ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ АНА ҚҰРСАҒЫНАН БАСТАЛАДЫ

4755
Совет-Хан Ғаббасов
Совет-Хан Ғаббасов

Жазушы-дәрігер, фантаст, драматург, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі – Академик Совет-Хан ҒАББАСОВ:

Қазақ халқында хандық дәуірден бері қарай ұлттық идеология болмады

 – Совет-Хан аға, сіз біраз жылдан бері «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» атты ұлттық тәрбиені жан-жақты ашатын жаңа бір ұсыныс жасап келесіз. Сұхбатымызды осынау жаңа ілім жайынан бастасақ.

– Қазір адамзат қауымы азып отыр. Адамзаттың азғындағаны соншалықты, бізден Жер анамыз жиіркене бастады. Жер сілкінулер, топан сулар, жанартаулар, табиғи апат атаулының бәрі біздің ісімізбен, ниетімізбен тікелей байланыста болып жатқан құбылыстар. Мұны экологиялық апаттар деп жүрміз. Эндоэкология – ішкі экология деген сөз, тіпті ғылыми қолданыста әзірше жоқ десе де болады.

Ата-бабаларымыз құрсақта жатқан бала тоғыз торқаның ішінде жатыр деген. Бірақ қазір сол балалар ішкі экологиялық апаттарға тап болып отыр, яғни ұрығынан уланып туылып жатыр. Ондай баланы тәрбиелеу өте қиын. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ дүние болып отыр. Ал, қазақ халқы осы ана құрсағындағы тәрбие мен тіршілік туралы ғажап білді. Біз өз халқымыздың қадыр-қасиетін түсінбей жүрген елміз. Әйтпесе, қазақтың салт-дәстүріндегі әлемге бренд етіп ұсынатын тұстары теңдессіз көп.

Жеті атаға дейін қыз алыспау – ғылымның ғылымы. Бұл Дарвиннен де, тіпті, Фарабиден де бұрын туған нәрсе. Жеті атаға дейін қыз алыспау деген қазақтан басқа ешбір халықта жоқ. Жер бетінде 2500 халық бар екен. Түркі тілдес туысқан халықпыз деген ұйғыр, өзбек, қырғызда да бұл дәстүр жоқ. Қырғыз ұзаса үш атаға дейін барады. Осы жеті атаның мәнін қазір біздер түсінбей жүрміз.

– Иә, аға, жеті ата ұғымы қайдан шыққан?

– Қазақ жылқы малын төрт түліктің ішінде қатты зерттеген халық. Жылқыдан ата-бабаларымыз дүлдүл, тұлпар, арғымақ, қазанат алды. Осыны алғаннан кейін барып, олар дәстүріне жеті атаға дейін қыз алыспауды кіргізді. Біздер ветеринарияны ғылым ретінде білсек те, қазір жылқыдан қазанат та ала алмай отырмыз. Дүлдүл – дегенді көргеніміз жоқ. Айғыр екеш айғыр да өзінен өскен ұрпақты үйіріне қоспайды ғой. Талап, теуіп, қуып жібереді. Тектілік деген сонда. Осыны әбден зерттеп білген бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспауды дәстүрге енгізген. Сондықтан да, бүгінгі ру-руға бөлінушілік дұрыс емес. Руыңды білудің мәні – тегіңді сақтау үшін керек. Міне, 27 жыл бойы Ұлттық идеология керек
деуімнің себебі осында жатыр.

Біз Абайды да түсінбеген қазақпыз ғой. «Мен бір жұмбақ адаммын, Оны да ойла», – деді Абай. Біз әлі осы жұмбақты да шешкен жоқпыз. Неге десеңіз, біз сондай бір еліктегіш халыққа айналып барамыз. Батыста біреу кіндігін ашып, бөксесін көрсетіп жүр екен деп біз де бәрін ашып тастаймыз. Мені Еуропа кешірсін, бірақ олар қазір мораль жағынан азғындап отырған халық. Біз олардан рухани, имандылық дүние ала алмаймыз. Технологияны алсақ алайық…

Осыдан төрт жыл бұрын антрополог ағамыз Оразақ Ысмағұлов қазақтың руларының қанын зерттепті. Қазақта қырық үш ру бар екен. Сол әрбір рудың адамынан алынған қанның хромосомалық, гендік құрамында қан бір адамдікіндей болған. Сонда бүкіл әлемнің ғалымдары «бұл мүмкін емес» деп таң қалыпты. Менің мұнда айтайын деп отырғаным, қазіргі қоғамымызда руға бөліну өте үлкен белең алып отыр. Бұл – рудың мәнін түсінбеушілік?! Ру – тегіңді сақтау үшін ғана керек. Оларға қарсы пікір болсын, осыны түсінсе екен деп айтып отырмын.

– Сонда біздің қазақтың үш жүзге бөлінуі дұрыс емес қой?

– Үш жүз дегеніміз не? Жүз деген қазақта болмаған. Әз-Тәуке өлгеннен кейін, Әбілқайыр мен екі ұлында үш хандық пайда болды. Бір халықтағы үш жүз. Үш хандық, жеке жеке мемлекет қой. Қазір, тіпті үш жүзді туысқандық белгіге айналдырған. Батыстар – кіші жүзбіз, өзара туысқанбыз дейді. Орта жүз өз алдына, ұлы жүз өз алдына бөлек-бөлек туысқан секілді. Бұл дұрыс емес. Мұның барлығын жою керек. Үш жүз деген бөлінушілікті жоймаса, басы біріккен ұлт болмайды.

Алшын, Байсын, Үйсіннің (үш жүз деп айтпай, осылай атайық) қаны менің де, сенің де бойыңда бар. Яғни, біз бәріміз туысқанбыз.

Ал, енді руды білу керек пе дегенге келсек. Оны білу керек, тек текті сақтау үшін руды білу керек. Қазіргідей руға бөліну, алауыздық үшін емес.

Кезінде атқа ер-тұрман, ауыздық жасап берген қазақ, дүние­ге білім мен мәдениетті таратқан ата-бабаларымыз. Енді біз, ұрпақтары неге сонша сорлы болып қалдық. Тек бөгде елдікіне еліктегеннен басқа ашар жаңалығымыз болмай қалды.

– Шынында да біз еліктеп-солықтаудан алдымызға жан салмаймыз. Неге сонша еліктегішпіз?

– Енді осы неге еліктейміз? Зерттеп келіп қарасам, мынандай бір қызық дүниеге тап болдым. Қазақ халқында хандық дәуірден бері қарай, 25 жылдық тәуелсіздікте де ұлттық идеология болмады. Хандық заманда біз Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп ханның бәрі өзін бөлек санаған да, ұлттық идеологияны жасамаған. Сол себепті не мәдени орта, тіпті бір медресе Қазақстанның аумағында болмаған. Себебі, қараңғы халықты ұстау, қараңғы халықты билеу өте жеңіл. Қазіргі ғалымдардан осының сырын сұрасам, «молдалар оқытты ғой» дейді. Молданың оқытқаны мен медресенің айырмашылығы жер мен көктей. Үлкен ғажайып медреселерде – кәсіптік, заң, тілмаш сияқты адамға керекті барлық мамандықтарды беріп отырған. Ал, жаңағы хандық дәуірде ешқандай медресе ашпау деген ұлттық идеологияның қажеті жоқ деп есептегеннен келіп шыққан. Ал Тәуелсіздік алған жылдарда да ұлттық идеологияның болмауынан мұғалімдер барлық қасіретті көзбен көріп жүр. Өйткені балада не зерде, не зейін жоқ, не тәртіп жоқ.

Енді не істеуіміз керек, біз кешегі қараңғы халық емеспіз ғой. Енді ешкімге сенбей, өз қолымызбен ұрпақ тәрбиесін жасауымыз керек. Өйткені, Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде! Кеңес үкіметі кезіндегідей қоғамда әділет, тәртіп болған жағдайда – үгіт, насихат, уағызбен ұрпақты тәрбиелеуге болады. Ал егер қоғамда – тәртіп пен әділет болмаса, адамда тәрбие де болмайды. Бізді осы уақытқа жеткізген – тек ата-баба дәстүрі!

– Сіз ұсынған ұлттық тәрбие іліміне оралайықшы. Жалпы, тәрбиенің өзін дұрыс түсіндіре алмай жатқан сияқ­тымыз.

– Тәрбие, ұлттық тәрбие – білім беру, жетілдіру, үйрету болып шартты түрде бөлінеді. Ал тәрбие беруді – түйсікті, яки саналы тәрбие беру деп қарастырып жүрміз.

Білім беру – жоғарыда айтқан салт-дәстүріміздің аясында дұрыс берілген тәрбиенің жалғасы ғана бола алады. Жақсы тәрбие алған баланың білімі де жақсы болады. Бала өскен
сайын күрделене түсетін білімнің санасына жетуі де тез болады.

Ал баланы жетілдіру – құрсақтан бастап беріліп келе жатқан тәрбие мен дүниеге келген соң берілетін білімнің арқасында қалыптасады. Осыдан келіп… бала тұлға болып қалыптасады.

Жаңағы тәрбиенің түрі – түйсік – ұрық тазалығы сақталып, құрсақта жанның жетілу кезеңінің үшінші айында бала тәрбие күтеді. Осы кезде, мен айтып жүрген жанның он екі арнасы біртіндеп ашыла бастайды.

– Жанның он екі арнасы дегеніміз не?

– Жанның он екі мүшесі (оны мен Арна деп атадым) – түйсік, сүю, ұят, мінез, табиғи қабілет, зерде (жады), жігер және ішкі бес сезім. Адамның кереметтігі сол, мәселе маңдайдағы көзде ғана емес, ішкі бес сезімнің бірі – жанның көкірек көзінде екені анықталды. Қазір «ішкі бес сезімсіз» туып жатқан балалар бар – бұл сұмдық.

2015 жылғы статистиканы қарасам, мен медицинаға келгенде аурудың түрі – 150-дей ғана болатын, Өтейбойдақтың заманында – 25-ақ түрі болған. Қазір 1700 түрі бар екен. Ең қиыны, дәрігерлікке мен келген уақытта баланың функционалды ауруы өз алдына, ал ағзадағы мүшенің (жүректің, бауыр­дың, бүйректің ) жұмыс жасамауы 0,2-0,1 пайыз ғана болатын. Ал қазір 46-47 пайыз. Мұны қанша емдесеңіз де, ота жасасаңыз да, түгел қалпына келтіре алмайсыз.

Бүкіл жер бетіндегі адамзат қазір азып барады. Себебі, тән тәрбиесінен басқа Жан мен Рух тәрбиесі жоқ. «Жан деген не?» деген сұраққа жауап бере алмайтындар көп. Жан дегеннің не екенін білмей тұрып жанның тәрбиесін жүргізу мүмкін емес. Бүкіл әлемде, қоғамда – Рух тәрбиесі жоқ. Адам баласының бүкіл тіршіліктен айырмасы – рухында. Бұл туралы Елбасымыз биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақты айтып өтті.

Жанды тазалау – мінәжат арқылы ғана келеді

 – Енді ата-ананы оқытуды қалай жүзеге асырамыз?

– Тәрбиенің төте жолы – ана құрсағында жатыр. «Алып анадан туады» – деп ата-бабамыз бекер айтқан жоқ. Ана құрсағындағы тәрбиені бүгінгі аналардың өздері де білмейді. Оған үйретіп отырған қоғам жоқ. Ол қайдан біледі?! Міне, ол үшін жоғарыда мен айтқан жанның он екі мүшесін (арнасын) оқытуымыз керек.

Ұлттық идеологияның қажеттілігі – осы кемістіктерді түзету үшін керек қой. Осы тәрбиені алғаш жариялап 1991 жылы «Ізгілік әліппесі» деген екі кітап жаздым. Одан бері үш монография мен екі оқулық жазылды. 2008 жылы жазылған «Педагогика мен Психология негіздері» атты монография 2011- жылы тұтастай патенттелді – №1408. Мұның бәрін маған Алла Тағала берді.

Ата-ананы оқытпаймыз. Тек қана әдеттенуге үйретеміз. Яғни, алдымен күнделікті денені жуып тазалауға әдеттенгеніміздей, жанды да тазалап алуымыз керек. Ол үшін мінәжат етуді үйренуіміз керек.

Бала құрсаққа түспей тұрып жанды тазалау – мінәжат арқылы ғана келеді. Мінәжат ету арқылы жанның мүшелерін (жоғарыда айтқанымдай) – түйсікті, ұятты, мінезді, сүюді, табиғи қабілетті, зердені, жігерді, ішкі бес сезімді күнделікті тазалауға үйренуіміз керек, немесе дағдылануымыз керек. Шынайы мінәжат еткен адам ешқашан әбес істерге бара алмайды. Олардың рухтары таза, сезімдері пәк, мақсаттары айқын болып келеді.

Бұрынғы ата-бабаларымыздың рухтары қандай биік болғанын әдеби шығармалардан оқып біліп отырмыз. Олардың бір сөзге тоқтап, ізгілікті істерді молынан жасағанының арқасында бүгінгі күнімізге жетіп отырмыз.

Жанды немесе жан-дүниемізді тазартудың ерте, кеші жоқ. Бұлай тазару еркекке де, әйелге де, кәрі мен жасқа да керек. Аяғы ауыр әйелдер мінәжат ету арқылы құрсағында өсіп келе жатқан жан иесінің жүрек тәрбиесін қалыптастырады.

– Аға, жалпы намаз оқу – мінәжат ету ме?

– Иә, намаз оқу – мінәжат етудің бір көрінісі. Мінәжатты ұйықтардың алдында және ұйықтап тұрғаннан кейін жасаған дұрыс. Өйткені осы кезде адамның ойы мен сезімі ашық болады екен. Бір тәулікте неше рет мінәжат ету адамның өзіне байланысты. Бірақ намаз оқығандағыдай белгілі бір уақытта мінәжат еткен дұрыс. Кейін бұған әбден үйреніп алған соң, мінәжат ету үшін көп уақыт кетпейтін болады. Осының барлығы да ғылыми дәлелденіп, менің «Педагогика мен Психология негіздері» атты монографиямда жүйелі түрде жазылған. Мен өзім – күнде мінәжат етіп, құдайдан еліміздің, жеріміздің амандығын тілеймін. Бұрын ата-бабаларымыз – бірінші елдің, жердің, жалпы адамзаттың амандығын тілеп барып, өз отбасындағы, жеке басына керекті айтқан.

Ал аяғы ауыр әйелдер көк аспанға немесе асқар тауға, айдыны шалқар дарияларға немесе Мешіт тәрізді киелі де, биік ғимараттарға, емен ағаштарына қарап мінәжат етсе өте жақсы болады. Мұның бәрі табиғаттың кереметтігін сезінуден келіп шыққан. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі аналар мінәжат етпейді. Ерінеді немесе әлі оларға бұл туралы ешкім айтқан жоқ. Айту, жеткізу мәселесі аз болып жатыр деу де қиын.

Аяғы ауыр әйелдің өте сезімтал, түйсіктері сергек болатыны неден екенін, әлі ешкім байыбына барып біліп жатқан жоқ. Ол неден? Өйткені, осы кезде – ана құрсағындағы жан иесінің түйсік тәрбиесінің қалыптасуына да – жауапты, тек ана болуы керек емес пе? Сол үшін де аяғы ауыр ананың екінші бір жаңа тынысы ашылады десек те болады. Осы кезде мінәжат етіп, жан тазалығы мен тән тазалығын ұстаған ана – құрсақтағы жанның тәрбиесін де қолға алғаны.

Осындай еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы кезде аяғы ауыр аналар өздерінің бойына бітетін құдіретті де қасиетті күшті сезініп, оны болашақ балаға да жеткізе алатындай болуы керек. Ол үшін табиғаттың әрбір дыбысын сезінуі керек. Табиғаттың табиғи әуенінен өткен терапия жоқ әлемде. Аяғы ауыр ана табиғатта серуендегенде күннің шуағынан, саф ауадан, салқын самалдан, мың сан табиғаттың дыбыстарынан – судың сыбдырынан, бұлақтың сылдырынан, құстың әуенді әнінен, өсімдіктердің өздеріне тән етіп шығаратын дыбыстарынан ләззат ала білуі керек. Ана осы табиғаттан алған ләззатын, ішкі сезімін өзі ғана сезініп қоймай, ішкі сезімі арқылы құрсақтағы жанға мінәжат арқылы бере білуі керек. Міне, бұл – таза құрсақтағы тәрбие болады.

Аяғы ауыр аналардың осындай сезімдерін пайдалана алмауы­на не себеп дейтін болсақ, алдымен оған еріншектік, зейінсіздік, ұқыпсыздық себеп болып отыр.

– Өзіңіз намаз оқисыз ба, аға?

– Мен намаз оқымағаныммен, күнде таңертең жеті түрлі дұға оқимын. Қаһари кулл мен Фатиха сүресінен бастап, Ықылас, Фәлақ, Нәс, Аятул-Күрсиді бір күн ада қалдырмай қайталаймын. Алла Тағала адамға шын жүрегімен тілегенін береді. Егер шынайы ниетпен оқысаң, барлық дұға-тілегің қабыл болады. Жеті жылдан аса уақыт болып қалды, қазір елімізге жер сілкінісінен сақтанатын дұға оқып жүрмін. Бұл діншілдік емес. Ата-бабамыз айтқандай «Ақ ниет пен жақсы сөз – жарым ырыс» дегені бекер емес.

– Неге бізде ұлттық сана қалыптаспай отыр? Әлі күнге дейін рулық санадан әріге аса алмай отырмыз.

– Ана құрсағында түйсік деген жанның бір арнасы толысып, түйсіктік ақыл қалыптасады. Қазір осы түйсік – ана құрсағында қалыптаспай отыр деп жоғарыда оның себептерін де айттық қой.

Халық педагогикасы деген дүниенің негіздері қазіргі педагогикада жоқ. Мысалы, Мауглиді неге балалар қызығып көреді? «Мауглиді» жазған адам биология мен физиологияның заңдылықтарын өте терең білген. Тарзанда да солай. Бір уыс шөпті иіскеп, ол айналадағының барлығын түйсік арқылы сезеді. Түйсікті қалыптастыруға бола ма? Әрине, болады.

Міне, жеті жасында дастан жазып жүрген бала Жамбыл, ана құрсағында түйсігі қалыптасып туған бала. Бұл баламен тілдессең таңқаласың.

Мен ұсынып отырған – «Адамзат тәрбиесінің жаңа ілімін» – Президент аппаратына да, Нұрекеңнің өзіне де жібердім. «Үкімет пен халық бірігіп, үндесіп жұмыс істесек, қазақ халқын адамзаттың гүліне айналдырамыз», – дедім. Мұны ешкім тыңдамады. Қазір осы технологиямен дүниеге келген екі мыңға тарта бала бар. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің директоры Көлбай мырза: – «Сіздің кітабыңызды оқып отырып, ата-анасы бала Жамбылды дүниеге әкеліпті», – деді.

–Жарығым, онда бір күні Жамбылдың әке-шешесін ша­қырт­шы, сөйлесейік, ойларын білейін, – дедім. Ертесіне бала Жамбылдың ата-анасы келді.

Анасы:

– Аға, мына сіздің кітабыңызды әкесі екеуміз дауыстап отырып оқығанбыз. Жамбыл сіздің балаңыз. Сіз кітабыңызда айтқан ана құрсағына дейінгі, одан кейінгі, бүкіл айтқаныңызды бұлжытпай орындадық, – деді.

Шахматтан әлем чемпионы болған Жансая Әбдімәлік те осы технологиямен дүниеге келген бала. Талантты балалар бар. Мысалы, былтырғы жылы ЭКСПО-ға байланысты төрт облыстан сегізінші-тоғызыншы сыныптың балалары ғылыми жұмыстарын беріпті. Соны арнайы жіберіп тексертсем, бәрі осы технологиямен дүниеге келген балалар. Құдайға шүкір!

  Ана құрсағындағы бала үш айдан кейін тәрбие күтеді

– «Еуропацентризм методологиясының негізі дұрыс емес» депсіз. Осыны тарқатыңқырап түсіндіріп берсеңіз.

– Еуропацентризм методологиясының – империялық озбыр саясаттың айлалы тәсілдерін жүйелейтін ілім екені тайға таңба басқандай айқын. Бұл методологияны барлық империя­лар жақсы көреді. Бірақ Қытай империясы Конфуций салып кеткен идеологиясына арқа сүйегендерінің арқасында, тіпті саясатын да, партиясын да өзгерткен жоқ. Қытай бүгінгі күні адамзаттың алдына шығайын деп отыр.

Кешегі Макаренкодан бастап, барлық ғалымдар бала дүниеге келгенде оның миы «аппақ қағаздай» таза болып келеді дейді. Бұл кешегі ғылымның ең үлкен өтірігі. Ана құрсағындағы бала үш айдан кейін тәрбие күтеді.

Еуропацентризм методологиясына сеніп қалған бүгінгі қауым – ана құрсағындағы тәрбиені білмей отыр. Осыдан келіп ұрығынан уланып туып жатқан балалар пайда болды.

Екінші қателігі – дүниеге енді келген баланы тұлға деп оқытты ғой бізді. Бұл мүлдем күлкілі нәрсе. Бұл адастырудың ғажайып, шытырман жолы. Қазақ халқының бәрі Абайды айтып мақтанамыз. Сол Абай тұлға болуы үшін не көрмеді? Біз осы жасымызға дейін әлі тұлға бола алмай жүрміз. Осыған дейін не көрмедік? Енді біз ұрпағымызды, келешегімізді, қоғамымызды жөндейтін болсақ, Еуропацентризм методологиясын терең түсініп, сезініп, оның жат, апатты негіздерін алмауымыз керек.

Бұл методология бізге: «Халқыңның мәдениеті жоқ, тарихы жоқ» деп оқытты. Сонда қалай? Пәлен ғасырлардан бері өмір сүріп келе жатқан халықтың тарихы жоқ па?! Көрдіңіз бе, бүкіл түркі өркениетін жоққа шығару арқылы Тұран елінің мәдениетін де, тарихын да, оның бүкіл әлемге танытқан ілім, білімін, барлығын жоққа шығарды. Мысалы, Мөде хан Наполеоннан, Македонскийдан мың есе артық қолбасшы. Римдегі құлдық қоғамды құлату үшін барған Атилла бабамыз туралы шындықты да жауып тастап отыр. Кешегі Шыңғысхан бірімен-бірі қырылысып жатқан қырық түрлі тайпалардың соғысын тоқтатып, бейбітшілік орнатқан. Мынау орыстардың бір-бірімен қырылып жатқан княздықтарының бәрін бір ортаға бағындырып берген де Шыңғысхан еді.

Алтыншы ғасырға дейін бүкіл Еуропа сақ тілінде сөйледі. Оны неге тарих айтпайды? Ал ХІІ ғасырда қыпшақ тілі, қазіргі ағылшын тілі сияқты ұлтаралық тіл болған. Кодекс Куманикус сол кезде жазылған.

Гитлердің идеологі Геблсс: «Кез келген халықтың тарихын жойыңыз, сонда ол халықтың келесі ұрпағы тобырға айналады. Екінші сатысында олар табынға айналады. Сосын ол халықты кім етіп ұстағыңыз келсе, солай игере бересіз» деген мағынада айтады. Біз қазір табынға жете қойған жоқпыз, бірақ тобырлық сыйпат бар. Көрдіңіз бе, идеология дұрыс жүргізілмеген кезде ұлттық сана мен азаматтық сана
болмайды.

Егер халық ұлт болып ұйығанда ғана ең жоғары дәрежеге жете алады екен. Біз ұлт болып ұйымаған халықпыз. Ұлт етіп ұйытатын тек мемлекет болуы керек. Халық болып қауым­дасқаннан кейін өзінің мемлекетін сайлайды, басшысын, президентін сайлайды. Ұлттық санаға ұйымай бізде азаматтық сана да болмайды. Көшеге шықсаңыз азаматтық сананың жоқ екенін бірден байқайсыз. Немересімен әжесі, анасымен баласы орысша сөйлесіп бара жатыр, екі қыз да орыс тілінде шүйіркелесіп тұр. Бұлар тек қана қазақтар. Мен әртүрлі халықтардың ортасына бардым, жоқ, олар бір-бірімен өз тілдерінде сөйлеседі. Тіпті, ешқандай мемлекеті жоқ, ұсақталып кеткен дүнгендер де бір-бірімен өз ана тілінде сөйлеседі. Бұл нені білдіреді? Бұл ұлттық карма! Яғни, қарғыс. Осы жерде бір мысал айтып кетейін. Бұл туралы Герместердің ілімінде жазылған.

Шайтан бұрын періште болған ғой. Ол Жаратушының өзіне қарсы шығуы арқылы қарғыс алды дейді. Сөйтіп барып Ібіліске айналады. Содан бүкіл әлемдегі жақсы мен жаман, зорлық пен қайрымдылық деген қарама-қайшылықтар пайда болды. Енді осы жамандықтың дәнін сеуіп жүрген Ібілістің бірінші көмекшісі космополиттер. Міне, егемендігімізді алғанымызға жиырма бес жыл болды. Енді біз шала қазақтар мен космополиттердің бодандығына түсіп отырмыз. Өз тіліңде сөйлемесең, ренжіп бара жатқан менің қарғысым, күліп бара жатқан дұшпаныңның күлкісі, бәрі күнә болып сіздің арқаңыз­ға жабысады екен. Алла Тағала бәрін үйіп-төгіп берген осыншама ұлан ғайыр жеріміз бола тұра, сорымыз қайнаған ел болып отырмыз. Біздегі қалталы азаматтардың бәрі космополиттердің өкілдері. Америка жүз жылда он миллиардер жасапты. Біз он бес жылда жиырма екі миллиардер жасаппыз. Бұлар бізді ұрлап жатқан ұрылар.

– Ол біздің мемлекетіміздің байлығының көрсеткіші шығар, бәлкім! Аға, енді бұдан шығар жол бар ма?

– Шығар жолымыз бар. Оны мен «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» деп айтып жүрмін ғой. Ол үшін мүлдем жаңа методологияға арқа сүйеуіміз керек. Жоғарыда айтқан кітабым екі сатыдан тұратын методологиядан – «Жүрек тәрбиесі» мен «Ақыл тәрбиесі» – «Жеті негіздерін» ұсынып отырмын. Бұл жаңалықтар бүгінгі біз оқып жүрген педагогика мен психологияда жоқ. Егер методологияны тауып, оның жүйесі мен негізін таппасаңыз бәрі бекершілік. Жүйе дегеніміз не? Бұл жаңағы методологияның екі сатысынан шығып тұр.

– Осы сатыларға жеке жеке тоқталып өтіңізші. Бұл бір қызық дүние болып отыр. Айналып келгенде адам өзін күнделікті жанды тазалау дағдысына үйретуі керек екенін түсіне бастадым.

– Бұл тәрбиені сонау отбасын құрар кезден бастауымыз керек. Оның бірінші сатысы – Ана құрсағындағы тәрбие мен нәресте кезеңінің қырқына дейінгі кезеңді – биологиялық индивид, яки тіршіліктің түрі деп беріп отырмын. Екінші сатысы – сананы жетілдіру деп аталынады.

Адамда үш жүйе бар. Олар – тән құрылысы, жан дүниесі, рух қуаты. Жан дегеніміз де тән құрылысы сияқты – 12 мүшеден немесе Арнадан тұратыны анықталды. Тәніңдегі жүрегің, бүйрегің, бауырың, басқа да бір мүшең кетсе, адам өледі. Сол сияқты жанның да он екі мүшесі, немесе арнасы ашылмаса – адам болмысында қабағат ауыр кемшіліктің болатынын тауып отырмын. Қазір осы жанның он екі арнасы бүкіл адамзатта жабылуға жақын. Жанның он екі арнасы тек қана ана құрсағында ашылатын құбылыс. Ана құрсағынан бала шыққаннан кейін оны аша алмайсыз. Жанның он екі арнасының ашылу жолдарын жоғарыда айттым.

 

Нәресте туғаннан кейінгі үш күн –

өте маңызды тәрбиені талап етеді

 

– Осы жерде қазақ «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» дейді. Бұл туралы не айтасыз?

– Бала тәрбиесі екі адамның бір-бірін ұнатып, отбасы құруға ниеттенген күнінен басталады. Осы кезден бастап ері тартып жүрген темекісін тастап, ішіп жүрген арағын қойып, тіпті өтірік айту мен ғайбат сөйлеуді доғару керек. Себебі ананың құрсағында жатқан дәнге осының бәрі барады.

«Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» дегеннің бәрі қазақтың айтқан сөздері емес. Бұл елімізге Еуропа тәрбиесі келгеннен кейін біреулердің шығарып жүрген дүниесі. Бұл сөз мүлде тәрбиеге келмейтін нәрсе. Баланы адам болсын десең, құрсағыңда жатқаннан бастап тәрбиелеу керек екенін жоғарыда айттым. Мен тәрбиенің жеті негізін ұсынамын:

  1. Отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы;
  2. Ана құрсағындағы тәрбие (Жанның он екі арнасын ашудың бүкіл технологиясы мен механизмі берілген);
  3. Нәресте кезеңі (Дүниеге келгеннен 1-1,5 жасқа келгенге дейін);
  4. Балбөбек кезеңі – 1,5 – 3 жасқа дейін;
  5. Сәбилік кезеңі – 4 тен – 7 жасқа дейін;
  6. Балиғат кезеңі – 7 ден – 13 жасқа дейін;
  7. Кәмілеттік кезеңі – 14 тен – 18 жасқа дейін.

Балбөбек (ясли) кезеңнің тәрбиесі. Қазіргі біздің балабақшадағы тәрбиенің бәріне үлкен өзгеріс жасау керек. Балбөбек кезінде балаға не керек? Сәбилік кезінде не керек? Соны біз бере алатындай болуымыз керек. Анау кеңес дәуірінен «қиын бала» деген тіркес бар. Бұл мүлдем адам физиологиясын түсінбейтін жандардың айтып жүрген сөзі.

Адамда үш жүйе бар. Жүрек-қан тамырлары жүйесі, жұлын жүйке жүйесі, гормональды жүйе. Бұл балиғаттық кезең – жеті жасында бүршік жарады, он үш жасында гүл ашады. Қыздарымыздың он үш жасында етек кірі келді деп жүргеніміз, гормональды жүйе қалыптасып бітті деген сөз. Бұл жүйемен ойнауға болмайды. Бұл жүйе де дұрыс тәрбие болмаса, жүрек пен жұлын жүйке жүйесін басқарып кетеді. Кәмілеттік кезең – 14-18 жас аралығы. Бұл екі жүйе, жеті кезең – әл-Фарабидің үш іліміне сыяды. Олар – Хауас, Иманигүл, Жәуанмәрттілік. Бұл ілімді менің кітабыма дейін ешкім қолданған жоқ.

«Иманигүл – үш сүю», деп Абай ғұлама таратады. Алланы сүй, Адамзатты сүй, Әділеттілікті сүй. Жәуанмәрттілікте үш белгі бар. Олар – ақыл, әділет, рақым. Бұдан адамның жетер жері рақым екенін түсінеміз. Сонда бала кәмелетке дейін соның бәрін сақтап алып қалады.

Бала – 1,5 жасқа дейін – Нәресте, 1,5–3 жасқа дейін – Балбөбек, 4–7 – Сәбилік кезең. Содан кейінгі кезең 7–13 жасқа дейін – Балиғат кезеңі. Баланың гормоналді жүйесі қалыптасады. Осы кезде жақсы тәрбие беріп үлгермесең, ертең кеш болады. Өйткені бұларда жүрек – қан-тамыр жүйесі жұлын жүйке жүйесімен туғаннан бірігіп жұмыс жасап тұр еді. Енді бұған гормондық жүйе қосылады. Осыларды үндестіру тәрбиеге байланысты. 13–18 жас – Кәмелеттік кезең. Бұл жастан асқан адамды тәрбиелеймін деген бос сөз. Ана құрсағынан тәрбие көрген адам, кәмілеттен ары қарай өзін-өзі тәрбиелейді.

– Құрсақтағы тәрбиеге біраз тоқталдыңыз, аға. Енді нәрестенің 1-1,5 жасқа келгенге дейінгі тәрбиесінің қандай болуы керек екенін айтыңызшы. Сіздің ұлттық тәрбиеге қатысты Іліміңіз жүрекке де жылы тиіп отыр. Мұның бәрін біле тұра істемегендей күй кешіп отырмын.

– Оның дұрыс. Әрбір қазақ сондай күйде болуы керек, деп ойлаймын. Өйткені бұл дәстүр сіз бен біздің ата-бабаларымыз­дың ұстанған ұлы ұстанымдары ғой. Менің ғылым тілімен халыққа ұсынып отырғаным да сол – ата-баба дәстүрінен шығып отыр емес пе?

Құрсаққа дән түсті, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін ол бала жарық дүниеге келеді. Нәресте туғаннан кейін үш күнгі тәрбиені бүгінгі аналар мүлдем білмейді. Бұл күндері анасының бойындағы қалыптасқан иммунобиологиялық антитела уыз арқылы сәбиінің бойына сіңеді. Осы арқылы нәресте көп аурулардан ада болады. Осыны түсінбейтін аналар тіпті, сәбилерін емізбейтін надандыққа да ұшырап жүр.

– Таратып, асықпай айтыңызшы, бес немесе жеті күнге дейінгі тәрбие деген не?

– Бұл жеті күнде немесе бес күнде баланың кіндігі түседі. Баланың кіндігі түсе салысымен баланы бесікке бөлеу керек. Біздің ата-бабамыздың тапқан бесігінің қадыр-қасиетін білмегендігімізден қазір қасірет шегіп отырмыз. Қысты күні баланы бесікке салмаса қырық жаялық жуылуы керек. Жазды күні ең кем дегенде жеті-сегіз жаялық жуылады. Бұл деген бала қырық рет оянады деген сөз. Сонда қайта-қайта ояна берген баланың психикасы не болады? Негізінен үш айға
дейін бала жиырма бір – жиырма екі сағат ұйықтауы керек.

Ал енді бүгінгі күні памперс кигізіп жүр. Оны салақ әйелдер бір тәулік бойы кигізіп қояды. Тазамыз дегендері 7-8 сағатта ауыстырған болып жатады. Осы памперстегі дәрет қайда кетіп жатыр? Ол баланың денесіне қайта тарайды, теріге кері сіңіп кетеді. Адам терісінің сорғыш қағаздан да бетер қасиеті бар. Памперс ол қаскүнемдік болып саналады. Қазіргі асылып өліп жатқан балаларға да осы памперстің әсері көп. Дәретті ұстау, оны тоқтату шартты рефлекс арқылы келеді ғой. Памперспен өскен балада осы шартты рефлекс болмайды.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов
тегін айтпаған. Бесіктің пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бесікті қолданбаудың салдарынан төрт-бес айдан кейін ана да, бала да невроз болады. Невроз ұйқы бұзылғаннан пайда болады. Түнімен төрт-бес рет оянғаннан ұйқы жүйесі бұзылады. Невроздан бүкіл ауру шығады. Аналардан сүт шықпай қалып жүргені содан.

Бала екі-үш ай болғанда заттардың түр-түсіне, дыбысына елеңдей бастайды. Анасының айтқандарына жымиып жауап та бере алатындай болып қалады. Міне, осы кезде баланың сезімдік тәрбиесін арттыруға жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін ұлттық музыкалық әуендер, күмбірлеген күй қойылып, бесік жыры айтылғаны жақсы. Сонымен қатар бала ұйқыдан оянғанда ана мінәжат ете отырып баланы емізгені жақсы болады. Мұндай мінәжатпен берілген омырау сүті баланың
бойына имандылық нұрын құяды.

Бала үш айдан аса бастағанда оның көру, есту, сезу, көңілдену сияқты нәзік қасиеттері жетіле бастайды. Осы кезде нәрестеге көбірек түрлі-түсті заттар көрсету арқылы көруін, неше түрлі әуендерді тыңдату арқылы есту, сезу қабілетін арттыра алады екенбіз.

Алты айға дейінгі аралықта нәрестенің айналасындағы заттарға, тіршілік иелеріне деген танымы айқындала түседі. Ол өз әкесімен көбірек болғанды, анасының өзімен көбірек сөйлескенін қалап тұрады. Бұрынғы әуенге, дыбысқа, түстерге қоса енді күрделірек өлең оқуға да болады. Оны нәресте сезіне алатындай дәрежеге жетеді. Егер нәрестенің ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы өмірі ойдағыдай жақсы болған болса, осы кезден бастап баланың алғырлығы, ерекшелігі байқала бастау керек. Оған ата-ана аса қамқорлықпен қарап, әрбір ерекшеліктерін ескеріп отырулары керек.

Алты ай мен бір жастың аралығында нәресте табиғаттың адамзатқа берген ең үлкен сыйы сөйлеуді өз ынта жігерімен, талпынысымен үйрене бастайды. Бұл кезде нәресте тәй-тәй басып жүреді. Үйдегі жиһаздардың орынын, бөлмелерді, бәрін, бәрін ажырата алады. Оларды өзінің ойындарына пайдалана да алатындай болады. Өйткені бұл кезде нәрестенің санасы сағат санап өседі. Ол әрбір көргенінен, сезгенінен өзіне түйін түйіп отырады.

Бір жарым жасар нәрестенің бойында, дене бітімінде, ой-өрісінде көп өзгерістер болатын кез. Тәй-тәй басқан аяқтары арқылы денесін тіктеп ұстауға, тәлтіректемеуге тырысады. Бірақ бұл кезде нәресте қанша талпынғанмен тік жүруі, денесін ауытқусыз бір дәрежеде ұстап тұруы оңайлықпен жүзеге аспайды. Тамақты өзі жеуге, киімдерін өзі киюге, жаңа ұғынған сөздерін жаттап алуға көп талпыныстар жасайтын кезең. Бұл кезде нәрестенің бойында имандылық пен аяушылық сезімдері де қалыптасады. Міне, осы кезде оның әрекеттерін құптап, одан әрі жетілдіруге жұмыс істеу керек. Жақсы мен жаманды енді ажыратып келе жатқан нәрестеге оның мағыналарын одан әрі түсіндіру де осы кезде жүргізілгені жақсы.

– Мұның бәрі нәрестесі бар ананың күнделікті атқарып жатқан-ақ дүниесі ме деп қалады екенсің. Бірақ оған сіздің іліміңіздегідей мән беріп қарап жатқан аналар аз-ау. Енді өзіңіз айтқан балбөбек тәрбиесін қалай атқарса болады? Жалпы баланың мектеп табалдырығын аттағанша қандай тәрбие алғаны дұрыс? Ең маңызды кезең де осы болар?

– Дұрыс айтасың, тап осы кезде нәрестені ата-баба зердесімен сабақтастырып тәрбиелеудің өзіндік жетістіктері көп, әрі маңызды.

«Бала тілі – балдан тәтті» деген мәтеліміз бар. Бұл нәрес­тенің екі жастағы кезеңінде орын алады. Жоғарыдағы кезеңдерде нәресте жәй әуенді тыңдаған болса, енді сол әуенге қосыла өз денесін қимылдатуды, яғни билеуді, ырғаққа ілесіп билеуді үйренеді. Тура осы кезде оны ұлттық ойындарға баулуды да ұмытпауымыз керек. Тәрбиелік мәні бар қысқалау термелерді тыңдатып, қысқа-қысқа ертегілерді де айтып беріп, нәрестенің ойлау қабілетін арттыруға жұмыс істеуіміз керек.

Үш жас пен алты жастың аралығында жанның он екі арнасы ана құрсағында ашылған баланың – он екі түрлі тән мүшелері де толық жетіледі. Аяғынан нық тұрады. Ақыл-естері әбден жетілген, ана құрсағындағы жанның мүшелері толық ашылған баланың осы кезде сөздік қорында мыңның үстіндегі сөз болады. Ал зейіндері толық ашылмаған, енжар балалардың сөздік қоры екі жүз бен үш жүздің аралығында ғана болып қалады.

Сөздік қорын көбейту үшін ертегілер оқып, өлеңдер жаттатып, санамақтар үйретіп отыру керек. Баланың сөздік қоры көбейген сайын үлкен сөйлемдер құрастырып, өзі де еліктеп ертегілер айтуға талпынатын болады. Бұл баланың өз ойын еркін жеткізуіне жақсы ықпал етеді. Баланы еңбекке, сұлулыққа баулу да тәрбиенің үлкен мән берерлік тұсы.

Осы кезде бала өрнектер салуға, өзінше ойдан жаңаша формаларды қалыптастыруға, оларды түрлі түстерге бояуға дағдыланады. Қарым-қатынастың не екенін ұғынатын кездері де осы жас аралығы. Сол үшін тәрбие бергенде балалардың жас ерекшеліктеріне қарап, қандай мәселеге көңіл бөлу керектігін нақты біліп отырған өте дұрыс.

– Бұл аралықта бала көбіне тәрбиені балабақшадан алмай ма? Негізі баланы балабақшаға неше жастан бастап берген дұрыс деп ойлайсыз?

– Баланы үш жасынан бастап балабақшаға берген дұрыс дер едік. Өйткені осы кезде бала киімін киіп, тыңдауды, сөйлеуді біледі, әрекеттерін саналы жасай алады. Бірақ осы кезде балабақша тәрбиешісі де, ата-аналар да өзара қарым-қатынас­та болғандары жақсы.

– Мектептегі бала тәрбиесі қандай болуы керек? Бүгінгі күні мектеп жасындағы балалардың жасаған қылмыстарының көптігін статистикалық орындардан естіп қалып жатамыз. Сізбен сұхбаттасқалы бұл сұрақтардың бәрінің шешімі жан тәрбиесі екенін ұқтым. Бірақ, Құрсақ тәрбиесін білмей туылған, жан тәрбиелері жетілмеген жасөспірімдерді ендігі кезекте қалай тәрбиелеуге болады?

– Өте орынды сұрақ. Бастауыш мектеп жасы – жеті жастан басталып 12-13 жасқа дейін балиғат кезеңі болса, одан кейінгі мектеп бітіруге дейінгі кезеңі кәмілеттік жас болып есептелінеді.

Бала мектепке білімнің әліппесін үйрену үшін барады. Мектептің де міндеті осы. Сонымен қатар мектеп балаға өмірде өз орнын табуға көмектесетін, өмірге бағыт-бағдар беретін алғашқы мекеме.

Қазіргі оқу орындарындағы әрбір пәнді балалар қызығушылықпен қабылдай береді деген қисынға келмейтін пікір. Баланың бір немесе бірнеше пәнге өз қызығушылығы болуы мүмкін. Осы орайда болашақта балаға қызығушылығына қарай жекелеген пәндерді артығырақ оқыту сияқты мәселелерді қайта қараған жақсы болар еді дер едім.

Екінші, баланың мінез-құлқы туралы. Егер бала білімді болып, бірақ айналасындағылармен қарым-қатынас жасай алмаса, көпшіл де, кеңпейіл болмаса алған білімінен қайран болмауы мүмкін. Оқушының көпшіл де, кеңпейіл болып қалыптасуы үшін оған сонау сәби кезінен бастап «Адамның күні адаммен» деген ата-баба қағидасын сіңіре беруіміз керек.

– Қазір тілін құрметтемейтін, ұлттық салт-дәстүрін қадірлемейтіндер көп. Тастанды жетім балалар, қарттар үйіндегі ата-әжелер, нашақорлыққа салынған жастар көбейіп кетті. Соңғы екі-үш жылда әжетхана мен қоқысқа тасталған шақалақтар саны артты. Балаларды тәртіпке шақыратын жалғыз жол бар екенін көріп отырмыз. Ол – ұлттық тәрбие. Оған жеткізетін қандай жол бар?

– Тіл болмаған жерде ұлт та, халық та болмайды. Сондықтан тіл мәселесіне келсек, Алла айтқан «Сақтансаң сақтаймын» деген. Тілді сақтаудың ең керемет жолы – адамның тәрбиесі.

«Ата-бабаңның қадір-қасиетін ұқ» деген мақаламда тілдің жүз түрлі сипатын, он түрлі қасиетін айттым. Ғылым тілінде «филогенический память» десе, Қазақ та –»ата-баба зердесі» дейді. Міне, соған апарып байланыстыратын тек қана ана тілі. Қазіргі қабылданып жатқан «үш тұғырлы тіл» туралы мен Президент аппаратына, «Бұл ұрпақты аздырудың ең төте жолы. Тілмен ойнауға болмайды» деп жаздым. Он бір жасқа келгенше немістер, жапондар баласына басқа тілді үйретпейді. Себебі олар биология мен физиологияның заңдылықтарын терең білетін халық.

Үш тұғырлы тіл – биология мен физиология заңдылықтарын білмейтіндердің ұсынысы. Баланың ойлау логикасы 9-12 жас аралығында қалыптасады. Осыған дейін балаға басқа тілді оқытамын деу, барып тұрған есалаңның ісі. Адам баласы да тіршілік иесі болғандықтан, тікелей биология заңдылығына бағынамыз. Әл-Фараби: «Тәрбие бермей тұрып білім берсең, ол жүрген ортасына апат әкеледі» деген ғой. Міне, бүгінгі ойсыз дүниелерді істеп отырған адамдар сол тәрбиесіз білімділер. «Қоғамда тәртіп пен әділет болмаса, адамдардың да тәртібі мен тәлімі жойыла береді» дейді. Міне, қазір бізде сол.

Ұлттық тәрбие орталықтарын ашып жатыр ғой. Бұлардың жұмыстары сіздің айтып жүрген методология­лы іліміңізге сай келмейтін шығар? Оларға неге осы ілімді ұсынбасқа?

– Қайбір жылы Абай педагогикалық университеті ұлттық тәрбие кафедрасын ашқалы жатырмыз деп мені шақырды. Алдын ала бірнеше талқылау мен пікір алысулар болды. Сонда мен: «Ұлттық тәрбие кафедрасы» деп отырғандарының онша сәйкес келмейтінін ашық айтқан едім. Ұлттық кафедра болуы үшін онда Ұлттық тәрбие оқулығы болуы керек. Оның өзіне тән методологиясы, жүйесі, негіздері болуы шарт. Ол болмаған кезде мынадай таңдап алған тақырып бойынша дәріс оқу, ұлттық тәрбиенің сипатына келмейтіні ашық айтылған еді. Жүйесі мен негіздері болмаған соң бесікке салу, тұсау кесу, ұлттық ойындар деп тақырып қуалау мақсат болмаса керек. Содан келіп мұның бәрі бос сөз болып қала да береді», – дедім.

Ана тілін жақсы білмеген бала ата-баба зердесін зерделей алмайды. Қанша жерден ағылшынша, орысша, французша сайрап тұрғанмен, өз тіліңді білмесең, ата-баба зердесіне үңіле алмайсың. Өйткені ол халықтан сенің тегің басқа. Жалпы халықты кінәлай алмаймыз. «Білмеген адам у ішеді» дейді. Халық біз айтып отырған жүз түрлі сипат, он түрлі қасиеттің бірін де білмейді. Осыны айтып, жеткізу керек. Бұрынғыдай уағыз, үгіт-насихатпен адамды тәрбиелей алмайсың. «Жан құмарлығы» деген мәселе бекер көтеріліп отырған жоқ. Осы технологиямен дүниеге келген балалар темекі тарту дегенді ұят, арақ ішуді намыс санайды. Бұларда өтірік айту деген жоқ. Байлыққа қызықпайды. Барлық дүниеге жан құмарлығымен қарайды.

Қазақты – жалқау дейміз, тілімізді сақтай алмай отырмыз дейміз, баланы мектепке алып барғанда «жетпіс түрлі түйінмен» алып барамыз. Бірақ мектеп оның жеті түйінін де шеше алмайды. Енді не істейміз? Бұл жерде, тәрбиені ата-анадан бастауымыз керек. Ата-ананы оқытсаң, құрсағындағы тәрбиені де білетін болады. Онда олар жоғарыда айтып кеткен жанның арналарын да тіпті, зейін мен зердені де білетін болады.

Алтыншы расаның «ақырғы формуласын» айтқан адам – Абай

 

– «Алтыншы раса – Жан құмарлығы» депсіз бір мақалаңызда. Біз қазір қай расадамыз? Осылардың мән-мағынасын түсіндіріп беріңізші?

– Адам баласы бесінші расадан алтыншыға өтейін деп отыр. Осы қазіргі бесінші расамыз, ең әлсізі екені белгілі. Егер жер бетінде келер замандарға шейін қала алатын болсақ, тіпті жер бетінен басқа планетаға да ауысуымыз мүмкін, оның барлығы адамның ниетіне, пейілі мен тәрбиесіне байланысты. Адам бойындағы ең үлкен қателігі пендешілік болса – ол «тән құмарлығының» салдарынан болып отыр. Бұлардың барлығы да байлыққа, жалқаулыққа, дүниеқоңыздықтың басқасына да құмар болып келеді. «Жан құмарлығы» – жоқ.

Ата-бабаларымыз ана құрсағындағы тәрбиені жақсы білгенін жаңа айттым. Мұның дәлелі өте көп. Абылайдан, Қабанбайдан бастап қарасаң, барлығы да жүрек тәрбиесімен ана құрсағында оянған. Абайдың өзі үш сыныптық білімі бола тұра қандай дәрежеге жеткен. Оны мен не Пушкинмен, не Гетемен салыстыра алмаймын. Абай өте биік. Мұндағы биіктік, мұнда тіршіліктің қандай ережесін алсаң да, барлығын Абай білген. Демек оның жүрек тәрбиесі оянып туған. Мұның мысалы ап-айқын. Құнанбайдың төрт әйелі болды. Үшеуінен де бала-шағасы бар. Бірақ оларды біз жақсы білмейміз. Тек Ұлжанның балаларын білеміз. Неге? Оспан да, Тәкежан да ойыңда жақсы қалады. Ал Абай бәрінен бөлек болды.

Алтыншы раса бұл менің ілімінің осы заманғы бүкіл механизмі. Мұның теорияларын әл-Фараби де айтқан. Баласағұни де әл-Фарабидің еңбегінен сусындап өскен. Жақсы көрген. «Құтты білікті» де сол үшін жазған.

Әйтсе де, алтыншы расаның «ақырғы формуласын» айтқан адам – Абай. «Толық адам – нұрлы ақыл» деген. Бірақ теория­сын айтқан Фараби де, ақырғы формуланы айтқан Абай да оның механизмін білмеген. Себебі, ол уақытта генетика мен молекулаларлы биология болмаған. Біз ұсынған «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» осы формуланың толық механизмі. «Толық адам – нұрлы ақылдың» ең көрнекті мысалы – Абайдың өзі. Жан тәрбиесі оянып туған адам.

2012 жылы адамзат қанша дүрліксе де, бұл ақырзаман емес, тек дәуір ауысқанның белгісі болды. Қазір сол дәуірдің 2025 жылға дейін өтпелі кезеңі. Бұл өтпелі кезеңде оқыс уақиғалардың барлығы да болады. Бір жерлерді су басып жатса, бір жерлерде дауыл немесе алапат өрт болып жатады.

Галактикада 7000-ға жуық жер секілді тіршілік белгілері бар. Басқа планеталықтар (НЛО) келіп жатыр. Бұл – айқын нәрсе. Ол әр түрлі адамдарды алып кетіп жатыр. Ал, олардың қазаққа жоламай отырғаны, қазақтың тәртібі өте ауыр. Байланысқа түспей отырғаны сол. Ақ НЛО жақсылық жасаса, қара НЛО жамандыққа ұшыратады. Жер бетіне қазір екеуі де ағылып жатыр.

Алтыншы расаның иелері қазақта кешегі Майқы би, Асан қайғы, Қорқыт, кешегі Абай, Алаштың азаматтары Әлихан, Мағжан, т.б. Мұның барлығы алтыншы расаның әсері бар адамдар. Шын мәнінде алтыншы раса қазір қаурыт басталып жатыр. Қазіргі кезде «алпыс миллиондай алтыншы расаның адамы бар», дегенді айтады. Жер бетінде үлкен өзгерістер болатынын ескертіп отыр. Қазіргі адамдарға ең керегі – ниетін дұрыстау. Ниеті түзелмеген адам бәрібір кетеді.

Әйелдері бұзылған халық – бақытсыз халық

– Құйма құлақ, естігенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір бұрынғы балалар, яғни біздің ата-бабаларымыз небір қызықты ертегілерді, жыр дастандарды жаттап, қағазға түскенге дейін бәрін ауызша жеткізді. Осы жадымыз неге өзгеріп кетті?

– Алланың бар екенін ғылым дәлелдеп, мойындады ғой. Жалпы бүкіл тіршілікте жүйе бар. Жүйе бар жерде – Ие бар. Өсіп тұрған өсімдік те – тамыр, діңгек, бұтақ, жапырақ бар. Адам – тән құрылысы, жан дүниесі, рух қуатымен бірігіп жүйе жасайды. Осы жүйелер болмаса сен адам бола алмайсың. Анау бәйтерек – өсімдік бола алмайды. Олардан Адамның ерекшелігі – Рухы. Тіршіліктің тірегі кім? Ол – Ана! «Ананың табанының астында жұмақтың кілті жатыр» деп бекер айтпаған. Қазір оны біздің адамзат түсінбейді. Әйелдері бұзылған халық – бұл бақытсыз және болашағы бұлыңғыр халық. Қазір бізде осы сипат бар. Жастарымызды тәрбиелейтін қоғам әлсіз. Жаңа жанның он екі арнасында сананы түйсікке апарып тіредік. Сенің сұрап отырғаның зерде. Зерде ашылмаса қайтіп құйма құлақ болады? Сен аңсаған дүниенің тіршілікте жоқтығы жанның он екі арнасының ашылмағанынан.

Құрсақта жатқан жан иесі өз ата-анасының дауыс ырғақтарын тыңдайды. «Өнер алды – қызыл тіл» деп халық бекер айт­паса керек. Сондықтан аяғы ауыр ана өлеңді, жырды, термені, лирикалық драмаларды жиі ұйып тыңдаса, құрсақтағы жанның да зейіні ашылатын болады. Яғни, бала ананың құрсағында жатқан тоғыз айында алған рухани тәрбиесі мен тәлімі, тәні мен жан тазалығы нәрестенің болашақ тағдырына тікелей байланысты болып отыр.

– Біз осы тәрбие мәселесінде кеш қалып қалған жоқпыз ба?

– Ештеңе де кеш болмайды, бауырым. Халық арасында бұл дүниені түсінген сендердей адамдар көбейетін болса, ұлттық идеологияны құратын болсақ, бәрі жақсы болады. Бірақ қандайда бір өзгерісті халық арасына дендете енгізіп жіберу үшін мемлекеттің күші мен қаражаты ауадай қажет. Онсыз бүгінгі күні ешнәрсені толыққанды шеше алмайтынымыз рас.

Менің «Халық педагогикасы негізі» – атты кітабымды орыстар сұрады. 2009- жылы Токиода болдым. Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ақылбек деген жігіт екен. – «Аға, қандай мақсатпен келдіңіз?» – деп сұрады.

– Қазақ қайда барса да, туысқан халық іздеп барады. Біз туысқан халықты іздеп келдік. Мынау «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» атты кітабым. Бұл адамзат баласында жоқ. Жанның он екі мүшесі дегенді ешкім білмейді. Мен императормен кездесейін деп отырмын. Мені кездестір. Мына кітапты сол үшін алып келдім, – дедім. Ақылбек жапон тілін ең жақсы білетін елші екен. Жапон университеттерінде сабақ береді.

– Аға, дұрыс келіпсіз, негізі император шенеуніктермен кездескеннен гөрі, ғалымдармен кездескенді өте жақсы көреді. Бірақ қазір сырқаттанып жатыр. Қазір барып кездесейік деу ыңғайсыз,– деді Ақылбек.

Менің сол кітабым жайлы білгеннен кейін елшіліктегі азаматтар жиналып, сұрақтарын жаудырды. Сонау түстің алдында басталған отырысымыз кешкі алтыға дейін созылды. «Мына кітабыңызды бізге тастап кетіңіз» – деп те жатыр. Төртінші күні елшіліктен естіген жапондар елдің ең үздік арналарының біріне шақыртып, қырық минуттай маған аудармашымен дәріс оқытты. Бұл түсінігі мол қандай халық!

Былтыр, 2016 жылдың ақпан айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұстаздармен, студенттермен кездесу өткіздім. Сағат үште басталған кездесуіміз кешкі алты жарымда бір-ақ аяқталды. Кездесуге келген ұстаздар мен студенттер ректоратқа хат жазып, «Бізге осындай жаңа ілім керек» депті. Осы хаттан кейін мені ҚазҰУ-де магистранттарға, доктаранттарға сабақ беруге шақырды.

Мен қазір жасы отыздан асқан адамға қызықпаймын. Оған айттың не, айтпадың не, бәрібір. Қазір үй болып, әлі отбасын құрмаған жастарды тәрбиелеу керек. Мағжан аталарың «Мен жастарға сенемін» деп неге айтып кетті? Мен осы кездесуде студенттерге: «Ясин» сүресін оқып тұрып келдім.
«Мен ақ батамды беріп тұрмын, осыны орындайсыңдар ма?» деп ем, бәрі бір ауыздан орындайтындарын айтты. Қазақ айт­қан: «Алтыншы бала – алып, жетінші бала – дана» деген. Бұл ол кездегі тәрбие бойынша. Қазір мына технология бойынша бірінші бала дана болады. 1992 жылы менің осы технологиям бойынша алғашқы үш балам дүниеге келді. Дәрігер болғаннан кейін ол кезде басынан аяғына дейін қасында болдым. Мен айтқан үш бала 14 жасында он бір жылдықты «Алтын белгімен» бітірді. Мәскеуге де өз күштерімен оқуға түсті. Сондықтан да үйленбей тұрған жастарға біз түсіндіруіміз керек. Тәрбиелеуіміз керек соларды…

Саясат деген бір бөлек, идеология өзі                  жеке дара – ІЛІМ

 – Біздің бала кезімізде қыздардың шаш кесуі деген әбес­тік болатын. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір заман өзгерді. Қыздар шаш кеспек түгілі, тықырлатып алдырып тастайтын болды. «Тегін дүние береміз» десе, шешініп тас­тайтын жағдайға жетті.

– Әр уақытта әйелдің түйсігі ер адамның түйсігінен тереңірек. Ол түйсікті беріп тұрған – шаш. Мұның бәрі антена. Түйсікті ары қарай жетілдіріп тұратын да – шаш. Шашты қию деген – түйсіктен айырылу. Шаштың әр талынан әлемдегі ақпараттар ағыны келіп тұр. Сенің шаңырағыңдағы береке де, бәрі әйелге байланысты. Қазақтың тағдыры жеңіл болған жоқ. «Балық басынан шіриді» – дейді. Ұлттық идеологияның жоқтығынан қоғам азып отыр. Барлығын адамға да жаба беруге болмайды.

«Адам» – деп тек қана қазақ айтады. Адам деп айтқан Алла. Сонда қазақтың жаратылысы Адам-Атадан басталады. Осы дүниенің барлығы біздің буынға жұмбақ. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейміз. Оны саралап қарау керек. Қалай болса солай шешуге болмайды. Шаш та уақытына, қоғамына, ортасына, жеріне қарай бейімделеді. Шашты күтудің ең пайдалы тәсілін тауып беру керек. Шашты күткеннен кейін сенің жүзіңді нұрландырып көмекші болып тұру керек. Қазір елдің бәрі идеологияны саясат деп түсінеді. Бұл дұрыс емес. Саясаттың астарына әдейі идеологияны тығып жіберген. Сая­сат – деген бір бөлек, идеология өзі жеке дара – Ілім.

Саясат – Ел басқару ілімі! Оның ішкі және сыртқы басқару сыйпаттары бар. Ал идеология – қоғам тәрбиесі мен Адам тәрбиесін қалыптастыратын ілім. Бұл екеуін – бір-бірімен қабаттастырып қойғандықтан – бүгінде адамда да, қоғамда да тәрбие жоқ. Болғанымен өте шалағай. Әрқайсысының өзінің әдістемесі, жүйесі, орны, тәртібі бар. Екеуі екі бөлек ғылым. Сондықтан барлығын ақылмен сұрыпта. Он екі мүшеңде бір нәрсе артық болмайды. Бәрінің өз функциясы бар. Сол қызметін түсіне білу керек.

Әйелдің шашын өсіруі, оны күтуі ғажайып түйсіктің керектігінде. Себебі отбасына ұйытқы болып, берекесі мен бірлігін сақтап отыратын – осы нәзік жандылар.

 – Сіздің сәбимен ана тілінде сөйлесудің маңыздылығын дәлелдегеніңізді білеміз. Бірақ бұл күнде шетел ғалымдары да осыны жаңа тапқандай айтып, әлемге жар салып жатыр. Сіз бұл жаңалықтарды ата-баба дәстүрінен ала отырып, дәлелдеп бергеніңізге де көп болыпты.

Қазір кейбіреулер иранның, арабтың сөзі деп жатады. Бұл дұрыс емес. Иранға да, арабқа да ең алғаш әсер еткен Тұран мемлекетінің мәдениеті. Сөздерінің көпшілігі бізден алынған. Арабтар 9-ғасырда келді. Ол қалай қазақтың тілін жасап береді? Парсылар да. Тұран империясы әлемді атпен ғана жайлаған заман. Ол кезде ұшақ та, зымыран да жоқ. Жылқы малы тек көшпелі халықта болған. Былтыр мен Италияда болдым. Жеті қаласын аралап көрдім. Кентаврдың суретін көрдім. Сонда олар бізді кезінде адам мен ат бірігіп кеткен, бір тіршілік деп қабылдаған. Олар – адам ердің үстінде бөлек отыр демеген, бірігіп кеткен деп түсінген. Жылқы малын білмеген.

– Қазақ баласын «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген ғой. Осы жайында не айтасыз?

– Дұрыс айтасың. Осы үш-ақ ауыз сөздің астарында қаншама тәрбие жатыр. Дәстүр-салтымен тәрбиеленген бала осы үш сөзді ұғады. Қазіргі заманғы тәрбиедегі бала бұл сөздің мағынасын түсінбейді. Жүрегіне де қонбайды.

Әйел қауымы азса, бітті. Халық болуың – бітеді деген сөз. Қыз баланың тәрбиесі өте қауіпті жағдайда тұр қазір. Жас қыздардың сексен пайызы темекі тартады екен. Одан туған келешек ұрпақтың жайы не болады? Қазіргі ең ауыр ой осы. Қазақтың келешекте халық болып қалуы мен қалмауы мені қатты алаңдатады. Сол мен айтып жүрген құрсаққа дейінгі бала мен қыздың тәрбиесін келтіріп алмасақ болмайды.

2004 – 2005 жылдары арнайы шақырумен келіп, Қыздар институтында сабақ бердім. Бірінші дәріске студенттер жиналып жатыр. Күннің жылы кезі ғой. Кейбір кіндігі мен бөксесі ашық қыздарды тоқтатып, тақтаның алдына тұрғызып қойдым. Студенттер саябыр тауып отырған соң:

– Сендер менің немеремнен де кіші баласыңдар. Сендерді жазғырайын, ұялтып кемітейін деп тұрған жоқпын, қарақтарым. Мынау кіндігің мен бөксеңді не үшін ашып тұрсың? Кім саған үйретті? Кіндік деген не? Соны айтшы, – дедім. Оларда үн жоқ…

Кіндік пен бөксеге тиген суықтың дауасы жоқ. Ертең бедеу болып қалудың ең басты себебі осы екенін білесіңдер ме? Иә-ә болмаса, дүниеге әкелген балаңның барлығы ауру болып туатыны тағы бар. Кіндіктен тиген суық, не қызуыңды көтеріп ауыртпайды, жәй ғана денеңе дерт болып ене береді. Сондықтан көбі елемей жүре береді. Мұны еліктегіш есерлерге ұсынған Батыстың қастандығы десе де болады. Осыны айтқаннан кейін қыздар кіндік пен бөксе ашуды бірден тоқтатты. Мұны университеттің барлық қыздарына айтуды тапсырдым. Сендер түсіндіңдер, енді басқа қыздарға айтып, көзін ашыңдар. Ұқсын, білсін, – дедім. Содан 2007 жылдан бері кіндік ашып, санын жылтыратып жүретін қыз балалардың саны азайып келеді.

 Адамның ТІЛіне – аспандағы бұлт айналаДЫ

 – Баланы тәрбиелеуде неше түрлі ұлттық ойындарымыз бар. Бүгінде оны ойнайтын баланың да саны күрт азайды. Бүгінгі жаһандану кезінде ұлттық ойындарымыз­ды заман талабына лайықтап өзгерту керек пе? Қазақ баласын ұлттық ойындарға көңіл аударту үшін не істеуіміз керек?

– Қазақ мынандай ұлан-ғайыр жерге қалай ие болып отыр? Асықты ойнау – мергендікке баулиды. Жасырынбақтың өзі ішкі сезіміңді оятуға көмектеседі. «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деген өлең бар. Қазақтың ұлттық ойындары жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін басты факторы. Баланың мінез-құлқы мен көзқарасының қалыптасуына, бір жүйеге түсуіне ұлттық ойындарымыздың қай түрі үлкен ықпал жасайды. Оны ата-бабаларымыз әбден білген.

Кішкентай кезімде сірә, 9 жасар шағым болар, 11 жастағы сақау һәм мылқау баламен, мені күрестірді. Алғашында мен жығып кеттім. Осыны ұйымдастырып тұрған ересектер тағы да болмастан біздерді қайта күрестірді. Екінші рет күрескенде ашуға булыққан қарсыласым шалт қимылмен шалып жығып, менің сол қолым шынтағымнан жоғары қатты ауыр­ды. Үйге кіре алмай жылап отырсам, шешем шығып жоғары қайрылған қолымды көріп шошып кетті. Бірден арқалап көрші тұратын сынықшы Қонақбай ақсақалдың үйіне алып барды. Сынықшы біраз сыйпалап отырды да:

– Шынтақтағы екі жіліктің басы да сыныпты, – дегенде шешем еңіреп жіберді.

– Әсия қарағым, сабыр ет. Қазір барлығын да орнына қоямыз, – деп біраз уақыт сынықтарды сыйпалаумен жалғастыра кеп, буынды сырт еткізіп орнына салды да, қозғалмастай етіп таңып берді. Содан екі қолымның еш айырмашылығы жоқ, қазір міне, 80 жасты да алқымдап қалдық. Жалпы дәрігер ретінде аңғарғаным – қазақтың бұрынғы сынықшылық өнері ерекше болған.

Егер ақ ниетпен айтсам, заманауи ұлттық ойындарымызды баланың бойына сіңіру үшін, алдымен ата-ана өзгеруі керек. Олардың жүрегіне иман құйылмай, салт-дәстүрге деген құрметі артпай, балаға ұлттық тәрбие береміз деу бос әурешілік болады.

– Әке мен ұл, шеше мен қыз қандай қарым-қатынаста болу керек? Олардың қарым-қатынастары қандай ұлттық қағидаларға негізделгені дұрыс?

– Қазір ежелгі тәрбиені әке де, шеше де жақсы білмейді. Барлығы батысқа еліктеп кеткен. Өзім Еуропаға ешқашан да еліктемеймін. Ғылыми технология жағынан қажет шығар, бірақ оларда «рухани тұрғыда» алатын ештеңе қалған жоқ. Еркегі мен еркегі, әйелі мен әйелі үйленіп жатқан батыстықтардан не үлгі алмақпыз? Бұл – нағыз азғындықтың көрінісі ғой. Еуропалықтарға еліктеген бүгінгі қазақтың күйі бізді қорқытып та, үркітіп те отырғанын жасыруға болмайды. Сондықтан, Ұлттық идеология керек.

Самал шағын ауданының жанындағы «Тереңкурге» шығып, уақытым болғанда демалып тұрамын. Бірде келе жатсам, қазақтың үш әйелі сәбилерімен демалып жүр екен. Жанындағы балалары:

– «Мама! Мама!» – деп жүгіріп жүр. Әлгі кісілерді сөзге тарттым.

– «Мама» деген не? – деп сұрадым.

– Ой, аға, «Мама» деген – «шеше», «ана» деген ұғым ғой, – деді.

– Жоқ, айналайын! «Мама» деген Сақ тілінде «сиырдың емшегі» дегенді білдіреді, – дедім. Қазақ сүті мол сиырды «мама сиыр», – дейді.

Бұл сөзді естіп олар шошып кетті.

– Шошысаңыз да, шошымасаңыз да шыны сол. Балалар күнде «мама, мама» – деген сайын сіз сиыр мінезділікке ауысасыз, – дедім. Олардың сөз жоқ, «Сиырдың емшегі» болғылары келмегендері қатты сезілді. Бала тәрбиесі мен жалпы ұлттық құндылықтарымыз туралы білгілері келетін біраз сұрақтарын қойды.

Бұл қазір, ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарымыз туралы жазылмай жатыр, айтылмай жүр деген ой емес. Бұл – сол жазылған мен айтылғанды жететін жеріне дейін жеткізетін насихаттың жоқтығынан. «Өздері ізденіп оқымай ма?» деген де қазіргі заманымызға келмейді. Бүгінгінің бәрі де маркетингтік жүйе екені белгілі. «Ұлттық идеологиясыз» мемлекет – мұхит үстіндегі ескексіз қайық. Оның қай жартас­қа барып соғылары белгісіз…

Бір-екі күннен кейін жаңағы келіншектер хабарласып:

– Біз туысқандарымызға сіздің айтқаныңызды айтып едік, бәрі дұрыс деп жатыр. Бұдан былай балама «ана» деп айтуды үйретіп жатырмын десе, енді бірі «тәте» деп айтқызамын деді. Міне, жоғарыда айтылған әңгіменің қорытындысы осылай болды…

– Қазіргі кезде өз баласына өзі қол көтеруге болмайды дейді. Бұл заң жүзінде қатаң жазаланады. Өз баласына өзі жібімейтін тасбауыр ата-аналар көбейді, бұрын «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп қарайтын едік қой. Осыны ұлттық тәрбиеге келтірсек қалай болар еді?

– Ұлттық идеологияның жоқтығының салдары ғой. Бұрын қазақ баласын сабаушы ма еді? Сабағанының өзі сипағанмен бірдей болатын. Ұрысқанының өзі де бөлек еді. Қазіргі адамдар қалай? Өлтіріп жібере жаздап, бірін-бірі аямайды. Қоғамда «әділет пен тәртіп» болмаса, адамда «тәрбие мен тәлім» болмақ емес. Әйтпесе, қазір қыз шешесін, ұл әкесін тыңдамайтын заман болды. Ұлттық идеология керек дегеніміз сол.

– Дұрыс айтасыз, аға! М.Шоқай Марияға жазған хатында «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өзге халықтары туралы тамаша кітаптарды жазумен шұғылданған болар едім» деген арманын білдірген.

– Гендерлік саясат деп отырғандарыңыздың өзі – ғылыми жүйеленбеген, ғылыми дәлелденбеген мәселелер. Сіз әйелдің жасына орай тәртібі мен тәлімі жайлы қазақтан басқа қай халықтан естідіңіз? Сәбиін қалай бағу керек, оны қалай еркелетуі керек? Келінді қалай ұстау керек? Енені қалай күту керек? Әжені қалай қарау керек? Осының бәрі қазақта ғана бар.

Кез келген дүниенің «құрылымы» дұрыс болмаса, оның «мазмұны да» ешуақытта дұрыс болмайды. Мысалы қазіргі орта мектепте 12 жылдық оқытуды бастамақшы, тек алдымен зерттеп алып жасаса етті. Кеңес үкіметі кезінде адамдардың барлығы хат тануы үшін төрт сыныптық жүйе ашылды. Бұл – физиологияның ережелеріне сәйкес етіп жасалынбаған дүние. Мен кезінде 1991 жылы ұсынған өз концепциямда айт­қанмын. Он жылдық мектептің Бастауышын – 6 класс етіп, Үздік бітірген балаларды 10- сыныптан ары ұстауға болмайды. Себебі, сен оның уақытын ұрлайсың. Ал, орташа оқитындарды техникалық мамандықты игертетін колледждерге беру керек. Он екі жылдық білім беруді ешқандай ғылыми негіздеп зерттемей ұсынып отыр.

– Ұлттық құндылық жалпы адамзатқа ортақ па?

– Әрине, адамзатқа ортақ. Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі болады. Сол дәстүрмен балаңды тәрбиелейсің. Басқа халық та солай. Адам мен адамның, қоғамның қатынасы, барлығы да ортақ.

– Шетелдің ұлы ойшылдарының жазбаларын әлеуметтік желілерде бөлісіп жатамыз. Соның әрі адамзат үшін айтылған соң, біздің қазақы өмірімізге де келетін сияқты. Қазіргі жастар алдымен шетелдік ақын жазушыларды ма, жоқ әлде өзіміздің төл туындыларымызды оқығаны жөн бе?

– Мұның бәрі жоғарыда айтқанымдай, ұлттық идеологяның жоқтығынан. Мысалы, сізге Үндістаннан келген дәріден гөрі, Қазақстанда жасалған шөптің дәрісі жұғымды келеді. Көбі осыны білмейді. Қытайдан, Үндістаннан басқа шетелден келген дәрі бізге қатты әсер етпейді. Оны біздің ағзамыз дұрыс қабылдамайды. Өз жеріңде, өзіңде өскен табиғаттан жасалған дәрі әлдеқайда артық пайдасын береді. Осы сияқ­ты, ұрпақ тәрбиесінде де Абай мен Пушкинді теңестіре алмаймын. Пушкинді кемітейін деп тұрғаным жоқ. Қазақ үшін Абай деген бөлек. Ол сенің табиғатың. Жамандығыңды бетіңе басып тұрып, жақсылыққа үндеуді Абайдай ешкім айта алмайды.

– Аға, енді ұлттық медицина жайлы сұрағым келіп отыр. Халықтық медицина халықтың өткен тарихымен, сана-сезімімен тығыз байланыста болады деп естиміз. Өзім соңғы екі жылдан бері тек шөп дәрілермен ғана емделіп жүрмін. Сіздің халық медицинасы жайлы пікіріңіз қандай, менің мұным дұрыс па, әлде бұрыс па?

– Мен дәрігер-хирург болып жиырма жылдай қызмет еттім. Әлі күнге бір дәрі де ішкен адам емеспін. Мен дәрі ішпеймін және дәріні қалай болса-солай ішуге қарсымын. Алланың бергені шығар, денсаулығым жақсы. Қан қысымым көтеріліп, басым ауырмайды. Бәрі өзіңе байланысты. Жан тазалығы болатын болса, ауру да тұрмайды. Дәрі ішетіндей болсам, Алтайдың шөп дәрілерін пайдаланамын.

1993 жылдан академик Шмит Мұсаұлы Айталиев ағамызбен Атырауда Ұлттық Академияның «Батыс бөлімін» аштық. Ал 2000 жылдан бастап Білім академиясында ашылған «Мектепке дейінгі тәрбие» ғылыми-зерттеу институтының директорлығына тағайындалып, Алматыға келдім. Сол жылдардан бастап Халық медицинасының шақырумен олардың барлық конгрестеріне қатысып отырдым.

Халықтық медицинаны дамытқандар халық арасында, тіпті әулиелік дәрежеге дейін жеткен адамдар. Мысал ретінде; «Құртқа тәуіп», «Қорқыт әулие», «Қойлыбай» мен «Қайырменді» атты абыздарымызды айтуға болады. Халық емшілері бұрын бір жағынан ағартушылық қызмет атқарған. Олардың құдіреттілігі сонша емшілікпен бірге, адамдарды «рухани жағынан» тәрбиелеуді қолға алған. Бүкіл адамзатта екі-ақ ғылымның саласы бар. Біреуі – рухани ғылым, екіншісі – табиғи ғылым.

Қазір көп адамдар кітапты судыратып оқиды. Әр азат жолға тоқтап, мағынасына үңіліп қарағанда ғана, кітаптағы айтылған ойды ұғасың.

Халық медицинасын игеру – Жаратқанның берген табиғи таланты ғой. Бірақ, қазіргі емшілер оның жеті түрлі сыйпатын ескермейді. Мысалы, біреудің бойында сіздің талантыңызды ашатын қасиет болуы мүмкін. Бірақ ол емші емес. Біреуі – келешекті айтып беруі мүмкін. Бірақ бұл да емші емес. Мұның бәрін – қазіргілер ақша табу мақсатымен емшілікке балайтындары аса қате түсінік. Сондықтан да, осының әсерінен халық емшілеріне деген сенімділік азайып отыр. Қазір адамдардың барлығын пендешілік жайлап алған. Ібілістің ықпалындағы адамдар айналасын бұзып, қоғамға қауіп төндіріп жүр.

– Тіл-көз тию дегендер бар. Баяғыда апаларымыз содан емдеп жатушы еді. Ауылда Мұстафа деген ақсақал болды. Бірде қызуым көтеріліп қатты ауырдым. Сол сәт әлі есімде. Анам екі кештің арасында мені үйдің алдындағы сәкіге сүйеп күншуаққа отырғызды. Мен «отырмаймын» деп ем, «жаныңда мен де отырамын» деп көндірді. Ақсақал аузына су толтырып алды да, бетіме екі-үш рет бүркіп-бүркіп жіберді. Селк ете қалдым. Содан сәлден кейін-ақ шауып ойнап кеттім. Осының сыры неде?

– «Адамның тіліне – аспандағы бұлт айналар» дейді. Сөз арқылы – тіл тиеді. Көз арқылы адамға – көз тиеді. Мұның бәрі де бар ғайыптық құбылыстар. Ертеде өзің айтпақшы, ата-әжелеріміз сырқаттанып қалған немерелеріне су бүркіп, басқа да амалын жасап, емдеп алатын. Бұл ақ ниет пен үлкен сенімнің жемістері екенін ескерген жөн. Сонымен қоса, тұмар тағып қоятын болған.

Ата-бабаларымыздың Атлантпен байланысы болған

– Ырым-тыйымға сенетін халықпыз. Медицина үш киттің арқасында тұр дейді. Ол киттер шөп, сөз, пышақ депті. Сөзбен емдеуді біз әлі қолға ала алмай келе жатқан сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Емделуге барған дәрігеріңе сенімсіз болып барсаң, мейлі ол қанша жерден мықты болса да, саған ем қонбайды. Сол үшін адамға алдымен сенім керек. Діннің саған беретіні – сенім. Аллаға сыйынып отырғаның арқылы сен өз сеніміңді көрсетіп, жүйелі қуат көзіне айналдырып отырсың. Наным-сенімсіз адамға тіршілік ету мүмкін емес. Адамның бүкіл тіршіліктен ерекшелігі оның – Рухында. Рухтың қалай қалыптасатынын бүгінгі Адамдар анық білмейді. Себебі, адамның мәні жанында.

Олай болса, Адамдағы рух қуаты – тек Тән тәрбиесі мен Жан тәрбиесі үндескенде ғана жетіледі. Адамзат – қазір тән тәрбиесін ғана біледі. Ал жан тәрбиесі түгіл, жан дегеніміздің өзі не екенін білмейді. Міне, бүгінгі Адамдардың азып отыр­ғанының басты себебі осы.

Мен кейде біздің ата-бабаларымыздың Атлантпен байланысы бар деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай «Адамның тіліне аспандағы бұлт айналар» – дейді қазақ. Бұл Атланттан қалған оқулар. Жаман сөз сөйлесең, айналып өзіңе келеді. Құдды бумеранг секілді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» – деп қазақ бекер айтпаған. Атлантпен байланысы бар дегенімнің бір себебі, «Алып – анадан туады» дейді. Мұны ешбір халық айтпайды.

– Халықтық болмыс пен текті сақтау туралы айтып жүргеніңізді білеміз, аға. Әрбір ұлттың ұлт болып қалуы үшін де керегі осы емес пе?

– Қазіргі таңда «Жер – түймедей, Әлем кеңістігі – қалпақтай» болып қалғандықтан, адамзаттың аралас‑құраластығы ерекше жиілеп кеткені анық. Сондықтан, олардың бір‑біріне деген әсерлері өте көп. Соның арқасында күшті ұлттар, әлсіздеу ұлттарды өзіне сіңіріп алуға тырысушылық мол. Міне, дәл осыдан сақтануымыз керек. Оның жолы бар ма? Әрине, бар!

Одан сақтанудың бір-ақ жолы, ол – халықтық болымысыңды (менталитетіңді) сақтайтын – ұлттық Дәстүр‑салтың мен Ана тілің.

Бұл екеуі тереңде жатқан Тегіңді де сақтайды. ЖаҺанданудың қыспағына шыдайтын жарылмайтын Жаңғақ тек осы
екеуі екенін ұрпағымыздың білгені жөн. Осы орайда ұрпақтарға үгіт-насихат, менің ұсынып отырған тәрбие берудегі ілімім басты рөл атқарады.

Осы кезеңдегі басты жауымыз – еліктеушілік екенін де естен шығаруға болмайды. Жастарымызды еліктеуден сақтандыруымыз керек.

– Иә, қазір балалар ғана емес, ата-әжелер де еліктеу­шіліктің құрбаны болып отырған жоқ па?

– Мұның барлығы әншейін еліктеушілік сияқты дүние. Қазір қазақта ақсақал да жоқ. Олар азаюда. Бұрын ауылды ақсақалы басқарған. Өзінің салт-дәстүрін, халқының тағылымын білетін, халықтың қамын ойлайтын адамдар болған. Пендешіліктен арылмаса, істегені бір бөлек, сөйлегені бір бөлек жанды ешкім ақсақал деп айта алмайды. Бүкіл қазақ елінің дамып, өркендеуі, осы уақытқа дейін жеткені – ақсақал мен әжелердің арқасы ғой.

Қазақтың бай әдебиетіндегі ертегілер, аңыз әңгімелер, батырлар жыры, т.б әлі талданбай отыр. Қазақтың бай әдебиетіне жететін қай халықтың мұрасы бар? Ер Төстіктің өзінде психологиялық дүниелер тұнып тұр. Жануарларды сөйлеткен біздегідей ертегілер кімде бар? Біз солардың барлығын талдап-таратып, ұрпағымызға бере алмай отырмыз.

Бір қарлығаштың өзінен қандай мықты мультфильм жасап еді. Қазір қалай болса – солай жасалып жатыр. Мына «Алдар көсе» деген мультфильммен қазақты мазақтап жүр ме? Қазіргі идеологияның түрі осы.

Бұлар туралы мен көптеген мақалалар жаздым, ғылыми конференцияларға қатыстым. Сөйтіп мұның жолы – тәрбиеде, ұлттық тәрбиеде екенін түсіндім.

– «Педагогика мен психология негіздері» атты кітабыңызда үш жүзден астам жаңалық бар екенін айттыңыз. Сонымен қатар бұл жаңалықтардың бәрі патенттелгенін де айттыңыз. Мұныңыз дұрыс болыпты. Неше күннен бері сұхбаттасып жүрміз ғой. Сіздің бала тәрбиесі үшін айт­қан әрбір сөзіңіз бүгінгі әрбір қазақ отбасының жазылмаған заңына айналуы керек деп ойлаймын. Сіз де осы жолға бірден оп-оңай келмеген шығарсыз? Жалпы осы жаңа ілімді өзіңіз өз өміріңізде қолдана алдыңыз ба?

– Әрине, қарағым-ау. Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Медициналық институтты бітірдім. Бұл саланы таңдаған себебім, жеті жасымда он жеті, он тоғыз жастағы екі ағам, арасына он күн салып қайтыс болды. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында, Сұңқар өзенінің жағасында Қызыл Сұңқар деген ауылда тұратынбыз. Ағам әскери комисариатқа барып келгеннен кейін қайтты, денесі ақ қағаздың түсінен да әппақ болатын. Көз тиген дегендерін естідім. Жеті жасар баламын, шымылдықтың арғы жағына жасырынып кіріп кеткенмін. Ағамның өлі денесінің алдында мен «ажалмен күресемін» деп өз-өзіме ант бердім. Советбек деген ағам қыс­тың ұзақ күнінде бүкіл батырлар жырын, лиро-эпостық жырларды, исламияттың хикаяттарын мақаммен оқып беретін. Жазушылыққа келгенім де осының әсері болуы керек.

Медицина институтына түстім. Соңғы екі жылында комсомол комитетінің хатшысы болдым. 1958 жылдан бастап емтиханды қазақша тапсырып түсуге болатын еді. Мен де 1959 жылы химия, физика, биология пәндерін қазақша тапсырдым. Кейін 1961 – 1962 жылдары 190-200-ден аса қазақ балалары мамыр айында институттан шығарыла бастайды. Олардың жылап-еңірегендеріне жан шыдамайды. Сондағы тапсыра алмаған пәндері – тарих, политэкономика, научный коммунизм, физика, химия сияқты медицинаға еш қатысы жоқ сабақтар еді. Тіпті, физиканың заңдарын, химияның элементтерін біліп тұрып орысша айтуға тілдері жетпеген. Сол кезде Мединститутта қазақ мұғалімдері жоқ десе де болатын еді.

Біз түскен жылдардың алдында Мәскеудегі екінші медицина институтынан, профессор Қуаныш Аманбайұлы Макиров деген ғалым – институтке ғылыми-проректор болып келіпті. Тегеран конференциясына қатысқан, гвардия полковнигі. Ол кезде, бұл адамдардың барлығы да, ұлттық мәселеден өздерін аулақ ұстап, саясаттан қатты қорқатын.

– Соңғы студенттік екі жылыңызда Комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет еттіңіз ғой?

– Осы кезде біз мына мәселені көтердік. Жаңағы екі жүз баланың шығып қалатын, бірінші курстағы бес сабағын – қазақша оқытатын группалар ашуды ұсындық. Мұны көтеруге басты себеп болған, сол тұста коммунистік партияның «жастар өз проблемаларын өздері шешсін» деген ұранды қозғалысы қатты жүріп жатқан еді. Қазақша оқып келген балалар физиканың заңдары мен химия элементтерін біліп тұрып, орысша айта алмайды. Ол кезде мұғалімдердің бәрі орыстар. Сондықтан медицинаға қатысы жоқ бес сабақты қазақша оқыту деген мәселе көтердік. Сол кездегі «жастар өз мәселесін ашық, әрі өздері көтеру керек» деген сөзді ұран етіп, «бес факультетте қазақ группаларын ашуды» басты назарға алдық. Бұл кезде деканаттар да, проректор да жаңадан ауысып жатқан еді. Басшылыққа жаңадан келген қазақтар барлығын да жабық жасауға тырысатын-ды. Себебі, қорқады. Осы қойылған мәселенің арқасында 1963 жылы бес факультеттің әрқайсысынан үш-үштен он бес қазақ группасын аштық. Бұл Алматыда, бүкіл Қазақстанда сенсация болды. ҚазҰУ мен Политехтың студенттері бізге келіп, комитеттің жұмыстарымен жиі танысатын. Қазақ группалары ашылған бірінші жылдың өзінде-ақ, бұрынғы екі жүз бала шығатын институттан бар жоғы он-ақ бала шықты. Олардың өзі – тәртіп бұзғандары мен оқуға келмей жүргендер. Бірақ, оның ішінде қазақ балалары жоқ.

– Бұл шынымен де тарихтың алтын парағы сияқты екен. Сондай алып үкіметтің саясатына ол кезде ешкім қарсы келе алмайтын еді, оның шет жағасын көрдік қой.

– Менің жанымда Лениндік степендияның иегері Николай Хван дейтін корей жігіті болды. Ол комитет комсомолында академсекторды басқаратын. Біздерді сол жылдары – басшылықтың ұсынысымен партияға алған. Бір күні Коля жайраңдай күліп, бірнеше жылдардан бері партия жиналыстарында айтылып жүрген кемшіліктерді мақала түрінде жазып әкеліпті. Оның ұсынысы бойынша «Правда» газетіне жібермекші. Басты мәселеге, ғылыми жұмыстарға орталық зертхана ашуды талап еткен. Екеуміз ақылдаса келе, өзара жиі сырласатын ұстазымыз, академик Ишанбай Қарақұловқа айтуды жөн санадық. Ишекеңнің кеңесетін адамы профессор Қуаныш Аманбайұлы болатын. Ертеңінде Ишекеңнің кабинетіне жиналдық. Академик Ишанбай Қарақұлұлы мен профессор Қуаныш Аманбайұлы бірге отыр екен. Біздер келісімен мақаланы оқыдық. Бірсыпыра пікірлескеннен кейін, профессор Қуаныш Аманбайұлы: «Біреуге зияны тимейтін етіп, дәлелдермен жақсы жазылған екен. Әйтсе де, орталық газетке жіберетіндіктен көлемін сәл кеңейте түскен жөн», – деп, өзі толықтырмақшы ниетпен алып кетті. Содан екі-үш күн өткен соң қайыра жиналдық. Көлемін төрт беттей етіп өсіріпті. Мақаланың авторы ретінде мені бірінші қойып, хатшының көмекшісі етіп К.Хванды жазыпты. Осылайша, сол күні-ақ мақаланы почтамен салып та жібердік…

Алтыншы курстың аяғында бес пәннен мемлекеттік емтихан тапсырамыз. Сол үшін қоғамдық жұмыстардың барлығынан босадым. Сол 1965 жылы мамыр айында «Правдадан» хабар келді. Содан кейін-ақ, бүкіл тісін қайрап жүрген шовинистері бар, өзара көреалмаушылар да, біздерді «қолға алуға» кірісті…

Партия мен ректораттың жиналысын ашып, түнгі сағат үшке дейін талқылау болды.

– Партиядан шығарып жіберген шығар?

– Иә, мені партиядан шығарды. Хванға, Ишекең мен
Қуанышқа да сөгіс жариялап, ол Совет ауданының партия комитетінен қолдау тапты. Профессор, гвардия полковнигі
Қуаныш Аманбайұлы Макиров, Орталық комитетке
Д. А. Қонаев­тың өзіне тікелей хабарласып, барлық жайдың мағлұматы жазылған хатын тапсырады. Содан, Титовтың алдындағы бюроның отырысында төртеумізді де ақтап, бізге тек қана алғыс айтумен шешілді. Сөйтіп, біздің партиядан шығарылғанымызды құптамай қалпына келтіріп, айыптағандардың барлығына ауызша сөгіс берілді. Осылайша, партиядан да шығарылып, сол айларда қайтадан партияға алынған жағдайлар да бастан өтті. Мені, мемлекеттік сынақтан да құлатпақшы болғандардың жолы кесілді.

Институтты бітірісімен-ақ, төртінші ықшамауданда жаңадан ашылған емханада хирург болып қызмет еттім. Табиғатымдағы жаңа идеяға құмарлығыммен, сол кездегі балтыр тамырларының кеңеюін (варикозное расширение) емдеуді қолға алдым. Сол уақытта бұл ауру әйелдер арасында өте көп таралып кеткен еді. Ол кезде мұны ешкім емдемейтін. Осының жолын тауып, кеңейген тамырларға арнаулы дәрі жіберу арқылы емдеуді бастап кеттім. Тамырға жіберген дәрі бір-екі күннің ішінде кеңейген тамырларды қалпына келтіреді. Осыны естіп бүкіл қала іші үлкен жаңалыққа айналды. Емхананың алды ем іздеген адамдарға толды. Алматы қалалық денсаулық сақтау ұйымы мені алғыс хатпен марапаттап, атақты хирург-профессор М.И.Брякиннің клиникасына ординатор етіп ауыстырды.

– Кандидаттық жұмыс алып, «соискатель» ретінде ойдағыдай қорғап шықтыңыз ба?

– Тақырыбым да микробиология мен хирургияны біріктіре зерттеу арқылы, хирургияда антибиотиктерді реттеп қолданудың жаңа әдісі. Профессор М.И.Брякин мен профессор
Қ.А.Макировтер ғылыми жетекшілерім болды.

Қырғыз елінің астанасы – Фрунзе қаласындағы Мединс­титуттың ғылыми кеңесінде қорғап, жұмыс орныма келсем, мұндағы мейірбикелер жиналып: – Мұнда докторлық та, кандидаттық та қорғалды, бізге осыншама жақсылық пен жаңалықтар бергеніне бәріміз де ризамыз, – деп алғыс­тарын айтты. Бірінші оппонентім болған академик Иса
Канойұлы Ақұнбаев алғашқы кездесуде-ақ: «Айналайын, біз бұл жерде отырып әңгімелеспейік, одан да жүр үйге кеттік», – деді. Әйелі – қазақ екен. Осылайша, Иса ағамызбен өте жақсы тіл табысып кеттік. Қорғаған күні кешке «Алатау» қонақ үйінің залында отырыс жасалды. Фрунзеде екі күндей болдық.

Ал осыдан 8 жыл өткеннен кейін, докторлық жұмысымда асқазан операциясының жаңа әдісін ұсындым. Асқазанның Бильрот ұсынған операциясына, бүгінде 150 жылдан аса уақыт болып барады. Ол әдістің үш түрлі кемшілігі болатын. Менің ұсынған әдісім осы кемшіліктерді жояды. Менің «Қандауыр» атты романымда осы асқазан оперция әдісінің суреттері мен барлық жүйелері жазылған.

Ал, «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» өз отбасыңызда қолданасыз ба?» – деген сұрағыңа келетін болсам әрине, қолданамын. Өзімнің кенжем осы тәсіл бойынша дүниеге келді. Жетістіктері жетерлік. Өзім де жоғарыда айтқанымдай, мінәжет етемін. Тән тазалығымен қоса жан тазалығын да ұстағанның арқасында ауру-сырқаудан аман-есенмін…

 

Ана құрсағындағы тоғыз ай

миллиард жылға пара-пар

 

– Шығармашылық адамына медицина саласы ауырлау болған шығар. Әлде керісінше ме? Жалпы, сіз ұлттық тәрбиеге қалай келдіңіз?

– 1987 жылы мен медицина ажалды жеңбейтінін түсіндім. Сөйтіп, медицинамен қош айтыстым да, осы жазушылыққа біржола бет бұрдым. Әйтсе де, мен мынау он саусағыммен төрт мыңнан аса ота (операция) жасадым. Бүкіл асқазан мен ішек жолдарына, қызылөңеш пен бауырға ота жасадым. Ота жасау кезінде де, артынша да бірде-бір асқыну болған жоқ. Әдет болып кеткендікі ме, бүгінге дейін қолыммен ет турамаймын. Сүйек кемірмеймін. Қолыңды қанша жусаң да инфекция шығады. Бұл хирургиядағы өте қиын нәрсе. Құдайға шүкір, бір адам менің отамнан асқынған емес.

1974 жылы мені Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдады. Әнуар Әлімжанов бар. Олжас та ол кезде хатшы болатын. Сөйтіп біраз жылдар дәрігерлік пен жазушылықты қатар алып жүрдім.

«Ұлттық тәрбиеге қалай келдіңіз?» деген сұрағыңа ке­лейін. 1987–1989 жылы Мәскеуге барып оқыдым. Аягөздің жігіті Ғабиден Құлахметов деген азаматпен курстас болдым. 1987 жылға дейін адам тәрбиесінде үлкен қателіктер бар екенін сездім. Осы жайлы көптеген мақалаларым шыға бастады. Мәскеуден келгеннен кейін Жазушылар одағының «Мектеп кеңесін» басқардым. Міне, осы кезде, яғни 1990 жылы менің «Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесі мен оқу-ағарту жүйесінің үлгісі» атты концепциям шықты. Оны талқылап, Білім министрлігі қабылдап, «Жоба» кітапшаларына енгізді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесі және Бүкілодақтық Мәскеудегі «Педагогика академия­сының» Алматыдағы филиалынан ұсынылған еді.

Осы тақырыптың негізінде «Халық педагогикасының теория­лық және методологиялық негіздері» атауымен Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ғылыми кеңесінде 2002- жылы «Педагогикадан» докторлық дисертация қорғадым. Мен ұсынған методологияның екі сатысының біріншісі – биологиялық индивид, екіншісі – сананы жетілдіру болып табылады. Бұл бүгінгі педагогиканың еш жерінде жоқ. «Биологиялық индивид» – тіршіліктің түрі. Ұрық құрсаққа барып түскеннен нәрестенің қырқына дейін барып жүрек тәрбиесінің тәсілдері арқылы жанның он екі арнасы ашылады. Бұл туралы… жоғарыда айтқанмын.

– Сананың жетілуі, баланың қырқынан шығуымен сипатталады емес пе?

–  Иә, бала алғаш рет ақ пен қараны ажыратқанын аңғартады. Бұл – сананың ең алғашқы пайда болу сәті. Ал, менің технологияммен дүниеге келген балаға сана екінші күні келеді. Ал, қырық пен екі күннің арасы – ондаған жылдармен есептеледі.

Ана құрсағындағы тоғыз ай миллиард жылға пара-пар екені ғылыми дәлелденген құбылыс қой. Құрсақтағы бала – бүкіл он сегіз мың ғаламның түрін түгел басып өтеді. Он бес күннен кейін балықтың түріне келеді. Желбезегі мен қанаты болады. Тіршілікті жаратушы Алла, соның 450 миллион жылы су астында. Неге кесірткі мен бақаны қосмекенділер деп айтамыз? Олар – суда да, құрлықта да тіршілік етеді. Одан кейін сүтқоректілер. Тіршіліктің ең биігі – адам.

Бүгінге дейін айтып келген мәдениет пен ғылым – Грекия­дан, Үндістаннан, Египеттен, Қытайдан дамыды деген сөзге келіспеймін. Біздің тарихымызды кешегі әз-Тәуке кезінде жаздырмағанына мен таңқаламын. Бұрынғы кезде неге бәрі жазылмай қалды. Әлде барлығын өртеді ме? Халықты басып алған кездегі Қытайлардың ең бірінші ұстанымы, жазбаларын өртейді екен. Арабтар да, орыстар да осыны қайталады. Кешегі алып Ертұғылыдан бері, Мөде ханнан бергі дүниенің барлығы жазылмауы мүмкін емес. Қытайдың иеороглиф жазуы қазақтың руна жазуы пайда болған уақытта жоқ болған. Неге деген сұрақ менің миымның мәңгі қонағы болды.

– Мұның бәрі әдейі бұрмаланып отырған тарих қой. Мұнда бір құпия сыр бар демексіз ғой?

– Кешегі өткен – Атилла (Еділ), Шыңғысхан, Жошы, Батый, Алтын Орда шындықтары неге бұрмаланып отыр? Мінеки, айта берсе, бұл тәрізді тарихи әділетсіздік толып жатыр.

Осының салдарынан, бүкіл адамзат тарихының ғылыми жүйелері мен негіздері бұзылды. Сақтар мен Ғұндар тарихының әдейі айтылмауынан, бүкіл Түрік халықтарының көне тарихы бұрмаланды. Осынау, ар ұялар істердің бетін ашқан, тек Қазақ даласынан табылған бірнеше археологиялық ғажайыптар мен «Алтын адамдар» киімдеріндегі даналық өрнектер және Аркаим‑Сынтасты өркениеттері Еуропацентризмнің әділетсіз де, жалған ғылым екенін дәлелдеді.

Мұндай фальсификациялардың салдарынан, адамзат қауымы бүгінге дейін, әділетті де қайырымды қоғам құра алмай отыр.

– Жоғарыда сіз айтып өткен құрсаққа дейінгі тәрбие мен құрсақтағы тәрбие бірін-бірі толықтыра түспей ме? Бұл сондай ілім болса не үшін адамзаттың өмірінен алынып тасталған немесе мүлдем енгізілмеген?

– Ежелден белгілі, Аристотель мен әл‑Фарабидің ғылыми классификациясы бойынша, кез‑келген Пәннің негіздері өзінің ішінен шыққанда ғана нағыз ғылыми пән бола алады, дейтін тұжырымын еске түсірсек, ғылыми педагогиканың негізі деп отырғандары – білім де, оқыту да сырт­тан келіп тұрғанын ажырату қиын емес. Ендеше, бүгінгі педагогика мен психологияның осындай империялық сая­сатқа бағынған методологиясынан, бүкіл адамзат қауымының тәрбиесінде қабағат үлкен қателіктер бар. Осының салдарынан, бүкіл біздің өркениетіміз бойынша, адам баласының бойындағы үш жүйесі – тән, жан, рух тәрбиелері үндестіктерін тапқан жоқ. Бүгінгі таңда, тән тәрбиесінен басқа, жан мен рухтың тәрбиесі түгіл, бұл екеуінің өзін толық түсінбейтініміз шындық. Міне – Еуропацентризм методологиясының – кереғар әсерлерінің бір саласы ғана осындай жайсыздықтарға ие екен.

– Сонда бұл саясат кешегі империяларға немесе бүгінгі ЖаҺандану саясатына не үшін қажет болды?

– Қысқа қайырып айтсақ, бір халық өзінің отарындағы ондаған халықты еркін билеп -төстеу үшін, қол астындағы халықтардың ұлттық және азаматтық санасын оятпауға тырысады екен. Сондықтан империя атаулы бодан халықтың ұлттық тарихын, халықтық педагогикасын жойып жіберуге тырысса, тілін, жер аттарын, дәстүрі мен салттарын өшіруді өзекті мәселесі ретінде қарастырады.

Мінеки, осынау санамалаған ұғымдардың теріс жүргізілуінен, ұлттық және азаматтық саналардың ашылмауынан, бүгінгі маңдайымызға күйелі көсеудей ұрғылап жатқан шалақазақтар мен космополиттердің қасіретін түсінуімізге болады. Ал енді, осыншама ауыр керағарлықты түзетудің жолы бар ма?

Әрине, бар!?! Оны, «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері» атты ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімінен оқып танысуларыңызды сұраймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

(Қ.Бегмановтың  «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдығы, 1-ші том,156 бет)

Бөлісу: