Фотосурет. Мақсаты неге өзгереді?

271

(Эксклюзив)

Фотосурет деген – бір ғажап дүние. Атам заман өтіп кеткен адам өмірінің белгілі бір кезеңіндегі келбетін сақтап қалады, тіпті көне заман белгісінен хабардар етеді. Әсіресе ұлтқа ортақ ұлы тұлғалардың жарқын жүзі бейнеленген суреттер еліміздің тарихына, халық қазынасына қосылған. Абай, Шоқан, Ыбырай бабалардың суреттері сақталмаса, сөзбен қанша суреттеп жазғанымен сол ардақ адамдардың кескін-келбеті жүрегімізге соншалық басылмас еді. Суретке түсу мүмкіндігінің шектеулі дәуірінен жеткен осындай ескертшкіштер ұрпақтан-ұрпаққа бағалы мұра болып келеді. Не десеңіз де бұрын суреттердің қадірі бар еді, өйткені сирек болды.

Қазір мүмкіндік ұшан-теңіз. Кез келген үлкен-кіші, еркек-әйел, бала-шағаға дейін өзгені де, өзін де суретке баса береді. Баяғы біз секілді фотограф іздеп әуреге түспейді. Электронды техниканың жетілген кезі ғой, кімді, нені көрсеткісі келсе, қолындағы телефонымен түсіре береді. Жай түсіріп қоймайды, оны міндетті түрде интернетке  салып жариялайды. Не дейсің, бұл да мына заманның бір ермегі болды. Қызарғанға қызыға кететін желөкпе жастарды қойғанда ата сақалы аузына түскен ер-азаматтар да, сарықарын бәйбішелер де қайда барды, кіммен болды, не ішіп-жеді – бәрін бейнелеп, оны мақтанып көрсетіп жатады. Ешқандай үлгі болар мән-мағынасы жоқ, жеке адамның өзіне ғана тиесілі тірліктерінің жалпы жұртқа не қажеті бар екенін түсінбей-ақ қойдым. Бұған қарап мені суретке түспейді екен деп ойлап қалмаңыз, керісінше суретке көп түсетін адамның бірімін. Бірақ өзім түсірудің білмеймін, оны түсіретін телефон ұстамаймын, компьютеріңіздің тетігін басуды ұқпаймын. Кіші немерем Мадияр менің қарсылығыма қарамай компьютер пайдалануды үйретпекші болды. Жазу жазуға ыңғайлы әрі жеңіл болады дейді. Амал қанша, нашар шәкірт екенмін, миыма ештеңе қонбады. Ары-бері менімен айналысып бірдеңе түсіндірмек болған әрекетінен нәтиже шықпады. Әбден әуреленген немерем ақыр аяғында: «Әже-е-е, өзіңіз барып тұрған тормоз екенсіз ғой», – дегені бар. Шындығында, соны қажетсініп құнттамадым, үйренуге құлқым болмады. Жазатын дүниемді қағазға қолыммен түсіргенді ұнатамын.

Иә, сонымен, суретке көп түсемін дедім ғой, ол маған байланысты емес. Қасқыр айтыпты: «Осы елдің бәрі мені біледі, бірақ мен ешкімді танымаймын», – деп. Мен де сол секілді азды-көпті ел алдында жүрген адам болғандықтан суретке түсетіндер әр жерде алдымнан шығады. Көшеде келе жатсаң: «Зейнеп апай, сәлеметсіз бе! Сізді көргеніме қуанып тұрмын, сізбен суретке түсуге бола ма?» – деп қиылады келіп. Кеудесінен қалай итересің өтініп тұрса. Келісім бересің. Сыпайылап қасыңа тұрады, батылдаулары құшақтай алады. Облыстарға, аудандарға арнайы сапармен барғанда жағдайым тіпті өзгеріп кетеді. Екі сағат оқырмандармен кездесу өткізіп болған соң кем дегенде тағы бір сағат суретке түсем. Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Бұл аса бір көңілшек бостығымнан емес, мен олардың арасына айында тұрмақ жылда келер мүмкіндігім жоқ. Сол қарапайым адамдар естелік үшін ентелеп тұрады. Мен оларды танымаймын, кім екенін де білмеймін, алайда олар мені өздері ардақтаған батыр атаның келіні ретінде тәбәрік көріп сыйлап, құрмет көрсетіп тұр. Адамның бағасы үкіметтің жарлықпен беретін атақ-марапатымен өлшенбейді, халықтың бағалауымен өлшенеді. Абырой-атақты халық бергенде құны тым жоғары болмақ. Оны түсіну, өз дәрежесінде жауапкершілікпен ұстап тұру өзіңнің өреңе байланысты.

Бір жолы туысымыздың баласы үйленіп, келін түсіру тойына бардық. Тойда өнер көрсетуге атағы елге әйгілі әншіні де шақырған екен. Ауылдан келген ағайындар, әсіресе қыз-келіншектер онымен суретке түсуге құмартып, бірақ өздері бата алмай маған қолқа салды. Өзім ешкімнің меселін қайтармайтын кеңқолтық болғандықтан ба, ойымда ештеңе жоқ, әлгі өтініш айтушылардың төрт-бесеуін ертіп алып әншіге бармаймын ба… Атақты әнші қызым: «Отойдите от меня», – деп қасына жақындаған келіншекті итеріп жіберді. Сол жерде үлкен басыммен ұяттан өртене жаздадым, қақ маңдайымнан пергендей айтарға сөз таппадым. Әрине, суретке түсу-түспеу – әркімнің өз еркі, әйтсе де, мынандай дөкір мінез көрсетпеуі керек еді. Сонда беті қайтқандардың біреуі: «Сонша асқақтағаны несі? Халықтың қолпаштауымен атақты болған жоқ па, халық бағаламаса өнері кімге керек?» – деді. Қатардағы ауыл әйелінің сол сөзі есімнен кетпейді.

Өзім өз болып екі рет суретке түсуден бас тарттым. Біріншісінде, жақсы танысымның жалғыз баласы жол апатынан қайтыс болып, соған көңіл айтуға барғанда. Перзентінен айырылған ата-ананың көз жасы көл, қайғысында шек жоқ өте ауыр жағдай. Марқұмның жаназасының алдында, мәйітті соңғы рет үйінен шығарар ауыр сәтті күтіп тұрғанбыз. Әрқайсысымыздың иығымызды басқан салмақтан шөгіп кеткендей күйдеміз. Осы кезде екі қыз қасыма келіп сәлемдесіп: «Апай, сізбен суретке түсейікші», – демесі бар ма! Бұрқ еткен ашуымды тежей алмадым.

  • Торқалы тойда емес, топырақты өлім үстінде тұрмыз ғой, бір шаңырақ

қара жамылып ботадай боздап, бордай үгіліп жатқанда бұл нағылған санасыздық! Құртыңдар көздеріңді мына жерден!» – деп екі шөпжелкені қуып жібердім.

Екінші рет – бір кездесуден шығып келе жатқанда. Қара көйлек, қара орамалға тұмшаланған үш қыз алдымнан шықты да: «Апай, мұсылман қыздармен суретке түсіңізші», – деді. Егер солар: «Апай, сізбен суретке түсейікші», – десе, қазаққа жат мына ұсқындарын ұнатпасам да суретке түсер едім. «Мұсылман қыздар» деп өздерін ерекшелеп, басқалар мұсылман еместей мардымсығаны қытығыма тиді де: «Ойбой, айналайын, мен секілді кәпірмен суретке түсіп күнәһар болмаңдар», – деп жөніме кеттім.

Талғамай, таңдамай ниет білдірушілермен суретке түсуін түскенмен кейде көңіліме кірбің кіріп, тұманды ойлар санамды тұмшалайтын кез де бар. Біреу болмаса біреу менімен түскен суретін көрсетіп қандай аңыз жасайтынын қайдан білем?! Мұны негізсіз айтып отырғам жоқ. Бір қыз үйге телефон шалып амандасты да:

  • Апай, мазалағаныма кешіріңіз, Аймұратты таба алмай жүрмін, адресін

айтып беріңізші, – деді.

  • Аймұрат деген кім? Оның тұрақ-жайын неге мен білуім керек? – деп

таңғалдым.

  • Неге білмейсіз, сіздің туған жиеніңіз ғой, – деп енді қыз таңданды.
  • Қарағым, менің ондай жиенім де, жақыным да жоқ. Сен бірдеңені

шатастырып тұрсың.

  • Ештеңені шатастырғам жоқ, онымен түскен екі суретіңізді көрдім.
  • Айналайын, менімен көп адам суретке түседі, бірақ олардың

әрқайсысы үшін әлденеге жауап беруге міндетті емеспін, – деп енді ақтала бастадым.

  • Апай, жасырып тұрсыз, сізді құшақтап түскен суретін өз көзіммен

көрдім, – деп қызым өршеленіп қояр емес.

  • Әй, шырағым, мен үлкен апамын, баламдай, немеремдей жастар

құшақтап түсе береді.

  • Енді қайттім, енді қайттім, – деп қыз жылай бастады. Тікелей қатысым

болмаса да суретімнің белгілі дәрежеде әлдебір жағдайға себепкер болғанын ұққандаймын. Әлгі қызды не жұбата алмай, не Аймұрат деген сүмелекті білмейтініме сендіре алмай діңкем құрып, қара терге түстім. Осы бір көңілсіз жағдай есіме келсе, анау белгілі әншінің кеудеден итеретін әрекеті дұрыс па деп те қалам. Әйтсе де, көзі жәудіреп өтініш айтып тұрғандардың көңілін аттай алмайтын осалдығым бар екенін жасырып қайтейін.

Суретке байланысты кейде күлкілі жағдай да кездеседі. Айгүл Болатханқызы екеуміз өте жиі болмаса да театрға барып тұрамыз. Бір жолы Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» атты спектаклін көріп, залдан шыққанымызда еркек-әйел аралас бес-алты адам алдымыздан шығып амандасты да:

  • Апай, сізді сыртыңыздан көріп әдейі тосып тұрмыз. Алматыға

Атыраудан келген қонақтар едік. Сізбен суретке түсуге бола ма? Естелік болсын, елге ала кетейік, – деді.

Көңілдеріне рақмет! Суретке түсуге ризашылық білдірдім. Олар топталып та, жеке де түсіп, маған алғыстарын жаудырып жатыр. Еліктегіш халықпыз ғой, оларды көріп басқа жұрт та бірінен соң бірі келіп суретке түсе бастады. Сол арада екі қыз ай-шай жоқ рұқсат та сұрамай екі жағымнан қолтықтап тұра қалды, үшіншісі түсірді. Қасымда тұрған қыздың біреуі бетіме қарап:

  • Апай, сіздің аты-жөніңіз кім? – дегені.

Тілімді жұтып қойғандай бірден үн шығара алмадым. Қыздың жүзіне аңырайып қарап тұрып:

  • Айгүл, мына қыз не дейді? – деппін.

Дүрмекке ілесіп, әйтеуір, бір керегі болар дегендей ел қатарлы суретке түскен қыздардың бағасын беруді оқырманға еншіледім. Дегенмен күлкілі жағдай екені анық.

Ары айт та, бері айт, өз басым қағазға басылған, альбомда сақталған суреттерді ерекше бағалаймын. Алыстап кеткен дәуренімді еске алғанда, бейнесі көмескіленіп бара жатқан жақындарымды сағынғанда көне альбомды қолыма алып асықпай парақтаймын. Сонда өмірімнің әр кезеңі көз алдыма келеді, суреттер өзі сөйлейді. Немерелеріме әр суреттің тарихын, кімнің бейнеленіп тұрғанын әңгімелеймін. Осылай суреттердің өмірі ұзарып жалғаса береді, ұрпағым шаңырағымыздың өткен кезеңдерінен хабардар болып, алыс-жақынды біле жүреді, ұмытпайды. Ал қазіргі кездегі электронды суреттердің ондай қасиеті жоқ. Әрине, әдемілігі басым, жарқ-жұрқ қызығы көп, алайда жансыз техникаға сенім бар ма, бір сәтте бәрі өшіп жоқ болуы да мүмкін.

Сарғайса да қағазға басылған суреттердің жөні бөлек, өмірі ұзақ.

(Зейнеп Ахметованың таяуда жарық көретін «Тіршілік» атты кітабынан).

 

Бөлісу: