«Жетілдірілген» әліпбидің жетілмеген тұстары

1217
Латын, Latyn. Латын алфабиті

Әлеуметтік желіде көзі ашық ұстаз-мұғалімдерден емілеге түсініктеме сұраған өтініштер қылаң бере бастады (еміле сөзін әдейі «і» дауысты дыбысын түсірмей жазып отырмын), бұл – тек басы. Мысалы, бірі «жануар дегенде у дауыссыздан кейін тұр, сондықтан ол дауысты болады» десе, екіншісі «жоқ, у дауыстының алдында тұр, сондықтан ол дауыссыз болады» деп, таласып жатса, енді бірі «алуа, тәрбие, әулие деген сөздерді буынға бөле алмай жатырмыз» деп шарқ ұрып жатыр. Мұның бәрі қазіргі бейрет кирилл әліпбиіміз бен бейберекет кирилл емілеміздің салдары. Мұғалім-ұстаздарға аз да болса көмегім болсын деп осы мақаланы жазуға тура келді. Мен ешкімді пікір-таласқа шақырып отырған жоқпын.

Қазіргі әліпби түзу мен еміле-ереже құрастыру барысында мамандарымыздың екі жар болып отырғанын жасыруға болмайды. Бір топ мамандар, бүгінгі қолайлы сәтті пайдаланып, әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдырып, қазақ жазуының ұлттық үлгісін қалыптастырып алайық деп отыр. Ондағы мақсат – «бір дыбыс – бір таңба» ретімен төл дыбыстарымызды өз күйінде таңбалау. Әрбір дыбыс өз орнында айтылып, әрбір әріп өз орнында көрініп тұру керек дейді. Соның нәтижесінде төл сөздеріміздің жазылымы (орфографиясы) мен айтылымы (орфоэпиясы) өзара үйлесе кетеді. Өйткені «орфография» деп жазып, «орфоэпия» деп түзетіп, бір жұмысты екі жұмыс етіп келеміз. Ендеше төл сөздеріміздің құрамында жазылып жүрген кірме и, у, я, ю, щ тәрізді тіл бұзар әріптерден құтылу керек. Сонда, мысалы, мый, жый, қый т.б. жуан әуезді сөздерімізді ми, жи, қи деп жіңішкертіп жібермей немесе «дауыстыдан кейін дауыссыз болады, дауыссыздан кейін дауысты болады» деген сықылды бейрет ережелерден арылар едік.

Бұл бір ғана мысал емес тізе берсек жетіп жатыр: су, бу, ту, ти, ки т.б. бір буынды сөздер, ал екі және көп буынды сөздердің шегі жоқ: тиын, тиін, суыр, сурет, иық, иін, алу, келу т.б. Енді осы кирилл үлгідегі сөздердің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті қалай болады екен? Төрелігін оқытушы-мұғалім қауымға, оқулық авторлары мен әдіскерлерге қалдырдық. Ондаған жылдар бойы теріс емілемен  оқытып, дайындап келген мұғалім-ұстаздардың өзі кирилл емілеге ұйып қалған. Бұл олардың кінәсі емес, бәріміздің кінәміз, тіптен, ғалымдар, біздің күнәміз шығар.

Алайда, мұғалім-ұстаздардың барлығы «кирилл-сауатсыз» емес, көзі ашық мектеп мамандары жеткілікті. Міне сол ұстаздар, тағы қайталайық, ФБ-ты ашыңыз, алуа, тәрбие, әулие деген сөздерді буынға бөле алмай немесе бұрыс бөліп, әбіржіп жатқандарын айтады. Жарайды, жаңсақ еміле кирилмен бірге кетер. Бірақ, ең өкініштісі, сол жаңсақ емілелер сол күйінде жаңа латын жазуымызға өтіп кеткелі тұр. Сондықтан да «жетілдірілген» әліпбидің алдын алып, мұғалім-ұстаздар үшін көмекші құрал дайындап бергенді жөн көрдім, ол желіге кеткен болатын.

Біріншіден

Сонымен, кирилл емілені сол күйінде көшірдік дейік (егер «жетілдірілген» әліпби қабылданып жатса, басқаша болуы мүмкін емес), сонымен:

-біріншіден, жетілдірілген әліпби құрастырушылар «бір дыбыс –бір таңба» ұстанымын басшылыққа алдық дейді, алайда ереже жайына қалып отыр. Өйткені кирилл еміле сол күйінше көшіріліп отыр.  Осындағы ұу/үу, ый/ій дыбыс тіркестерін бір таңбамен у, и деп белгілеп беріп, оларды дауысты дыбыстар деп, ӘЛІППЕДЕН бастап жалған үйретіп келеміз. Төменгі кестелерде кирилл, жетілдірілген және ұлттық үлгілерін көрнекілік үшін салыстырып беріп отырамыз. Ұлттық әліпби үлгісі и, у таңбалары қос дыбыс тіркесінің әрібі екенін ақиқат көрсетіп тұр.

кирилше су ту бу қу у
жетілдірілген su tu bu qu u
           
кирилше ми қи жи ти и
жетілдірілген mi qi ji ti i
           
ұлттық mɪy qɪy jɪy tiy iy

Екіншіден

-екіншіден, дауыссыз дыбысты дауысты дыбыстың таңбасымен белгілеуге болмайды, соған қарамай қазақтың дауыссыз у дыбысы (кирилл таңба шатастырып жүрмесін) дауысты u таңбасымен жаңсақ белгіленіп отыр, дұрыс ретін ұлттық жоба көрсетіп отыр.

кирилше ауа әуе ауу сауу
жетілдірілген aua äue auu sauu
         
ұлттық awa äwe awuw sawuw

Үшіншіден

-үшіншіден, қазақтың жіңішке әуезді «і» дауысты дыбысын дәйекшісіз (ноқатсыз) әліп «ɪ» таңбасымен белгілеуге болмайды. Ахаңның (А.Байтұрсынұлының) дәйекші теориясына кереғар шешім болып отыр. Оның үстіне кійім [kiɪm] дегенде дауыссыз дыбыс түсіп қалып, екі дауысты іі[iɪ] болып орынсыз тіркесіп тұр.

кирилше

и: [i]

киім

иіс

жетілдірілген

и: [i] ≠ і [ɪ]

kiɪm

iɪs

ұлттық

и: [iy]

kiyim

iyis

Төртіншіден

-төртіншіден, орыс тілінің созылыңқы и[i:] дауысты дыбысы мен қазақ тілінің й[y] дауыссыз дыбысын (тіптен, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты) бір таңбамен белгілеуге еш болмайды. Мұның емілеге еніп кеткелі тұрған бейсауат қайшылық екенін естен шығармау керек.

и[i:]

й[y]

}[i]

Бесіншіден

-бесіншіден, дауыссыз дыбыстың халықаралық [y] таңбасымен дауысты «ы» дыбысын белгілеуге бомайды. Қазақтың «ы»  дауысты дыбысының өзіндік [ɪ] таңбасы бар.

й [y] ы [ɪ]

Алтыншыдан

-алтыншыдан, Ахаңнан келе жатқан дыбыс таңбалау жүйесі бар. Бұл жерде сол жүйе бұзылып, дауыссыз у таңбасы дауыстылардың қатарына, ал жуан әуезді «ɪ» таңбасы жіңішке әуезді дауыстылар қатарына еніп кеткен, сөйтіп бүкіл дыбыс жүйесі де, әріп жүйесі де айқыш-ұйқыш бұзылып тұр. Ендеше әуез таңбалар жүйені бұзбай өз орындарында тұру керек болады.

a o u y
ä ö ü ɪ

 

a o u ɪ
ä ö ü i

Осы жердегі екі бұрыс шешімді дұрыстауға тура келеді: дауысты ы[ɪ] дыбысын дауыссыздың «у» таңбасымен белгілеуге болмайды; жіңішке әуезді і[i] дыбысын дәйекшісіз жуан әуезді «ɪ» таңбасымен белгілеуге тағы болмайды. Дұрысында таңба (әріп) дәйекшісі жоқ болса жуан әуезді, бар болса жіңішке әуезді білдіреді.

Жетіншіден

-жетіншіден, қазақ тілінде сөз ішінде буын дауысты дыбыстан басталмайды. Кезінде Ахаң атап көрсетіп кеткен тіл заңдылықтарының бірі еді, енді сол ереже жаппай бұзылып жатыр. Кирилл мен жетілдірілген нұсқаны ұлттық үлгімен көрсетіп отырмыз.

кирилше қи-ын ми-ы и-і
жетілдірілген qi-yn mi-y i-ɪ
       
ұлттық qɪ-yɪn mɪ-yɪ i-yi

 

кирилше су-ық ту-ыс у-ыс
жетілдірілген su-yq tu-ys u-ys
       
ұлттық su-wuq tu-wus u-wus

Сегізіншіден

-сегізіншіден, қазақ тілінің (түрік тілдерінің) мызғымас заңдылығы бар: егер алғашқы буын жіңішке әуезді болса, онда келесі буын да (буындар да) жіңішке әуезді болады. Үндесімі бұзылып тұрған буындарды көрнекілеп көрсетуге тырыстық. Бірінші буындағы жіңішке «и» дыбысын көріп отырған балаға келесі буындардың жуан әуезін қалай түсіндірерсің???

кирилше жи-ЫН ми-Ы и-ЫҚ
жетілдірілген ji-YN mi-Y i-YQ
       
ұлттық ji-yi şi-ye i-yin

Тоғызыншыдан

-тоғызыншыдан, қайталауға тура келеді, қазақ тілінің (түрік тілдерінің) мызғымас заңдылығы бар: егер алғашқы буын жуан әуезді болса, онда келесі буын да (буындар да) жуан әуезді болады. Үндесімі бұзылып тұрған буындарды көрнекілеп көрсетуге тырыстық. Бірінші буындағы жуан әуезді «ы» дыбысын көріп отырған балаға келесі буындардың жіңішке әуезін қалай түсіндірерсің???

кирилше

СЫ-ни

ҚА-жи

Ұ-ли

жетілдірілген

SI-ni

QA-ji

U-li

ұлттық

sɪ-nɪy

qa-jɪy

u-luy

Оныншыдан

-оныншыдан, әліпби мен еміле тек сауат ашудың құралы емес, тілде дауысты мен дауыссыз, буын мен тасымал, түбір мен қосымша бар екенін білдіретін тілтанымдық құрал болу керек. Осы тұрғыдан ең қарапайым оқи, оқу сөздеріне морфологиялық талдау қажет болды дейік. Бұл қазақ тілінің фонетика-грамматикасын оқытудағы басты талап болып табылады ғой. Енді қарайық, бала оқи деген сөзден көсемшенің жұрнағы деп «и» әрібін алып тастайды, ал оқу деген сөзден тұйық рай көрсеткіші деп «у» әрібін алып тастайды, сонда сөздің түбірі «оқ» болғаны ма???

кирилше оқи оқ→и оқ…
жетілдірілген oqi oq→i oq…
       
кирилше оқу оқ→у оқ…
жетілдірілген oqu oq→u oq…
       
ұлттық oquy oqu→y oqu+y
ұлттық oquw oqu→w oqu+w

Көріп отырғанымыздай, осының бәрі – бала түгілі ересекті де, тіптен ана тілінің мұғалім-ұстаздарын жаңылдыратын шылдыр-шатпақ, былдыр-батпақтар. Жаңа латын жазуына көшкенде кирилдің осы іспеттес жартыкеш емілесін ала кетпесек екен дейміз ғой.

Егер осыларды сұу, бұу, тұу, тій, кій, тыйын, тійін, сұуыр, сүурет, ыйық, ійін, алұу, келүу т.б. таратып жазатын болсақ, онда сөздің, ең алдымен, үндесім әуезі сақталады (тіліміз үндесім тіл екенін ұмытпайық), морфем құрамы бұзылмайды, буын реті сетінемейді, тасымал оңай шешілетін болады, түбір мен қосымша жөнімен таратылады. Ең бастысы, қазақ сөзінің табиғи айтылымын қайтарып аламыз.

 Келесі топтың уәжіне келейік 

Егер кейбір дыбыс тіркестерін бір таңбамен белгілесек, онда жазу ықшамдалады, қағаз (?) үнемделеді, жазу оңтайланады, сөзді оқу жеңілдейді т.б. Сөздеріміз «шұбалаңқы» деп күйінеді.

Қарсы пікірімізді бірден айтайық, қазақ тілінің (сөзінің) табиғи айтылымын, соған лайық жазылымын бұзатын ықшамның, үнемнің, оңайдың, жеңілдің т.б. алдамшы ұстанымдар (принциптер) кімге және неге керек?! «Шұбалаңқы» деп тілімізден жиренеміз бе? Тіліміздің әлем тілдерінің құрамындағы ерекшелігі мен құндылығы да сол көп қосымшалылығында (көп буынды сөзді әдейі қоюлап бөлектеп қойдым) емес пе! Көп буынды сөзді айталмай тілі күрмеліп, жаза алмай саусағы сүрініп жатқан қазақ жоқ.

Олардың тағы бір уәжі – қазіргі қоғам су, бу т.б. деп жазғанға көзі әбден үйренген, сұу, бұу т.б. деп жазғанды қабылдамайды-мыс. Расты рас деу керек, қазіргі қоғам дәл солай, оны біз білмей отырған жоқпыз. Жарты ғасыр бойы (1957 жылдан бастап) су, бу т.б. деп тоқпақтай берсе, сеніп қалмағанда не істейді. Сеніп қалған нәрсе бұрыс болса да дұрыс көрінетіні анық.

«Бұу» мен «сұуды», «мый» мен «қыйды» қазіргі қоғам қабылдамайды деп бас ұра беретін болсақ, жазуымызға реформа жасап несіне әуре болып жатырмыз, онда қоғамды ырза қылу үшін кирилде отыра берейік. Оу, әріптестер, біздің бүгінгі мақсатымыз – қазақ сөзінің төл қазақы жазылымы мен төл айтылымын бүгінгі қоғамға түсіндіру, қабылдату, тіптен, мойындату емес пе? Әрине, бұл оңай іске аса қоймайды, себебі реформаның оңайы болмайды.

Төл әліпби мен емілені қалыптастырып алу керек

Көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып, санамызға сіңіп қалған соң кірме жазуды да өгейсінбейтін болдық. Егер рухани сана жаңғыру ұлттың тілінен басталатынын ескерсек, онда алдымен төл әліпби мен емілені қалыптастырып алу керек болады. Төл әліпбиден төл дыбыс қалыптасады, төл дыбыстан төл сөз қалыптасады, төл сөзден төл сөйлем қалыптасады, төл сөйлемнен ұлт тілі қалыптасады. Бұл – әлеми жазу тәжірибесі көрсетіп отырған фонетика-грамматикалық ұстаным.

Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамындағы кірме таңбалардың дыбыс құрамы (мазмұны) академиялық еңбектер мен орфоэпиялық сөздіктерде таратылып көрсетіліп келеді. Алайда академиялық еңбектер мен орфоэпияның нәтижесіне ешкім мән бермей отыр. Орыс әліпбиімен санамыздың тұмшаланып (мәңгүрттеніп десе де болады) қалғандығынан болар, әйтеуір кірме таңбалардың тіл бұзар машақатынан арыла алмай-ақ келеміз.

Әдетте, әлеми әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше (екі-үш) таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыс пен дыбыс тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Мысалы, бір ғана У таңбасын (әрібін) алайық (өзге И, Я, Ю, Щ таңбаларының жайы да осындай), төрт түрлі орфографиялық үлгісі бар: орыс тілінің У дауысты дыбысын, қазақ тілінің У дауыссыз дыбысы мен ҰУ және ҮУ дыбыс тіркестерін бір өз-ақ белгілеп келеді. Белгілеп қана қоймай, арнайы еміле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық. Жарты ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпақ сол еміле-ережемен ауызданып, сол еміле-ережемен ер жетіп, сол еміле-ережемен қартайып, сол еміле-ережемен «ұзап» кетіп жатыр.

Ендігі шешім не болмақ?

Қазіргі естияр ұрпақты «олай емес, былай» деп сендіру қиын болып отыр. Қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ деп» сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біз, қазіргі ұрпақ, шамасы, сол «И-У-Я-Ю-лап» өтетін тәріздіміз.

Жақында ел президенті Қ-Ж. Тоқаев мырза «жаңа әліпби болашақ ұрпақ үшін жасалып жатыр» деген өте орынды ой тастады. Ендеше «Әліпби жаңғыруды» мектептен, тіптен, бірінші сыныптан бастамаса болмайтын түрі бар. Сол ұрпақ өсіп жетілгенде ғана қазақ сөзінің қазақы жазылымы мен айтылымы кірме таңбалардың машақатынан тазаратын болады. Бірақ ұрпақ дайындығын бүгіннен бастау керек. Мұндай дайындық, ең алдымен, сауат ашудың бастау көзінде тұрған мұғалім-ұстаздарға керек. Көзі ашық сауатты қауымның да игеріп алғаны артық болмайды. Өйткені болашақ қабылданатын латын әліпбиінің құрамы мен еміле-ережесі бүгінгі кемшіліктерден сонда ғана арылып жаңаратын болады.

Қазақ тілінің сөзқұрауыш (просодикалық) заңдылығы бойынша жазу үлгісі «бір дыбыс – бір таңба» болу керек, сонда ғана мәтіннің дыбыс/әріп саны, үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлеу ырғағы үйлесімді шығады. Қазақ (жалпы түрік) тілінің өзге (орыс т.б.) тілдердің жазу үлгілерінен басты ерекшелігі осы болып табылады.

1957 жылғы реформа бойынша қазақтың төл сөздерінің жазылымына орыс тілінің У-И дыбыс/таңбалары ендірілді. Сонымен кірме У-И таңбалары қазақтың төл дауысты дыбыстарының құрамына «дауысты» болып қосыла кетті. Осы саяси әліпби реформасының жемісін енді «теріп-жеп» отырмыз. Қазіргі ұрпақты қазақ тілінде дауысты У-И дыбыстары жоқ деп сендіре алмай отырғанымыз сондықтан.

Жүрген жерімізің бәрінде «әліпби сауатымызды ашып алудан бастайық» дегенді босқа айтып жүрген жоқпыз. Және «әліпби сауатты» алдымен оқулық авторлары мен әдістеме иелері бастау керек. Ал бастауыш сыныптан бастау алса, жас ұрпақ өсе келе, ересектердің бүгінгідей «олай емес, бұлай емес» деп арпалысқан «әліпби» әлегіне ұшырамайтын болады.

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирилл орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз, қайталайтын түріміз де бар.

Өкінішке орай

Өкінішке орай, ақиқат «Йй» дауыссыз дыбысымыздың [Yy] таңбасына, ақиқат «Уу» дауыссыз дыбысымыздың [Ww] таңбасына латын негізіндегі жаңа ЖЕТІЛГЕН ӘЛІПБИІМІЗДЕН де орын табылмады, қайтадан сол орыс тілінің созылыңқы и[i:], у[u:] дауысты дыбыстарының таңбасының кебін киіп, бірде дауысты, бірде дауыссыз болып қалып отыр. Енді қашан және қай ұрпақ оны осы бір шала жансар әліпби тамұғынан аршып ала алар екен, әлде біздің көз алдымызда екі төл дыбысымыз өшіп, құрдымға кете береді ме? Келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға да дәрменіміздің жетпегені ғой.

Еміле-ереже «сауат ашуды күрделендірмеу керек» деген уәждің жөні жоқ, еміле-ереженің басты мақсаты тілдің табиғи құрылымын сақтау, ол – қазақ тілі үшін «бір дыбыс – бір таңба». Жалпы, еміле-ереженің оңайы болмайды, оңай еміле-ережені қай тілден көрдік? Қазақ тілі де соның бірі.

Сонымен кірме таңбалар орфографиямыздың оңы мен солын, көлденеңі мен тігін, арғысы мен бергісін қым-қуыт сапырыстырып жіберіп отыр. Әзірге жөндеп алуға, жөнге салып алуға дәрменсіз болып отырмыз. Үстем (тоталитарлық) шешім барлық уақытта үстемдігін көрсетеді.

Қазақ (жалпы түрік, түркі емес) тілінің фонетикалық тұрқы тұтасқан үндесім бірлік болып табылады. Сондықтан үндесім тұтастық сырттан дыбыс қабылдатпайды, «шапқыншы» дыбыстар үндесім тұтастықты бұза алмайды.

Осыған орай тағы бір теориялық   батыл ұсыныс-ұстаным жасамақпыз. Үндіевропа тілдері «орфографиялық» тілдерге жатады, қазақ (жылпы түрік) тілі «орфоэпиялық» тілге жатады. «Бір дыбыс – бір таңба» болып, сөз құрамындағы ақиқат дыбыстардың бәрі өз шебінде өз таңбасымен тұру керек. «Орфография» деп бұзып, «орфоэпия» деп түзетіп жатудың басы артық. Әрине «орфография» мен «орфоэпияның» керек жері – тек қана біріккен/кіріккен сөздердің, түбір мен қосымшаның шегара шебіндегі үйлесім түрленімі мен ерін әуезді үндесімді белгілеу ғана қалады. Мұның өзі де шартты.

Егер кірме таңбалардың «орфографиясынан» арылатын болсақ, онда «орфоэфиялық» сөздігіміз көп ықшамдалып қалады.

Ә.Жүнісбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
Бас ғылыми қызыметкері, филология ғылымдарының докторы,
профессор 

 

Тағы да оқуыңызға болатын мақалалар: Қазақтың салт-дәстүрлері, Атадан қалған асыл дәстүр

Бөлісу: