А.Байтұрсынұлы шығармаларының бестомдық академиялық толық жинағы жарық көрді

     Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, ғалым шығармаларының текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жарақталған бестомдық академиялық толық жинағын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.
      «Ұлт ұстазы» деген ардақты ат иеленген, шығармашылық, ғалымдық, ұстаздық ғибраты мол, өнегелі тұлғаның өмір жолы өткен ғасырдағы Кеңестік кезеңде қиянат пен қасіретке толы болды. XX ғасырдың 30-жылдары А. Байтұрсынұлының жеке басы ғана қуғын-сүргінге түсіп қойған жоқ, рухани мұрасы да Қызыл империяның тар қапасында тұмшаланды. Кезінде әлденеше рет басылып, мыңдаған данамен таралып, халқының рухани игілігіне айналған еңбектері жарты ғасырдай уақыт бойына жұртшылықтың жадынан өшіріліп, ел көзінен тасаланып келді.
      Ғұламаның ұзақ жылдар бойы еліміздің және Ресейдің арнайы жабық қорларында сақталып келген мол мұрасын жарыққа шығарып, ұрпақ қажетіне жаратуға Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана кең жол ашылды.
     …Дегенмен, дара тұлғаның шығармашылығы ақталғаннан бергі уақытта жасалған шаруалардан гөрі, жұмыла атқаруға тиісті істердің қарасы әлі де алдымызда асу бермей тұр. Соның ішінде кезек күттірмейтін, кейінге қалдыра беруге болмайтын аса қастерлі шаруа – ұлт қайраткерінің қаламынан туған бар мұрасын түгендеу, жинақтау, жүйелеу, тұтас құбылыс ретінде ұрпаққа аманат ету. Бұл міндетті жүзеге асырудағы әлемдік өркениетте қалыптасқан өнегелі үрдіс – классик қаламгер шығармаларының академиялық толық жинағын қалыптастыру.
       А. Байтұрсынұлы қазақ, орыс тілдеріне жетік, жазба әдебиет өкілі бола тұра, өкінішке орай, қуғын-сүргіннің салдарынан ғалым шығармаларының қолжазбасы бізге жетпеді. Соңғы кезде зерттеушілердің тынымсыз ізденістерінің арқасында автордың өз қолымен жазған кейбір жазбалары там-тұмдап табылып жатыр. Бұл – әлі де ұзақ ізденісті қажет ететін тауқыметті шаруа. Есесіне, А. Байтұрсынұлының шығармалары өткен ғасыр басындағы мерзімді басылымдарда да, кітап болып та молынан жарияланған. Бірақ бұлардың ішінде бізге тозып, жыртылып жеткендері, кейбір басылым нұсқаларының әлі күнге табылмай отырғаны да жоқ емес.
       Сол сияқты, жазудағы әркелкілік, баспахана ісіндегі бірізділіктің болмауын да атап айтқан жөн. Қазақ жазуының негізін қалаған ғалым жазу емлесіндегі кейбір мәселелерді оқтын-оқтын жетілдіріп, өзгеріс енгізіп отырған. Өз шығармалары қайта басылған сайын әр басылымды мұқият қарап, өзгерістер енгізіп, жетілдіріп, баспаханадан кеткен олқылықтарды да түзетумен болған.
     Бұл басылымдардың барлығының төте (араб) жазуда болуы да – бүгінгі мамандарға қосымша салмақ. Жинақты құрастыру барысында Институттың ғалым-мамандары осындай күрделі, қиын сынақтан өтті.
      Академиялық жинақты дайындау барысында А. Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарияланған басылымдары түпнұсқа мәтін ретінде негізге алынды. Ғалымның ХХ ғасыр басында араб әрпінде жарық көрген кітаптары, баспасөз материалдары, мұрағат құжаттары мен тәуелсіздік кезеңінде әлденеше мәрте басылып шыққан жинақтарындағы шығармалары өзара жолма-жол салыстырылып, жүйелі текстологиялық саралаудан өткізілді. Аталған жарияланымдарда әр қилы себептермен өзгертілген, алынып тасталған мәтіндік айырмашылықтар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Бестомдық академиялық басылымды әзірлеу барысында А. Байтұрсынұлының осы уақытқа дейінгі жинақтарына енбеген ішінара оқу құралдары мен мақалалары, кейбір мұрағат құжаттары жинаққа тыңнан қосылды. Осылайша ғалымның мұрасын мәтінтану тұрғысынан саралап, салыстырып, ғылыми түсініктер беруде іргелі, тиянақты жұмыстар жасалды деп айтуға толық негіз бар.
Жинақтың тағы бір ерекшелігі барлық шығармалардың факсимиле нұсқасының қоса берілуі. Бұл – академиялық басылымның ғылыми деректілігін арттыратын басты ұстанымдардың бірі.
      Ғалымның академиялық толық жинағы міне, осындай толықтырулармен, айта қаларлықтай жаңалықтарымен халық игілігіне ұсынылып отыр. Ұлт ұстазының жаңадан табылған мақалалары, мұрағат құжаттары, тұңғыш рет жарияланып отырған оқулықтары, т.б. тыңнан қосылған құнды деректер аталған жинақты шығаруға атсалысқан барлық мамандар тобының еселі еңбегінің жемісі деуге болады. Мысалы, бас-аяғы толықтырылып берілген мақалалар мен жаңадан табылған деректерді былай қойғанның өзінде, тұңғыш рет ғалымның төл еңбегі ретінде жұртшылық назарына ұсынылып отырған «Шаруалық өзгерісі» атты көлемді қолжазбасының ахметтану мен алаштануда ғана емес, сонымен бірге әдебиеттану және мәдениеттану сияқты ғылым салаларында алар орны ерекше. Бұл орайда, «Шаруалық өзгерісі» еңбегінің қолжазба күйінде жеткен бірден-бір нұсқа екендігін атап айтқан жөн. Төте жазумен хатқа түскен қолжазбаның ғалымның өз қолтаңбасы екендігін дәйектеу әлі де зерттеп, нақтылауды қажет етеді. Сондықтан жинаққа қолжазбаның факсимилесі толық берілді.
Жинақты дайындау барысында А. Байтұрсынұлының аты-жөні көрсетілмеген мақалалардың бұған дейін бірде Ахметке, бірде басқаларға телініп келген екіұдай пікірлердің барын ескере отырып, томға, негізінен, автор ретінде аты анық жазылған мақалалары енгізілді. Ал, автор есімі шартты белгілермен қойылған жағдайда, зерттеушілердің сенімді ғылыми дәлелдері негізінде күмәнсіз дәйектелген мәтіндер А. Байтұрсынұлы еңбегі ретінде жинаққа қосылды.
      Академиялық жинаққа ғалымның осы уақытқа дейін ғылыми ортаға мәлім болған шығармалары барынша түгенделіп, мәтінтанулық сараптаулар жасалып, әр шығармаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар көрсетіліп, ғылыми түсініктер жазылды. Әрбір том шығармаларда кездесетін жер-су атаулары мен есімдер көрсеткіші, сөздіктер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тіліндегі түйіндеме сияқты қосымшалармен жасақталды. Жинақтағы еңбектердің түпнұсқасы ретінде бір басылымының (көпшілігі бірнеше рет басылған) факсимилесі қоса берілді.
Жинақ Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар мен докторанттарға, магистранттар мен студенттерге, сондай-ақ ғалым мұрасын қадір тұтатын барша оқырман қауымға арналады.
       Сөз соңында еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі мұрағат көздерінен, кітапханалардағы қолжазба қорларынан, сирек кітаптар мен газет-журналдар жиынтығынан А. Байтұрсынұлына қатысты құжаттық деректерді, мақалалар мен фотосуреттерді тірнектеп тауып, қолдарына ілінген құнды дүниелерімен бөлісіп, академиялық жинақтың сапалы шығуына атсалысқан алаштанушы, ахметтанушы ғалымдарға, осы жинақты басып шығаруға қол ұшын берген азаматтарға РИЗАШЫЛЫҚ білдіреміз.
        Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымына; Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Орталық ғылыми кітапхана ұжымына, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры С. Мәліковаға, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру кеңсесінің» жетекшісі, филология ғылымдарының докторы А. Әбсадыққа, белгілі әлихантанушы ғалым С. Аққұлұлына, алаштанушы Е. Тоқтарбайға, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің PhD докторанты А. Махамбетоваға және осы еңбекті дайындау барысында ақыл-кеңес берген зиялы қауымға АЛҒЫС!
____________________________________________
Идея авторы және жоба жетекшісі: ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі, филология ғылымдарының докторы К.І. Матыжанов.
Редакция алқасы: Матыжанов К. (жалпы редакциясын басқарған), Ісімақова А., Қыдыр Т., Рақыш Ж. (жауапты шығарушы), Ақан А., Сәрсек Н. (жауапты редактор), Елесбай Н., Мұстафаев К., Ахмет Ә.
Бөлісу: