Құндылықты жасынан, ұға білсін жас ұлан!

1730

Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
Әл-Фараби

Өзін-өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы халқының адал ұлы, Адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету қоғам талабы болып отыр.

«Өзін-өзі тану» пәні оқушы бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы.

Өзгермелі дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе болса, бұл – ұлттық код, елімнің тарихы деп ойласақ.Жылдар өткен сайын заманымызға қарай ма, тарихымыз, дәстүріміз,әдет ғұрпымыз тұманданып бара жатқандай.Сонда, өткен мен бүгін арасында көпір боларлықтай не? Өткен мен келешекті өміршең ететін бұл- «ұлттық құндылық» ұғымының өміршеңдігі дер едім.

Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен мақтанады.

Осындай даналы ойымен, ақындығымен әлемге танылған Ұлы Абай атамыз мен үшін дана – тұлға.

Ұлы Абайдың қазақтың біртуар ақыны екендігін:

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Даналықты көздесең,

Жат, тоқып ал көңілге, –  деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз дәлелдегендей. Бүгінгі ұрпаққа құндылықты игертуде «Құндылықты іздесең, Абайды оқы, ерінбе» дер едім.

Ұлы Абайдың мұрасы, даналығы – халықтың сарқылмас қазынасы. Даналық ойлары тұнып тұрған өмір, тіршілік сияқты.Абайдың ақындығы – қазақтың қазақтығын, әдет-ғұрпын бізге жеткізуі.Абай даналығын сабақтарда жиі әңгімелеп,өлеңдеріне ден қойып, бүгінгі жас ұланның санасына сіңіре білсек.

Абай атамыз нұсқаған жол – болашақтың бағдары болса деймін. Бүгінгі ұрпақтың бойына Абайдың ойлылығын, аңдағыштығын, зеректігін жастайынан сіңірсек. Абай атамыздың даналығымен жүрген дана жолын, дара жолын бағыт етсек, болашақта жас ұрпақ бір кірпіш болып, өмірден өз орындарын табар еді.

Оқушыларды Абай әлеміне қызықтыру керек. Бала Абайдың балалық шағының құндылығының өзі, әсері бала үшін маңызы зор. Бала Абайдың бала кезіндегі еңбекқорлығы, төзімділігі, аз ұйықтайтын сергектігі де қызықтыруы мүмкін. Ұлы ақынның әр өлеңін, даналық ойларын оқушы көңіліне тоқытып, жүрекпен сезінуді үйретсек.

Абай атамыздың дана сөздері – адамдық жолын нұсқаушы дер едім.

Абайдың дана сөздері – болашаққа жол көрсетуші.Сондықтан оқушы үшін дана сөздерін нұсқаушы ретінде үлгі деп түсіндім.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес,- деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай Абай атамыздың өлеңдерінде адамгершілік, құндылық үн бар сияқты. Осы үнді бала бойына сезіндіру керек.

Осы мақаламда Ұлы Абайды тиек еткенім, «Өзін-өзі тану» пәнінен әр сыныпқа әртүрлі жоба тақырыптары берілген, осы тақырыптар бойынша оқушылар ізденіп, өз жобаларын қорғайды. 4-сыныптарға «Даналық ізімен» деген тақырып берілген. Осы тақырыпқа байланысты биылғы Абайдың 175 жылдығына байланысты Ұлы Абайдың даналығын зерттеп, дана сөздерінің мағынасын, мәнін ұғындыра отырып, рухани-адамгершілік білім беріп, өмірді тануға баулыдық. Оқушылар көптеген жұмыстар жасады. Жобаларын қорғады, эсселер жазды, өз өлең шумақтарын арнады.

 «Ұлы Абайдың нақылын келем жаттап,                                    

Мақсатым: тіл ұстартып, тәлім таппақ.

175 жыл өтсе де ұрпақтарың,

 Мұраңызды құнды етіп жүр ғой сақтап» –  деп, 4-ші сынып оқушысы-кішкентай Айгерім  жүрек жарды өзінің жырымен жеткізген.

Абай мұрасы әр адамның ұлттық санасын байытып, рухани ізденістерге жігерлендіреді.Ұлағат мұрасы мамандық табуға да, қазіргі бизнес мәдениетіне баулу үшін де кәсіпкерлікке дұрыс бағыттаған. Олардың адал болу жолында, бизнесі бекем болу үшін де Абайға жүгінуге болады.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек артын жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, –  деп бизнестің қас жауы «талапсыз», «еріншектіктен» қашып, ерінбей еңбек етуге шақырған.

Сондықтан жас ұрпаққа Ұлы Абайдың нақыл сөздерін тиек етіп,балалар қызығып оқып, тыңдайтындай, оқыған сайын құмартатындай тәрбиелей білейік. Жас ұрпақтың болашағы біздің қолымызда!

Тағы оқыңыз https://dasturkb.kz/meni-zamandastarym/2021/

 Сәуле Сулеева, Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу: