Педагогика саласында 40 жыл үздіксіз еңбек еткен жылдарымда айналамнан зиялы, парасатты ұстаздарды көптеп кездестірдім! ЖАҚСЫ АДАМДАР- МЕНІҢ КЕШЕГІ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ЗАМАНДАСТАРЫМ!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары… 1995 жыл, тамыз айының соңы. Алматы қаласындағы №58 орыс мектебінен қазақ сыныптары ашылып, алғашқы қоңырауға қызу дайындықтамыз. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып АХМЕТОВА МӘДЕНИЕТ МЕДЕУХАНҚЫЗЫ, қазақ сыныптарының тәрбие ісі бойынша директордың орынбасарлығына мен бекітілдім. Жаңа ашылған мектептің алғашқы ұйымдастыру кезеңі, оқу жылының оқу- тәрбие жоспарын жасау, жұмыс өте көп.
Әрине, осы уақытқа дейін орыс орта мектебі болып келген ұжымға аяқасты қазақ сыныптарының ашылуы ұнай қоймағаны белгілі, соған орай әртүрлі «қолайсыз» жағдайлар жиі туындап кететін еді. Мектеп директоры Ғалия Жүнісхановамен ақылдаса отырып, Мәдениет Медеуханқызы екеуіміз оқу- тәрбие жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі мен орыс- қазақ сыныптары арасында өзара сыйластықты қамтамасыз ете отырып, оқушылардың достық қарым- қатынасын реттеу барысында біраз «тер» төгіп, уақытпен санаспай жұмыстар жүргіздік.

Мәдениет өз ісін терең меңгерген, жаңашыл, алға қойған мақсатына жететін, бойында алғырлығы басым мұғалім екен. Мектепке ерте келіп, кеш қайтамыз, ертеңгі атқаратын жұмысты реттеп, әр аптада өткізетін тәрбиелік іс- шараларды жоспарлаймыз. Екеуіміз құрдаспыз, ойымыз өзара үйлесім тауып, бір- бірімізді толықтырып, жаңа ашылған мектеп ұжымын татулық пен ынтымақтастыққа бағыттап, әр мұғалімге құрмет көрсету арқылы жақсы нәтижемен оқу жылын аяқтадық.
Келесі жылы Мәдениет Медеуханқызы туған жері Шығыс Қазақстан облысына жауапты қызметке шақырылып, мен үйіме жақын Қ.А. Яссауи атындағы мектеп- гимназиясына ауыстым.

Тиянақты еңбек ете отырып, сыйлас құрбы, мүдделес педагогтар болдық. Жастары қатар балаларымыздың оқуларына да көңіл бөліп, сырласатын едік.
Біздерден үлгі алған қыздарымыз білім саласына бейім болды. Бүгінде Мәкеңнің қызы Джумартова Данара Мейранбекқызы Нұр- Сұлтан қаласындағы № 49-шы орта мектебінің директоры. Іскер, жаңашыл басшы Данара Мейранбекқызының еңбегіне табыс тілеймін! Менің қызым Салтанат Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінде, Стратегиялық жоспарлау басқармасында жауапты қызмет атқарып, сол кезде Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Мәдениет Медеуханқызымен тікелей әріптестік байланыс орнатып, хабарласып тұрды.
Шығыс Қазақстан облысы Жарма, Көкпекті аудандарының білім бөлімінің басшысы болып, еңбек еткен жылдары Мәдениет Медеуханқызы ауданда педагог мамандардың тұрақталуы мен білім сапасының нәтижелі болуына үлкен үлес қосып, шебер ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.

Кейіннен Өскемен қаласы Білім бөлімі мен Шығыс Қазақстан облысы Білім Басқармасының басшысы, Атырау облыстық Білім саласын бақылау Департаментінің басшысы қызметтерінде де Мәдениет Медеуханқызы сол аймақтың білім саласының дамуы мен сапасына көңіл бөліп, өзін озық ойлы, білікті, принципшіл басшы ретінде танытып, соңынан ерген жастарға үлгі- өнеге көрсетіп, шәкірт тәрбиеледі. Бүгінгі күні сыйлас әріптесім, замандасымның ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көруіне тілектеспін!
Менің жерлесім, табиғаты көркем, «Жетісудың інжу- маржаны» атанған көрікті Көлсайдың етегінде орналасқан Алматы облысы, Кеген ауданы «Алғабас» ауылының тумасы ИГЕНБАЕВА БИЖАН ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ алғашқы еңбек жолын №62 мектеп- гимназиясынан бастап, Республикалық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесінде, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Республикалық «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметтерін атқарды.

Бижан Құрманғалиқызы педагогика ғылымдарының кандидаты, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Әліппе» оқулығының авторы», «Адамгершілік сабақтары» оқу- әдістемелік кешендерінің, «Даналық әліппесі» интеллектуалды электронды оқу- тәрбие құралының авторы.
«Қажырлы қайрат пен нәтижеге негізделген тынымсыз еңбектің арқасында еңбек нәтижесі көрінеді» деген пікір Бижан Құрманғалиқызына арналғандай!
Сұлу табиғаттан нәр алып, бойына әдемілікті сіңірген Бижан өзінің зерттейтін тақырыбын да «Жас өренге адамгершілік құндылықтарды меңгерту» тақырыбымен байланыстырды! Бүгінгі таңда шығармашылық еңбектің шыңына жеткен Бижанға табыс тілеймін!

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №123 Қ.А.Яссауи атындағы мектеп- гимназиясында

1996- 2011жылдары жұмыс істеген уақытым- ұстаздық еңбегімнің ең сәулелі кезеңдері болды! Менің ерекше есіме алатын замандастарым, осы оқу орнының директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері АШИМБАЕВА БАҒИЛА МӘСІМАҚЫНҚЫЗЫ мен сол кездегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бүгінгі ғалым, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің доценті, өнер және мәдениет факультетінің деканы ҚОҢЫРБАЕВА САРАШ САХИҚЫЗЫ туралы жүрегіме жылы, әдемі естеліктер сақталған. Сараш Сахиқызы- айналасына мейірім шуағын шашқан, көпшіл, шебер ұйымдастырушы. Әр мұғалімнің жүрегіне жол тауып, шығармашылығына бағыт беріп, қанаттандырып, қолдау жасау- Сараштың бойындағы адами асыл қасиеттері! «Роза апай, сіздің таным мен талғамыңыз- ұлттық педагогика! Сіз сол салаға жаратылғансыз!» деген сөздерінен «қуат» алып, жаныма жақын ұлттық педагогика саласы- менің еңбегіме бағдар беретін ТЕМІРҚАЗЫҒЫМ болды!
2003 жылы Ыбрай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының басшылығымен Бағила, Сараш үшеуіміз «БӨБЕК» ғылыми-зерттеу орталығында қазақ мектептеріне арналған алғашқы өзін- өзі тану оқулығын жазу- құрастыру тобында шығармашылықпен айналысып, оқулық жазу жұмысына қатыстық.
Ұлттық педагогика саласында нәтижелі еңбек еттім. Ұстаз ретінде еңбегім бағаланды. Бойы толған ізгілік пен айналасына жақсылық нұрын төккен Сараш пен білікті, жаңашыл басшы Бағила замандастарыммен бірге еңбек еткеніме қуанамын!
2011-жыл, АСТАНА қаласына қоныс аудардым… Бөтен қала… Бөтен аймақ… Жұмысқа орналасу үшін Әлкей Марғұлан атындағы №40-мектепке барғанымда, ЕРБОЛ ІСЛӘМҰЛЫ, жылы шыраймен, құрметпен қарсы алдыңыз! Көрші мектептерде еңбек еттік.

Он жылдан бері Сіз тарапынан құрмет көріп, өзара сыйластық қарым- қатынастамыз. Әр кез «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі!» деген ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің сөзін басшылыққа алған, ІРГЕБАЙ ЕРБОЛ ІСЛӘМҰЛЫ, еңбегіңіз табысты болсын! Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы- Нұр- Сұлтан қаласының білім саласының дамуы мен педагог мамандардың тұрақталуына Сіздің қосқан үлесіңіз шексіз! Астанада өзіңіз басшылықта болып, негізін қалаған оқушылар сарайы мен басқарған мектептеріңізде атқарған еңбегіңіз айрықша айтылып, есіміңіз құрметпен аталады! Жас мұғалімдерге ұстаз- тәлімгер болдыңыз! Білімді педагог, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ мен МЫҚТЫ КӨШБАСШЫ деп таныдым, сізді, құрметті Ербол Ісләмұлы! Азаматтық тұлғаңыз көпке үлгі болсын!

МЕНІҢ МЕКТЕБІМ – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ!

Нұр-Сұлтан қаласы №68 Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп- гимназиясында білім беруді ұлттық құндылықтар негізінде іске асырып, нәтижелі еңбектің озық үлгісін көрсеткен ұстаздарымыздың бірегейі- тарих пәнінің мұғалімі САБАНБАЕВА ЖАНАР МҰХАМЕТБАЙҚЫЗЫ. Үздіксіз іздену мен тиянақты еңбектің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «2018 жылдың үздік педагогы» атағының иегері атанып, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы болды. «Киелі менің- Атамекенім» жобасының авторы. Ел келешегі- жастарға сапалы білім мен тәрбие беруде Жанардың еңбегі еленіп, құрметке ие болуы- біз үшін қуаныш!
Тарих пәнін оқытуда алаш рухымен қуаттанған, жаңашыл педагог КАРБОЗ НАҒАШЫБЕРГЕН ЕРДЕНҰЛЫНЫҢ жетістігі- ұжымның қуанышы! Мұғалімнің субъективті музей істері ретінде «Ұлы даланың мұрагерлері» эксперименттік- тәжірибелік алаң жұмысы республика көлемінде көрсетіліп, іс- тәжірибесі таратылған. «Үздік педагог- 2019» республикалық конкурсының Нұр- Сұлтан қалалық «Жаңашыл педагог» номинациясының иегері атанып, оқушыларға тарих пәнінің кәсіби құзіреттілігін жоғары деңгейде танытып, білім берген педагог 2020 жылдың 17 қыркүйегі күні «Педагог мәртебесі» Заңына сәйкес Нұр- Сұлтан қаласы әкімдігінің «Құрметті педагогы» төсбелгісінің иегері атанып, мемлекеттік грантты жеңіп алды. Нағашыберген, айналайын, ұстаздық еңбегіңіздің бағасы биіктен көрінсін!
Күрмеуі күрделі білім беру үдерісіне бей- жай қарамай, «Бүгінгі мұғалім заман талабына сай белсенді, ізденімпаз, барынша икемді болуы керек. Қай пәннің болмасын негізгі мақсаты- баланың ой- қиялына ерік беру, арманына қанат бітіру!» деген берік ұстаныммен еңбек етіп, 2500 оқушының қамқоршысы, 135 мұғалімнің басшысы, №68 Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп- гимназиясының директоры БАЯХМЕТБАЕВА КҮНІМБАЛА ІЗТӨЛЕУҚЫЗЫ, Сізге және директордың оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары МОЛДАХАНОВА АЛТЫНАЙ САЙЛАУҚЫЗЫНА, әрдайым білім көшін ұлттық құндылықтар негізінде алға сүйреп, табысты еңбек етуімізге мүмкіндік туғызып, бағыт бергендеріңізге рақмет айтамын! Алаш рухымен қуаттанған, білікті мұғалімдер еңбек ететін мектепте, Сіздермен бірге болғаныма қуанамын!
Мектебіміздің педагог- ұйымдастырушысы, республикалық «Алаш ұстанымы» төсбелгісінің иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, қазақ тілі пәнінің мұғалімі,жас ақын ӨМІРБЕК БЕКМҰРАТТЫҢ өлеңімен ойымды аяқтай отырып, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!

Ұстаз деген- мамандық абыройлы,
Даналық нұрын төккен ақыл-ойы.
Қоңыраудың күмбірін естігенде
Ұмытпайық, ұлы ұстаз Ыбырайды!

Ұстаздың күні- күміс, айы- алтын,
Бала үшін уақытын аямайтын.
Мұғалім ғой екінші бұл өмірде
Мәңгілікке анаңдай аялайтын!

Есенбаева Роза, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Нұр- Сұлтан қаласы.

Бөлісу: