ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ТУҒАНЫНА  180 ЖЫЛ

Шырағын жаққан білімнің. Шара барысында «Кел, балалар, оқылық!» кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Ыбырай Алтынсариннің шығармаларымен қатар оны жан-жақты зерттеген қаламгерлердің таңдаулы ғылыми-әдеби туындылары және мерзімді басылымдар  бетінде жарияланған мақалалар, фотоматериалдар қойылды.

«Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ, табылар» – деп бар ғұмыры мен күш-қуатын рухани ағарту саласына жұмсаған, әсіресе жастарды оқу және өнер-білімге, мәдениет пен өркениет көшіне ілесуге шақырған Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Осы ретте Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған республикалық «Шамнан шырақ жағылар…» әдеби челленджін  Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасынан қабылдап, қазақ халқының тарихы және әдебиеті мен мәдениетінде терең із қалдырған Ы.Алтынсариннің өшпес ілімі мен өнегелі мұраларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында «Шырағын жаққан білімнің» тақырыбында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы ZOOM платформасында әдеби кеш өткізді.

Жазушы тұлғасын, оның шығармаларын жастарға насихаттау, оқыту бағытында өткен әдеби шараға ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасы, жасөспірімдерге қызмет көрсету секторының жетекшісі Қарлығаш Жәнібекқызы, Атырау облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы Жамал Махмутқызы қатысып,  ағартушы-педагоготың туған халқын қараңғылықтың бұғауынан құтқарып, тіршілік мақсаты мен мұраты білім мен ғылымда екенін насихаттап, халықтың ой-санасын қоғамда жаңашылдыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істеріне ерекше тоқталып, қолға алған игі бастамаға сәттілік тіледі.

Шара қонағы Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкері Шынар Сұлтанқызы онлайн экскурсия ұйымдастырып, оқырмандарға ағартушы, жазушы Ыбырай Алтынсариннің еңбектері, қолданған күнделікті тұрмыстық  заттары мен өзі салғызған мектептерінің макетімен таныстырды.

 «Ұлттың дана ұстазы» әдеби монтажында кітапхана оқырмандары Үбайдуллин Ақназар Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!», Олжабай Айдар «Өнер білім бар жұрттар», Тлепбай Диляра «Әй, достарым», Жиенғалиева Майра «Ананың сүюі», Тлепберген Ақмаржан «Залым төреге» өлеңдерін оқыды. Ақтөбе қаласындағы №62, 52 орта мектептердің 5 класс оқушылары ақынның адал еңбектің, адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын сипаттайтын және табиғатты қорғауға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға байланысты жазған «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» пен ескі салттардың зияндығын көрсетіп, махаббат және мейірімділікке толы «Мейірімді қыз» әңгімелерінен көріністер көрсетті.

«Кел, балалар, оқылық!» кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Ыбырай Алтынсариннің шығармаларымен қатар оны жан-жақты зерттеген қаламгерлердің таңдаулы ғылыми-әдеби туындылары және мерзімді басылымдар  бетінде жарияланған мақалалар, фотоматериалдар қойылды.

Сергіту сәтінде оқырмандар ағартушы-ғалымның «Қазақ хрестоматиясына» енген жұмбақтарының шешімін, мақал-мәтелдердің жалғасын тауып белсенділік танытты.

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Сұлушаш Максимқызы: «Ыбырай өз ғұмырының соңына дейін қазақ балаларын жаман мінез-құлықтан аулақ болып тек қана оқып, білім мен ғылыммен айналысып, мәдениеттің ең жоғарғы озық үлгілерін игеруге шақырып, бар күшін ұлтының бүгіні мен ертеңіне, болашағына жұмсады. Мінекей, ұлы ағартушының дүниеден өткеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі, шығармалары халықтың жадында жаңғырып, құндылығы барған сайын арта түсуде. Оның өнегелі өсиет-әңгімелері, мағыналы да тағылымды өлеңдері бүгінгі және келер ұрпаққа нәр беріп, оларға өмірлік рухани азық болатынына ешкім де шек келтіре алмайтын шығар. Ұлтымыздың әдеби-мәдени тарихында өшпестей орын алған Ы.Алтынсариннің шығармалары қашан да биік дәрежеде тұрады» – деп,  әдеби челленджді Атырау облыстық балалар кітапханасына ұсынды.

Қымбатты оқырман! Біз Ы.Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің атасы деп атаймыз. Өйткені оның шығармаларының құндылығы-оның өміршеңінде. Сол себепті Ыбырай мұралары бүгінгі күннің таптырмас қазынасы, балаларға тәлім-тәрбие, өнеге беретін рухани асыл байлығы. Оны ешкім теріске шығара алмайды.  Сондықтан, ақынның мұраларын оқиық! Себебі, қазақ халқы үшін Ыбырай Алтынсарин аса қадірлі дара тұлға!

 Рима Мәндібаева, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының мектепке дейінгі және төменгі сынып оқушыларына қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі. Ақтөбе қаласы.

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ТУҒАНЫНА  180 ЖЫЛ

Бөлісу: