«Шын  хакім – сөзің  асыл, баға  жетпес»

33

Жуырда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Шын хакім-сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн-байқауы қорытындыланды. Байқау Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынып,  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап  ғылыми  кітапханасы   жауапкершілігімен  ұйымдастырылды.

Республикалық әдеби онлайн-байқаудың мақсаты – қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың шығармашылығына деген сүйіспеншілікті өскелең ұрпаққа жеткізіп, Хакім Абайдың әдеби мұрасын насихаттау,  жас  қаламгерлердің   талантын  шыңдау.

Республикалық әдеби онлайн байқауына қатысқан қатысушылардың жұмыстары жабық түрде бағаланып, оған  Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Демешова Назимат Бекқазықызы, байқаудың төрағасы ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Қалауов Нұрлыбек Амандәулетұлы,ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Тілеулесов Талғат Бұрханұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуанышова Гүлімай Әбішқызы қазылық етті. Әділ қазылар жас  таланттардың шығармашылық жұмыстарын бағалап, қатысушылардың өлең мен эссе жазудағы тіл тазалығына, тұшымды  ойларының анық болуына өз көзқарастарын айтты.     

Қатысушылар  үш  номинация  бойынша  іріктелді.

  1. Абай менің жүрегімде «Абай Құнанбаев туралы Ең үздік шығарма» (өзі шығарған өлеңдер, әңгіме).
  2. «Туған өлке тақырыбындағы ең үздік шығарма» ( туған жерге патриоттық сезімдерді қалыптастыру (эссе, әңгіме, повесть);
  3. Туған өлкеге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу және оның жүрегін түсіну «Туған ауыл тақырыбындағы ең үздік поэтикалық шығарма» (өлеңдер).

Жалпы байқауға 25 өтінім қабылданып, оның  13-сі басқа қаладан болса, 12-сі  Ақтөбеден және аудандардан келіп түсті. Олардың қатарында Ақтөбе қаласы мен аудандарынан өзге Батыс Қазақстан облысы, Федоров Қазақ ЖОББМ-нен, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақжайық ауылы, Ақжайық ЖОББМ-нен, Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Зеленое ауылынан өтінімдер қабылданды. Барлық өтінімдер мен шығармашылық жұмыстар қазылар алқасының жабық түрде өткен отырысында қаралып, жеңімпаздар анықталды. Байқауға Абай Құнанбаевтың шығармашылығын сүйіп оқитын, жоғары класс мектеп оқушылары, жоғары  және  арнайы  орта  оқу  орындарының  студенттері  қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (Теледидар) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Айжарыққызы Ұлжанға, I орын (Смартфон) – Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің студенті   Анар Жамбылқызына, II орын (Цифрлы фотоаппарат) – Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Подстепное Қазақ ЖОББМ-нің оқушысы  Нұрдана Жәдігерқызына, III орын (Планшет) Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің журналистика класының оқушысы   Аяулым Мирханқызына бұйырды. Байқаудың жеңімпаздары дипломмен және бағалы сыйлықтармен, ал басқа қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Хакім Абайдың әдеби мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосқан барша қатысушыларымызға алғысымызды білдіреміз! Елдік мұраттар мен халқымыздың мәдени құндылықтарын насихаттаудағы еселі еңбектеріңіз бағаланып, өнегелі істеріңізге толағай табыстар тілейміз!

Абай мұрасын зерделеу, насихаттау өскелең жас ұрпақтың басты міндеті. Ендеше, құрметті оқырмандар, Абай жаққан сәулені алаулата беріңіздер!  Хакім Абайдың ұлағатты есімі халық жадында мәңгілікке сақталып,  туған елімен мәңгі жасай бермек!

 С.Бәйішев  атындағы Ақтөбе  облыстық әмбебап  ғылыми  кітапханасы 

Бөлісу: