Той жасаудың тың жолы

1420

Ағаларым жиі хабарласып тұрады. Олардың арасында түрлі саланың мамандары бар. Бүгін профессор Сақыбай Тынымбаев хабарласты. Қазақтың жөнімен қыз алыспайтын өте жақын туыс кісі. Көкемнің жасы 81-де. Техника саласы бойынша белгілі ғалымның осы күнге дейін он оқулық және оқу құралдары жарық көрген. Соңғы кітабы – «Компьютерлік жүйелер архитектурасы» деп аталады. Қазақ тілінде. Осы он оқулықтың соңғы екеуін қазақ тілінде жазды. Қазіргі кезде техникалық салада таза қазақша жазатын мамандар жоқтың қасы емес пе?

Негізгі мамандығы – ақпаратты қорғау жүйесін ғылыми зерттеу. Америкада, Гонконгта, Англияда, т.б. елдерде ғылыми еңбектері жарық көрді.

50 жыл Қазақтың Политехникалық университетінде ұстаздық етті. Соңғы 20 жылында «Есептеу техникасы» атты кафедрасын ашып, өзі басқарды. Ғылыми диссертациясын кезінде Мәскеудің Бауман атындағы техникалық оқу орнында қорғаған.
Осы Сақыбай көкем бүгін тың ұсыныс айтты.

Бүгінгі күн талабына сәйкес «Той жасаудың тың жолын» ұсынды. Мен бұл ұсынысқа ойға ой қосып, желіге салып отырмын.

       Негізі осы біздің қазақ тойсыз жүре ала ма?
       Қазаққа уақытша той жасама, ас берме дегенмен, оны тыңдап отырған қазақ жоқ. Керісінше, той науқанға айналып кеткендей. Жасы үлкен, адам деп, шақырып жатқан соң сен де бармай отыра алмайсың. Енді не істеу керек?
       Мен осыны ойлана келе мынандай тоқтамға келдім: Той жасай берсін. Бірақ 72 сағаттық ПТР-тест қорытындысы қолдарында болсын. Бұл – сол тойханада қызметте жүргендерге, қонақтарға, той иелеріне, бәріне-бәріне қатысты һәм міндетті болсын.
      Бұл, біріншіден, экономикамызға оң әсерін тигізеді. Екіншіден – жасырынып той жасап, вирусты бір-біріне жұқтырмайтын болады. Үшіншіден, кәсіпкерлер – тойхана иелері, той бизнесіне қатысты шоумендер, әншілер, асабалар, т.б. өз кәсіптеріне оралар еді. Бұл қаншама жанұяның күнкөріс көзі ғой.
      Қазақ «Той – Қазына» дейді. Яғни, қазақтың әлеуметтік, экономикалық жағдайында тойдың оң әсері аз емес.

Қарт профессордың бұл ұсынысына сіздер қалай қарайсыздар?

Қ.Бегмановтың фб парақшасынан.

Бөлісу: