Үшінші қазына

88

Үшінші қазына – Ай. Ай – әлемнің түнгі нұры. «Ай болмаса аспанда адасады» дегендей, Ай болмаса, дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады. Табиғат түн әлемінде Ай сәулесімен ерекше бір тебіреніске түсіп, тынығады екен. Ай – Жердің табиғи серігі. Ай Жер шарындағы ауа райына, Жер қозғалысына, оның өз осінде айналып тұруына зор ықпал жасайды, яғни Ай – Жердің тірегі. Ай Жер мен Күннің аралығына келгенде екі-үш күн көрінбейді. Қазақ мұны «өліара» деп атайды. Содан кейін Ай Күннің сол жақ шетінен шығып, Жердің батыс көкжиегінен жіңішке орақ тәрізді болып көрінеді де, күн санап өсе береді. Қазақтар жаңа туған Айды көргенде басын иіп, тәжім етеді. Қолын көкке жайып: «Ай көрдік, аман көрдік, баяғыдай заман көрдік. Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа!» – деп тілек тілейді. Ай «орағы» күн санап өсіп, дөңес жағы оңға қараған жарты дөңгелек болады. Бұл – Айдың бірінші ширегі. Шығыс халықтары, оның ішінде қазақтар алғашқы ширек – жеті күнді қасиетті санайды. Осыдан кейін тағы жеті күн өткенде Ай дөңгеленіп толады. «Он төрттегі айдай толықсыған» деп бойжеткен қыздарды айтып жататыны сондықтан.

Бұдан ары қарай толық Ай оң жақ шетінен бастап кетіліп, азая береді. Жеті күн өткенде Айдың сол жақ жартысы қалады, бұл – Айдың соңғы ширегі. Сол кемігеннен кеміп, Ай көрінбей кетеді. Бітер Айдың бейнесін қазақтар өлген адамның бейітіне, күмбезіне орнатады. Ана бір жолы Зейнеп екеуміз Жәмкенің басына, зиратқа барғанда туар Айдың бейнесін қадап қойған бірнеше ескерткішке көзім түсті. Бұл дұрыс емес. Жаңа туған Ай төңкерілген «)» әрпіне ұқсайды да, біткен Ай «(» әрпінің өзіне ұқсайды. Бұрын қазақтар Айдың алғашқы ширегі мен соңғы ширегін ешқашан шатастырмайтын. Қазір жазба күнтізбеге әбден үйренгендіктен көбі мұны ажырата алмайды. Туатын жаңа Айдың орағы батыстан кешке қарай көрінеді. Бітер ай шығыстан таң алдында шығады. Ертеде қазақтың кез келген баласының өзі бұл айырмашылықты жақсы білген.

Адам ағзасы жалпы Жер мен кеңістіктегі құбылыстардан әсерленеді. Ай толғанда жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім азайып, адамның ойы, еңбекке қабілеті артады екен. Керісінше өліарада жауын-шашын болып, ауа райы өзгереді, бас ауруы, ұйқысыздық, қан қысымы көтерілуі жиілеп, созылмалы аурулар қозады екен. Ал «айкезбе» дерті барлар Ай сәулесі болмағандықтан тынышталып қалады. Айдың өсімдіктер әлеміне, оның тіршілігіне тікелей әсері болатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Айталық, Ай толғанда өсімдіктер суды бойына көп сіңіреді, осы кезде отырғызған көшеттер тез өсіп-жетіледі. Орман шаруашылығымен ертеден айналысатындар ағашты Айдың жаңа туған бас жағында кеседі екен, ол кезде ағаштың бойында су аз болғандықтан, шірімей, көпке шыдайды. Біздің қазақтың үй жасайтын шеберлері киіз үйдің ағашын Айға қарап дайындауды баяғыдан білген.

Қазақ халқы Айды қолмен көрсетпейді. «Айға қарап түкірме», «Айға қарап дәрет сындырма», «Айға телміріп қарама» деп тыйым айтуы тегін емес. Тілімізде Айға теңеп, Аймен байланыстырып айтатын сөздер көп. Әсіресе, адам аттары: Айтуған, Айтуар, Айдабол, Айбек, Айбол, Айжарық, Айжан, Айгүл, Айсұлу, Айғаным, Толғанай секілді әдемі есімдер жеткілікті, – деп ата темекісіне қол созды.

– Вот это да-а-а! – деп Бәкең таңдайын қақты. – Астролог емес адам мұның бәрін қайдан біледі? – деп басын шайқады. Ата үндемей темекісін түтіндете берді.

Қазақтар Ай көрінбейтін өліарада жұбайлардың жақындасуына тыйым салғанын анам талай рет құлаққағыс етіп ескертуші еді. «Сол кезде бойға біткен баланың болмыс-бітімінде, мінезінде, денсаулығында қандай да бір кемдік болады», – дейтін. Атаның айтқан әңгімесінен өліара кезінде адамға қатер бар екеніне тағы да көз жеткізіп, анық түсіндім (Зейнеп Ахметова, «Бабалар аманаты»).

Бөлісу: