Түркістанда коронавирустан жазылғандарды оңалту орталығы ашылда, деп хабарлайды «Дәстүр» Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Түркістанда коронавирустық инфекциямен немесе пневмониямен ауырып, одан емделіп шыққандарды оңалтуға арналған алғашқы орталық ашылды. Қалалық емханада орналасқан жаңа орталықтағы мамандар алғашқы 19 емделушіні қабылдап, реабилитациялық көмек көрсетілуде. Оларға ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж, велотренажер сынды емдік шаралары жүргізіледі.

Орталықта алдағы уақытта магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтыру жоспарланған. Емхана базасында сонымен қатар вирусологиялық зертханасы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда Түркістан облысының Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы емдеу мекемелерінен алынған ПТР сынамаларына талдау жасалады. Нәтижелері орталықтандырылған жүйе арқылы азаматтардың жеке мәлімет жүйесіне енгізіледі.

      «Коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқыны басталған жағдайда емханалардың қызметі қалыпты жағдайда жалғаса береді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрігерлер тұрғындарды алдын-ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал, Covid-19 белгілері бар науқастар бөлек есік арқылы сүзгі бөліміне кіргізіліп, бөлек кабинетте тексеріледі. Вирус анықталған жағдайда амбулаториялық бақылау және емдеу жүргізіледі. Облыстағы барлық медициналық ұйымдарда індетпен күрес жұмыстары барынша күшейтілген», – дейді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.

Баспасөз туры барысында Түркістан қалалық ауруханасының да індетпен күреске дайындық жұмыстары таныстырылды. Коронавирустық инфекцияның бірінші толқынында ауруханада 300-ден астам қызметкер жұмылдырылған болатын. Емдеу мекемесінде 320 төсек-орындық провизорлық стационар қарастырылған. Қосымша 50 орындық инфекциялық бөлім ашу жоспарланған. Аурухана 81 оттегі тарату көзі, 16 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 70 дана оттегі концентраты мен 70 пульсоксиметрмен толықты. Емдеу мекемесінде стационарлық оттегі станциясы орнатылып, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры және дезинфекциялық заттармен, жеке қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген.

 

 

Бөлісу: