Наурыз көжемен бірге дастарқанға қойылатын жеті түрлі ас-тағам

1681

1.Қымыз ерекше технологиямен сақталады. Онда ішкі, сыртқы температура, орын жай, кеңістік пен уақыт межесі мұқият ескеріледі. Ол технологиялық процестері дұрыс сақталған, күзгі бабына келген сары қымыз болады. Жалпы сақталған қымыз дәмді, сіңімді әрі адам ағзасына өте қажетті минералдық заттарға бай болып келеді.

2.Ет тағамдары: өзінің технологиялық процестерімен дайындалып, сақталған қазы-қарта, жал-жая, шұжық, әсіп, кәделі жіліктер, мәнті, тұшпаралар, қарынға салған қуырдақтар.

3.Сүт тағамдары: май-сарымай, ақмай, жұмсартылған май; құрт-жарма құрт, шақпа құрт, малта құрт, езбе құрт; ірімшік-ақірімшік, мәйек ірімшік, үрме ірімшік; қаймақ-бал қаймақ, жал қаймақ, қазан қаймақ, қоспа қаймақ, т.б.

4.Жарма тағамдары: тары-майсөк, қуырған сөк, бөртпе сөк, сөк көже; жент-май жент, жарма жент, үрме жент, талқан, т.б

5.Ұн тағамдары: бауырсақ 20-дай түрлі; құймақ-сүт құймақ, май құймақ, жеті шелпек, орамалар.

6.Көк жеміс жидектер: Қазір жеміс жидектердің бәрі бар. Дегенменде қазақ дастарқанында өрік, миіз, жүзім, алма, болуы маңызды.

7.Наурызда алғашқы төлдеген мал уызын бүйенге салып, дәніміз дәнге қосылды деген ырыммен наурыз көжеге салып қатырады.

Осы аталған тағамдар тойдың ажары, дастарқанның сәні ғана емес, бұлар адам өмірінің нәрі. Мәселен жоғарыда айтылған технологиялық процестері сақталған құнарлы еттің, ас дәмі падишасы сүзбе қатықпен әрленген сүрлем сорпасын және бабы жетіп сақталған сары қымызды жүйелі рецептурамен ішкен адамның қуаты тасып, күші толып, анемия, әлсіздік дегендерден аулақ болады.

Наурыз түні жоғарыда айтылған мазмұн мағнасы түгел ойластырылған, сақтау технологиясына дейін қарастырылған жеті дәнді: «Айдан аман, жылдан есен» өтіп, ескі жылдағы дәм тұзын жаңа жылғы дәніне қосуға ырыздық несібе берген Аллаға мың да бір шүкір айтып, жыл басы «Ұлыстың Ұлы күні» жаңа жылдада ырыздық несібесі, құт берекесі мол болуын тілеген ізгі-ниетпен қасиетті қара қазанға салып пісіреді.

Бұл жердегі жеті қазынаның бірі – қасиетті қара қазанның орны бөлек.

Қазақ Ұлыс күні қазан көтеруді жақсы ырымға санайды. «Түтінім өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді.

Міне, осылай Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы наурыз көже ниеттен басталып, жүйелі іс-әрекеттің нақты пайымдарымен өз мәресіне жетіп, жан біткенге шаттық сыйлап, ырыздық,  береке-бірлік әкеледі.

Сансызбай  ӨНЕРХАН,«kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар»  ҚҰ төрағасы, «Табиғи тағам-Табиғи емдеу» Nn-Nt-Service» инновациялық жоба жетекшісі.

Бөлісу: