Сооронбай Жээнбеков қашан отставкаға кетеді

44

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жаңа парламенттік сайлау өткізген соң және елдің жаңа президентін сайлау туралы жариялағаннан кейін отставкаға кетеді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Жээнбеков сәрсенбі күні Қырғызстан премьер-министрі болып тағайындалған Садыр Жапаровпен кездесті.

Ал кешке қарай Жапаров Жээнбековтің отставкаға кетуін талап еткені туралы ақпарат тарады.

«Сооронбай Жээнбеков өзінің президенттік қызметінен кетуге құқығы жоқ екенін тағы бір рет атап өтті. Өйткені бұл мемлекетке зиян келтіріп, болжанбайтын даму сценарийіне әкеледі», – деді Стамалиева.
Сонымен қатар, Жээнбеков өзінің 9 қазанда айтқан пікірді ұстанатынын еске салған. Ол кезде президенттің отставкасы республикадағы саяси ахуал құқықтық алаңға оралғаннан кейін ғана мүмкін болатынын мәлімдеген.

Үш күнде отставкаға кетемін деген жоқ

Толгонай Стамалиева Жээнбековтің үш күнде отставкаға кететіні туралы мүлдем сөз қозғалмағанын атап өтті.

Алайда премьер-министр Садыр Жапаровтың баспасөз мәслихатында «президент үш күнде отставкаға кететінін айтқанымен, одан бері 10 күн өтсе де қызметінен кетпеді» деген сөзі БАҚ беттерінде жарияланды.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде президент Сооронбай Жээнбеков үш күн ішінде отставкаға кетемін деп уәде берді деген қауесет тарап жатыр. Иә, президент отставкаға кететінін мәлімдеді, бірақ біз Садыр Жапаров пен оның жақтастары айтып жатқан қай үш күн екенін түсінген жоқпыз. Президенттің отствакаға кететіні туралы ақпаратта олай жазылмаған», – деді Стамалиева.

Айта кетейік, президенттің отставкасы туралы келіссөзге Садыр Жапаровпен бірге депутаттар Талант Мамытов, Құрманқұл Зулушев және Камчыбек Ташиев қатысқан. Олар Жээнбеков отставкаға кетуі керек деген пікірде.

Ал Жээнбековтің атынан оның кеңесші Мұрат Шайымқұлов, президент әкімшілігінің жетекшісі Досалы Есеналиев, сыртқы саясат бөлімінің басшысы Данияр Сыдықов және баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева қатысқан.

Бөлісу: