Бір ақындар шабыты қысқан кезде аспанға ұшып кетеді. Шабыты босатқанда жынынан айрылған бақсыдай күй кешіп, жерге түседі.
Бір жазушылар шабыты келген кезде дарынның зіл қара тастай салмағынан жер астындағы шыңырауға түсіп кетеді. Шабыты қайтқанда иығынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалады.
УАҚЫТ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ СҰХБАТЫ
Кеше, Бүгін, Ертең бір-бірін ешқашан көрген емес, кездесе алмайды. Олар бір-бірін үнемі алыстан бақылап тұрады. Қарым-қатынас құралдары – ой.
Ертең: Кеше мен Бүгіннің өз өмірлерінде жасаған қателіктері маған көп қиындық тудыруда. Адымымды аштырмайды. Өмір сүруге дайын болмаса, бұлар бұл дүниеге неге келеді екен?
Бүгін: Ертең, сенің көрген қиындығың менің тартқан азабымның қасында түк емес. Кеше деген әкем өмірден өткенде маған түк қалдырмаған. Өзімде жоқ байлықты мен саған қалай жеткізіп бере аламын.
Кеше: Е, менің мұрагерлерім, екі заманның ауысар кезеңінде дүниеге келіппін. Маған қалған мұрада есеп жоқ еді. Болыстың баласы болдым, бидің немересі болдым. Датқаның шөбересі болдым. Отызға келгенде төңкерістің отына орандым. Қырық жасымда ашаршылыққа ұшыраған елімді аштықтан құтқарам деп мал-мүлкімді шаштым. Елу жасымда анасының ішіндегі Бүгінімді көре алмай, ана жаққа кете бардым.
Роза Елеуқызы