Еліміздегі 67 колледждің оқу-өндірістік базасы жаңартылды. Білім беру ұйымдары студенттерді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша оқыту мақсатында қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алды. Шара «Жас маман» жобасын жүзеге асырудың бірінші кезеңі аясында қолға алынды. Жылдың соңына дейін тағы да 13 колледжге қажетті техника жеткізіледі. Жалпы аталған жоба еліміздің 180 колледжін қамтиды, олардың барлығы оқу-өндірістік базасын жаңарта алады. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлайды. 

 «Жас маман» жобасы еліміздің 180 колледжіндегі оқу-өндірістік базаны 100 сұранысқа ие мамандық бойынша жаңартуға бағытталған. Қазір бірінші кезең жүзеге асырылып жатыр. Яғни биыл шамамен 80 колледж өздерінің техникалық базасын жаңарта алады. Қазіргі таңда еліміз бойынша 67 колледж озық техникамен жабдықталған. Жоба Елбасының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қолдау мақсатында іске қосылды», – деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қ. Astana Polytechnic жоғары колледжінің автокөлік жөндеу шеберханасында автокөліктің толық диагностикасын жасауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар  орнатылған. Студенттер шеберханада жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу бойынша тәжірибе жинайды. Сондай-ақ  «Жас маман» жобасы аясында колледж алғаш рет оқу электромобилін сатып алды. Оқуын аяқтағаннан кейін колледж түлектері қалалық автопаркте жұмыс істей алады және жаңа электр автобустарына қызмет көрсетуге мүмкіндіктері бар.

«Бұрын біз ескі құрылғылармен пайдаланатынбыз немесе қажетті техника мүлдем болған жоқ. Ал қазір жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, материалдық-техникалық базамызды жаңарттық. Енді түлектеріміз жұмысқа орналасқаннан кейін бірден жұмысқа кірісе алады», — деді Нұр-Сұлтан қ. Astana Polytechnic жоғары колледжінің директоры Қасымхан Сенғазиев.

Елордалық автоорталықтың техникалық директоры Дмитрий Ганьбаның айтуынша, студенттердің жаңа құрылғылармен жұмыс істей алуы автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және саласы мамандарының кәсіби деңгейін арттырады.

«Осы уақытқа дейін Қазақстанда мұндай деңгейдегі техникалық жабдықталған оқу орындары болған емес. Енді осындай колледждердің мамандарына еліміз бойынша сұраныс артатынына сенімдімін», — деп атап өтті автоорталықтың техникалық директоры Дмитрий Ганьба.

Колледждегі барлық шеберхана мен зертханалар «Жас маман» жобасы аясында жаңартылды. Оқу жабдықтары әлемдік жетекші компаниялардан шамамен 230 миллион теңгеге сатып алынды. Байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар кабинеті де жаңа технологиялармен толықтырылды. Енді студенттер желілік құрылғыларды консольде де, графикалық интерфейсте де басқаруды үйренеді. Жаңа материалдық-техникалық база еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Колледждердегі жабдықтарды  сатып алу мен жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін комиссия құрылды. Оның  құрамында  өңірлер мен мәслихат депутаттары, тәуелсіз сарапшылар, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобының өкілдері бар.

«Жас маман» жобасы аясында жаңа жабдықтарды сатып алумен қатар оқу жоспарлары мен бағдарламалар әзірленуде. Сондай-ақ колледждердің шеберханалары мен зертханаларында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасағанын атап өткен жөн.

Бөлісу: