«Амал» мерекесінің тарихы

14 наурыз. Жылдың әдепкі 365 күнінің бірі. Кезегімен жылжып келеді, сырғып өтеді. Бірақ, 14 наурыздың тарихына үңілер болсақ, әсте олай емес екен. Себебі, Еуразияның төсіндегі түркі, мұңғұл және славян халықтарының жыл санау дәстүріне үңілсек, 14 наурыздың ерекше маңызды күн екендігіне көз жеткізген болар едік…

14 наурыз – жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы түркі, мұңғұл, славян халықтары үшін көктеммен қауышатын қастерлі күн, қыстың соңы, көктемнің басы болып келген екен. Яғни, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін; ескі түтіліп тозатын, жаңа төрге озатын, суықтың аузы ары, сабаның аузы бері қарайтын берекелі, мерекелі күн.

Мал баққан көшпенділер де, егін еккен отырықшы халықтар да ұзақ қыстың аяқталуын асыға күтіп, шаттана қарсы алатын 14 наурызды көктем мерекесінің маңызы дәуірден-дәуірге аяқ басқанда көптеген факторлардың әсерінен көмескіленіп қалған деуге толық негіз бар. Біздіңше, солардың арасында діни және саяси факторлар басты рөлге ие болса керек. Ендеше, дін мен саясаттың жыл санауға қатысы қанша? Осы төңірегінде ой қорытып көрелік.

Орыс, украин т.б. славян халықтары 14 наурызды ерте заманда көктемнің бірінші айы, яғни жылдың басы, еңбек маусымының бастауы ретінде тойлаған екен. Бұл – олардың мәжусилік дәуірі еді. Біртіндеп пұтқа табынушылықтан христиандыққа өткен кезде бұрынғы шаруашылық-ғұрыптық мереке діни сипатқа ие болған. Сөйтіп, 14 наурыз – шіркеу күнтізбесінде «Азап шегуші – қасиетті Евдокияны еске алу күні» болып атап өтіле бастайды. Кейін орныққан дінмен астасып кеткен бағзылықтың сипаты қазақ халқының наным-танымында да аз емес қой. Орыспен ежелден етене араласып: «Осы орыстар бірдеңе біледі», – десіп, күн райына болжам жасауды да басы бүтін өзге жұртқа еншілеген кейбір өңір қазақтарының әлгі: «Әбдөкей келмей күн жылымас» дейтіні – осы Евдокия күні.

Кейін келген діни наным бұрынғысын қуа, тықсыра келетіні сияқты, ислам діні де Ұлы Даладағы тәңіршілдікке қарсы майдан ашты. Аңыздың кейіпкері, қобыз күйінің атасы – Қорқыт бабамыздың желмаяға мініп алып, қобызын құшақтап, сар желіп, зар шегіп, өлімнен қашатын аңыздың мәні тым тереңде жатыр. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» деп, ақыры мынау фәни жалғаннан түңілген бойы, елсіз аралда қара қобызымен мұңдасып, мәңгіліктің күйін аңыратушы еді ғой. Біздіңше, аңыз «Қорқыттың өлімнен қашуы» арқылы сол кезеңде Ұлы Даладағы тәңірлік танымға күшті қарсылас ретінде таралып, ығыстыра бастаған ислам дінінің ықпалын ишаралап отырса керек.

Тәңірлік Қорқытты қоя тұрып, мәжусилік Әбдөкейге қайта оралсақ, мұнда да осындай ишара барын бағамдауға болатындай. Ендеше, христиандық азап шегуші, қасиетті Евдокия кім? Ол жөнінде қандай аңыз бар?

«Илиополь қаласының тумасы Евдокия деген әйел ұзақ уақыт бойы күнәһар өмір салтымен өмір сүріпті, – дейді христиандық аңыз. Сөйтіп жүргенде, әлдебір себеппен Евдокия бұл қылығынан жиреніп, христиандық тақуалыққа бет бұрады. Өзін ешқандай кешірімге лайық емеспін деп санаған Евдокия қалған ғұмырында азапты құлшылықтың ең ауырын таңдайды. Осылайша, күнәсін мойындап, тәубеге келіп, шексіз ерік-жігер танытқаны үшін Жаратқан ие оған құдіретті күш береді, яғни сиқырлық жасау қабілетін сыйлайды. Тіпті, ерекше дұға оқу арқылы өлген адамды қайта тірілте алатын қасиетке ие болады».

Жаратқан иенің оған берген «өкілеттілігінің» бірі – жер дүниені қысқы ұйқыдан оятып, тірілту еді. «Қара жердің өлгені – үстін қардың жапқаны, ағын судың өлгені – бетіне мұз қатқаны», – деп Жиренше шешен айтпақшы, ежелгі славяндарда да «қыста бүкіл су атаулы өледі» деген наным болған екен. Міне, осы «өлген» суды көктемде қайта тірілтудің құпия кілті Евдокияның қолында екен-міс. Ал Евдокия болса, бұл іске 14 наурызда, онда да сол күнгі көңіл-күйіне байланысты кіріседі-міс.

Әбдөкей келіншектің сол күнгі көрсеткен мінезіне сәйкес, алдағы маусымның райын болжаған екен. Әлгі орыс тамырлы қазекемнің: «Әбдөкей күні қалай болды?», – дейтіні – осыдан. Бұл күні славяндар көптеген ырым-жоралғылар жасап, науқастарды қарғын сумен жуындырып, үйді тазартып, алдағы далалық егіс пен бау-бақша жұмыстарына әзірлікті бастаған. Яғни Авдотья – Евдокия – Әбдөкей күні жаңа өмірдің есігі ашылады: жаңа тірлік қамы басталады. Діни сипаттағы аңыздың ар жағында көне славяндардың шаруашылық сипаттағы танымы жатыр дегеніміз – осыдан. Тіпті, біздің «Наурызымыздың» өзі де ешбір дінге қатыссыз, жаңа еңбек маусымының басталуын тойлауға орай туған мереке емес пе?

Еуразияның көне тұрғындарының бірі – мұңғұл халқы. Бүгінгі күні жер бетінде тым аз болса да, тарихын арғы дәуірлерге таңбалаған бұл халықтың да дәстүрі бай, салты мығым, тарихи танымы тереңде жатыр. Мұңғұлдар үшін тоғыз санының қадір-қасиеті ерекше. Шыңғыс ханның сеніміне енген өрлігінің саны да (өрлік – тоғыз реткі қылмысы кешірілетін, еңбегі сіңген адам), ақ арғымақтың қыл құйрығынан жасалған туының шашағы да тоғыз еді ғой. Тоғыз тоғыз – түркі халықтарына да жат емес, әрине. «Үйірімен үш тоғыз» депті, қазақ. Көрсетілер сый-марапаттың да, тартылар айып-анжының да үлкені – тоғыз тоғыз емес пе еді, түйе бастатқан…

Мұңғұл халқы қыстың аязды күндерін «тоғыз тоғыз» немесе 81 күнге бөліп есептейді. Әр тоғызды үш үштен және топтап, алғашқы үш тоғызды «кіші үш тоғыз», келесі үшеуін «орта үш тоғыз», соңғы үшеуін «кәрі үш тоғыз» деп атайды. Сақылдаған сары аяздың шырқау шыңы кіші үш тоғыздың аяғына дөп келеді. Әр тоғыздың өзіне тән сипаттары бар. Мысалы, жетінші тоғызда дөңестің төбесі қараяды, сегізінші тоғызда былқ-шылқ болады, тоғызыншы тоғызда қыстың ызғары қайтып, көктемнің лебі еседі. 23 желтоқсаннан басталатын бұл санау 12-13 наурызда аяқталады. Қазіргі күні мұңғұл халқы григориан күнтізбесіне қоса, шығысша алпыстық санау жүйесін қолданады. Мұңғұл жылнамашылары үшін 2018 жыл – 17 алпыстықтың 32-жылы немесе топырақ ит жылы. Қыстың аяқталуын ежелден «тоғыз тоғыздық» жүйемен белгілеп, мән-мағынасымен тойлап келген мұңғұл халқының байырғы дәстүрін бұзып, қытайлық жылнаманың ықпалына бұрған — Шыңғыс ханның немересі Құбылай еді. Міне, осы кезеңнен бастап мұңғұл халықтары да жаңа жылды бұрынғыдай тоғыз тоғыздың аяқталуымен емес, «Шаған» (Ақ ай) мерекесін ақпан айының ішінде атап өтетін болды.

Ал бұрынғы дәстүрде 12 наурыз – қыстың аяқталуы, 13-наурыз бітеу күн, 14 наурызда жаңа жылды қарсы алып жолығысу (мұңғұлша – жолғақу (көне мұңғұл бичіктегі жазылуы) – золгох (қазіргі мұңғұл тіліндегі айтылым-жазылым) күні еді. Жолығысу күні ер мен әйелінен өзгелердің бәрі (ер мен әйел бір әлем саналады) бір-бірімен көрісу рәсімін жасайды. Таңертең ерте күнді қарсы алған соң, үлкендерге сәлем беріп, шынтағынан демеп, жолығысып, тарту-таралғыларын тартып, батасын алатын. Бір замандарда осылай болғанымен, 14-наурыз мұңғұл халықтары үшін маңызын жоғалтқан. Тек тоғыз тоғыздың аяқталу амалы ғана ұмытылмаған.

Амал демекші, 14 наурызды жыл басы ретінде белгілеп, атап өту – ішінара болса да, қазақтарда ғана сақталған екен. Ішінара деп отырғанымыз, Ертістен Еділге, Тәшкеннен Түменге дейін ұласып жатқан жалпақ қазақ әлемінің тек батыс бөлігінде, қазіргі Қазақстанның Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Ресейдің осы облыстарға шекаралас жатқан аймақтары үшін 14 наурыз – Көрісу (немесе қауышу) күні. Бұл күні жастар жасы үлкендерге сәлем беріп, «Жасыңыз құтты болсын!», – деген тілек айтып, өкпе-реніш болса кешіріліп, шеке асында бірігіп отырып, дәм татып, мәре-сәре болысады. Маңғыстауды мекен еткен Адай елі дәл осы күні Отпан тауда от жағу дәстүрін жаңғыртуда.

Мінеки, Еуразияның қоңыржай белдеуіндегі халықтардың өмір-тіршілігіндегі 14 наурыздың кешегі, бүгінгі орны туралы азырақ шолу жасағандағы оқырманға ұсынған мағлұматымыз осындай еді. 14 наурызда немесе ескі есеппен 1 наурызға дөп келетін, табиғаттың жағымды климаттық өзгерістері орайластырылған жыл басының маңызы осылайша көмескіленіп, тіпті ұмытылып кетуіне себепкер – көбінесе діни танымның өзгеруі десек дұрыс болар еді.

Көнеден қалған жұқанадай, 14 наурыздың қазақ жұртында «Амал» мерекесі ретінде тойланып жатуының өзі де біздің халқымыздың Ұлы Даланың ежелгі салтты ұмытпаған, байырғы ел екендігіміздің айғағы. Кеткенді келтіріп, кемдігін толтыра отырып, ұлттық құндылықтарымызға абай болу қамы – күн тәртібінен еш уақытта түспек емес.

Келе жатқан Амалымыз құтты болсын, қадірменді алаш жұрты!

Асылбек Байтанұлы

«Дәстүр» журналы

Бөлісу: