ЕСҚАРА   ТОҚТАСЫНҰЛЫ

 

   1. ЖЕКПЕ-ЖЕК

– Қайдан келесіңдер?

– Жарыстан.

– Бокс пе, күрес пе?

– Күрес.

– О, пәлі! – Жылтыр қара кісі  қоңыр ши қалпағын алып, ұстара тиген жалтыр басын сипап, жмыңдап қойды.- Баяғыда қазақша күреске де,  боксқа да қатысқам. Бапкерім  «Ауыр салмаққа түсесің» деп ішімнен тас байлатып, таразыға тұрғызды. Рингті шіреп тартып,  құрып қойған.   Ине шаншар орын жоқ. «Төбелеспей бірінші орын аласың» дегені рас екен, менімен шығатын бір-ақ адам болды.  Алдымен кішкентай салмақтағылар  жұдырықтасты. Аузы-мұрны даладай боп, шығып жатыр. Біздің  кезек таяды.Ана бұрышта  қызыл дамбалды дәу сары жігіт санын шапаттап,дене қыздырып жатыр.Несі екенін қайдам, әйтеуір санын ұрады. Сонда бізден біреу барып: «Ана сылыңғыр қарамен түсесің,бір ұрса жоқ боласың!» деп қорқытыпты. Айтқанша болмай дәу сарым жоқ боп кетті.   Жігіттер маған «Терезеге қара?» деді,   қарасам  көйлек- көншегін,бәтеңкесін қолтығына қысып, дамбалшаң зытып барады.Оны да бапкері: «Көкежан,сенімен шығатын адам болмайды?» деп жалынып –жалпайым,алдап әкелген екен. Менің әуселем белгілі, аяғымнан әл кетіп, әзер тұрғам. Құдайдың құдіреті  ананың қашқаны маған күш қосты. Жарым сағаттасын дәу сарым қайтып келді; ағайының  не  дегенін қайдам: «Көкетай, үйтем-бүйтем?» деп аяғына жығылды-ау?! Екеуміз рингке шақырылдық. Баспалдақпен көтерілгенде: «Ұпаймен-ақ жеңші, мақұл ма?»  деді. Одан сайын  қаһарыма мінейін. Ол ана бұрышта, мен мына бұрышта, қоқаңдап, қоразданып, секектеп тұрмыз. Ысқырық шалынуы мұң  дәу сарым безектеп, айнала қашып берсін.  Жоламайды — ау, жоламайды.  Мен қуып жүрмін, көрерменнің шуынан құлақ тұнды.Тап -тар қуыстың ішінде әй қашқан адамның  жеткізбейтіні болады екен. Зал жер тепкілеп, азан — қазан.  Бұрышқа қанша қуып тығайын, ұстатпайтын болды. Әйтеуір бір пәйтін тауып, «боковойдан» періп жібергенімде, дәу сарым қаңғалақтап жөнеп, серейіп түсті. Төреші санап жатыр.  Анау кірпік қақпайды. «Әуре болма, жүз сана, тұрмайды!»  дедім. Абырой боп он санағанда тұрмады, зембілмен әкетті…Қазақша күресте қамбөшкелерді белінен қысып, екі -үш айналдырсаң, ырсылдап қалады. Сосын басын қалай қаратып жығам десең  еркің. Иығының шұңқыр- шұңқырына шейін тигізіп жібересің.

Балалар   әңгімешіл  көкемен   жымыңдасып қоштасты.

 

  1. СЫР

– Колледждің бірінші күрсін бітіріп келді. «Ертең менің орныма барып жұмыс істеп келе қойшы?» дедім. «Бармаймын» дейді. «Е,неге?». «Сол. Бармаймын». «Ойбай- ау, қартайғанда сені бағады деп жүрсем,менің балам емес екенсің ғой?! Онда үйден кет» дедім. Балам үн-түнсіз қалаға шығып кетті. Кешке таман келіп тұр. Дарбазаның есігін іштен іліп қойғанмын. Ақыр аяғы түнгі сағат бірде шарбақтан асып түсіп, есікті тықылдатады. «Не?». «Үйге кірейінші?». «Сен кімсің?». «Талғатпын». «Менің ондай балам жоқ. Танымаймын». Бір ана, бір мына терезені тықылдатады. Кіргізбеймін. Сағатқа қарасам  екі. Кіргізбедім. Содан соң әжесінің үйіне кетті. Азанда  зымырап жетіпті. Мені құшақтап «Ендігәрі ондай сөз айтпаймын. Не істе десеңіз  істеймін» дейді. Содан бері жақсы болды. Әскерден келгенде дос-жаранына үйде кішігірім той жасадым. Азырақ ішкілік араласты. Содан біраз күнесін: «Талғат? Мен көшеге шығудан қалдым. Жұмыста жұрттың бетіне қарау жоқ» дедім. «Неге, апа?». «Шешесі мақтайтын Талғат, әскерден алқаш боп келіпті, масқара –ай?! дейді. Сенбесең пәленше, төленшеден сұра?» дедім. Күнілгері сөйлесіп қойғанмын. Барса, әлігілер беттері қылп етпей  «иә» дейді. Содан тағы жақсы боп кетті. Қазір өзіме ақыл айтады. «Аналар ананы әкелген, мыналар мынаны әкелген. Сен асырып бер» дейді. Зауыттың айлығы жақсарды ғой, алғашқы табысына әруақтарға құран оқыттық. Аллаға мың да бір шүкір?!

– Келін? Менің балам да алтын ғой. Ана жақтан келгесін, қарап тұр, анық әкесіне тартып мынауский  жігіт болады. Бойы қандай екі иығына екі кісі мінгендей, жұрт иегін көтеріп, тамсанып қарайды. – Шүйкедей Қалдықыз әжей күрсініп, –көзінің жасын сығып алды, –   Келін түсіреміз.

…Аспан алашабыр бұлт, күннің ыстығы әдеттегіден өткір.

 

  1. БАЗАРӘЛІ

 – Бабамыздың Түркістанда туған туысы, немере- шөбересі жоқ, неге келгені белгісіз. Алшын  болғасын зады бір замандарда  Жайық жақтан ауып келген сияқты, – деді қайсыбірде бізге жиен, тоқсан төрттегі Абдулла қария. – Өзімнің топшылауым бойынша төрт ағайынды: «Бізге түйе, бие бітпеді, білмеске шығайық» деген — ау. Аз-маз алтын- күмісі болуы ықтимал. Хорезм, мына жағы Түркістан аралығын байқайды. Бағатын мал жоқ, айдайтын қос жоқ, не істеу керек? Біреуі: «Қазалы, Қармақшыға  мал сатып, мал ауыстырып тірлік қылсақ қайтеді?»  дейді. «Әй, Тереңөзекте қырық қарақшы бар, ондай сауданы айтпа. Адамдарын өлтіріп, кереуенді  жүк-пүгімен  тонайды екен»  дейді. Сонда Базарәлі бабамыз: «Маған еретінің бар ма? Оларды көрейін»  дейді. Жанып тұрған отқа кім барады, жолға бір өзі шығады. Екі адамды қолтықтап кете беретін қарулы, тентектеу  кісі екен. Қарақшылардың боса –болмаса көкжиктен керуен көрінсе хабарлайтын қарауылы болады. Өзектен қырға тырмысқанда ма, соқпақ тұйықталар тұс па, әйтеуір тұтқиылдан- қиқулап,қылыш,найзасын жалаңдатып- ес жиғызбай бассалады екен; түйелерін жүгімен алып қап, «Жаныңның барында, еліңді тап!» деп адамдарын кейін қарата айдап жібереді екен. Керуен  он- он бес адамнан тұрады, қаруы болмайды; болса бір  — екі құс мылтығы болар. Сонымен жалғыз атты Базарәлі бабамыз жұрт айтқан қалың жыңғыл, шеңгел қаптаған аймаққа да жетіп, жан- жағына сақтықпен қарап  келе жатса, кенет: «Әй,  терқысқан? Қайда барасың?» деген дауыс естиді. Дөң басында біреу отыр дейді. «Маған қырық қарақшы керек?».  «Немене?».  «Құлағың керең бе? Қырық қарақшы керек?». «Әй, терқысқан? Ол саған неге керек?». «Маған қырық қарақшының басшысын көрсет? Өлтірем!». «Әй, жаннан безген,  не үшін?». «Сен сұрадың, мен айттым». «Онда  жүре бер, атыңның басы тіреледі». Ұзамай соқпақ тарылып, қарулы екеу шыға кеп, жолын бөгейді. «Қарақшының басшысы қайсың?». «Сорлы- ау,онда нең бар?». «Мен бәріңді өлтірсем, мен жасаймын; сендер өлтірсеңдер сендер жасайсын.  Сол үшін келемін!». Аналар ду күледі. «Аттан түс». «Түспеймін, қырықыңды қырып, содан кейін түсем». Қарауылдың біреуі басшыға барып «Осындай,  есуас біреу келіп сізді сұрайды?» дейді. «Кім керек?». «Қарақшының бастығы керек?». «Қарақшының бастығы-  мен». «Сен болсаң  қарақшыңды түгел  қаруландыр. Ұрысқа шығар. Бәрінді қырамын». «Біз  қырықпыз, бір адаммен ұрсуды ар санаймыз» деп басшы күледі. «Жоқ. Айтқаным айтқан, дереу сайла қырықыңды?!». «Нендей мақсатпен?». «Сол! Көздеріңді жойып, керуен жүргізем». Жиналған қарақшылар қарқылдап күледі.Қарақшының басшысы ақылды адам болса керек:  «Жалғыз аттыға жабылу  ұят. Жүрекжұтқан батыр екенсің. Ныспың кім болады?». «Базарәлі». «Ондайда, мұнан былай керуен басы Базарәлі десе мен  керуеніңе  тимейін. Ризасың ба?». «Ризамын». «Онда сен аттан түсіп, қонақ бол»  дейді. Әбден күтеді.

Не керек содан былай батыр бабамыз керуен жүргізіп,.., төрт ағайынды бай болып кетіпті.

  1. ПӘТИМА

– Бүгінгі жиналыста, – деді  орта мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы, толық әйел.- Екінші қаралатын мәселе:  Пәтима апай турасында. Дуылдаған әңгімеге нанбайын десең тағы лаж жоқ. «Бас жарылсе бөрік ішінде…», әркімнің ішін  білу қиын. Мектеп басшылығы Күлән екеумізге осы жайдың анық — қанығын білуді тапсырған. Әжептеуір қанығып,енді ортаға салмақшымыз. Апай тұрмысқа шықпақшы адамның  жоғарғы сыныпта оқитын екі ересек баласы бар екен. Сөз барысында егде тартқан әйелі «күйеуінің онымен қосылуына қарсы емесін, қартайғанын, сырқатын» айтты. Еркекке «Балаларды қайтесің?» десек, «Бәріне қарасам!» деді. Өңге жаңалық естімедік. Сіздер не айтасыз? Бұл біздің  ұжымға сынақ боп тұр. Әуелі апайдың өзін тыңдайық, солай ма?

Пәтима  тұңғиық көздерін ашса  бойыңды шым еткізетін бірнәрсесі бар, отыз алтыдағы, толықша, пісте мұрынды, бір ұл, бір қызы бар жесір әйел- математика  пәні мұғалімі-  көзін төмен  салып:

– Қосар пікірім жоқ. Оның маған сөз салғанына  үш жыл. Келіспегем. Жалбарынып қоймады. – деді. – Және  жұрттың бықсытқан өсегінен құтылайын деп ризалығымды бергенім рас…Менің сөзім осы.

Гүбір-гүбір  «Тыныш!» деген төраға даусынан ұзаған ұшақ даусындай бәсеңсіді.

– Қане, сөйлеңдер? «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Бұның аяғы ертең  ұжымның бетіне салық. Заман талабы өзгерді, кәмәсиядан кәмәсия. Аямайды.

– Әрине, біреудің отанын бұзған күнә.

– Жалғыз басты болса бірсәрі?!

– Қырықта  байдың  керегі  не?!

– Ана атын аяққа баспа, Пәтима?! – Көптің сөзі осыған сайды.

Жас мұғалім  «Не мұңлық? Бүркіт – мұңлық! Басында томағасы, көзі жұмық…»  деген екен. Қайран, жылап-сықтаумен өткен  жылдар?… –  деп келе жатыр еді, оспадарсыз гуіл «Қазіргі жастарды қой!Со да сөз боп па?» деп лап етіп, тыйып тастады. Көбі көзінің астымен бастықтың жүзін  бағады.

– Пәтима шынымен тисе, тиетін болса онда ұжымнан кетуге тиіс, – деді төраға. – «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Бізді  масқара етпесін!

– Ұжымнан кетіріп  жақсы ат аламыз ба сонда? Одан-дағы күйеуге шығармайық. Пәтима-ау? – деді Күлән – екі көзі бадырайған әйел. – Қалайша бөтен еркек сенің есі кірген балдарыңа әке болмақ? Есіктен кіргеннен «дірр» етпей ме?! Жер ортасынан аудың,ұстазсың, қадірлі анасың.  Рас, жесірдің өмірі оңай емес, бірақ  қу сезімді аналық парызға неге жеңдірмеске?! Сен де анадан туғансың, біреудің бала-шағасын жетім етпекшісің;… анаң сені жесір қалдырса қайтер едің?  Ержеткен балаға  ата-ана керегі жоқ деп кім айтты? Өзіміз бір балаға зар боп… – Күлән өкіріп жылап жіберді.

Біразы оны құшақтап, басу айтады. Ел назары Пәтимаға   ауғанда ол орнында жоқ еді. Сүйенген үстелі үстінде  үш тамшы жас қалыпты.

***

Сұрғылт күз еді. Заңғар көк жүзіндегі ақша бұлттарды кір шалған. Пәтиманың көңілі парша-парша, құр сүлдері. Басын көтерсе  өткір жарық  қарып түсердей үйіне жеткенше  екі көзін жерден алмады. Аулада меңіреу тыныштық. Ол сәкі жиегіне жамбас қойды.  Бозғылт  жанары іргедегі тауға түскен: құдды суға батып бара жатқан адамның   жанталаса тырмалағаны ыспатты құз етегі  тілім-тілім екен. Төбеге таяған кішкені қара бұлт   кеудесінен  атылған  мұңлы күрсінісіне ұқсады.

Әлденуақ оның ішінен жойқын күш дүмп етіп,  кейінше өзгеріп салды… Жұрт баяғыдан бұны қатып қалған тас  дейтін. Отыз алты – айқайласаң даусың жетпейтін жер сықылды,расында  ондай емес екен. Ол еріген, біраздан  бері бойы қуанышты толқында; өзін нағыз әйел сезінеді, қазір оның жаны толық… Бұлар қазір көбейеді және тұппа тулаған өзен…

Дарбазаның сынған есігі орнығып  қалғанын   да жаңа байқап,Пәтима жадырап, орнынан көтерілді.

  1. ДАНАЛЫҚ

– Үш баламыз. – Қастары түксиген – бір-бір уыс,  жарықтық Смайыл қария әңгімешіл еді.- Он үш, он төрттемін. Атамның баласы, немересі және мен  асық ойнап жатқанымызда, сәмбі талдан құрық кесіп әкеліп, атамыз бізді шөп жаққа қуды да кетті. Өзі атта. Ал кеп орғызсын. Анадай жерде бұлақ жатады,  ішкізбейді. Атының үстінде отырып, ауыздығын алып, шалғынға жаяды. Түс боп, таңдай таңдайға жабысқанда, бұлаққа ертіп апарды. Қойнында тапа наны бар екен, соны берді. Шілде түсуден бұрынырақ-тын. Орып  болдық- ау дегенде, «Қарлығаш» әулиенің қасында көк тары айдап жатқандарға  әкелді. Соқасымен жерін айдатты.  Жер ағаш ұстап көрмегенбіз, арам айдаймыз. Оны  аяқтағасын, Көкбұлақтың бойында қырман салып, бидай суырған  біреуге жәрдемге салды. Әбден шаршағанбыз, жөндеп суыру қолдан келмесе де  істетеді. Сілеміз қатып, діңкеміз құрығанда қайтайық дегендей  атының басын бұрып, ауылға қарай жүре берді. Ешқайсымызды мінгестірмеді. Мен қарғып мініп алдым. «Ө, енеңді, қу жетім?! Арсызсың ғой?» деді. Ұруға қолы батпайды. Немеренің кенжесімін. «Ата, сіз ақымақсыз  ғой?!» деймін. «Неге?». «Шөп шаптырдыңыз, жинатпай далада қалды. Жер айдаттыңыз, арам айдадық. Қырман суырттыңыз, оны да  оңдырмадық». «О, енеңді,  қу жетім?! Осы күнде істесең қолың  ауырса, жүрсең аяғың ойылса, маңдайың күнге күймесе, ештеңе қолыңнан келмесе, бір қиын заман кезіксе бекерге  аштан өлесің  ғой?»  дейді…  Сол шалдың пайдасын баяғыда- белсенділерден қашып- Ташкен ауып, Тойтөбеге барғанда көрдім. Қырман айдап,  әрнәрсе істеп  күн көріп, ел қатарына қосылып кеттім…

 ***  

Сол шал үшеумізге: «Қайсың ақылдысың?» дейді. «Менмендеп» таласымыз. «Ақылды болсаңдар  бір сөз айтам, табасың ба?». «Табамыз!». «Дұшпаның кім?». «Медеттің баласы».  «Орыс». «Қасқыр». Сонда шал «Ақымақсыңдар» дейді. «Ақымақ  болмасаңыз айта қойыңыз?». «Дұшпан – кеңірдегің!». «Атам- жынды адам,  адамның кеңірдегі дұшпан бола ма?»  дейміз. Атам: «Үш мезгіл ауқат өткіз, өткізбесең қи. Кеңірдек үшін ұрлық қыласың, біреуге зорлық қыласың, өтірік айтасың. Дұшпаның — кеңірдегің».

Ақыл тоқтатқасын қарасақ, бәрі рас.

***

– Әкемнің інісі – сексенге келіп қаза болған шал, нәсият сөзге жүйрік еді, – деді Сәкең тағы бірде. – «Е, Құдай, елден кем қылма, елден кем қылсаң да ағайыннан кем қылма,   ағайыннан кем қылсаң да туған інім —  Медеттен кем қылма?!» дейтін. «Жат қорлығынан, өз қорлығың жаман», «Ұры байымайды, сұқ семірмейді». «Бір қосақ қойды емген  жетім қозының к…н  сүт ағып жүргенімен,   құйрық бітпейді. Бір енесін емген қозының құйрығы керсендей боп жатады». «Зорлықшының арты дым болмады. Зордың түбі тозды ғой, момынның түбі озды ғой». «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген. «Кісі тоны кіршіл деп, Киермісің Бозақұл?  Кісі аты тершіл деп,  Мінермісің бе Бозақұл?». «Судан өтсең бұрын өт,Тайғағы бар артында; Үрлық қылсаң жеке қыл, Айғағы бар артында». Сол шал: «Ағайынды төртеудің ақымағы мен едім, данасы сенің әкең Шора еді» дейтін. «Тамырың кетсе тары ек,Тағы кетсе, тағы ек!» дейтін бұрынғылар.

 

Бөлісу: