Жарыс қазан

4281
Жарыс казан

Қазақ халқы ежелден дәстүрге және ырым-жоралғыға өте бай халық, соның бір дәлелді айғағы, ай-күні жақындап босанатын аналарға қатысты ырым.

Жүкті ананың толғағы біліне бастағанда, көрші-қолаң әйелдері мен тәжірибелі әжелер шақырылады. Ол кезде әйелдердің үйде босануға мәжбүр болғаны белгілі.  Келген әйелдер толғатқан ананы аман-есен босандырудың қамына кіріседі. Аршаны тұтатып, жаны қысылып отырған ананың басынан айналдырып, жын-пәлекетті аластайтын болған. Үйге басқұр, теңжіп (арқан) сияқты жіптерді керіп, толғатқан ананың қолтығынан демеп, оған асылдырып отырғызады. Толғақ жиілей бастағанда бір бөлім әйел қазан асып, тез пісетін тағам жасауға кіріседі. Кейде қой сойып, бауыр-бүйрегін қуыртады. Міне бұл «жарыс қазан» деп аталады. Кей өңірде «қазанжарыс» деп те айтыла береді. Қалай айтылса да оның мағынасы мен ұғымы бір. «Жарысқазан» айы-күні толған келіншек толғатқан сәтте жасалатын қызықты қуанышқа арналған ырым.

Мұндайда балалардың қолдарына келісап, тоқпақ тектес нәрселер ұстатып, үй сыртын айнала түйгізіп «түсті ме» айтқызады. Онда, үй сыртынан жер түйгіштеген балалар: «түсті ме, түсті ме?» деп айғайлайды. Үй ішіндегі әйелдер: «түсті, түсті!» деп дауыстайды. Ал қазан басындағы әйелдер кезек-кезек жарысқазанға пышақты жанып-жанып жіберіп: «қара қазан бұрын пісе ме? Қара қатын бұрын туа ма?» деп әлсін-әлсін дауыстап отырады. Және бала тез түсу үшін ұршықты сабынан шығарып алып, тесігінен өрлетеді. Бала жерге түскен кезде сырттан азан шақырылады. Ана аман-есен босанған соң, «жарысқазандағы» тағамды түсіріп, қуанышты құттықтап, әзіл-қалжың айта отырып тамақ жеп, шай ішіп, дүние есігін жаңа ашқан сәбиге баталарын беріп, қуаныш соңын шілдеханаға айландырады.

Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Әр дүниенің болмысы мен табиғатына қарай, өміршеңдігіне қарай халық өзі есімін беріп отырған. Әсіресе, түркі тектес халықтың ішінде осынау қазақ халқы ұлттық өнеге мен тәрбиенің негізінде әр нәрсеге, табиғи құбылысқа өзінше баламалап есім беруде де мән берген. «Жарыс қазан» атауының өзі осыған сайып келеді. Түбірдің бойында кездесетін мәні мәлім сөз асылын тауып, қолданысқа енгізіп отырған. Тек «жарыс қазан» ғана емес, «шілдехана», «кіндік кесу», «кіндік шеше» деген сынды атауы өзіндік мәнге ие дәстүріміз жетерлік.

Манат Исаева, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының»     ғылыми қызметкері

Бөлісу: