Наурыз мейрамының айшықты белгісі, киелі асы «Наурыз көженің» адамзаттың материалдық емес, Мәдени мұрасының көрнекті тізіміне және ЮНЕСКО-ның жедел қорғау тізіміне енуі, 2013 жылдың елеулі оқиғаларының бірі болды.

Сөз жоқ Наурыз мейрамының мәнін ашып, мағынасын келтіретін  маңызды  ас – «Наурыз көже». Бұл –  Ұлыстың Ұлы күнінің киелі асы. Сондықтан көне заманнан бері наурыз көже Ұлыстың Ұлы күніне арналып дайындалатын, Наурыз  мейрамының айшықты белгісі, ұлыс асы болып келді. Қазіргі тойланып жүрген жаңа жылды шырша ағашынсыз елестету  мүмкін бомайтыны  сияқты Наурыз мейрамын наурыз көжесіз қабылдау мүмкін емес. Ал ежелгі жыл басы Наурыз мейрамын ұлықтауға бағытталған «Президент көжесі»  іс-шарасын өткізетін  үрдіс қалыптастырса мерекенің халықаралық  мәні ашыла түсер еді. Бүл наурыз көжесін – Президент көжесі деп атау емес.

Қазақ халқы  жетi түрлi дәннен наурыз көже жасайды. Ол жеті түрлі дәнге кіретін:бидай, ет, қатық,  су және ас дәмдері-тұз, бұрыш, көк (пиязы).

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/aza-tar-zha-a-zhylda-al-ash-shapa-at-an-k-ndi-arsy-alyp-iilip-s-lem-bergen/2021/

Осы жеті дәнді дайындаған кезде, адамдардың табиғат заңдылықтарымен   үйлесім табу  диалектісі мұқият сақталады. Онда, адамзаты табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғатпен және бір-бірімен гармониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілген. Наурыз көженің құндылығы,  түпкі мәні және құпия сыры да осында жатыр.

Наурыз көжесін жасайтын  жеті дән – жеті әлем: Бидай – жер ана дәні; қатық – ақ дәні;  ет – қызыл дәні; су – тәңір дәні; тұз – ас дәмі; бұрыш – от дәні; көк – жел дәні.

 

  1. Жаратушыдан адамзатына ең алғашқы бұйыртқан дән – бидай көшеті. Ас атасы нан болу себебі де содан болар. Сондықтан ырыздық несібесінің келер жылы да мол болуын тілеген адам, күзгі бидайды қамбаға салған кезде келер көктемдегі ұлыстың ұлы күніне бағыштап наурыз көженің бидайын түктеп дайындап қояды. Ондағы ниет жер ананың ырыздық несібесін үзбей, келер көктемгі Ұлыстың ұлы күнгі киелі асына қосу.

 

  1. Мал тойынған, сүт әбден қойылған күзгі соңғы сүттен сүзбе-қатық сүзеді. Бұдан кейін мал суалады. Бұл осы жылдың соңғы сүтінен дайындалған – қыс қыстағанда ас дәмінің падишасы, ас құнарының маңызы және келер жылғы наурыз көженің  ас дәмі. Мұндағы ниет ақ дәнінің маңызын келер жыл басындағы аққа қосу. «Ақ дәнің үзілмесін, ақ босағаң бүлінбесін»  деген тілек.

 

  1. Қазақ халқы мал әбден тойынған, еті құнарланған кезде қараша айында қыс азығын дайындап соғым сояды. Соғымды үлкен дайындықпен, айдың аты, күннің сәтін ескере отырып ниет етіп, құран бағыштап сояды. Етті бұзып, сорғытады да ас дәмдерімен тұздап, ыстап кептіреді. Бірнеше жас малдың етін сөлімен бүктеп жас қалпында сақтап қояды. Оны жазғытұры мал арыған кезде жас сорпа керек болған жағдайда керектенеді.  Соғым етін бұзған кезде жөн білетін, бойы таза, ыспар адам үй иесінің талабымен әр кәделі жілікті өз жөн жоралғысына сай дайындайды. Ауыл ақсақалы, ата-жетесі, сыйлы қонағы, құда-жекжаты түгел ескеріледі. Келер Наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күні  Биссмиллаһиын айтып киелі қара қазанға салынатын кәделі жіліктер бағышталып, ерекше дәмделіп тұздалған соң,  ысталып белгілі мөлшерде кептіріледі де абдыраға салынып сарымайдай сақталады. Міне бар гәп осында жатыр. «Түтінім өшпесін, дәнім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін  халық табиғатпен және бір-бірімен гармониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. Жалпы қазақтың соғымы үлкен мән, мағыналы, ғылыми негіздегі халал пайымды әрекет. Малды Аллаһуакпар деп соя салғаннан, ол халал тағам бола қалмайды. Әрине міндетті түрде таза жерде дәретімен    Аллаһуакпарын айтып ниет етіп бауыздап, қанын әбден сорғыту шарт. Мәселе, ет мүшеленгеннен кейін жасалатын алғашқы технологиялық процестер де жатыр. Жаңа сойылған малдың еті тірі ағза, оны маңызды  азық-түлікке айналдыратын жаңағы технологиялық процестер болып табылады. Наурыз көженің ерекше дәмін келтіретін де – дұрыс дайындалып жақсы сақталған  кәделі жілік еті мен сүзбе қатық  қоспасы және жақсы түктеліп сақталған бидай дәні. Бұл жердегі ниет Алланың бергеніне шүкір етіп,  мал, жаны  айдан аман, жылдан есен, бір дәні-бір дәніне жетсін деген тілек.

 

  1. Ас тұзы – киелі зат. Шығыс халықтары тұзға жеңіл-желпі қарауға, үстел үстіне, жолға төгуге болмайды деп кие тұтады. Иодталып сақталған ас тұзы тағамның дәмін келтіруші ғана емес, сақтау, түрлі зиянды микроағзалардан қорғауға да пайдасы мол.

 

  1. Қара бұрыш, қалампыр – бұлар да дәмдеуші және қасиетті зат болып саналады. Сондықтан сақтайтын етке салады. Наурыз көжеге қасиетті зат ретінде ырыммен қосады.

 

  1. Көк, жемісі (пиязы, зәйтүн) Сарымсақты біз ас дәмі ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтында ол ас дәмдеуші ғана емес, ағзаға өте қажетті, қорғаушы және аурудан сақтаушы зат.

 

  1. Су мен дем – адам жаны. Адам ағзасының 70 пайызын құраушы судың өзі тірі ағза. Барлық ақпаратты сақтаушы өмір өзені. Жаңағы 6 дәнді ұлыстың ұлы күніне қалай бағыштап, қандай ниет-тілекпен сақтаған ақпараты да осы суда. Бұл жердегі еске алатын жағдай судың табиғи таза тірі су болуы өте маңызды.

 

Өнерхан САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
этнограф, тағамтану технологы.

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/nauryz-k-zhe-turaly-a-yz/2021/

Бөлісу: