Наурыз көжені қасиетті қара қазанға пісіру керек

1891
Фото: ашық дереккөзден алынды.

Сақтау технологиясына дейін қарастырылған жеті дәмді қосып Наурыз көжені бастар алдында: «Айдан аман, жылдан есен» өтіп ескі жылдағы дәм-тұзын жаңа жылғы дәміне қосуға ырыздық несібе берген Аллаға мың да бір шүкірін айтып, «Жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні» жаңа жылда да ырыздық несібесі, құт берекесі мол болуын тілеген ізгі ниетпен қасиетті қара қазанға салып пісіреді.

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/nauryz-k-zheni-ramy/2021/

Бұл жердегі жеті қазынаның бірі – қасиетті қара қазанның орны бөлек.

Қазақта Ұлыс күні қазан көтеруді жақсы ырымға санайды.

Тағы мынандай ырым бар: Қара қазан мен пышақты ұрламайды. Ұрпағың пышақтасып, қазан күйесіне қарап қалады дейді. Ал қайрақты ұрлап алады, бірақ үй иесіне бір нәрсе алғанын білдіреді.

Жеті түрлі металл қоспасынан жасалған қазақтың қара қазанын, бүгін еуропалықтар технологияның соңғы жаңалықтары ретінде жарнамалап тегіс қызатын, тағам біркелкі пісетін бақырлар және тағам дәмді пісетін кастрюлдер жасап жүр.

Ал шығыс халықтарының ежелден керектенетін көне қара қазандары дәл осы қасиетке ие екенін біле бермейміз.

Қара қазанда бабымен піскен тамақтың дәмді болатыны осы қасиетіне байланысты болады. Өзбектер палау жасайтын атадан қалған қара қазанын тастамайды және палауды басқа ыдысқа жасамайтыны содан.

Наурыз көже Наурыз мейрамының басты құндылығы ретінде Ұлыстың ұлы күні таң шапағымен ақ дастарқанға қойылады.

Онда ас атасы нан, тұз, сары май, құрт, ірімшік, май сөк, талқан, жент көжемен піскен кәделі жіліктер мен ет қоспалары, қазы-қарта, жал-жая, шұжықтар, жеміс-жидек, өрік-мейіздер және қымыз болады. Бұлар да жеті түрлі тағам мәзірлері болып табылады.

Сүт тағамдары, ет тағамдары, ұн тағамдары, жармалар, жеміс-жидектер, тәтті тағамдары, ас-сулары және дәмдік қоспалар. Міне, дәл осылай Ұлыстың Ұлы Күнінің киелі асы – Наурыз көже ниеттен басталып, жүйелі іс-әрекеттің нақты пайымдарымен өз мәресіне жетіп жан біткенге шаттық сыйлап, ырыздық, береке-бірлік әкеледі.

Тіршіліктің тынысы,
Жер-жаһанның ырысы.
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын,
Қайда барса жол болсын!
Еліміздің ырысы артып,
Ырыздығы молая түссін!
Еліміз аман, халқымыз тыныш,
Құт берекелі заман болсын! Әумин.

Өнерхан САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
этнограф, тағамтану технологы.

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/nauryz-dastar-anyna-ojylatyn-ma-yzdy-ta-amdar/2021/

Бөлісу: