Педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев:

  Ұлттық психологиямыздың  түп қазығы өте мықты

 – Құбығұл аға, қазақтың ұлттық психологиялық мінез-құлқы ерекше екенін өзіңіз айтып жүрсіз. Ұлттық психология – әрбір этносты ерекшелеп тұратын қасиет. Осы ұлттық психология мен психологияға бірдей көзқараста қараймыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Ұлттық психология қазақ ұлт болып қалыптасқалы бар. Ғасырлар бойы жинақталып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тұтас бір жүйеге бірігіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатыр. Осы жинақталған қазынада халықтың жандүниесі, өзіне тән мінез-құлқы, іс-әрекетінің ішкі астары бар. Ұлттық дәстүр мен салт-сана адам психикасынан орын алатын тұрақты құбылыс екені белгілі. Демек, ұлттық психология – халықтың қоғамдық және жеке тәжірибесі арқылы, өмірде көрген-білгендерінен, пайымдауларынан туындайтын психологиялық білімдердің жиынтығы. Ол адам мінезінің түрлі жақтарын қамтамасыз етіп, әр этностың өзіне ғана тән психикасынан хабар береді.

«Ұлттық психология», «Ұлттық тәрбие» деген сөз тіркес­тері өз мағынасында егемендігімізді алып, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін барып пайда болды. Бірақ бұл ұлттық психология қазақ өмірінде болмады деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қазақ – қазақ болғалы қалыптасқан ұғым.

Ал, психология ғылым ретінде бізде кенжелеу дамыды. Ғылым деген – эксперимент қой. Объективті, субъективті жеке жағдайлардың кесірінен бізде ғылыми психологияның ғұмыры бір-ақ ғасыр. Бізде эксперимент дамымағанымен, терең ой мен түйіндер жеткілікті болды. Мәселен, Американың гуманитарлық психологиясының қазір де айтып жүргендерін Асан Қайғы бабамыз өз заманында айтып кетіпті. XV ғасырда ғұмыр кешкен Өтейбойдақтың психологиялық мұрасы өз алдына бөлек әңгіме. Егер осы Асан Қайғының айтып кеткендерін ағылшын тіліне аударып, бүкіл әлемге таратсақ, ағылшындар: «Мынаның бәрін қазақтар бізден бұрын айтып қойыпты ғой, бұл қандай халық өзі?» деп таң қалған болар еді. Негізінен психологиялық ой-пікірлер мен терең түйіндерді біздің халық бірнеше ғасыр бұрын көтергені белгілі. Оған көшпенді ата-бабаларымыздың фольклоры, сондағы мақал-мәтелдердің психологиялық мән-мағынасы куә.

Орыс психологиясы Ломоносовтың психология туралы айт­қан ой-пікірлерінен басталады. Ал қазақ халқында эксперименттің болмау себебі, бірінші – жұт, екінші – ашаршылық, үшінші – репрессия, төртінші –геноцид сияқты қиын-қыс­тау жағдайлар.

– Біз әлі отарлау саясатының психологиясынан арыла қойған жоқпыз ғой.

– Иә, бұған мысал ретінде айтайын. Жақында маған өзбекстандық бір қазақтан хат келді. Онда: «Біз қазір Қазақстанға бармаймыз деп шештік. Өйткені онда бәрі орысша сөйлейді екен. Ташкентке келіп көріңіздер. Мұнда барлық ұлт тек өзбек тілінде сөйлейді. Алматыны да, Астананы да көрдік. Үлкені де, кішісі де орыс тілінде сайрайды екен. Енді біз Қазақстандағы қазақтар қашан қазақша сөйлейді, сол кезде барамыз, біз оны көре алмасақ, біздің үрім-бұтақтарымыз барар», – депті. Қазақ елінде төрт миллион орыс пен басқа этнос өкілдері тұрады. Патша үкіметінің бізді жаулап алғанына үш жүз жылдай болған. Осы аралықта орыстың тілі мен мәдениеті бізді басып кетіп, содан әлі арыла алмай келеміз. Оның үстіне қазір үштілділікті әкеліп тығып жатыр. Бұл үштілділік дегеніміз академик А.А.Ухтомскийдің Доминант теориясына келеді. Бұл теория бойынша мидың көршілес аумағында пайда болатын бірнеше қозулардың күшеюге қабілеттілігі, өзара тартысы. Яғни, ағылшын, орыс, қазақ тілдерінің мидағы тай-таласы. Қазақша айтқанда, «қай жеңгенің менікі» дегендей, бір мезетте үш тілдің әсер етуінен пайда болатын үш қозу үдерісінің қайсысы өктемдеу болса, миды сол билейді деген сөз. «Доминант» деген сөздің өзі «өктемдік» деген мағынаны білдіреді. Біздер бір кездері «баланы орыс тілінде оқытуымыз керек, әйтпесе, ертең нан тауып жей алмай қалады» деп орыс мектебіне бердік.

– Біз қазір балаларымыздың ағылшынша үйренуін талап етіп отырмыз.

– Ал ағылшындық орта бізде жоқ. Ол үшін анау алыс­тағы Англиядан ағылшындарды көшіріп алып келу керек. Ол болмайтын жәйт. Тілді үйрену үшін тілдік орта керек. Орыс тілінде мұндай орта жетіп-артылады. Тура сол орыстар сияқты ағылшын халқы ішімізге еніп отырса, мәселе басқа. Доминант теориясы бойынша мидың үстінгі қабатында ағылшын тілі тұратын болса, ортасында орыс, астында қазақ тілі қалады. Бара-бара құрып кетуі мүмкін. Қазақ тілін билеп, өктемдік алған ағылшын тілі тіліміздің құрып кетуіне жол ашады. «Үштұғырлы тіл» туралы айтқанда осы ғылыми астарды үнемі есте ұстау керек.

» Ұлттың психологиясы халқымыздың күнбе-күнгі тыныс-тіршілігінен орын алатын қарапайым психологиялық жүйелер адам психологиясын жан жақты ажыратуға жарай бермейді. Сондықтан мұндай жағдайда тек ғылыми психологияның деректеріне ғана сүйену қажет. Ұлттық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнопсихология ғылымы айналысады».

Біздің ұлттық психологиямыздың түп қазығы өте мықты. Этнопсихология дегеніміз – әрбір халықтың тілі, дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы, ділі, діні, фольклоры, мифі, тағы осы сияқ­ты рухани әрекетінің саналуан көріністері. Бұл жайында мен «Жантану оқулығы», «Қазақ тәлім-тәрбиесі» атты еңбектерімде де толығырақ айтқан болатынмын. Этнопсихология Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде ХІХ ғасырда пайда болды. Ал қазақ жерінде бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Осынау ғұламаның еңбектерінде «халық рухы» атты тіркес жиі кездеседі. Ол ұғым этнопсихология сөзінің синонимі.

– Ұлт психологиясы жайлы көтерген ұсыныстарыңыздан қандай нәтиже шықты? Ұлттық мінезіміздегі ерекше қасиеттеріміз қандай?

– Жаңа айтып кеттім, қазақтан психологиядан алғаш рет мәселе көтерген ортағасырлық ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Өзінің жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі жеті мың (7000) беттік екен. Бізге соның бір мың беті ғана жетіпті. Қалғаны Қытайдағы мәдени төңкеріс кезінде отқа жағылған. Бүгінгі күні Қытайда екі үлкен медициналық институт Өтейбойдақтың еңбегін зерттеп жатыр. Ол өз еңбегінде жан туралы пайымдауларға ерекше мән берген. Түйсік ойлау, сөйлеу, қиял, дағды, тағы да басқа психологиялық ұғымдарға қызықты мағлұматтар береді. Өтейбойдақ ғұлама сонымен қатар, өзінен бұрын өмір сүрген әл-Фараби, Жүсіп Баласағұндардың жан туралы түсініктеріне сүйене отырып, қазақ психологиясы жайлы да сыр шерткен.

Ұлттық психологиямыздан қол үзер болсақ, ең алдымен салт-дәстүрімізден айырыламыз

 – Абай «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі», – деп елжірей жырға қосқан ғой.

– Бізде бұдан сегіз жыл бұрын – 1962 жылдан 1993 жылға дейін сегіз-ақ ғылым докторы болды. Ал енді докторлықты қорғау жөніндегі ғылыми кеңес жабылады дегенде ойдан-қырдан келіп қорғағандардың саны күрт өсіпті. Қазақстанда он екі ғылыми кеңес жұмыс істеп тұрды. Сол кеңеспен 1993 және 2010 жылдар аралығында бес жүз ғылым докторы шықты. Ал, соның ішінде психологиядан қырық ғылым докторы бар. Көрші қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен, әзербайжандық ғалымдармен тығыз байланыста отырмын. Оларда психологиядан ғалымдар біздегіден өте аз, диплом алу жағынан біз алда келеміз деген сөз. Бірақ сол дипломы бар ғалымдарымыздың жазған кітаптарын адам түсінбейді. Олардың іші орысша-қазақша былдыр сөз екенін өздеріне неше мәрте айттым да. Бұларға сын айтатын менің қатарларымның бәрі әлдеқашан о дүниеге аттанып кетті. Мені бұл мәселе қатты толғандырады. Жалған нәрсе жарға жығады. Бірақ осы ғалымдардың тақырыптары ұлттық психологияға тікелей қатысты емес, мұндай шикіліктер көп.

–  Бізде ұлттық психология туралы қазақ тілінде жазылған кітаптар бар ма?

– Ең қызығы, осы ұлттық психология туралы қазақ тілінде жазылған кітап бізде бірнешеу ғана. Бұл ұлттың жетістігі ме, әлде кемшілігі ме, өздеріңіз салмақтай беріңіздер. Қалған кітаптардың бәрі орыс тіліндегі дүниелер немесе солардан аударылғандар.

Тәуелсіздігімізді пайдаланып, қайбір жылдары осы саладағы ғалымдар бірігіп этнопсихология мен этнопедагогиканы зерттейтін орталық ашуды қолға алу керектігін айтып, билікке ұсыныс жасадық. Ұлтқа керек екен деп ұсынысымыз қабылданды. Жаңағы сіз сұраған ұлттық мінезімізді қайтару жолындағы талпыныстарымыз ғой бұл. Бірақ ашуға рұқсат берілгенімен, қаржы табу, орталықтың ісін жүргізу үшін нарық заманына сай өзіміз, яғни, ғалымдар айналысуымыз керек екен. Ғалымдардың қолынан ондай іс келмесі анық еді. Бұл мәселе осылай тоқтап қалды.

Бұл біздің ұлттық психологиямыздың бейшаралық халін көрсетеді. Ұлттық психология мен ұлттық педагогиканы академия құрамына кіргізбек болып, институтын құруға рұқсат сұрап, 1990 жылдардың басында оншақты адам жиналып, Президент Н.Назарбаевқа хат жаздық. Ол кісі сол кездегі үкімет басшысы Терещенкоға нұсқау берген еді, соның арқасында «Қазақстанда ұлттық психологиялық, педагогикалық ғылыми зерттеу институты ашылсын. Ұлттық академияның құрамына енсін» деген қаулы шықты. Бұл қаулыға енді негіздемесі керек, қаржы жағынан қиын дегенде, сол кездегі Білім министрлігі мен Ғылым министрлігі «Қазір тұра тұрайық, ғылыми зерттеу институтын ашуға жағдай келмей тұр» деді.

Міне, содан бері біз көптеген жиындар өткізіп, сан алуан мақалалар жазып, ұлттық психологияны дамыту керектігін айтып, нақты ұсыныстар берумен келеміз. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.

Осындай зерттеу орталықтары көрші мемлекеттерде өз мемлекетінің бір құрамдас бөлігі ретінде жұмыс істеп келе жатыр. Ұлттық психология түбі терең, түпсіз деуге болады. Бірақ бұл мәселені Білім министрлігі қолға алып, айналысуы қажет. Онда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, ұрпақтан-ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, еңбек, дене, тарих, тағы да басқа нормалар мен принциптер, яғни халықтың жандүниесі, өзіндік мінез-құлқы, іс-әрекеттерінің ішкі астары, бәрі-бәрі бос сөз болып қалады. Мұндай асыл қазынаны қор қылып, ысырап жасау қара қарғыстан бетер сұмдық. Егер осы ұлттық психологиямыздан айрылатын болсақ, онда сіздер көтеріп жүрген салт-дәстүр бірінші кезекте құрдымға кетеді. Ұлттық мінез болмай, ұлт болмайды. Ұлтты ерекшелейтін – ұлттық мінез, ұлттық психология.

– Қазір кейбір қалалық тұрғындар салт-дәстүрден біраз алшақтап бара жатқан заманда ақылы «ұлттық психологиялық» тренинг көптеп кездеседі. Сол тренингтерге ұлттық психология мәселелерін үйретеді екен деп барған жас отбасылар онда жалпы психологиялық дәрістер оқытылатынын айтады. Яғни, олар өз істеріне толық жауап бере алмайды, жастарды да шатастырып жүр… Бұған не дейсіз?

– Америкада дүниежүзілік психологтардың қауымдастығы бар. Біріккен ұлттар ұйымына мүше 197 мемлекеттің жүзден астамы сол қауымдастықтың мүшесі. ТМД елдерінен оған Ресей мен Украина мүше.

Ал енді Қазақстандағы орыс ағайындар аталмыш қауымдас­тықтың филиалын ашып алған. Бұларды Ярославль қаласынан екі айда бір келетін ғалымдар басқарып отыр.

Алматының өзінде телефондары бар жұмыс істеп тұрған психологиялық-консултациялық мекемелер көп. Бәрі жеке ұйымдар ғой. Қаланың анықтамалығынан қарасаң бәрінің аттары дардай, «психологиялық кеңес беретін орындар» деп көрсетілген. Қоңырау шалып «Ұлттық психология бар ма?» десең, ойланбастан «Келе беріңіз, бәрі бар» дейді. Сонымен қатар, жаңағы тренингтердегі сабақ өткізетін ұстаздардың бәрі жалған дипломмен отырғандар. Олар ұлттық психологияны білмегені былай тұрсын, ғылыми психологияны да көшіріп алған, ненің не екенін білмейтіндер. Олардың басты мақсаты – ақша табу ғана. Олар көбіне психологияда батыс­тық теориямен, ресейлік оқымыстылардың тұжырымдамаларымен, болмаса Қазақстандағы орыс тілді мамандардың еңбектерімен сабақ жүргізеді. Ал, ұлттық психологияның қазақ тілінде ұлттық сипатпен жазылған еңбектерге деген сұраныс жоқ деген желеумен оларды кері ысырып қойып отыр. Бұл да жоғары жақтың нұсқауынсыз, қолдауынсыз іске аспайтын дүние.

Ал енді сол қоғамдық ұйымдар, психологиялық филиалдар не үшін қазақтың ұлттық психологиясын оқытпайды дегенге келейік. Бұл үшін біріншіден биліктегілердің көзқарасы дұрыс болмай тұр. Екіншіден, ұлттық идеологияны дамытуды да ең бірінші кезекке қою керек. Бұл да сол биліктегілердің шешетін мәселесі. Үшіншіден, мамандар да тапшы.

– Олай болса ұлттық ұйымдарды неге ашпасқа, не кедергі болып отыр?

– Төлеген Тәжібаевтың кезінде алты жылдай «өмір сүрген» логика және психология бөлімі болды. Содан отыз бес жыл бойына бізде мұндай маман даярланбады. Шымкентте қызмет еткен жылдарда Ташкент жақын болған соң олардың ғалымдарына барып тұратынмын. Олар маған: «Ұлттық психологияны сендер ашуларың керек, ұлттық құндылықтарыңыздан, ұлттық мінезден айрылып қалып отырған сендерсіңдер ғой» дегенді айтқан еді. Бұл ащы болса да шындық, өте ащы шындық.

Ұлттық психологиядан алғаш докторлық диссертация қорғаған Мәжит Мұқанов кеңес одағы психологтар қоғамының Қазақстандық бөлімшесінің төрағасы болды. Одақ тараған кезде бұл қоғам да өз қызметін тоқтатты. Кейін тәуелсіздік кезеңінде Сатыбалды Жақыпов біраз шәкірт тәрбиеледі. Ол кісі бас-аяғы он жылдың ішінде елуден аса кандидат, онға жуық ұлттық психология ғалымдарын дайындады.

Бүгінгі күні ұлттық психологиялық қоғам құру жолында тер төгіп келеміз. Қазақ психологтар қоғамын құру мақсатында тиісті құжат әзірленді. Он үш адамнан тұратын комитеті де белгілі болды. Бұл дегеніңіз – ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына деген ұмтылыс. Елбасымыз межелеп берген дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін қажетті шарттардың бірі – ұлттық ғылыми психологиямыздың дамуы. Бұл қоғам сонымен қатар бағана біз айтқан дүниежүзілік психологтардың қауымдастығына енуіміз үшін де керек.

Бұл үшін еліміздің қалалары мен облыс орталықтарында жалпы жұртшылыққа арналған психологиялық кеңес беру орталықтарын, психологиялық қызмет орындарын құруды ойластыру керек. Жалпы білім беретін орта мектептерде «Психология» пәнін міндетті оқу пәні ретінде енгізсе, біз бұдан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз деп ойлаймын. Республиканың түкпір-түкпіріндегі педагогикалық, медициналық, экономикалық, аграрлық, техникалық жоғары оқу орындарында этнопсихология пәнін оқытуды қолға алып, оқу құралдары мен бағдарламаларды жасау керек. Үлкен-кіші қалаларда, әсіресе, халық өте көп жүретін жерлерге даңғылдар мен көшелерге, әр түрлі автобус, трамвай, метро, тролейбус сияқты қоғамдық көліктерге ұлттық сананы қалыптастыруға әсер ететін асыл сөздерді насихаттаса, мұны тек бір күндік науқанға айналдыр­май, белгілі бір жоспармен жүйелі түрде жүзеге асыратын болса, жоғарыда атап өткен жас отбасылар, қалалық ата-аналар балаларын болашақта бір шаңырақтың астына жиналатын, бір қоғамның ғана уығын қадайтын, біртұтас ұлт болып ұюға тәрбиелеген болар еді.

Абай ұлттық психологиялық ұғымдардың негізін қалады

– Жалпы, ұлттық ғылыми психологияның зерттелуі Қазақстанда қашаннан бастап қолға алынды?

– Қазақтың ғылыми психологиясын кешегі Мәшһүр Жүсіптен бастап, сосын Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Халел Досмұхамедұлылар жеріне жеткізіп айтып, жазып кетті. Мағжан Жұмабаев Фрейдтің атын атамаса да, оның ілімін қазақ тілінде дамытып, шығармалары арқылы осы ілімді Қазақстанға жиырмасыншы жылдары таратқан.
И. Павловтан жүйке жүйесі туралы дәріс тыңдаған Халел
Досмұхамедұлының да ұлттық психологияға әкелген жаңалығы көп.

Қазақстанда іргелі ғылыми зерттеулердің дені соңғы жетпіс жыл көлемінде ғана өркен жайып, дами бастағаны белгілі. Бұл жағдай əрине, психология ғылымына да ортақ. Осы ғылымның алдағы жерде гүлдеп шешек атуына, біртіндеп қанатының қатаюына бірсыпыра алғы шарттар сонау Орхон-Енисей ежелгі түркі жазбаларынан бастап, Қазан төңкерісіне дейінгі 14 ғасырлық ұзақ мерзімді қамтиды. Əл-Фараби, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, Ахмет Игінеки, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхаммед Дулати, Қадырғали Жалаири, Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау, Абай, Шəкəрімнің психологиялық ой-пікірлерінің негізі бүгінгі ұлттық психологиямыздың алғышарттары болып қалыптасты.

1920 жылдары өлкедегі тəлім-тəрбие ғылымының іргетасының қалануына орыс ғалымдары да шама-шарқынша үлес қосты. Отызыншы жылдары психологияға қатысты зерттеулерді қазақ ғалымдарыда Ш. Əлжанов, М. Əуезов, С. Балаубаев, Ә. Сыдықов, Т. Тəжібаев, А. Темірбеков, С. Қожахметов­тер жүргізіп келді.

Ал, Кеңес одағы тұсында Қазақстандағы психологияның негізін қалаушы ғалым Төлеген Тәжібаев болды. Ол ғылыми ізденістері негізінен екі бағыттың төңірегінде, атап айтқанда, ұлт тілінде психологиядан оқу құралдарын құрастыру мен халқымыздың педагогикалық және психологиялық ой пікірлерінің даму, қалыптасу жолын зерттеу ісіне бағыштады. Тәжібаев қазақ тіліндегі ғылыми психологияны 1938 жылдан «Халық мұғалімі» журналының беттерінде көлемді мақалалар жазудан бастады. Ол алғаш қазақ тілінде психологиядан дәрістер оқыды. Төлеген Тәжібаевтың еңбектерінің біразы халқымыздың ғұлама перзенттері Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлының психологиялық және педагогикалық көзқарастарын зерттеуге арналған. Әсіресе, Абайдың психологиялық көзқарастарын көп жылдар бойына сарыла зерттеп, бірнеше еңбектер жазды. 1939 жылы Ленинградта тұңғыш рет «К. Ушинскийдің психологиялық мұрасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, қазақ психологиясының негізін салушы атағына ие болды.

«Кеңес одағы тұсында Қазақстандағы психологияның негізін қалаушы ғалым Төлеген Тәжібаев болды».

Абайдың саяси-әлеуметтік, пәлсапа көзқарасына жан жақты келіп, оның психологиялық ойлары мен пайымдауларына кең тоқталады. Төлеген Тәжібаевтың тұжырымдауынша, Абай тек асқан кемеңгер, ойшыл ақын емес, ол сонымен бірге қазақтан шыққан ірі философ, психологиялық білімдер жүйесін насихаттаумен айналысқан ғұлама.

– Байырғы қазақ тілінің сарқылмас бұлағынан сусындай отырып, Абай ұлттық психологиялық ұғымдарының негізін қалады ғой.

– Ол қазақтың жазба әдеби тілінің негізін қалаумен шектелмей, сонымен қатар ұлттық философиялық және психологиялық білімдер саласына қатысы бар ұғым, түсініктерді саралап бергенін бәріміз білеміз.

Осы кезде мен ұлттық психологияға көп еліктеп жүрген едім. Екінші адам Е. Суфиев, оның тақырыбы «Қазақ мектептеріндегі оқушылардың орыс тілін меңгеру психологиясы» еді. Сонда да қазақ психологиясын зерттеп жүрген Қазақстандағы екінші адам еді. Менің ұлттық психологияға құлшынысымды көріп, олар: «Сен қазіргі күнгі совет балаларының психологиясы» тақырыбымен айналыса берсеңші. Өзіміз жазамыз ғой, ұлтқа қатыстысын» деді. Кейін олар ол кезде өте ауыр тақырып екенін, оны ешкім де маған қорғатпайтынын ескеріп айтқанын түсіндім. Төлеген Тәжібаев елу төрт жасында ерте қайтыс болып кетті. Бірақ, менің қалағаным осы ұлттық психология болғандықтан да, алған бетімнен қайта алмадым. Мәскеудің жанындағы қалашықта тұрып, аспирантурада оқыдым. Үш жүз беттік кандидаттық диссертация жазып, жетекшім А. Петровскийдің алдына қойдым.

– Қай жылы қорғадыңыз?

– Оны 1967 жылдың 13 ақпан күні қорғап шықтым.

Төлеген Тәжібаев Ұлттық психологияның даму жолын Шоқаннан бері қарай қарастырды. Ал мен болсам, қазақтың ұлттық психологиясын зерттеуді сонау ерте заманнан, яғни фольклор, айтыс, жыраулардан қозғадым. Соларды ғылымға енгізгім келетінін айтып жетекшіме тағы келдім. Ол кісі: «Сен ұлттық психологиядан қорғай алмайсың. Өйткені әлі Ресей орыс психологиясының тарихы қорғалған жоқ. Сендерге, қазақтарға әлі қайда, ондай ұлттық мәселені көтеру. Сен одан да философия, не болмаса педагогикадан қорға» деген кеңес берді. Мен сол кеңеспен 1982 жылы 13- қазанда Киев қаласында «Қазақ педагогикасының Кеңес өкіметіне дейінгі тарихы» деген атпен диссертациямды қорғадым. Сырты педагогика болғанымен, іші ұлттық психология болды.

1994 жылы өзімізде ВАК ашылды. Оның басшысы болып Сейіт Қасқабасов келді. Сол кезде сонау елуінші жылдардан бері ұлттық психология мәселесін жазып жүргенімді, педагогика ғылымының докторы екенімді айтып, енді ұлттық психологиядан қорғауым керек дедім. Ол кезде диссертация жазбай-ақ тоқсан беттей баяндама жазып, сонымен қорғау тәртібі бар болатын. Мен баяндамамды орыс тілінде жазып, дайындап қойдым. Бірақ еш жерде қорғатпады. Бірақ, екінші рет, яғни, 2003 жылы докторлық атақты ұлттық психологиядан қорғап шықтым.

– Қазақтың ғылыми психологиясы Мәшһүр Жүсіптен басталады дедіңіз. Мәшһүр Жүсіптің шығармалары бағана сіз айтқан ғылыми психологияға дәйек бола ала ма?

– Иә, жақында Павлодарда Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы шықты. Құнды дүние, әрбір қазақтың оқуы керек кітаптар. Ғұлама ғалымның ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде педагогика, психология саласында, атап айтқанда, сезім мүшелері, ми мен жүрек, қиял, ойлау, бала мен үлкендердің қарым-қатынасы, әйелдерге білім беру, салт-дәстүрлерге қатысты ой-пікірлері жинақталған бұл томдықтар өте құнды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айналадағы дүниелерді танып-білу үшін көз бен құлақтың рөлінің аса маңыздылығына жан жақты тоқталып, бәрін нақты мысалдармен берген. Танымның бірнеше түрлеріне тоқталған. Мұның бәрі таза ғылыми зерттеулерге келетін құбылыстар.

Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіптің пікірінше, бейғамдық та әртүрлі. Бейғамдықтың бір түрі – айналада болып жатқан нәрселерге мүлде көңіл аудармай, одан тиісті сабақ алмай, қалай болса солай, бейғам отыру дейді. Өте дұрыс айтылған. Қазіргі кездегі ұлттық психологиямыздағы кереғар көрініс­тердің ең бастысы осы бейғамдықтан келіп отыр. Біз өте бейғамбыз. Ал, бейғамдықтың келесі түрі дейді ол, кісінің бір іске ұқыпты-құнтты болып, өзгелеріне селсоқ қарауы. Менің ойымша, қазір екінші бейғамдық біріншіден көп. Өйткені бәрінің сауаты бар, нан тауып жейді. Үй-күйлері бар. Ал жалпы ұлттық, халықтық мәселелерге келгенде бір жақты өз көзқарастарымен қалады. Бірақ бейғамдықтың бірінші түрінен ешқандай қайран жоқ, ал екінші түріне ақыл-ойын дамытып, дұрыс бағдар берсек, адамгершілікке тәрбиелеуге болады дейді. Міне, осының бәрі ұлттық психологиямыздың дәлелі емес пе?

– Осы ғұламалардың еңбектерін басып шығарып жатырмыз ғой. Бірақ оларды зерттеп, зерделеп, қазіргі ұрпақ қабылдайтындай етіп ұсынып жатқан ғалымдарымыз бар ма?

– Бірден кесіп айтайын, жоқ. Қазір ұлттық психология, жалпы ғылымның қай саласы болса да әйелдер, қыздар барып жүр. Бәрінің алған тақырыптары жеңіл желпі, шала-пұла, арзан бірдеңелер. Жоғарыда айтылған ғұламалардың еңбектеріне бойлап, оларды жарыққа шығаруды қолға алып жүрген ешкім жоқ. Ондай ауыр да күрделі тақырыптарды алмайды олар. Бұл жерде мен олардың терең білім алуына қарсымын деген пікір туындамауы керек.

Егер әлі ашылмаған тақырыптарды алып, оны ғылыми жұмысқа айналдырамын деген жастар маған келіп жатса, мен қуанар едім. Әй, қайдам бірақ, қазір еңбекке берілген жастарды көрмедім, олардың миын бүгінгі нарық заманы билеп алған. Қазір жағдайы бар жастарымыз да көбейді. Өкінішке қарай, олар енжар, жалқау, «Алма піс, аузыма түс» дегенді қалап тұратындар.

 жұмбақтар мен айтыстар –  ақыл-ой тәрбиесі, мақал-мәтелдеріміз – адамгершілік, имандылық тәрбиесі

– Қазақтың мінез-құлқын ашатын – фольклоры, халық ауыз әдебиеті емес пе? Ал бүгінгі жаһандану дәуірі деп отырған заманымызда осы фольклордан негіз алған ұлттық психологиямыз қандай өзгерістерге ұшырады деп ойлайсыз?

– «Фольклор – халық психологиясының айнасы» деген сөз ертеден айтылып жүр. Ол тұнып тұрған психология. Фольклорымыздың қазір «Бабалар сөзі» деген атаумен жүз томдығы шығып отыр. Осы тақырыпта бізде ешкім қорғамады. Ешкімді де әлі қорғата алмадым. Менен басқа мұны жазып жүрген адам да жоқ. Елу беттей ғылыми мақала жазып қойдым. Біздің ең басты байлығымыз – батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде және бесік жырында жатыр. Бұлар қазақтың бүкіл бітім-болмысын аша алатын дүниелер. Сонымен қатар, жыр-дастандар, өлең – әсемдік тәрбиесінің негізгі принциптері, жұмбақтар мен айтыстар – ақыл-ой тәрбиесі, мақал-мәтелдеріміз – адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарымызда жатыр.

«Фольклор – халық психологиясының айнасы» деген сөз ертеден айтылып жүр. Ол тұнып тұрған психология. Фольклорымыздың қазір «Бабалар сөзі» деген атаумен жүз томдығы шығып отыр. Осы тақырыпта бізде ешкім қорғамады».

О заманда бізде ешқандай балалар бақшасы, қазіргідей әртүрлі мамандықтарға жастайынан баулитын орталықтар болмаса да, баласына бесікте жатқан кезінен бастап өлең жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы ұлттық тәрбие­нің негізін қалаған. Осындай тәрбиенің арқасында қазақтың көшпенділік өмірі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш, жан дүниесі жан жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды.

Халқымыздың психологиясын аса биіктен көрсететін ұлттық ерекшеліктерінің бірі – суырып салма шешендік. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бейнелі, астарлы, тұспалдап айтатын шешендік сөзге жақын халық екендігіміз жайлы ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Қазақ шешендікке құмар, сөз өнерін, әсіресе, әзіл-оспақты жаны сүйеді» – деп кезінде айтқан еді. Халқымыз «Тіл – тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жылы жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» – деп сөз құдіретінің психологиялық астарын жақсы аңғарған. Шебер де, шешен сөйлей білу адамның асыл қасиеттерінің бірі. Мұны олар өзгелерге психологиялық жағынан әсер етудің ерекше құралы, тәсілі деп те санаған. Шешендік өнер дарыған кісі отанының салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білетін ұшқыр ойлы, «орақ ауыз, от тілді, күміс көмей» болып келеді. Ол халқының басынан өткізген қиын-қыстау кезеңдерін, арман-ниетін, талап-тілегін, мұң-мұқтажын «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтып, сөзге шешен екендерін көрсеткен. Халқымыздың осы тамаша қасиетін кезінде неміс саяхатшысы А. Брем: «Қазақтар сөз өнеріне жетік келеді. Бұл қасиет жұрттың бәріне де: оқыған білімділерге де, әліпті таяқ деп білмейтіндерге де, байға да, жарлыға да тән қасиет» десе, шығыстанушы П. Мелиоранский: «Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің шебері», – деген. Ал көне түркі жазбаларын зерттеген С. Малов қазақтың айрықша шешендік қасиетін әрмен қарай былайша жалғастырады: «Түркі халықтарының ішіндегі ең образды тіл – қазақ тілі», – деген.

Өкінішке қарай, ұлттық психологиямен тығыз байланыс­тағы, соның негізгі факторы болатын ұлттық мінезіміз бүгінгі күні күрт өзгерді. Өзгеріп қана қойған жоқ, қолайсыз өзгеріс­терге ұшырап отыр. Бірақ мұны жазуға да, айтуға да болмайтын болып тұр. Егер ұлттық психологиямыз туралы өтімді де, ащы шындықты айтқан, сонау заманғы мінезімізді көп өзгеріске ұшыратпай қайтарудың жолдарын ұсынып мақала жазсақ, жоғарыға хаттар ұсынсақ, ешқандай жауап жоқ. Мақалаларды әбден күзеп, редакциядағылар ащы шындықты сызып тастап шығарады.

– Сол ертедегі батырлық, эпос, салт-сана жырларындағы, ақындар айтысындағы қазақтың ойлауы, сөз саптауы, қиялы, жады, нанымы болашақта өзгеріске ұшырап, ұлттық мінезімізден алшақтап кеткеніміз бе?

– Бұрын халқымыз шетінен шешен болған. Қазақтың шешендігі туралы бүкіл шетелдің ғалымдарының айтқандарын мен көп жылдар жинадым. Сонда: «Қазақтың оқығыны да, оқымағаны да, баласынан, үлкенінен кішкентайына дейін сөзі ағып тұр. Шетінен шешен» деп жазыпты. Ал енді біздің осы мінезімізден айырылып қалғанымыз өтірік пе?

Орта ғасырда жыраулардың қай-қайсысы болмасын адамгершілік пен ерлікті тебірене жырлады ғой. Солардың бірі, халқымыз осы кезге дейін ұмытпай есте сақтап келе жатқан көне заман жырауы – Шалкиіз Тіленшіұлы. Жыраудың туындыларын қарасаңыз, әсері мол, тілі өткір. Мағынасы терең. Орта ғасырдағы қазақ халқының психологиялық ерекшеліктерін осы жыраудың шығармашылығынан байқау­ға болады. Халықтың кесек тұлғалы батырларын шебер суреттегені соншалық, жаугершілік заман тудырған қайсарлық пен айбындылықтың белгісін байқайсың. Ал адамгершілік турасында ол адам мінезінің әрқилы жағын, жаман мен жақсының бір-біріне қарама-қарсы психологиялық жағын ашып көрсетеді.

Ақтамберді жырау ел басына күн туған заманда батырлығымен көзге түсіп қана қоймай, ақын жыраулығымен бүгінгі ұрпаққа есімі жетті. Ел мүддесін ойлап, намысын жерге таптатпай, жан алысып, жан беріскен жыраудың шығармашылығындағы негізгі ой – жастарды ерлікке, батырлыққа баулып, дұшпанның алдында қасқайып тұрып, именбеуге, жігерлі болуға ұмтылдыру.

– Ер Махамбет «Ақырып теңдік сұрарға» дейтін өр мінез дейсіз ғой.

– Ұлы жүзге – Төле би, орта жүзге – Қазыбек би, кіші жүзге – Әйтеке би төрелік етіп, орақ тілді, от ауызды, қара қылды қақ жарған, сөзі інжу-маржандай асыл, ісі – әділ қасиетті бабаларымыздың айтқаны күні бүгінге дейін ауыздан түспей, атадан балаға жалғасып, қастерлей айтылып келеді.

Ақындық пен батырлықты қатар алып жүрген, халықтың жоғын жоқтап, ар-намысын қорғаған, тарихта шаруалар көтерілісінің басшыларының бірі ретінде қалған – Махамбет Өтемісұлы жайлы айтар болсақ, ата жауымен ақтық демі біткенше күресе білу, осы жолдағы ерлік, батылдық, төзімділік, Отанды, атамекенді қастерлеу, әскери-патриоттық тәрбие мәселелері ақын толғауының ең өзекті желісі болып табылады.

Көрдіңіз бе, ежелгі замандағы ақын жыраулардың, батырлардың қай-қайсысын алсақ та, ғұмыры мен жыры ұрпаққа өнеге. Осындай текті халықтың азаматтары ешқашан босаңсуға, енжар, ынжық болуға қақысы жоқ! Батырлық пен бауыр­малдылық, адамгершілік пен имандылық біздің халықтың бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған. Қазір де тектінің ұрпақтары арамызда бар. Оларды да арғымақ аттай баптап, текті тұқымымыздан айрылып қалмауымыз керек.

(Қ.Бегмановтың  «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдығы, 1-ші том,102 бет)

(Жалғасы бар)

Бөлісу: