Қай халықтың болса да, оның ертеден келе жатқан өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүрлер сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы, бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық қазақтың қанына біткен қасиет. Бұл басқа халықтарда да кездеседі, бірақ әр халықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүрлеріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтырады.

Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар.  Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.

Ұлттық құндылықтармызды ақын-жазушыларымыздың еңбектерінен, көркем шығармаларынан, биографиялық шығармаларынан кездестіре аламыз.  Қазақта түрлі ырым-жоралғы, ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз жеткілікті. Соның бірі алғашқы қауымдық қоғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Мұның бір дәлелі ретінде «Тарихи жазбаларда» ғұндардың Левират ғұрпы туралы былай делінген: «Әкесі мен ағалары өлсе тұқым құрымасын деп олардың әйелін өздеріне алады, сондықтан ғұндарда қан араласу болса да, тұқым құрымайды» [1, 58б]. Бұл әдеттер тек қазақ халқына емес, сонымен бірге көптеген түрік тілдес халықтар мен монғол халықтарына да тән.

Енді әмеңгерлік әдеттің қазақ халқында қалай сақталып, қандай жағдайларда қалай орындалып келгендігіне біраз тоқталайық. Қазақта «Аға өлсе — жеңге мұра, іні өлсе — келін мұра» деген мақалға айналған нақыл бар. Мұның негізгі мәні күйеу өлген жеңгені ағасының мұрагері есебінде қайнысы алады немесе күйеуі өлген келінін қайнағасы алады деген сөз. Мұра есебінде тек әйел ғана емес, онымен бірге бала-шағасы, мал-мүлкі де өлген адамның ең жақын мұрагеріне тиеді. Ағалы-інілі адамдар бірінің баласын бірі әрдайым балам дейді. Әсіресе, ағасына інісінің баласы тек қана бала қатарында болса, інісіне ағасының баласы іні қатарыңда болады. Сондықтан, әкесі өлген жас балаларға жетімдік керсетпеу үшін, әсіресе, олардың жас шешесі бөтен елге кетіп, мал-мүлікті бөтенге олжа, жас балаларды жат бауыр етпеу үшін жесірді ешқайда жібермей, жақын әмеңгері иемденуге тырысатын. Жесір әйелге күйеуінің барлық туыстары әмеңгер болып есептеледі. Бірақ олардың құқы туыстық жақындығына байланысты болады. Ең алдымен, күйеуінің бірге туған аға, інісі ағасының баласы, немере, шебере туыстары, одан қала берді аталас жақындарының жесірге иелік етуге әмеңгерлік қақы болады. Мұның өзі қалыңмал төленіп алынған әйел тек өзінің күйеуінің ғана емес, онымен бірге барлық туыстарының, тіпті рулы елдің иелігіне көшетіндігінің анық айғағы болып табылады.

Күйеуі өлген жесір әйелді әмеңгерлікпен алудың толып жатқан тәртібі бар. Әмеңгерлік — күйеуі өлген әйелдердің барлығына бірдей жүреді. Бірақ әр түрлі жағдайларға байланысты бұл әдетті бірде пайдаланса, екінші жағдайда оны пайдаланбайды. Бұл мәселеге үңіле қарап, оның сыр-сипаты мен мәнін тереңірек талдасақ, қазақ арасына кеңінен тараған әмеңгерлік әдеттің қандай жағдайға байланысты қалай орындалатындығын дұрыс түсінуге болады [2, 154б]. Сондықтан төңкеріске дейінгі әлеуметтік құқық мәселесі туралы қалам тартқан авторлар пікірлеріне біраз тоқталайық.

Бізде бар әдеби деректерге қарағанда, қазақ арасында әмеңгерлік әдеттің болғандығы туралы ең алғашқы мәліметті қапитан И.Андреевтің еңбегінен кездестіреміз. Онда «Өлген күйеуінің жылын өткізген соң, әйел күйеуінің бірге туған аға-інілерінің біріне немесе басқа жақын туыстарына тұрмысқа шығады» делінген. Бұдан гөрі толығырақ деректі 1824 ж. қазақтың әдеттік құқы жайында Омбының уақытша комитеті жинаған материалдардан да кездестіруге болады. Бұл құжатта баласыз қалған жесір, ең алдымен, күйеуінің ағасына тұрмысқа шығуы керек. Ал жесір қайнысына шыққысы келсе, оған қарсылық жасалмайды, бірақ жеңге алған інісі ағасына жолы деп 9 бас мал беретін болған. Жесір тұрмысқа шыққысы келмесе, оған ешкім зорлық жасамайды. Бірақ бөтен біреумен байланыспауын қатал бақылайды. Сонда да жесір басқа біреуге тұрмысқа шыққысы келсе, оған тыйым салмағанмен, мал-мүліктен ештеңе бермеумен ғана шектелмей, оның тиетін күйеуінен толық қалыңмал алады [3, 42б].

Баласыз қалған жесірдің күйеуінің туған немере, шөбере туыстарына өз еркімен шығатындығын және мұңдай әмеңгерлер болмаған күнде бөтен біреуге шығуына да қарсылықтың болмайтынын 1846 ж. Кіші жүз ішінен этнографиялық деректер жинаған ұлық Д.Аңдре баян еткен. XIX ғ ортасыңда Кіші жүз қазақтарының арасындағы әмеңгерлік құқық жайындағы деректерде жесір әйел, ең алдымен, күйеуімен егіз туған сыңарына шығуға міңдетті де, оңдай болмаған күңде жоғарыдағыдай туыстық жақындығына қарай шығатындығын ФЛазаревский келтірген. Сондай-ақ, қазақтың әмеңгерлік құқы туралы егжей-тегжейлі деректерді Л.Баллюзек,  П.Е.Маковецкий И.Аничковтың еңбектеріннен де табамыз.

Балалары ер жетіп қалған жесір әйел бұдан былай тұрмысқа шықпай, өлген күйеуінің түтінін түтетіп, балаларын бағып отырам десе, оған ешбір әмеңгер өктемдік ете алмайтын. Қайта ел болып рахметін айтып, барлық туыстары мүмкіндігінше қамқорлық көрсететін.

Әмеңгерлік әдетімен ерге шыққан әйелдер көпшілік жағдайда жаңа күйеуінің екінші не үшінші әйелі болатын. Сондықтан оларды еркімен көндірген күннің өзінде экономикалық және моральдық жағынан туып отырған қиын жағдайдың күшімен, толассыз үгіт, алдау-арбаудың ықпалымен көндіретін. Біреу баласын қимаса, енді біреуі мал-мүлкін, түскен жерін қимайтын, немесе өз бетімен басқа жол таппай, жылай-жылай айтқанға көніп, күндесінің күңі болуға өз тағдырын душар ететін. Мұндай жағдай көбінесе ауқатты шаруалар мен байлар арасында кездесетін.

Осы тұста ерекше назар аударарлық нәрсе әмеңгерлік (левират) ғұрпы ұлтымыздың қаймақтары саналатын талай тарланбоздардың тағдырына да тікелей қатысты. Деректерге жүгінсек, Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қаза болған соң, оның атастырған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Тарқатып айтсақ, інісі жастай бақилық болып, Ұлжан «қыздай жесір» қалыпты. Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі қылып, текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа келіндей алған. Осы некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі де інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген.

«Қыз Жібек» жырында да әмеңгерлік ғұрпының көрінісін көреміз. Жасынан өнер қонған ерекше қабілетті дарын иесі, қазақтың күйші қызы Дина Нұрпейісовада 19 жасқа толғанда Нұрпейіс Мақатұлына тұрмысқа шығады. Сол жылдары құжат аларда оның фамилиясы Нұрпейісова болып тіркеліп кетеді. Қазақтың дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін өз тегі ретінде күйеуінің атын жаздырған екен. 1885 жылы Динаның аяғы ауыр кезде Нұрпейіс дүниеден өтті. Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша ол күйеуінің кіші інісі Нұралыға тұрмысқа шыққан [ 4, 112б].

Бұрындары әмеңгерліктен бас тартқандар сирек десек, бүгінде оған келісетіндер кездеспейді. Содан да болар, бұл дәстүрдің қоғамдағы орны ойсырап тұр. Есесіне, әкесіз жетімдер мен өгейдің қорлығын көргендер еселенуде. Қазіргі уақытта әмеңгерлік кешегі тарихтың бір жұрнағы ғана болып, заман ағымына сай жалғасын үзген. Бірақ та бабаларымыз жесірі мен жетімін жылатпаған халық болғандықтан осындай салт-дәстүрдің болғанын біліп жүргеніміз абзал.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Бичурин Н. Я. (Иакинф) Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – М-Л., 1950. – Т.3. – М-Л., 1953. –­ 254 с. –T.1-2.
  2. Арғынбаев. Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2005. ­ – 216 б.
  3. Қазақы неке: (Салт-дәстүр жөніндегі жазбалар) / Орыс тілінен ауд. Б.Қожабекова. – Алматы: Жалын, 1994. – 64 б.
  4. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Құраст. Б.Ж.Жүсіпова. – Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2007. – 160 б.

Ә.М.ТАСТАНОВА,  Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының тарихшы маманы.

Шымкент қаласы.

Бөлісу: