Тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша.
Н.Назарбаев
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар секторы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын насихаттау мақсатында Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің оқытушылары мен 1-курс студенттерінің қатысуымен «Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты ақпараттық сағатын ұйымдастырды.
Шара барысында оқырмандарға «Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты слайд, «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты кітап көрмесі таныстырылды. Төрт бөлімнен тұратын мақалаға аз тоқталып өтсек.
Бірінші «Бағдар мен белес» бөлімінде қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қадамдарын үш онжылдыққа бөліп қарастырады. Жаһандану кезінде ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау үшін, қуатты елдің иесі және кемелді халық болу қажет екендігі айтылады.
Екінші «Таным мен тағылым» бөлімінде ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы хандық дәуірден бастап, тәуелсіздік алғанға дейінгі азапты да, даңқты ерлік жолдарын атап көрсетеді. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды бастау керек» — деген сөз әр қазақтың көңіліне қонымды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлт шежіресі түгенделіп, археологиялық қазыналар табылды.
Үшінші «Қоғам мен құндылық» бөлімінде: «Байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және береке-бірлігіміз бар. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет деп баса айтып өтті. Бірінші құндылығымыз қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Туған табиғатты аялауға, қоршаған орта, экологияға зиян келтірмей, таза ұстауды үйренуге аса мән беруіміз қажеттілігі сөзсіз ақиқат. Ал, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Өз тіліңді біліп, өзге тілді құрметтей білуіміз қажет.Басты құдірет – ел бірлігі, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау қоғамдағы әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс екендігі айтылады. Ұлттық құндылығымыз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өту мақсатында, Наурыз мейрамы тұжырымдамасын жасау ісі қолға алынды. 2021 жылдың 14 ақпан күні мейрамды атап өту мақсатындағы тұжырымдама жобасына сәйкес, өткізілуі тиіс іс-шаралар бекітіліп, көктем мерекесі 14-ті мен 23-і наурыз аралығындағы 10 күндікке белгіленді. Бұл қазіргі таңда мемлекет басшысының мақалада айтылған мәселелері нақты қолдау тауып, іс жүзінде жүзеге асырылып жатқандығын көрсетеді.
Төртінші «Ұлағат пен ұстаным» атты бөлімінде келер ұрпақты рухы асқақ жасампаз етіп тәрбиелеу мақсатында жастарға көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, «Жас келсе – іске», Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау керек дей келе, жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды.
Мақала жастар Отанды сүйіп, тәуелсіздік үшін күнделікті еңбек етіп, қуатты тәуелсіз мемлекетімізді сақтап, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» сөзі айнымас ұраны болса, қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухы болып, асқақтай береді – деген зор сеніммен аяқталады.
Жастар мемлекет басшысының осы айтылған нақты ұсынысынтарын қолдайтындарын айта отырып, өздерінің болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінетіндерін жеткізді. Болашақта халқына адал қызмет ету жолында білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмыстарын қалыптастырып, өздері таңдаған мамандық иелерінің нағыз иесі болу армандарын айтып өтті. Және де мақаланы оқыған кезде шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін халықпен бірлесе жұмыс атқаратындықтарын жеткізді. Мемлекет басшысының жастарға айтқан өсиетіне адал азаматтар болатындықтарына сенім білдірді.
Шараға оқытушы Жилкибаева Макира Нурлаевнаның жетекшілігімен келген Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің «Электр және электр механикалық жабдықтар» мамандығының 1-курс студенттері мемлекет басшысының мақаласын қолдап, патриоттық тақырыпта Изтай Мустафа, М.Мақатаевтың «Отан», Бисенов Досымжан Н.Айтұлының «Тәуелсіздік» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Айтмағамбетов Ануар, Асылбеков Сұлтан, Уалиұлы Жансерік, Биимбетов Алишер ақпарат сағатында аталмыш мақаланы талқылаудан өздеріне тәлімдік мағынасы зор мәліметтер алғандықтарын айтып, алғыс білдірді. Сайып келгенде айтарым, мемлекет басшысының мақаласы жастарға үлкен ой тастады.
Тәуелсіздігімізге жету жолындағы азаттық үшін күрескен ата — баба жолын, Алаш қайраткерлерінің ерлігін, болашаққа бастар жолды анық айқындап берді.
Нұрлыгүл БЕРДЫҒАЛИЕВА, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.