Судың да қасиетін біле жүрейік

6328
Құдық

Халықтың өзен-көл, су түрлері туралы жағрапиялық танымы оның ата кәсібі мал шаруашылығымен егіншілік, балықшылық кәсібімен байланысты. Жер-су жағдайын малшы қауым судың тұнығы, шөптің сонылығына қарап бағалаған. Ауыл, ел көбіне бұлақ, бастау, қопалы көл, өзен маңайына қоныстанған.  «Су атасы – бұлақ, сөз атасы – құлақ» дейді.

Судың пайда болуы түрлі мифтік түйсік, аңыз әңгімелерге байланысты 3 түрлі сарыннан тұрады.

Адамның көз жасынан; Әулие, әмбилердің таяғы түрткен не аяғы тиген жерден пайда болған бұлақ көздері; Жануарларды қасиет тұтуымен байланысты пайда болған өзен-көлдер.

Діни әдебиеттерде, аңызда қасиетті, қастерлі су – кәусәр – «бейіштегі бұлақ».

Әбілхаят суы, яғни «өлместің суы» – Әбілхаят, зәмзәм суы аталатын үш түрі бар.

Пайғамбар, әмбиелердің алатаяғы мен аяғы тиген жермен байланысты, бұлар қасиетті сулар аталған.

Су – адамның бір бөлшегі, адам да солай. «Сусыз өмір, отсыз темір жоқ» деген, бір-біріне тәуелді, үйлесімді біртұтас әлем. Суды кие тұту халықтың байырғы таным- түйсігінде жаратылыс атауының бір бастауы – топырақ, ауа болса, бір бастауы-су. Бұл мәңгілік емес, «судың да сұрауы бар» деген мәтел халық тұжырымына айналған. «Су иесі- Сүлеймен» деген тәмсілден халық судың киесіне сенген. Тұрмыс-тіршілікте адамдар судың киесіне ұшырамас үшін суды ысырап ету, күл қоқыспен былғау, дәрет сындыру, түкіруге тыйым салған. Адамдар су иесі қаһарына ұшыраудан қорыққан. Құрғаса тасаттық берген, мал бауыздап қанын суға ағызған.

Бұлақтың көзін ашу, көпір салу, бұлақ басына ағаш егу -жұрт үшін сауапты іс. Байырғы ұғым, наным әлеуметтік эстетикалық нормаға айналған. Суды ырым-тиымнан, халықтың фольклоры, мақал-мәтелдерінен,т.б. айқын аңғарамыз. Мысалы: су жүрген жер–шүлен, «сулы жер– нулы жер» деген. Тіршілік көзі әрі молшылық эталоны. Шүлен – суы мол, шөбі шүйгін жер. «Бұлақты жер – тұрақты жер» деу де судың маңызын танытады. Халық жерді-байлық, айды-сұлулық, суды-молшылық пен жомарттық, «сүттей ақ судай таза, мөлдір» деп тазалық символы іспетті ұғынған. Су, өзен, көл, тау-тас адам рухын көтеріп, эстетикалық нәр беретін жаратылыстың ерекше бір бөлігі деп түсінген. Ы. Алтынсариннің «Өзен» өлеңінде судың маңызы туралы аса дәлдік, көркемдікпен жырлайды. Ендігі бірер сөз –құдық пен құдықшы жөнінде.

«Қазақ жерінде құдық қазу ісі ерте кезеңнен қалыптасқан. Археологтар қола дәуіріне саятын Солтүстік Қазақстандағы Шағалалы, Батыс Қазақстандағы Тастыбұлақ қонысынан қазылған цилиндр тәрізді құдықтардың орнын тапқан. Сол заманның өзінде ежелгі тайпалар құдық қазудың күрделі технологиясын меңгерген. Құдықтар қазақ халқының тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде ауыз суды қамтумен бірге, мал суаруды жүзеге асыруда маңызды роль атқарған. Көш жолдарын жалғап жатқан құдықтар маңызды бекет саналды. Маңғыстау мен Үстіртте көш жолдарын құдықтар жалғап жатты. Суы тұщы, әрі аса терең емес жерден бір-біріне жақындау, оншақты құдыққа дейін қазылған. Құдық қазу өте ауыр жұмыс, осы істі кәсіп қылған, судың көзін тани білетін шеберлер – құдықшылар. Шыңырау құдықтардағы жердің тасты қабатын таза су көздеріне жеткенше ұңғып қазған. Кей жерде тасты қабат 40 метрге дейін жеткен. Құдықшылар диаметрі 1-1,5 метр құдық ішінде тон киіп қазған. Құдықтардың әр түрлі атаулары мен түрлерінің қалыптасуы, оның орналасқан жері, иесі, тереңдігі мен суының көлеміне байланысты. Қазақтың тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесінде құдықтардың алатын орны зор. Құдық – байырғы, күрделі жер асты, гидротехникалық құрылыс ісі» – дейді зерттеушілер.

Қазақ жерінің оңтүстік өңірі, Сырдарияның орта ағысы бойындағы орта ғасырлық қалалар тіршілігінде жер асты су көздері арқылы жалғасқан бірнеше құдықтар жүйесі – кәріздердің болғаны, байырғы тайпалардың күрделі білімінен мәлімет береді. Қазақ даласындағы осындай құдықтар жүйесі және оның ерекшелігі қазақ жеріне  келген саяхатшылар, зерттеушілер, әскери шенеуніктердің ерекше назарын аударған, олар топонимикалық карта жасағанда, елді мекендермен қатар, суат­тар мен құдық аттарын енгізіп, олардың қала орталығынан қашықтығын көрсеткен. Бұл еңбектердің тарихи топонимика үшін берері мол. Олардың қатарында Б.Залесский,  А.П.Залесский,  Маг-Гахан, С.П. Щвецов, О.С. Вялов т.б.

«Оңтүстік және далалық қуаң өңірлерде құдықшылардың беделі жоғары болды.  Құдықтар қыстау, көктеу-күздеу, жайлауда және көш, керуен жолдарында қазылды. Мал табынының мерзімдік жайылымымен қазақтар жыл сайын өздерінің ата-бабалары қалыптастырған көш жолдары бойымен көшіп, қонысқа жеткенше белгілі құдық ба­сына, өзен бойына тоқтады. Көш және керуен жолындағы құдықтар көшпелілер мен керуеншілер  жолын жалғасты­ра­тын, ел мен елдің арасын байланыстыратын айрықша мәнді белгі, су бекеті ретінде қызмет еткен. Қызылқұм даласындағы көш жолдарының бойындағы  Кемпір құдық, Жалынды құдық, Көлқұдық, Байшуақ, Шірік рабат құдығы, Онадым құдықтарының кездесуі көшпелілер жолын жалғастыратын айрықша мәнді белгі ретінде сипатталады» деген деректерде.

Қазақ жерінің әр өңірінен табылған байырғы құдық іздері жер асты суларын пайдалануды игерген тайпалардың гидротехникалық  қана емес, құрылыс ісі білімдер жүйесінің айғағы. Құдықтардың қандай түрі болмасын халқымыздың мәдени мұрасының ерекше үлгісі. Құдықтар қазақ халқының тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде ауыз суды қамтумен бірге, мал суару жүзеге асыруда маңызды роль атқарған. Құдықтың қай түрі, тереңі, таязы, тұщысы, ащысы болсын барлығының суы мөлдір, тұнық болады. Халық арасында «Терең құдықтың суы тәтті», «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді», «Құдықтан су ішкен, қазғанға рахмет айтады. Ағашты көлеңкелеген, еккенге рахмет айтады» деген нақыл сөздер, «құдыққа бар асылын тыққан шөл даладай», «құдық суындай», «құдыққа салған қауғадай» деген теңеу сөздер бар.

Халқымыз «су ішкен құдығыңа түкірме» дегенде адам өмірінде белгілі бір із қалдырған кезеңінен теріс айналмауына тәрбиелеген. «Судың да сұрауы бар», «инемен құдық қазғандай» деген сөздің түп-тамыры құдықтан су шығарудың оңай шаруа еместігін дәлелдейді. Қазақ наным-сенімдер жүйесінде сүйелді кетіру үшін жаңа ай туғанда қолын жайып «жаңа ай, сүйелімді алып кетші» деп жалынып, айға сыйынады да, ай сәулесі түсіп тұрған құдыққа тиын тастайды. Бұл шаралар шынды­ғында сүйелдің қайтуына көмектескен. Құдықтан су алуға барғанда алдымен суға тас лақтырады, сонда су ішіндегі шайтандар ұшып кетеді деген. Құдықтың бетін ашық қалдырмаған, жын-шайтандар үйір болмасын деп, таза ұстауды мақсат тұтқан (АЭМ).

Құдық қазу үшін алдымен қазылатын жер таңдалады. Ол үшін құдықшылар жердің қатпарын, топырақтың, ол жерде өсетін өсімдіктердің ерекшеліктерін ескеріп, ақсақалдардың кеңесін алған. Осыған байланысты көрнекті жазушы Ә. Кекілбаевтың құдықшылық кәсібі мен құдықшылар өміріне арналған «Шыңырау» повесінде мынандай суреттеме кездеседі:

 «Ана жерге барып та, мына жерге барып та топырағын қарайды, шөптің тамырын қазады, исін иіскейді. Ең соңында Бөкенбайдың үйір-үйір жылқысын алдырып, біресе текіректетіп айдап өтіп, біресе шаптырып көрді. Қалың жылқы тасыр-тұсыр шаба жөнелгенде, ақсақалдар жата-жата қалып, жерге құлақтарып тосып, тың тыңдайды. Бөкенбай қазықтың үстіне үй тікті. Қасына тағы бір-екі қараша үй қондырды. Сосын екі ауылдың шалдары қазықты шырқ айнала тізіліп отырып, құран оқып Бөкенбаймен Еңсепке баталарын берді. Қоңыр марқаның басын мүжіген соң, ақсақалдар ауыл-ауылына тарады. Қасында төрт-бес жігіт қолғабысшысымен Еңсептің өзі қалды. Ауық-ауық Дәржан соғып, қал- жағдайды сұрап, ақыл айтып кетеді. Еңсеп бес қанат боз үйдің қақ ортасында қазық тұрған жерден құдық қаза бастады. Қашан төбесінен күн түспейтін тереңдікке жеткенше киіз үй тігулі тұрды». 

Бұдан әрі оқиға күрделене түседі. Құдық қазушылар арасындағы бәсеке шиеленісе келе шығарма соңы қайғыға соғады.                .

«… Содан бірнеше жыл бойы қанды құдықтың маңына ел жола­мады. Біреулер құдықтың перісі бар екен, Еңсепті ұстап қалыпты десті, енді біреулер о жердің астында айдаһар бар екен, бірде құдықтың аузынан басын шығарып тұрғанын өз көзімізбен көрдік деп соқты. Арада әлденеше жыл өтті. Жер астынан шыққан айдаһар кө­рінбеді. Бір-екі жүрек жұтқан жігіт барып қауға салып еді, мөп-мөлдір тұщы су шықты. Ақсақалдар әрі ақыл­дасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді… Тусырап жатқан өңір суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанмен, ол лықылдайды да жатады. Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті».                                                                                                                                   Мұнда аңызақ даланың аңыз-әпсанасына айналған небір сырлы дүниелер көп сақтаулы. Маңғыстау десе, бүгінде шөлдегі салқын бұлақты, жасыл шөпті шұраттар, Бекет ата, Шақпақ ата, Ұлы Шерқала, Үстірт, Сұлтан-еспе сияқты сан-сапат тарихи-мәдени ескерткіштер атауы жа­дыңда жағалай жаңғырады. Ал енді осыған дейін бұл өңір­дің тарихында не болған, мұн­шама мол қазына қалай сақталған, халқы сусыз қайтіп өмір сүрген, салт-дәстүрі, ән­дері мен күйлері қандай десек, бұл құндылықтардың қыр-сы­рына қапысыз қаны­ғу үшін Ә. Кекілбайұлы шығар­мала­рының шыңырауына түсіп шы­ғуыңызға тура келетіні сөзсіз.

Аталған өңір құдықшылары негізінен жұмыс құралы ретінде сүймен, балта, тас шапқыштарды пайдаланған. Әрине, құдықшы үшін ең қиыны – тұщы су көздері бар жерлерді дұрыс таңдай білу. Мәселен, Маңғыстау, Жылыой құдықшылары, әлгі айтқан Еңсеп, Бейнеубайлар ондай орындарды ертең ерте қара жерге құлағын тосып, жата қап, тың тыңдау, болмаса күн шыға жер бетінен атпен шауып өту, жүген сүйретіп келе жатып, соның дыбысы арқылы білу, тіпті қолындағы сүйменін лақтырып, содан шыққан дыбыс арқылы жердің ащы-тұщылығын бағамдау, су көздерінің тереңдігін бажайлау, яғни су көлемі, топырақ қабаты, сапалық қасиеттеріне дәл баға беретін болған. Соған сай тапсырыс берушімен келісімге келген, еңбек ақыларын белгілеген. Мұндайда кейде бір шыңырау үшін 500 бойдаққа дейін алған. Құдық қазу тәсілі де түрлі. Алдымен шөбі шүйгін, малға жайлы қонысты, қыстақ басы немесе керуен жолдарының бойында (онда судың ащы-тұщылығына қарай әр құдықтың арасы 14-15, кейде 35-40 шақырымға дейін) қазылып, әрбіріне жер бедері, құдықшының не құдық иесінің есіміне орай жеке-жеке ат берілген. Оның өзі жолаушы үшін бағдар, белгі, нысана болып есептеледі.

Жоғарыда айтқан ертедегі керуен жолдарына нақтырақ тоқталар болсақ, мейлі ол тарихтағы Үстірт үстімен өтетін Ноғай жолы, болмаса Маңғыстау арқылы жөнейтін көне Хиуа бағыты болсын, әр 25-30 шақырым сайын суы ащы ма, әлде тұщы, бәрібір міндетті түрде құдық не бұлақ кездеседі. Ал 100-150 шақырымда тұщы су қалайда болады. Сайып келгенде бұл керуеншілердің әр күн сайын көліктерін суарып отыруы, ал 100-150 шақырымдағы тұщы су көздері өздерінің әр 4-5 күнде ауыз су қорын жиып алуына арналған. “Керуен жолдарының мұндай тәртібін, – дейді Ә. Кекілбаев өзінің “Ұйқыдағы арудың оянуы” атты еңбегінде – Геродот жазған “патша жолдарынан” ғана көреміз. Археменидтер астанасы Суздан Жерорта теңізіне, Эфеске дейін созылған аталмыш жолдың үлгісі кейін керуен жолдарының дүниежүзілік үлгісіне айналды. Геродот суреттейтін патша жолында да керуен сарайлар мен қоналқы орындар бір күншілік жерге, яғни жүк артқан түйе 9 сағат жүретіндей қашықтыққа созылған”.

Бұдан әрі құдық қазу үлгісіне тоқталар болсақ, Үстірт шыңырауларының әуелгі 3-4 метрі қызыл саз, одан әрі тас қабат болып келсе, Азғыр, Тайсойған бойы құдықтары саз, ішінара тас, көбіне құмдауыт болып келеді. Бағзы құдықшылар әдетте шыңыраудың екі бүйіріне аяқтың ұшы кіретін теппелер, су көзіне жеткен кезде бүйіріне бір адам сиятындай қуыс қалтарыстар қалдырады. Бұл сыртқа шығу үшін керек, болмаса жоғарыдан түсетін тастардан сақтанған. Шыңырауларға түсіп-шығу үшін тек қана мықтылығы жоғары қыл арқандар пайдаланылған. Әдетте көптеген құдықтардың астыңғы тұсы таспен өріліп, үстіңгі жағы түрлі материал (ағаш, жыңғыл), сүйекпен шегенделген. Міне, мал-жанның тіршілік көзі болып табылатын су көздері туралы халық қазынасы

Бүгінде жаңа технологияның өмірге дендеп енуінен маңызын жоғалта бастаған құдықшы кәсібін игерудің сырын біз Маңғыстау, Үстірттегі құдықтардың тарихын ел арасындағы аңыз әңгімелерден, Ә.Кекілбаевтың шығармасынан, азды-көпті зерттеулерден кездестірмесек, жалпы жұрт ұмыта бастаған. Арыстан баб, Үкашата, Йасауи кесенелеріндегі құдықтардан да басқа киелі мекендерде құдық суының қасиеті туралы там-тұмдап қана білетін жас ұрпақтарға бабалар соқпағында тіршілік нәрі – құдық қазудың қыр-сырын ұғу үшін еліміздің шар тарабындағы, әсіресе Бетпақдала, Сыр бойы, Қызылқұм өңірінің бұрынғы тыныс-тіршілігін зерттеу, осы кәсіптің тарихта алатын орны, сауда жолдарындағы су көздерінің маңызын туристік бағыттарға, киелі мекен орнына айналдырудың да өзіндік мәні зор.

Дереккөздер:

  1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. Алматы:ТОО «Алем Даму Интеграция», 2017. -816 бет.
  2. Ә.Кекілбаев «Шыңырау» повесі.
  3. Т. Картаева, Е. Оралбай. Құдық қазу ісінің қалыптасуы және құдық түрлері .

        Мырзабай Омаров, Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығы, бөлім басшысы

Бөлісу: