Нарынқұмда туған нар тұлға еді

82

«Дәстүр» этнографиялық журналының нағыз жанашыры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Гуманитарлық және Ұлттық Академияларының академигі, Қазақстан, Өзбекстан Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер, абыз ақсақал Уахит аға Шәлекенов 96 жасында дүниеден өтті деген суық хабар жетті. Аяулы ағатайым-ай, міне, қазақ деген осындай болады деп дүниеге көрсетсең ұялмайтын асыл азамат еді. Ұлт жанашыры, ел мен жерді сүюдің озық үлгісін сөзімен ғана емес, ісімен, жүріп өткен өмір жолымен де көрсеті. Қазақтың ертеңіне қатты алаңдап кетті. Тарихымызды түгелдеп, ұлттық этнографиямызға дара жол салды. Қаршадайынан көрмегені жоқ. Сәл хабарсыз кетсең іздей бастайтын. Ақыл- кеңесін үздіксіз айтып отыратын біздің жанашырымыз еді. Қайран, ағатайым, Алматының күзден қысқа ұласар аспаны да Сізді жоқтап тұр. Талай-талай сырласқан, сәби кезіңізден бастап бастан кешкеніңізді өзіңізден естігенімді «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты 4 томдық кітабымның екінші томына шығарған тұсаукесердегі айтқан сөздеріңіз әлі көңілімде сайрап тұр.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Гуманитарлық және Ұлттық Академияларының академигі, Қазақстан мен Қарақалпақстан Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер Уахит Хамзаұлы Шәлекенов қазақ этнография ғылымына алғаш түрен салған ірі ғалым. Осындай ғалымдардың бастауымен республикалық ғылым академиясының құрамында және тарих институттары мен жоғары оқу орындарында этнография бөлімдері ғылыми жұмыстар жүргізуді мықтап қолға алды. Ірі университеттерде этнография кафедралары ашылып, жоғары білімді мамандар дайындап, ғылыми зерттеулер жүргізу ісі кеңінен өрістеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде археология, этнография кафедрасы ашылған уақытта Уахит Шәлекенов сынды ірі мамандар шақырылып, ғылыми жұмыстармен айналысуына мол мүмкіндіктер туғызылып, барлық жағдай жасалды. Еліміздегі белгілі археологтар мен этнографтардың басым көпшілігі осы университтеттің түлектері екенін атап айтқанымыз жөн.
Профессор Уахит Шәлекеновтың өмірбаяны XX ғасырдағы қазақ халқының тарихымен тамырласып, сабақтасып, астасып жатыр. Еліміз басынан кешірген зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін, Совет үкіметі жүргізген ұжымдастыру саясатының зардабы мен залалы, аштық, соғыс, қысқасы, сол заманғы зобалаң мен қайғы-қасірет атаулының бәрі оның әулетін айналып өткен жоқ. Яғни, ғалым өмірінен ел тарихының шындық шежіресі де қоса тарқатылады.
Нарынқұмда туып-өсіп, жастық шағы Қарақалпақстанда өткен, Мәскеуде аспирантурада оқып, Өзбекстанда ғылым докторлығын қорғаған Уахит ағамыз кемеліне келген шағында туған еліне қызмет ету мақсатымен 1970 жылы тарихи отанына қоныс аударған. Мұның бәрі сол кезеңдегі қазақ өмірінің боямасыз шындығы, көркем айнасы десе де болады.
Ғалымның ғылымға адал берілген ақ жүрегінен қазақ ұлтына тән менталитетті, сана-сезімді, ынта-ықыласты айнытпай байқап, аузынан шыққан әрбір сөзін, салиқалы ой-пікірін келешек ұрпаққа қаз қалпында жеткізу үшін жазып алып, көпшіліктің назарына ұсынуға ерекше құлшыныспен кірістік. Уахит аға көзі көрген ұлағатты ұстаздары туралы айтқанда сол кісілермен қатар жүргендей әсерге бөлендік, зерттеу жұмыстарын жүргізген архелогиялық нысандарды көзбен көргендей, ғылыми экспедицияларда бірге болғандай сезім күйін кештік. Сөздің құдіреті дегеніміз де осы шығар.
Ғалымның туысқан қарақалпақ еліндегі еңбегі жанып, «Казахи низовьев Амударьи» монографиясы жарық көрді. Бұнда адамзат тарихындағы алғашқы пайғамбарлардың бірі – Заратуштра және оның отаны, «Авеста» кітабы, арийлік өркениет, Шыңғысхан жайында, ұлы хан құрған империядан соң халық болып қалыптасқан тайпалар туралы, көне тарихымызға қатысты мол деректер қамтылған. Уахит Хамзеұлы ғылыми пайымдаулары арқылы табиғатпен тел өскен түрік халықтарының дүниетанымын танытатын тылсым сырлардың құпиясын ашып, оқырманның санасына сынамалап отырып-ақ дәл жеткізеді.
Профессор Уахит Шәлекенов көне түріктердің астанасы – Баласағұн қаласын тауып, шәкірттерімен бірге зерттеп, қазақ археологиясы мен этнографиясына, тарих ғылымына үлкен үлес қосты. Ұлы Жібек жолындағы орта ғасырлық қалалар, Тұран-Түрікстан мәдениеті мен рухани орталығы, қазақ халқының азаттығы жолында күрескен қаһармандар, қазақтың отбасы институтының қалыптасуы, Сырдария бойындағы көне мәдениет туралы кеңінен баяндап, оқырманға жеткізу жолында ерен еңбектің үлгісін көрсеткенін де атап айтқанымыз жөн. Нарынның қасиетті құмында шыр етіп дүниеге келіп, мынау жарық жалғанда адам деген атына дақ түсірмей, қалай ұзақ өмір сүрудің, артында өлмес мұра қалдырудың озық үлгісін көрсетіп кетті.
Ұлтымыздың ұлық қасиеттерін ұлықтап, асылдарымызды ардақтап, салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, барымызды бағалап өткен Уахит ағамыздың артында қалған ұлдары – Мұрат пен Болатқа, жары Мария апайымызға, немерелеріне қатты қайғыра көңіл айтамыз.


Қосымша ақпарат.
1954 жылдың мамыр айында Уахит Хамзаұлы Шәлекенов пен Мадис Құсанқызымен шаңырақ көтеріп, ұзақ жылдар бойы бақытты ғұмыр кешіп, бала тәрбиелеп, немере, шөберелерінің қызығын көрген, елге өнегелі отбасы.
Жұбайы Мадис Құсанқызы Шәлекенова филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік мал дәрігерлік институтында көп жылдар бойы дәріс оқыған, қазір құрметті демалыста.
Үлкен ұлы Болат Уахитұлы Шәлекенов (1955 ж.) медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР-дың Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры, елімізге, алыс-жақын шетелге белгілі уролог маман. Болат Уахитұлының жұбайы Бахыт Амануллақызы Рамазанова медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде кафедра меңгерушісі, проректор.
Кіші ұлы Мұрат Уахитұлы Шәлекенов (1958 ж.) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет етеді. Оның жолдасы Гүлшат Нұралықызы оқытушы. Бұлардың әрқайсысы өздері таңдаған мамандықтары бойынша ғылыми-педагогикалық жұмысты қатар жалғастырып, жастарға заман талабына сай тәлім-тәрбие беріп келе жатқан жандар.
Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің немерелері: жоғары білімді мамандар: Санжар – дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Бауыржан – экономист, Жәңгір – заңгер. Айкер мектепте оқиды, Жұлдыз – студент. Дария, Бегім, Нұрханым, Нұрмұхамед атасы мен әжесінің сүйікті шөберелері.

Қ.Бегмановтың фб парақшасынан

Бөлісу: