Түркістан облысында жаңа жолдардың сапасы бақылауға алынды

1282

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша  Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол – адалдық алаңы»  жобалық кеңсесінің 10 айлық қорытындысы бойынша  мәжіліс өтті, деп хабарлайды «Дәстүр» сайтының тілшісі.  

Жиынның басты мақсаты – облыс аумағында бюджет есебінен төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және мемлекет бюджетін тиімді жұмсау.

Шараға облыс әкімінің бірінші  орынбасары Арман Жетпісбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Мухит Ахметов сондай-ақ онлайн көрсетілім арқылы аудан әкімдері қатысты.

Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбай ашып, жергілікті атқарушы органдардың міндеттерінің бірі – бюджет қаражатын тиімді пайдалану екенін атап өтті.

«Ең бастысы, қаражатты қажетті нысандардың құрылысына жұмсау  қажет. Сондай-ақ, нысандардың  сапасын қадағалап,  жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру керек, – деді Арман Жетпісбай.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өңірдегі филиалының, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлерінің, Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің және  жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме басшыларының, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен облысқа қарасты қала және аудандардың автокөлік жолдарына  мониторинг жұмыстары жүргізілген.

Айта кетер болсақ, жиын барысында жаңадан төселген жолдардың  сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді болдырмау мәселелері талқыланды.

Алтынбек Құмырзақ

Бөлісу: