Нұржан Темірханов: Жол – экономиканың күретамыры

1364

Әлем елдері үшін экономиканың басты күре тамыры – жолдар. Тақтайдай тегіс жолдардың арқасында адамдар діттен жеріне жетсе, мемлекеттер жүк тасымалын реттей алып жатыр. Оған туризм әлеуметін де қоссақ артық емес. Бір сөзбен айтар болсақ, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген салалары дами түсетіні ақиқат. Қазақ «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп, ел таны» дейді. Бұрынғы бабаларымыз аттың қомында желіп жүрсе, бүгінгілер темір тұлпар тізгіндеп, жол рақатын сезіп келеді.

Әсіресе соңғы жылдары елімізде автомобиль жолдарының құрылысы қарқын алып, оның сапасын арттыру мәселесіде шешімін тауып келеді. Үкімет жол сапасын жақсарту мақсатында қыруар қаражат бөліп, стратегиялық жоспарлар да жасауда. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Облыстық Жол зертханасы РММ-ны қайта құру жолымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК құрылды. Жол тақырыбындағы күрмеулі мәселелерді шешіп, сонымен қатар жол сапасын қатаң бақылайтын органның әр өңірде филиалдарын ашты. Осы орайда «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Нұржан Темірханов ағамызбен еліміздің автомобиль жолдарының әлеуметі,  Елорда көшелеріндегі жол мәселелері төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Нұржан Самиғоллаұлы,  Елорда көшелерінің жол мәселелеріне тоқталмас бұрын, еліміздегі автомобиль жолдарының тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында автокөлік жолын салу жұмыстары қалай жүрді. Алғашқы ақылы жолдар мен транзиттік жолдардың ел экономикасына әсері қандай болды. Еліміздегі басты бағыттағы жолдар қандай.

–  Жоғарыда өзің айтқандай, жол инфрақұрылымы экономиканың күре тамыры болып табылады. Сондықтан тәуелсіздік алған тұстан бастап, жол саласына үлкен мән берілді. Біздің еліміз жер көлемі бойынша әлемде ондыққа кіретін мемлекет. Сондықтан осыншама территорияда барлық аймақты қамтық жол салу алғашында қиын болды. Тәуелсіздік алғашқы жылында Қазақстанда мемлекеттік маңызы бар, ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын «Алматы-Астана» тас жолын күрделі жөндеуден өткізді. Сол жылдардағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, елдегі жол құрылысы саласы жұмысын тоқтатпады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысымен 2001 жылы автомобиль жолдары жылы болып бекітілді. Сол жылы елімізде автомобиль жолдарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жол мәселесінің шешілуі жаман болмады деп айта аламыз. Бірнеше маңызды жобалар шешімін тапты. Ел экономикасына тың серпін берген ірі жобалардың бірі – «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі болы. Бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдайтын басты жол және ең қысқа бағытқа негізделген. Бұл көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 8 445 километр болса, оның 2 787 шақырымы біздің елге тиесілі.  Жол дәлізі еліміздің Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарын қамтиды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін алғаш салу идеясы 2008 жылы 6 ақпандағы Қазақстанның сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың жолдауында бекітілді.

Еліміз соңғы жылдары ақылы жолдардың санын арттырды. Ең алғаш ақылы болған Астана – Бурабай тас жолы. Кейіннен Нұр-Сұлтан-Қарағанды, Нұр-Сұлтан-Павлодар жолдары да қосылды.

Еліміздегі басты жолдар қатарына «Батыс Қытай – Батыс Еуропа»,  «Нұр-Сұлтан – Алматы», «Нұр-Сұлтан – Өскемен»,  «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Нұр-Сұлтан – Қарағанды», «Нұр-Сұлтан – Ақтөбе – Атырау , «Алматы-Өскемен», «Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда» және «Атырау-Астрахань» жолдары жатады. Бұл жолдардың барлығы тәуелсіздік алған жылдардан қайта салынған жол санаттарына жатады.

– Еліміздегі автомобиль жолдары туралы жақсы айтып өттіңіз. Енді өзіңіз басшылық жасап отырған мекеменің жұмысы туралы, сондай-ақ мекеме басшысы, қарапайым тұрғын ретінде елорда жолдарының сапасын қалай бағалар едіңіз?

– Нұр-Сұлтан қаласында жалпы айтқанда жолдардың сапасы жақсы деп айтар едім. Алайда кем-кетік жерлер де жоқ емес. Ол әсіресе жеке сектордағы көшелерде байқалады. Мысалы орташа жөндеу жұмыстары әр үш жыл сайын орындалып отырады, сол сияқты жөндеу жұмыстарының және басқада жұмыстардың өз мерзімі бар. Біз осы соңғы жылда кәсіпорын құрылғалы бері Елордамыздың жолдарының сапалы болып салынуымен жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды мықтап қолға алдық.

Жуырда «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесімен, техникалық қадағалаушы мердігерлік ұйыммен, мердігерлік ұйымдармен және суб мердігерлі ұйымдармен, асфальт-бетон зауыттарымен жалпы соммасы 85 млн. теңгеге келісім-шартқа отырдық. Ол шартта күнделікті салынып жатқан қала көшелеріндегі құрылыс, қайта салу, жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарында пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарымен орындалып жатқан жұмыстарды бақылауға яғни жол сапасын жедел бақылауды жүргізу бойынша қызметтерге тапсырыс берілді.

– Жол саласына қомақты инвестиция салынуда. Дегенмен елімізде салынған жолдардың көп уақыт өтбей бүлінуі БАҚ бетінде көп айтылады. Нұр-Сұлтан қаласында да кейбір жолдар жылда жөнделі? Тұрғындар тарапынан наразылықтар да бар.

– Рас, ондай проблема жоқ емес, бар. Жол салу ісінде мердігер кәсіпорындардан біз нормалық құжаттардың талаптарына сәйкес және жоба бойынша бекітілген талаптарды сұраймыз. Болмаған жағдайда, қандайда бір сәйкес келмейтін жайттар бойынша тиісті «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мекемесімен, тиісті мекемелерге шығыс хат пен сынақ хаттамаларымызды жіберіп, нормалық және жобалық талапқа сай қайта жөнделуін біздің тарапымыздан қадағалап, орындалуын талап етеміз. Себебі болашақта салынған жолдың халыққа ұзақ жыл қызмет етуі маңызды. Сондықтан мердігер кәсіпорындар бізге үрке қарамай, керісінше бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Себебі, жыл сайын қазынадан қаражат бөліне бермейді. Яғни берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сапалы, біраз жылға қызмет ететін жолдардың дұрыс салынуын талап етудеміз.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері жиі тіркелетін жол саласында ақпарат ашықтығы қаражаттың қайда, қалай кеткені жабулы күйінде қалады. Бұл ақпарат мердігер ұйым мен әкімдік арасында ғана қалып қояды. Сондықтан «ақша бөлінгенімен жолдың сапасы сын көтермейді» деген қара бояуы қалыңдау пікірдің тууы заңды.

– Егер жол құрылысы кезінде ақау табылса, сіздер не істейсіздер? Жауапты мекемені жазаға тартуға бола ма?

– Мекеме заманауи зертханамен қамтылған. Жылжымалы зертханамыз, өз ісін білетін, сараптама жасайтын білімді мамандарымыз бар. Санаулы уақытта материалдың нәтижесін шығарып береді. Егер жол құрылысы кезінде ақау табылса, жауапты мекеме ескертіледі. Сапасыз материалды қолданыстан алып тастауға әрекет жасаймыз. 

– Ұлттық сапа орталығының құрылғанына бір жыл толды. Қанша маман жұмыс істейді? Кадр жетіспеушілігі бар ма? Егер болса оны қалай шешіп жатырсыздар? 

Бір жылдың ішінде атқарылған істер аз емес. Шынын айту керек, бастапқыда бізден жатырқап, мекеме жұмысының алға басарына күмәнмен қарағандар болды. Ондайда не істемек керек? Іспен дәлелдеп, жаңа идеялар тауып, жұмысты ширату керек болды. Біз ол асудан сүрінбей өттік- деп айта алам.

Біздің филиал 2019-20 жылдар аралығында шамамен 165 рет тексеруге шықты. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 336 сынама үлгісі алынып, 64 данасының талапқа сай еместігі анықталды. Яғни асфальт салатындар сіз бен біз жүретін жолға сапасыз материал пайдаланған. Мердігерлерге 66 рет ескерту жасадық. Жалпы жол саласында кадр мәселесі өзекті. Біздің мамандар карантинге дейін қаладағы бірнеше мектепке барып, жол саласы мамандығын насихаттады. Нәтижесі де жақсы болды. Көптеген түлектер қызығушылық танытып, болашақтарын осы салаға бұрғысы келетіндерін айтты. Қазір біздің мекеме жаздағы демалыста студенттерді ақылы жұмысқа шақыруда. Бұл бір жағынан жастарға қаржылай көмек, екінші жағынан «жолшы»- деген мамандықты таңдауға септігін тигізеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Алтынбек Құмырзақ

 

 

Бөлісу: