Сүйек қосу дегенді қалай түсінеміз?

78
Фото интернеттен алынды.

Діни наным-сенімнің ең бедерлі айғағы өлік жөнелту рәсімінен айқын байқалады. Осы орайда, қазақ арасында өлік жөнелтуге қатысты қалыптасқан дәстүрлі рәсімді ретімен атап өту қажет: өлікті оң жаққа қою, қаралы ту көтеру, жоқтау айту, сүйекке түсу (сүйекке кіру), мәйітті арулау немесе жуып тазарту, кебіндеу, табытқа жатқызу, үйді үш не жеті (кейде тоғыз) рет айналдырып мәйітті алып шығу, жармалап немесе лақаттап қабір қазу, сүйек қосу (көнеден келе жатқан, қазір ұмыт болуға айналған өлікті жерлеу рәсімі), дене топырағын жинау, бесікше көтеру, ақтық үлестіру, бейіт салу, мола тұрғызу, там соғу, күмбез орнату, қорымды қоршау немесе қорған қалау, көк тас орнату, үші мен жетісін жөнелту, мініс атын тұлдау, қырқын және жылын беру (яғни, ас беру, тұлданған жылқыны сою, қаралы туды түсіру), өліктің киімі мен тұтынған заттарын үлестіру, т.б. Өлік жөнелтуге қатысты осы шаралардың біразы ислам дінінің үрдісінде жоқ, байырғы замандардан келе жатқан Тәңірлік наным-сеніммен сабақтас рәсімдер мен жөн-жоралар екені ешқандай күман тудырмайды. Сонымен бірге, бұл рәсімдер қазақ халқының арғы замандардан бастау алатын текті мәдениетінің орныққан айғағы ретінде де назар аударады.

Қазақтың бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан осы өлік жөнелту рәсімдерінің ішіндегі «сүйек қосу» рәсімі туралы кейбір мағлұмат-деректерді хатқа түсіру, ортаға салу қажет. Мұның өзі, қазақ тіліндегі «сүйек» сөзіне қатысты тұрақты тіркестердің тарихи-этимологиялық мән-мағынасын бажайлауға, әсіресе, көшпелілер қоғамына негіз болған ру-тайпалық жүйенің киеленген (сакрклизация) сипатын пайымдауға да септігін тигізуге тиіс.

Қазақта өлген адамды жер жағдайына қарай негізінен жарма етіп немесе лақаттап қазылған қабірге (көрге) жерлейтін рәсім қалыптасқан. Сонымен бірге, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан сағаналап (саханалап) жерлеу немесе сүйек косу рәсімі де бар.

Сағаналап жерлеудің немесе сүйек косудың негізгі ұстанымы — әулеттес, аталас, қандас, сүйектес адамдардың мәйітін (сүйегін) бір қабірге жерлеу, яғни, сүйекті бір жерде ғана сақтау. Ол үшін белгілі бір руға, атаға, әулетке арнап арнайы сағана там соғылатын болған. Сағанатам соғудың қазақ даласында қалыптасқан үлгісі бар. Әдетте, мұндай тамдарға жер асты сулары алыстау қыраң жерлерді таңдайды. Қолайлы жер таңдалған соң, жер қазу жұмысы басталады. Қазылатын жер там соғушының қарым-қуатына орай шамамен 6×4 немесе 8×6 шаршы метрдей болады. Осындай көлемдегі жер тереңдігі кісі бойынан астам болғанша қазылуға тиіс. Мұнан әрі, қазылып болған жердің ішкі ірге табанынан бастап сағана тамның қабырғасы қаланады. Яғни, қазылған жарға кірпіш қабырғаны тірей қалап отырып көтереді, биіктетеді. Там соғушының мұмкіндігіне қарай қаланатын кірпіштің күйдірілген болуы немесе жылқының жал-құйрығын турап қосқан шикі кірпіш болуы да мүмкін. Сағана там қазбасының ішінен қалап көтерген іргесі жер бетінен бір метрдей көтерілген соң, үстінен жиі етіп балғын бөренелер тастайды да, оның үстінен талшіліктерді тоқи жабады. Одан әрі шөп төселіп, оның үстін лаймен бастырып, сылап тастайды. Сонсоң, қазылған жердің табанынан бастап қаланып келе жаткан ірге қабырғаға салмақ түсіре отырып, сағанатамды одан әрі көтереді. Дәстүр бойынша сағанатамды күмбездеп көтеріп, алдынан еңселі бұғат (төрт бұрышты қалқа, карниз, портал) тұрғызады. Сонда, жер астынан көлемі 6×4 немесе 8×6 шаршы метр, биіктігі 2,5 метрдей қуыс бөлме пайда болады да, оның үстінен күмбез бен бұғат көтеріледі. Жер астындағы қуыс бөлмені тең ортасынан бөліп, қабырға қалайды. Тұтас қаланған қабырға 1,5 метрдей ғана биіктікте қалқа болып қалануы керек. Сонда, қалқа ретінде қаланған бөлік пен төбенің арасы 1 метрдей ашық болуы керек. Кейін, өлген адамның сүйегі осы ашық жерден әрі қарай түкпіргі тұйық бөлмеге тасталып отырады.

Осы орайда, түкпірдегі тұйық бөлменің үшке бөлінетінін атап өткен жөн. Оның бірінші бөлігі еркектің, екінші бөлігі әйелдің, үшінші бөлігі баланың сүйегіне арналады.

Енді, осы жер асты қуысының бергі шығар ауыздағы, яғни, бұғат астындағы бөлігі бар ғой, осы бөліктің ішкі қабырғасын жағалата сәкі тәріздес етіп кірпіш каланады. Мұның екі түрлі қызметі бар. Бірінші, ірге қабырға берік болу үшін тіреуіш ретінде қаланады. Екіншіден, іргені қуалай каланған сәкі сияқты кертікке өлген адамның мәйіті кебінделген қалпында қойылады. Мұнда қойылған мәйіттің еті аққанша, терісі сартап болып тартылғанша осы сәкіде жатады. Сонсоң, сүйегі қалқаның арғы жағындағы әулетінің сүйегіне қосылады. Қазақтың өлген адамды жерлеуге қатысты «сүйек косу» дейтін рәсімі осы.

Сөз орайында, сағанатамның кірер есігі туралы айта кету керек. Кірер есік бұғаттың астынан төмен қарай сатылана қазылған қуыс ойық болуы керек. Ені тар ойық жер астындағы сәкілі бөлмеге алып келеді. Есік жолының бұлайша болуы – жауын-шашыннан, ит-құстан сақтанғандық. Сонымен бірге, осы дәлізге түсер саты үстінен бұғат көтеріледі. Яғни, бұғаттың салмағы сатылы қабырғаға түсуге тиіс. Сағана тамның есігі, яғни, бұғат мандайы күннің шығысына қаратып салынады.

Сағана тамды салудың бұл сияқты дәстүрлі үлгісін бізге ұлытаулық Тай Тілегенов ақсақал айтты. Бұл деректі 1970-ші жылдары жазып алғанымызда Тай ақсақал сексеннен жасы асқан адам болатын.

Сағана тамды өз қолымен соққан ұлытаулық ұста Сахана Барбөсиннің (1887 жылы туған) дерегін белгілі ғалым Сәбетқазы Ақатай жазып алыпты: «Алдымен мазар соғылады. Мазар астынан үйдің орны қазылады. Мазар ішіне сәкі орнатылады. Өлген адамның мәйітін кебіндеп, осы сәкіге жатқызады. Сонсоң, мазардың есігін жауып кетеді. Мәйіттің еті ағып, сүйегі саудырап қалғаңда сол сүйекті жинап мазар астыңдағы арнаулы бөлікке жайғастырады. Мұндай сағанаға бұдан кейін де қайтыс болған туыстарын осы дәстүрмен қоя береді. Әдетте сағана күйдірілген кірпіштен соғылады, күмбезі болады. Күмбездің үстінен леп тартатын тесік қалдырады» (С. Лкатай. Древние культы и тра-диционная культура казахского народа. — Алматы, 2001. 330-бет).

Қазақ даласында күні бүгінге дейін сақталған сағана тамдар, сиректеу болса да бар. Қарағанды облысының Ұлытау ауданына қарасты «Шеңбер» кеңшарынан батысқа қарай жүргенде он шақты шақырымдай жерден кездесетін сағана тамның бітімі жоғарыда баяндаған үлгіге ұқсас. Бұл өңірді Орта жүз арғын, оның ішінде Төлек атасынан өрбіген ұрпақ мекендейді. Олар бұл сағана тамды соңғы кезге дейін пайдаланып, өлген адамдарды жерлеуде сағаналау, яғни, «сүйек қосу» рәсімін ұстанып келді. «Шеңбер» сағана тамының маңдайшасында «Мақаттың сағанасы» деген жазу бар. Мақат –кісі есімі, сағана тамды салдырушы.

Арқа жеріндегі сағана тамның келесі бір үлгісі Қарағанды мен Ақмола облыстарының жерімен ағатын Мұра өзенінің бойында, «Алғабас» ауылына жақын маңға орналасқан. Бұл сағанаға да XX ғасырдың ортасы ауғанша өлік қойылып келді.

Келесі бір сағана там Арқалық қаласынан батысқа қарай 65 шақырым жүргенде кездесетін «Қайыңды» кеңшарына жақын маңға орналасқан. Бұл сағана тамның үстіңгі бөлігі әбден мүжіліп, төмпешікке айналған. Бірақ сағана ішіндегі сүйекке түсетін ауыз сақталған. Аруақты орынға ұрпақтары күні бүгінге дейін тауап етіп отырады.

Сондай-ақ қазақтың көрнекті ақыны және фольклорлық мұра жинаушысы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының (1858-1931) мәйіті кезінде өзіне арнап арнайы соғылған сағана тамға қойылған болатын. Бұл сағана тамның байырғы үлгіні сақтап соғылғандығы соншалық, көзкөргендердін айтуына карағанда Мәшекеннің мәйіті жиырма жыл бойы сартап болып қатып, бұзылмай сақталған. Өкініштісі, тарихи мәні зор осындай киелі орын 1951 жылы коммунистік идеологияның ойранына (вандализміне) ұшырады.

Сағана тамның байырғы дәстүрмен салынған үлгілері Бетбақдаладағы көш жолдарының бойынан кездеседі. Бұл ретте, Мұңлы-Қулы шоқыларының етегінен ағатын Көктас өзенінің бойындағы сағана тамды, сондай-ақ Шыбынды Айбат деген жердегі Отыншы байдың сағанасын айтуға болады. Сондай-ақ, Сарысу өзенінің бойындағы Төреқұл сағанасы (Қызылжар стансасына жақын) мен Қошқарбай сағанасы (Аралтөбе деген жерде) байырғы бітім-үлгісімен назар аударады. Алайда, Сарысу бойындағы ең бір көрнекті сағана Кұлыбектің сағанасы екенін атап өткен жөн. Құлыбектің сағанасына жұртшылық күні бүгінге дейін тауап етеді.

Қарағанды облысынын Жаңаарқа ауданында соңғы жылдары дәстүрлі үлгімен Сайдалы Мұрғали және Рамазан мерген дейтін кісілерге сағанатам соғылды…

 

 Ақселеу Сейдімбековтің «Қазақтың туысқандық жүйесі» деп аталатын кітабынан «Сүйек қосу» деген тарауынан үзінді.

Бөлісу: