Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициясы аясында Өзбекстанның Наманган қаласынан Түркі әлемінде ислам дінінің кең таралуына ерекше леп берген әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған мөр табылды.
Бұл туралы Наманган делегациясының құрамында болған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметкері Мәдина Сабыр айтып өтті.
Ахмет Ясауидің тарихына қатысты құнды мұралар Ясауидің ұрпағы, ғұлама ғалым Ибрахимжан Шарифхужаев қажының қолында сақталған. 98 жастағы Ибрахимжан ақсақал – Түркістан қаласының тумасы. Ахмет Ясауи кесенесінің жанында өмір сүріпті. Діни сенімдерге қарсы атеистік көзқарас дендеген кезеңде Түркістан қаласынан да көптеген тақуа жан қудалауға түсіп, кітаптары өртеліп, қиын кезеңдерді бастан өткерген екен. Бұл зобалаң Ахмет Ясауи ұрпақтарына қатты соққы болған. Сол себепті әкесінен ерте айырылған Ибрахимжан қария 10 жасында анасы екеуі бас сауғалап, Наманганға тығылыпты. Ата-бабаларынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Насабнама мен мөрді сақтап қалу үшін Наманган жерінде де көп қиындық көрдік деп еске алады қария.
«Әкем Түркістанда жерленді. Анам болса Наманганда жатыр. Бізге бұл жақта да оңай болған жоқ. Атадан балаға мұра болып келе жатқан аманатты сақтап қалу анам екеуміздің басты парызымыз болды. Қараңғы сәттерде жасырынып жүріп, насабнаманы арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көмдік. Жер астында көп жатқандықтан, Насабнаманың кейбір жерінің бояуы өзгеріп, шіри бастады. Көзімнің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жерге табыстауды армандап жүрген едім»,– деді Ибрахимжан қажы.
Наманганнан табылған Насабнама нұсқасы шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы – 2,5 метр. Мұраның қай ғасырға тиесілі екені әзірге белгісіз. Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан Насабнамада жазылған деректерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Наманганның ғана емес, бүкіл республика жұртының құрметіне бөленген ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызынан тараған ұрпақ үлкен әулетке айналған екен.
«Ұл-қыздарым Қожа Ахмет Ясауи ұрпақтарынан болғанын қуанышпен айтады. Үлкен ұлым діни ілімді меңгеріп, зерттеу жұмыстары бойынша менің жолымды жалғастырды», – дейді қария.
Қажы өз үйінің бір бөлмесінен Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашыпты. Мұражайға Ясауидің шежіресіне қатысты Насабнаманың көшірмесі мен мөрін және Түркістанға қатысты суреттер мен кітаптар қойған.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректер мен мұраларды жан-жақты зерттеу, іздеу, ұрпаққа аманаттау мақсатында қолға алынған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициялық жобасы Ташкент қаласында жалғасады», – дейді Мәдина Сабыр.
Назгүл НАЗАРБЕК
aikyn.kz