АЙГҮЛ ГҮЛІ: АҢЫЗ БЕН ШЫНДЫҚТЫҢ ТОҒЫСҚАН МЕКЕНІ

Қырғыз елінің Баткен өлкесіндегі Қозы Ұлан тауы мен Айгүлдің құзы – тарих пен табиғаттың ерекше үйлесімін сақтап қалған қасиетті мекен. Бұл жер тек өзінің табиғатымен ғана емес, ел аузында сақталған әсерлі аңыздарымен де елге әйгілі. Айгүл гүлі – осы өңірдің символына айналған, қасиет пен тағдырдың белгісіндей ерекше гүл.

Айгүл гүлі: табиғаттың ғажабы

Қозы Ұлан тауының етегіндегі «Айгүл» деп аталған ерекше гүл өз биологиясымен де ерекше. Оның тұқымы жерге түскен соң, тек 7 жылдан кейін ғана өсіп шығады. Ал гүлдің толық ашылуы үшін тағы 7 жыл қажет. Табиғаттың бұл құпиясы гүлге деген қызығушылықты арттырып, оны сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатқызады. Айгүл гүлі таудың тек теріскей бетінде өседі және тек сәуір айында, ай толған кезде ғана ашылады. Гүлдің тік болса да төмен қарап ашылуы оның ерекше қасиеттерінің бірі. Айгүлдің ішіндегі мөлдір шық тамшылары «Айгүлдің көз жасы» деп аталып, оның аңызбен байланысын тереңдете түседі.

Аңыздан қалған мұра

Ертеде осы жерде Қозы Ұлан атты батыр мен оның сүйгені Айгүл өмір сүрген деседі. Елге жау шапқанда, батыр елін қорғау үшін соғысқа аттанып, қайтып оралмайды. Оның қазасы туралы хабарды естіген Айгүл ғашығынан қалған жүректі құшақтап, таудың биік құзынан секіріп, өз өмірін қияды. Батырдың жүрегі мен Айгүлдің денесін қатар жерлегеннен кейін, біраз уақыт өткен соң, құз түбінде әдемі гүл өсіп шығады. Сол күннен бастап, бұл гүлді «Айгүл» деп атаған.

Айгүлдің ұялшақ, нәзік мінезін халық оның гүлінің төмен қарап ашылуымен байланыстырады. Ал гүлдің ішіндегі шық тамшыларын Айгүлдің шексіз махаббатынан төгілген көз жасы деп біледі. Бұл аңыз арқылы халық махаббаттың мәңгілікке ұласатынын, құрмет пен адалдықтың шексіздігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.

Айгүл тауы: қазақ даласының көркі

Айгүлге қатысты тағы бір таңғажайып мекен – Қазақстанның Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Айгүл тауы. Ол Арқарлы асуының оңтүстік-шығысында, шамамен 10 км жерде орналасқан. Биіктігі 1275 метр болатын бұл тау табиғатының әсемдігімен ерекшеленеді. Бұл аймақтың тауы мен табиғаты аңызға айналған махаббат хикаясының көрінісіндей.

Айгүл: табиғат пен махаббаттың символы

Айгүл гүлі мен тауларына қатысты аңыздар ұрпақтарға өшпес із қалдырды. Бұл мекендер адамзаттың табиғатпен, махаббатпен және құрметпен байланысын көрсететін қасиетті орындар болып саналады. Айгүлдің нәзіктігі мен батылдығы, Қозы Ұланның адалдығы – адамгершілік құндылықтардың мәнін ашып, өшпес рухани мұра қалдырады.

Бұл аңыз ғана емес, халықтың жүрегінен орын алған ұлы тарих. Айгүлдің символикасы тек Қырғызстан мен Қазақстанға емес, бүкіл түркі жұртының мәдени мұрасына айналған.

Айгүл Құрманбек

Фото интернеттен алынды

Бөлісу: