Жас түрколог ғалым дүниеден өтті 

94

Ташкенттен қаралы хабар жетті. Түрколог ғалым Андрей Кубатин 36 жасында дүниеден өтті. Біз түркі дүниесінің үлкен жанашырынан ерте айырылып қалдық. «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының Өзбекстан бағытындағы сапарында Ташкентте Андреймен кездесіп танысқан едім.  Басында тақия, қолында тәспі. Аузында түркі дүниесі. Арманы асқақ, өзіне сенімді, иманды, ізетті жас жігіт болатын.
Иә, 2008 жылдың сәуір айының басында біз экспедициямен Ташкент, Ферғана, Қоқан бағытында болдық. Содан бері арада 12 жыл өтіпті. Андрей қазақша, өзбекше еркін сөйлейтін. Менің «Мұстафа Шоқай жолымен» атты тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабымда Андрей Кубатиннің Ташкентте өткен  дөңгелек столға қатысып, өзінің ойларын айтқаны жайлы арнайы тоқталып, осы аттас деректі фильмде есімін құрметпен атап өткенмін. Түркі дүниесін ерекше жақсы көретіні оның сөздерінен анық аңғарылып тұратын. Елгезек, білімді, парасатты азамат еді.  Өмір деген осы, жарық жұлдыздай ағып түсті. Кейінгі өмірі, тағдыры өте ауыр болды. Өзбек билігіне жақпады. Жала жабылды. Түрмеге түсті. Ақталып шықты. Түркі дүниесінің тарихын зерттеуші жас туркологты біз сақтай алмадық. Қорғай алмадық. Өкінішті. Өте өкінішті. Андрей Кубатин жас болсада түркі дүниесіне қатысты тарихты қопарып зерттеп көп іс бітіріп кетті.
Коронавирус деген тажал жас ғалымның ажалына себеп болды. Осы жерде жоғарыда айтқан кітабыма енген Андрейдің пікірін бергім келіп отыр.

Андрей Кубатин:
–Ол рас, жәдитшілдер қоғамы да, Түркістан идеясын қолдаушы ұйымдар да болды. Оларға ортақ бір нәрсе, Түркістан тұтастығын сақтау болатын. Осы ұйымдардың ішінде Мұстафаның болғанын да білеміз. Барлығы бірлесе жұмыс жүргізді. Мұны да ұмытпағанымыз жөн. Жаңа ғана өздеріңіз сөз етіп кеткен Мүнуәр Қари, Бехбуди Мұстафа Шоқаймен әрі идеялас, әрі оның ұстаздары болды. Мұстафа гимназияда оқып жүрген кезінде олар газет шығарып, елдің ағарту жұмыстарымен айналысты. 1917 жылы Ақпан және Қазан төңкерістерінің арасында университетті жаңа бітіріп келген Мұстафа Шоқайды қолдап, оны Түркістан өлкелік комитетінің құрамына сайлады. Міне, мұның бәрі бекер тірлік емес еді. Шоқайдың келешегінен үміт күткендіктен, оның бағытына сенгендіктен атқарылған тірлік болса керек.»

Ол түркі дүниесінің үлкен жанашыры еді.
Жаны жәннатта болсын!

Қ.Бегмановтың фб парақшасынан.

Бөлісу: