«75 орындық жаңа типті ауруханада бес бөлім жұмыс істейді» деп хабарлайды «Дәстүр» сайты.
Перзентхана, хирургия, балалар бөлімшесі, инфекциялық және жалпы терапия бөлімдері салаға қажетті соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталуда.
Атап өтерлігі, жұқпалы аурулар бөлімшесі өз алдына жеке ғимаратта. Сонымен бірге, жедел жәрдем көліктері қойылатын жылы бокстар бар. Ас дайындайтын орын, кір жуу және дезинфекциялау бөлімшелері бөлек тұрғызылған.
«Бұрын ескі ғимаратта реанимациялық көмекті қажет ететін науқастарды екінші қабатқа қол еңбегімен тасымалдайтын болсақ, қазір бұл жаңа ауруханада арнайы жүк лифті бар. Осының өзі медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді.
Операциялық кабинет бұрын бір адамдық болса, жаңа ғимарат күрделі операцияларды екі науқасқа қатарынан жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Перзентхана бөлімшесінде қажет жағдайда анаға реанимациялық көмек көрсетуге, нәрестенің жүрек соғысын бақылауға, шала туған нәрестелерді бақылауға арналған кювездер бар» дейді Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлсара Нұрмағанбетқызы.
Пандемияның «екінші толқынына» дайындық барысында, жаңа аурухананың хирургия бөлімі провизорлық стационар ретінде жасақталуда. Бөлімшелердің барлығында 63 оттегі нүктесі бар. Оттегін беру процесі енді бір орталықтан басқарылады. Бұрынғыдай ауыр балондар тасудың қажеттілігі жоқ.
Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург Нұрғиса Шолпанов пандемияның «екінші толқыны» бола қалған жағдайда провизорлық бөлімшеге жетекшілік етеді.
«Әр палатаға кемінде үш оттегі нүктесі жүргізіліп отыр. Жалпы, аурухана тоғыз ИВЛ аппаратымен қамтамасыз етілді. Реанимациялық үш кереует бар. Және екі интенсивті терапия кереуеті жасақталды.
Реаниматолог дәрігерлеріміз соңғы емдеу хаттамасы бойынша онлайн оқулардан өтті. Қазіргі уақытта аурухананың провизорлық бөлімшесінде 28 кереует дайындалуда. Науқас саны көбейетін болса, оны 40 кереуетке дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар» дейді дәрігер — хирург Нұрғиса Шолпанов.
Аурухананың НКОК компаниясының демеушілігімен салынып отырғанын атап өткен Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов «нысанға су, газ, жарық сынды ең қажетті инженерлік коммуникация желісі толықтай тартылды», — дейді. Қазіргі уақытта медициналық мекеме қажетті құралдармен жабдықталып жатыр.
Еске сала кетелік, Құрманғазы ауданында орталық аурухана, орталық емхана, 16 амбулатория, 2 селолық аурухана, 8 медициналық пункт бар.
Аталған медициналық мекемелерде барлығы 63 дәрігер, 336 орта медициналық орта буын қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында 13 жоғарғы буын, 49 ортаңғы, 36 кіші буын медициналық қызметкерлері бар.