емес» деген мазмұндағы мақалалар жаздық. Егер ұлттық мәселеге көңіл бөлген болсақ, онда қазақтың тілі де, төл өнері де, шешендігі де, бәрі-бәрі қайтып оралар еді.
– Қазір жастардың еш қиындыққа шыдамай, ешнәрсенің байыбына бармай өз-өздеріне қол жұмсауы, түбін түсінбей, ойланбай діни ағымдардың жетегінде кетуі, екеуара қарым-қатынас жасай алмауы, тағы да басқа қиындықтардың бәрі осы ұлттық психологиямыздың әлсіреуінен келіп туындап отырған басты проблема. Егер балалар кішкентай кезінен бастап ата-бабаларымыздың рухани бай мұрасын психологиялық тұрғыдан терең түсінетін болса, мұндай қадамдарға бармас еді?
– «Үш тарау жолдың ортасында дағдарып тұрған мектебімізді белгілі бір жолға нұсқап жіберу – басты міндетіміз. Қалайда мектебімізге берік бір негіз салу керек. Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескертетін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Еліміздің саяси ынтымағы һәм шаруашылық тұрмысын жаңа жолға қоймақшы болғанда да біз еліктеу ауанында жүрміз. Қазақ жанын қайшылап отырып жат қалыпқа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру, яғни жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады. Мектебімізге негіз салғанда біз тағы да осы жолға түсіп кетпесек игі болар еді» деген Мағжан Жұмабаевтың анау ғасырда айтып кеткен пікірі әлі де сол қазаққа сол қалпы арналғандай. Әлі өзгерген ешнәрсе жоқ, өкінішті.
– Сіз қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессорысыз. Осы кафедраның атқарып отырған қызметі қандай?
– Қазақ ұлттық университетінде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Дей тұрғанмен, ұлттық психологияның астарына әлі жете мән бере бағамдап, көңіл бөлінбей келеді. Осы күнге дейін «Жантану», «Қазақтың ұлттық психологиясы», «Қазақстандағы психология ғылымы», «Әл-Фарабидің психологиялық мұралары», «Қазақтың салт-дәстүр психологиясы», «Қазақ елін мекендейтін этностар психологиясы», «Қазақ этнопсихологиясы» және тағы басқа оқу құралдары жазылып, жарыққа шыққан еді. Бұл оқу құралдары жыл сайын кафедра төңірегінде дау-дамай тудырып, тиянақты түрде оқу жоспарына енгізілмей жүр. Осы біздің кафедрамызда оқытылатын басқа пәндердің бәрі қазақ елінің тыныс-тіршілігіне еш қатысы жоқ дүниелер екенін айтып-ақ жүрміз. «Нейропсихология», «Психосемантика», «Психология смысла» деген сияқты қазаққа қатыссыз пәндерді атап айтуға болады. Яғни, бұл психология кафедрасында ұлттық психология бір пайыздық көрсеткішпен тұр деген сөз. Ал, енді біздің психология кафедрасында тоғыз ғылым докторы, жиырмадай ғылым кандидаты бар. Бірақ қолдан келер шара жоқ, бәрі билікке келіп тіреледі. Өзімізден де бар шығар, ұсыныстарымызды өткізе алмай отырған.
– «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе құрт қайнатқан батырым» сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер бүгінге дейін жетіп отырған жоқ па?
– Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адамның қадір-қасиеті, оның жасына, жөн жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделілікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде былай деген екен: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Шынымен де, қазақтың ұлттық мінез-құлқы бұл өте күрделі, әлі де толық зерттеліп болмаған, шешімі табылмаған мәселе. Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, әдебиеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін жаңартты. Қалай десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз. Бізге момын қазақ дегенді миымызға саясат арқылы сіңірген.
– «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен Әлихан Бөкейханұлы. Шынымен де кешегі өткен ерлеріміздің, ақындар мен жыраулардың шығармаларынан асқақ рух сезіліп тұратынын байқаймыз. Бұл да қазақ психологиясының айқын көрінісі ғой. Солай емес пе?
– Сізбен келісемін. Елім деп отқа да, суға да түскен, қазақ үшін күресіп, жүрегі «Алаш» деп соққан арыстарымыз қаншама. Әлихан Бөкейханұлы бастаған қоғам қайраткерлерінің де психологиялық көзқарастарын өз кітабымда айтқан болатынмын.
Туған халқы үшін қызмет ету – азаматтық қасиет, абыройлы іс. Ол үшін адам оңы мен солын аңғаруы, білім-ғылымды терең меңгеруі тиіс. Сонда ғана адамшылығы да, ақыл-ой өрісі де өз дәрежесінде болады. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын болады. Ақылды болу – сондай қиын. Ол үшін көп оқып, зейінді болса, кісі білімді болады.
Халықтың мінез-құлқы, ойы – заманындағы әдебиетінен білінеді
– Кешегі өткен алашордашыл асылдарымыздың қай қайсысының да шығармасы ұлттық психологияны айналып өтпегенін өз кітаптарыңызда жазыпсыз. Олар қалың елді игілікке тартып, оқу-білімді насихаттап, қазақ білсін деп сауат ашуды қатар алып жүруді ниет еткені сезіліп тұр.
– Ол дұрыс. Ал, Халел Досмұхамедұлы психологияның әр жақты мәселелері мен байланысты айтқан басқа пікірлері де, мазмұны жағынан терең. «Адамның табиғаттағы бір мінезі – ойын-сауық қылып, қызықтап кетуі. Ойнамайтын адам жоқ. Күлмеген адам – адам емес. Салтымызға, тұрмысымызға қарай түзелуге елімізде көп ойындар бар. Бұларды менсінбей ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа таңданарлық» – дейді ол. Тілмен қатар әдебиетіміздің де ұлттық психологияның айнасы екендігіне көңіл аударады. «Халықтың мінез-құлқы, ойы – замандағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы. Осы әдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі мінез-құлқы, заманындағы күйініші, сүйініші арасында болған түрлі әлеуметтік қимылдары анық сезіледі. Бұрынғы әдебиетпен танысқанда, қазақтың бойына біткен мінездің бірнеше түрі орасан адырайып тұр», – дейді Халел Досмұхамедұлы.
Міржақып Дулатұлы сынды әмбебап ағартушының артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі қазақ елінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жол жоралғысы, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі, өзіне тән этикалық, эстетикалық ұнам-талғамдары ұлттық бояуға толы саналуан нақты деректермен безендіріле баяндалған. Осы тұрғыдан «Оян, қазақ!» атты туындысының орны бөлек.
Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның «Психология» атты төл оқу құралы бұл психология саласында төл тілімізде жазылған ғылыми мәнін күні бүгінге дейін жоймаған тұңғыш дүние. «Психология» – терең ой, терең білім, терең пәлсапаға құрылған пән.
Мағжан Жұмабайұлының поэзиясы адамның жан-дүниесінің қыры мен сырына терең бойлайтыны, оның адам жанын дөп басып жататыны көпшілікке мәлім. Осынау жыл дүлдүлінің тәлім-тәрбие ғылымының теориялық жағына үңілуі таң қаларлық жайт. Оның оқу-тәрбие ісіне тікелей қатысты педагогикалық психологияға ден қоюы да ерекше құптарлық.
– Сіз бір қазақты алтыға бөліпсіз…
– Дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні қазақтарды мен алты топқа бөлдім. Біріншісі – мәңгүрттер. Бұлар ана тілінен де, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрден де бейхабар адамдар. Олардың саны бүгінде екі миллионнан асып жығылады. Екінші топ – бұл да сан жағынан шамалас, «дүбара қазақ». Үшінші топ – «жаңа қазақтар». Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақтың жас буржуазиясы. Өздерін жас түріктер деп атайтын бұл топ өзін қазақпын деп атауға арланады. Ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қажет етпейді. Төртінші топ – оралмандар. Ата жұртқа шетелден көшіп келген қазақтар. Басты ерекшелігі – дінге берік, қазақшылығы басым, ұлттық тілі деформацияға ұшырамаған. Көпшілігі Қытай мен Монғолиядан көшіп келіп жатқан қазақтар. Жергілікті қазақтар қандастарымызды «моңғол қазақтары», «қытай қазақтары» деп атап жүр. Менің болашақта сенетінім – осы оралмандар. Салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай отырған да солар. Жақында «Оралманнан үлгі алайық» деген мақала жазу арқылы жанайқайымды айттым.
– Бесінші топ?
– Бесінші топ – ата-тегі бұрыннан бері елімізде тұрып келе жатқан, орыс империясы мен коммунистік идеологияға белшесінен батқан, егде тартқандары қазір арамызда жүрген «кәдімгі қазақтар» және олардың ұрпақтары. Бұлардың көпшілігі қазақ отбасында өсіп-өнген, қазақ мектептерінен тәлім алғандар. Олар қазақша ойлай алады, оқта-текте ана тілінде газет журнал, кітап оқиды. Маған келіп отырған сіз де кәдімгі қазаққа жатасыз. Ал, енді неге нағыз қазақ емеспіз дейсіз ғой? Мал атауларының өзінде, төрт түлік малымызды айтып отырмын, үш жүз түрі бар. Осы тақырыпта 1953 жылы Жәнәбілов «Қазақтың мал атаулары» деген тақырыпта диссертация қорғады. Сонда қозы атауының өзінде қырық түрі бар екенін көрсетіпті. Мен қалалық мектептерге жиі барып тұрамын. Үлкен сыныптарда оқитын балалардың өзі жаңа мен айтқан бет-әлпеттің пәлен түрін ажыратпақ түгілі, осы лақ пен қозыны ажырата алмайды. Бірақ тілдері таза қазақша, қазақ сыныбында оқиды.
Бірақ ұлтымыздың мәдениетінен жөндеп сусындай алмай жүрген қазақтар қанша жерден тілі қазақша болғанымен, нағыз қазақ бола алмайды. Бұлардың саны шамамен екі-үш миллиондай болады. Алашордашылардың жүрегі нағыз қазақ болғанымен, орысша оқыған, ойлау жүйелері де, тілі де орысшаға икемдеу тұрады екен. Бірақ қазақта енді олардай қазақтың тууы да екі талай.
Ал келесі топқа «сегіз қырлы, бір сырлы» адамдарды, имандылық пен көргенділікті бойына жинаған – «нағыз қазақтарды» жатқызамыз. Мұндай қазақтар әз Жәнібек пен Керей, Қасым хандардың тұсында аз болмаған. Қазір мұндай асылдың «сынығын» табу қиынның қиыны. Себебі, қазіргі қазақтардың көбі малдың үш мыңдай атауын, қозының қырық шақты түрі болатынын, ал кісінің бет жүзінің, жанарының әрқайсысының қырықтан астам синонимінің бар екенін біле бермейді. Десе де, ХХІ ғасырға аяқ басқанымызға да көп болған жоқ. Айтылған осы топтардың ұлттық психологиясы әлі күнге зерттелмей жатыр.
– Сол сіз айтып отырған нағыз нар қазақты мен көрдім. Ол – кешегі Жағда Бабалықұлы еді. Қазақтың нағыз болмыс-бітімі бойында бар, ойы ұшқыр, сегіз қырлы, бір сырлы қазақ еді.
– Оның дұрыс. Қай заманда да мұндай адамдардың боларына сөз жоқ, әрине. Сонда-дағы, болашақта мұның бәрін көру қалып бара жатыр. Оқыған қазақ қалалық болып, табиғаттан алшақтады. Қазір – тіл, дін, діл, т.б ұлт мәселесіне бей жай қарай алмайтын адамдар және – бұл тақырыпты қозғағысы келмейтіндер пайда болды. Екеуінің де атқарып жатқандары шамалы.
Қазіргі қазақ психологиясында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген орыс психологы А.Ф.Лазурский жасағандай тұлғалар квалификациясы жоқ. Қазіргі басты тақырып – күні бүгінге дейін қазақ арасында кең тараған ру мен жүзге бөлінушілік. Мұның көлеңкелі жақтарын зерттеу өз алдына бөлек тақырып. Осы феномендер де «Жан сыры», «Жантану» деп аталатын ғылым тұрғысынан зерттелсе жақсы болар еді. Сонда ғана ескіден келе жатқан «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін аталы сөздердің түп-төркіні, бастауының астарлы сыры ашылар еді. Қазіргі қазақты шартты түрде алты түрге бөле отырып, оларды біртұтас ұлт болуға шақырғым келеді.
Халқымыздың басын біріктіруге себепші болатын факт – ұлттық психология қоғамын құру.
– Сіз ұлттық психологияны да бірнеше бөлімдерге бөліп қарастырыпсыз.
– Педагогикалық психология, әлеуметтік психология, жалпы психология, жас ерекшелігі психологиясы, тарихи психология деп кете береді. Бірақ қазір бізде тек қана педагогикалық психология мен жалпы психология ғана бар. Ұлттық психологияны дамытқан болсақ, оның ішіне әлеуметтік пен дене психологиясы да кірген болар еді. Өкінішке қарай, бұл мәселеде кешеуілдеп отырмыз.
Америка психологияны жүзге тарта салаға бөлген, оларда 250 мың психолог бар. Бұл мәлімет 1989 жылы психологтардың Бүкілодақтық ҮІІ съезінде айтылды. Ал осы кезде Кеңес одағында бес мың психолог бар екен. Мәскеуде өткен осы жиынға мен «Қазақ психологиясының ұлы классигі Жүсіпбек Аймауытұлы» деген мақала алып барғанмын. Осы жерде маған екі үлкен ақсақал қарсы болды. «Сенің Аймауытовың кім, қай университетті бітірген, Қазақстанда қандай ұлттық психология, сендерге барып өзіміз емес пе, Кеңес одағын құрып кеткен. Не деп оттап отырсың. Жиырмасыншы жылы ұлттық психологияны жазатындай қайдан шықтыңдар?»– деп маған дүрсе қоя берді. Олардың біреуі Белоруссиядан, екіншісі Украинадан еді. Энципклопедияда қызмет ететін ақсақалдар екенін кейіннен білдім. «Зерттегенмін, шыққан оқулықтары бар» деп жатырмын. Ол съезде оқылатын баяндамамның негізгі тақырыбы «Қазақстандағы психологияның дамуы» еді. Бірақ жиын басталмастан бұрын ұйымдастырушыларға барып тақырыбымды ауыстырғым келетінін айттым. Соңғы алпыс жылда қуғынға ұшырап, кейіннен ақталған Жүсіпбек Аймауытұлының шығармаларына тоқтала отырып, Қазақстандағы психология мәселелерін айтамын дедім.
Жүсіпбек Аймауытұлының бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде алты кітап жазғанынан бастап айттым. 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарына арнап Орынбордан «Тәжірибе жетекшісі», 1926 жылы Қызылордадан «Психология» және осы жылы «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты оқулықтар, 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары», «Жаңа ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?» атты кітаптары жарыққа шыққанын, ол жинақтардың бәрі психология пәні үшін таптырмас оқу құралы екенін дәлелдеп, алып барған мақаламды психологиялық журналға тастап кеттім. Бұл Мәскеуден шығатын орыс тіліндегі «Психологический журнал» деген басылым еді. Осы журналдың редакторының бірінші орынбасары ҚазМУ-дің журналистика факультетін елуінші жылдары бітірген Шустриков деген орыс жігіті екен. Ол да: «Мен оқыған кезде Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті, тағы басқаларды білемін, бірақ «Аймауытұлы психологияның классигі» дегенді естімеппін. Тастап кетіңіз, көрейін», – деп алып қалды. Содан алты айдан кейін Мәскеуге, тағы да бір жиналысқа бардым. Өткендегі редакцияға барсам, баяғы орыс: «Сенің еңбегіңді Ленин кітапханасына келіп жүрген бір татарға оқытып, пікір алдық. Ол Аймауытұлының кітаптары түпнұсқа екенін, оны әр жерден көшірмей өзі жазғанын дәлелдермен жазып берді. Сондықтан сенің мақалаңа деген көзқарас қазір өзгерді. Енді жақын арада жарияланып қалады», – деді. Сөйтіп сол мақалам бір жылдан кейін жарық көрді. Сол журналдың маған отыз данасын жіберді. Ең қызығы, «Классик» деген тақырыбын өзгертпепті. Сөйтіп, осы мақаламнан кейін «Аймауытұлын, Мағжанды айтпай осы кезге дейін қалай үнсіз жүргенсіңдер?» – дейтін болды шетелдік ғалымдар.
Ұлттық психологияны түбегейлі білетін адам ешқашан жаман әрекеттерге бой алдырмайды
– Қазаққа тән ұлттық мінез-құлық, ұлттық қадір-қасиеттер туралы не айтасыз?
– Иә, қазіргі қазақтың мінезі деформацияланған. Өйткені Қазақстанда жүз отыздан астам этнос бар деп келеміз. Олар қазақтардың санының жартысына жетерліктей деп жүрміз. Бұлардың мінездеріндегі ерекшеліктердің ұшқыны қазақтардың бүкіл тыныс-тіршілігіне, салт-дәстүріне әсер етпей қоймады. Жоғарыда да айттым, кешегі патшалық отарлау мен кеңестік солақай саясат тудырған ұнамсыз қасиеттерден әлі де арыла алмай келеміз. Қазір бәріміздің бойымызда жағымпаздық, жалтақтық, даңғазалық, ұраншылдық, күншілдік, шалағайлық сияқты қолдан біздің бойымызға енгізілген және өзіміз жұқтырып алған осындай мінездер бар. Енді ең сорақысы, бұрын ешқашан түсімізге де кірмеген жезөкшелік, бірдей жыныстылардың некесі, кішкентай қыздарды, балаларды зорлау сияқты адам айтса нанғысыз арсыз істерге барып жүрміз. Осылардан арылудың жолы, тағы да сол ұлттық психология. Ұлттық психологияны түбегейлі білетін адам ешқашан жаман әрекеттерге бой алдырмайды.
Жас өскін үшін туған халқын, ел жұртын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығымен рухани мәдениетінің өркендеп, көркеюіне бар күш жігері мен білімін, ерен еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз екенін жастарға осы ұлттық психология арқылы үйретуіміз керек. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң – отан қымбат. Туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат», –десе, ақын Мағжан Жұмабайұлы: «…өз ұлтын сүйген адам өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады», – деген еді. Біздің Отанымыз егеменді, тәуелсіз, мәңгілік қазақ елі – ғасырлар бойы қастерлеп келе жатқан туған жеріміз, кең байтақ атамекеніміз. Осы елді жан-тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да, ең алдымен қазақ халқы, оның жауқазындай жастары, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» ізбасарлары. Қаршадайынан өз отбасын, әке-шешесін, бауырлары мен туған-туыстарын құрметтей білген бала, есейе келе туған жері мен халқын, ел жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. Ұлтжанды кісінің имандылық, адамгершілік қасиеттері, сондай-ақ, оның жегжат жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалатын болады.
Ата-бабаларымыз Алтайдан Атырауға, Еділ мен Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр, кең жазира даланы ғасырлар бойы басқыншы жаудан сан рет қорғап, бостандық пен тәуелсіздік жолында жанын пида еткен. Біздер халқымыздың қас батырлары Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Кенесары мен Наурызбайды, Қасым хан мен Абылай ханды, Амангелді мен Бауыржанды қадір тұтып, қастерлейміз. Олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін өзімізге үлгі-өнеге етіп, осындай ата-бабаларымыздың болғанын мақтан етеміз.
Қонақжайлылық – қазақ халқының қастерлі қасиеті
– Шетелдіктердің біз туралы жазбалары «Қазақ деген халық қонақжайлылығымен ерекше» деп басталады. Қонақжайлылық – қанға сіңген, өзіміз байқамайтын психологиялық мінезіміз бе?
– Жоғарыда мен айтқан қауымдастықтың атқаратын негізгі жұмыстарының бірі – кезінде барша елді тамсандырған үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, иманжүзділік, қонақжайлылық, бауырмалдылық, қарапайымдылық, суырыпсалмалық, ақынжандылық сияқты тамаша қасиеттерін тереңдете зерттеп, бұларды жас ұрпақтың жандүниесінде дамыту. Яғни, қазақтың қасиеттерін бір-бірінен ажыратып қарауға келмейді, біреуі бар жерде екіншісі өзінен-өзі туып отыратын қасиеттер.
Қонақжайлылық – қазақ халқының, әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Біз «Қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қазақпыз», – деген бар.
Айтса айтқандай, тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан қонақты жылы жүзбен қарсы алып, төріне отырғызу, дастарқан жайып, бар мәзірін алдына қойып, күту халқымыздың санасына мықтап орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. Әрбір қазақ үйінде тамағының дәмдісін, жылы жұмсағын өздері жемей, қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігі мен женті, соғымы сыбаға ретінде өзінің қадірменді қонағын күтіп, көп уақыт қоймада сақтаулы тұрады. Қонақ күтіп, қонаққа баруды халқымыз ежелден әдетке айналдырған.
Қазақтар үшін сыйлы қонақтың бірі – «құдайы қонақ». Бұл жолаушылап келе жатқан, түскен үйіне ешбір туыстық, не таныстық қатынасы жоқ кісі. Дегенмен Құдайдың атын атап келген соң, мұндай қонаққа ерекше сый-сыяпат білдіріп, қонақасы беру әрбір отбасының борышы. «Құдайы қонақты» үйіне қондырмай жіберген адам ел жұрт алдында қарабет атанып, беделінен айырылған. Халқымыз қонақты ілтипатпен қарсы алу, оны күту, құрметтеп шығарып салу дәстүрін ерекше қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатыр.
Қонақтың төрт түрі бар. Алғашқысы «Құдайы қонақ» жөнінде айттық. Одан кейін алыстан туған-туысын арнайы іздеп келген адамды «арнайы қонақ» дейді. Ерігіп, үйді-үйді, ауыл-ауылды кезіп жүргенді – «қыдырма қонақ» десе, түтіні түзу шыққан үйді торып, құлқыны үшін жүрген адамды – «қылқима қонақ» деп айтады.
Қазақ салтында қонақ күтудің, оларға сусын ұсынудың, табақ тартудың, шәй құюдың өзіндік салты бар.
– Біз шетелдерге шыққанда шығыстық, азиялық деп қарайды ғой. Өзімізде де шығыстық менталитет деген ұғым қалыптасқан. Осы жерде қазақты жеке-дара бөліп қараған дұрыс па, әлде жалпы шығыс психологиясы жағынан да қарастырған жөн бе?
– Қазақ психологиясы шығыстық психологияның үлкен бір бөлімі. Оған ешқандай дау жоқ. Қандай мәселеде де одан өзімізді бөліп қарау өте әбестік болары анық. Егемендігімізді алғалы бері көршілес халықтармен этнопсихологиялық мәселелер төңірегінде зерттеулер аз болса да жүргізіліп жатыр. Еліміздегі бала тәрбиесін құрсақтан бастау қажет деп жүрген Совет-Хан Ғаббасов осы шығыс психологиясына тереңнен қалам тербеп жүр. Сонау шығыстық психология да, оның бергі жағындағы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің де ұлттық мұраларын зерттеу ісі әлі қолға тыңғылықты алынбай жүр. Көріп отырғаныңыздай, қай тақырыпты аршып қалсаңыз да, бір шешімін таппаған мәселенің ұшы қылтиып шыға келеді.
– «Қазақтың әні кетсе, сәні кетеді» деген тәмсіліміз бар емес пе? Бүгінгі күні жастарымыздың санасын батыстың даңғазасымен қолдан улап жатқан жоқпыз ба?
– Өте дұрыс. Қазір жастар күй мен халық әндерін, жыр-термелерді тыңдамайды. Негізі, бағанадан біз екеуміз сөз етіп отырған ұлттық психологияның өзегі осы халық әндерінде, халық музыкасында жатыр. Мен халық әндерін ұлттық психологияға тыныс беретін, жан бітіре алатын дәрумені деп атап келе жатырмын.
Өнер – халықтікі, оны тудыратын да, бағалайтын да сол халықтың өзі. Өнер халық қолдауын тапса ғана өмір сүре алады. Өнерді қоғамға телуші де, аластатушы да халық. Адамның көпшіл, қоғамшыл болып өсуі үшін де өнерлі болудың маңызы зор. Халқымыз: «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген. Өнер өскелең ұрпақтың дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына тікелей әсер етуші фактор. Бұлардың негізін айтып-ақ жатырмыз. Енді сіз айтқан батыстық әуендерден қалай құтыламыз? Ол үшін ең алдымен, тағы да қайталаймын, ұлттық психологияны оқытып, балалардың санасын ояту керек. Ата-бабаларымыздың аманатын адал атқаруымыз керек.
Қазақ жыр-термелері, халық әндері, күйлері адам миының қалыпты жұмыс істеуіне, тереңнен ойлануына үлкен септігін тигізеді. Ал батыстық даңғаза музыка – мидың жұмысын тежейді. Бұл эстрадалық музыка әннің сөзіне де мән беруге мұрша бермейді. Яғни, ойланбайсың, тек сол әуенге елітіп жүре бересің.
– «Мақал-мәтелдер – халық психологиясының айнасы» депсіз. Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз. Қазіргі таңда мақал-мәтелдерді де әркім өз керегінше бұрып ала беретін болды емес пе?
– Мұны да жоғарыда айтып кеттім ғой. Шындығында фольклордың негізгі саласының бірі болып табылатын мақал-мәтелдерде адам жанының небір нәзік сырлары, ерлік пен батырлық, достық пен ынтымақтық, жауыздық пен зұлымдық, ақыл-ой, ерік-қайрат сияқты іргелі мәселелермен қатар қазіргі психология ғылымында кездесетін ұғымдардың да үлкен тізбегін (арман, қиял, ес, ықылас, ынтық, ниет, ашу, қайғы, т.б.) қамтиды.
Мақал-мәтелдер адамдарды ақыл-ой, сана-сезім жағынан екі топқа бөледі. Біріншісі, ақыл-парасаты мол, ойлы адамдар да, екіншісі, бұған қарама-қарсы, істің парқына жете түсіне бермейтін, оған үстіртін қарайтындар.
Халық ұғымында ақыл баға жетпес қазына. Білім, тәжірибе, тәлім-тәрбие – адам ақылының нәр алатын бұлақтары. Халқымыз: «Ақылдылар шымыр келер, ақымақтар қыңыр келер», «Саналы адам сағыңды сындырмас, санасыз адам жағыңды тындырмас», «Ақымақтың ақылы білегінде, ақылдының ақылы жүрегінде», «Ақылды адам батпан-ақ, ақылсыз адам сасқалақ», – деп ақылды, есті адамдарды жұртқа үнемі үлгі етіп отырған. Бұл да психологиялық тәлім-тәрбиенің бастауы.
– Ұлттық психологияға сіңірген еңбегіңіз ерен екенін әңгімеңізден біліп отырмыз. Қаншама еңбектер жаздыңыз, оны жоғарыда айттыңыз. Енді әлі де атқарар ой жоспарларыңыз арманыңыз бар ма?
– Менің төрт арманым бар еді. Біреуі психология бөлімін ашу. Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Екіншісі, психология факультетін ашу. Бұл жағы болмай тұр. Ресейде 71 факультет бар. Сол факультеттердің кейбірінде ғылым докторы да жоқ, екі-үш кандидаттары бар. Бұл Ресейдің әр губерниясындағы педагогикалық университеттерде психология факультеті бар деген сөз. Ал, Қазақстандағы педагогикалық оқу орындарында тек психология бөлімшелері ғана бар, факультет жоқ.
Америкада 78 психологиялық журнал бар. Ал, Қазақстанда «Мектептегі психология» деген бір шағын журнал шығады. Бұл жалпы Орта Азия бойынша шығатын жалғыз журнал болып отыр. Осы ай сайын үш баспа табақ болып шығатын басылымның мен ғылыми жетекшісімін.
Ендігі арманым – еңбектерімнің он томдығын шығару, халықтың мұрат-мүддесіне лайық ұлттық психологияға негізделген бастау бұлағына жас ұрпақты оралту болып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
(Қ.Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдығы, 1-ші том,102 бет)
(Соңы.)